ӘБДІРАХМАНОВ САУЫТБЕК (7 қараша, 1951 жыл Қазығұрт ауданы) – журналист, кино сыншысы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1998). ҚазМУ-ды бітірген (1975). «Егемен Қазақстан» газетінде әдебиет және өнер бөлімінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, редакция алқасының мүшесі (1975 – 87). Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде нұсқаушы, мәдениет секторының меңгерушісі (1987 – 90) қызметтерін атқарды. ҚР Президентінің, Министр Кабинетінің аппаратында аға референт, ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары (1990 – 95), ҚР Мәдениет министрінің 1-орынбасары болды. 1997 жылдан «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясының бірінші вице-президенті.
Ә. – кино өнері туралы мақалалардың, шығарма портреттердің, Ғ.Мүсірепов, Ш.Айтматов, Н.Жантөрин, т.б. танымал суреткерлермен сұхбаттардың және бірнеше деректі фильмнің авторы. «Отбасы өміріндегі әдеп пен психология» оқулығын, Д.Кабалевскийдің «Сырлы саз бен сұлу сезім» кітабын, «Бейбарыс сұлтан» атты романды, 40-қа жуық көркем фильмді қазақшалады.