
ГАЛЬВАНИМЕТР (гальвани… + метр) – шамасы аз токтар, кернеулер және электр мөлшерлерін өлшеуге арналған сезгіштігі жоғары электрөлшеуіш аспап. Электр тізбегінде токтың немесе тізбектің кез келген екі нүктесі аралығындағы потенциалдар айырымының болатынын-болмайтынын анықтайтын нөлдік индикатор ретінде де қолданылады. Гальваниметрлер тұрақты ток және айнымалы ток гальваниметрі болып екіге ажыратылады. Ең алғашқы гальваниметрді 1882 жылы итальян физиктері: Жак Д,Арсонваль (1851 – 1940) мен Марсель Депре (1842 – 1918) бірлесіп жасаған, олар жасаған гальваниметр – апериодты гальваниметр болған. Алғашқы гальваниметр магнит-электрлік жүйе принципі бойынша жасалған. Онда орам өзегіне орналасқан магниттік тіл болған. Орамда ток болмаған кезде магниттік тіл магниттік меридиан бойынша бағытталып тұрады. Катушкадан ток өткен кезде, ол бағытын өзгертеді. Ток шамасын өлшеу тәсіліне орай гальваниметр «тілді» және айналы түрлерге ажыратылған.