ӘДЕБИ ТІЛ НОРМАСЫ Әдеби тіл нормасы – тілдің сұрыптаудан өткен, жалпы қолданысқа ыңғайлы, тілдік қарым-қатынас жүйесіндегі айтайын деген ойды дәл беруге жарамды жүйе. Әдеби тілдің нормалану үдерісі аса күрделі және көп уақытты талап ететін құбылыс. Әбден орныққан әдеби тіл нормаларының негізінде ғана тіл өзін тұтынушылардың баршасына түсінікті, ортақ қарым-қатынас құралы бола алады. Тілдің нормалануы үздіксіз даму барысында пайда болып, нәтижесінде сұрыпталған, белгілі бір жүйеге келтірілген әдеби тіл қалыптасады. Ауызекі және әдеби тілдің қалыптасқан үлгісін, халықтың бәріне түсінікті тілдік амалдардың жиынтығын пайдалану арқылы тілдік субъект өзге субъектілермен ешбір кедергісіз қарым-қатынасқа түседі. Әдеби тіл нормасын сөз еткенде көркем әдебиет нормалары деген ұғымды бөліп қарастырған жөн. Өйткені бұл екеуі бір категория емес. Әдеби нормаларға – жалпы тілдік нормалар, ал көркем әдеби нормаларға – функционалдық көркем әдебиет стилінің нормалары жатады. Әдеби тілдің нормасы өзінің біршама тұрақтылығымен, жалпыға ортақтығымен, түсініктілігімен, міндеттілігімен, тілдік жүйеге, тілдік модельдерге сәйкестігімен ерекшеленіп, орфографиялық, орфоэпиялық, грамматикалық, пунктуациялық, лексикалық норма сияқты бірнеше түрге бөлінеді.