
ГАЗ ДИНАМИКАСЫ – гидроаэромеханиканың сығылмалы тұтас ортаның (газдың, плазманың) қозғалысын және олардың қатты денелермен өзараәсерлесуін зерттейтін саласы. Физиканың саласы ретінде термодинамикамен және акустикамен байланысты. Сығылатын ортаның қысымдар айырымының әсерінен немесе температура өзгерісінің нәтижесінде өздерінің бастапқы көлемдерін өзгерту қасиеттері сығылмалық қасиет болып табылады. Ортаның өте шапшаң жылдамдығы кезінде сығылмалылықтың маңызы арта түседі. Дыбыстың ауада таралу жылдамдығына қарайлас жылдамдық кезінде ортада үлкен қысым айырмашылығы мен температура өзгерісі арта түседі. Қазіргі кездегі газ динамикасы химиялық (диссоциация, жану, басқадай химиялық реакциялар) және физикалық (иондану, сәулелену) үрдістермен (процестермен) қабаттаса өтетін өте жоғары жылдамдықтардағы газ ағымдарын зерттейді. Магниттік газ динамикасы электрөткізгіштік газдар қатысатын магниттік және электрлік өрістерді зерттейді.
Үлкен жылдамдықтарда газдың кинетикалық энергиясы оның ішкі жылу энергиясымен шамалас немесе одан жоғары болады. Сондықтан жылдамдықтың шамалы өзгерісі кезінде газдың температурасы мен қысымы күрт жоғарылайтын болады. Газ динамикасы аэродинамиканың дамуына, оның зерттеу нысандарының көбеюіне байланысты туған ғылым болғандықтан, оны кейде аэрогаздинамика деп те атайды.
Қозғалыстағы сығылғыш газдарға механика мен термодинамиканың негізгі заңдарын қолдану газ динамикасының теориялық негізін құрайды. Бұл саладағы көптеген мәселелерде газдарды идеал газ деп қарастырып, олардың тұтқырлығы мен жылуөткізгіштігі ескерілмейді. Мұндай жағдайда газ динамикасының негізгі теңдеулері ретінде салмақсыз идеал сұйықтың гидромеханикалық теңдеулері (үш теңдеу) мен үздіксіздік теңдеуі, газдағы жылуалмасу үрдісін (процесін) сипаттайтын термодинамикалық теңдеу және газ күйінің 6 теңдеуі белгісіз 6 функцияны (газ жылдамдығының 3 құраушысы, оның қысымы, тығыздығы және температурасының әр нүктедегі мәнін) анықтауға мүмкіндік береді.
Газ динамикасының қолданыспен тікелей байланысты бөлігінің бірі – құбырлар мен арналардағы, оның ішінде реактивтік қозғалтқыштар мен аэродинамикалық құбырлардың соплоларындағы газ ағысын зерттеу. Мұндай қондырғылардағы, әсіресе компрессорлар мен газ турбиналарындағы, газ параметрлері қондырғы арналарының көлденең қимасы тұрақты деп қарастырылады. Газ динамикасының көптеген мәселелері газдың қатты дене бетін орағытып ағып өту құбылысына байланысты зерттеледі. Жұқа денелер бетін орағытып ағып өткен газ ағыны сәл ғана өзгеріске ұшырайды. Газ динамикасы мәселелерінің басқа бір бағыты – газдың бір өлшемді, орнықпаған қозғалысын зерттеу. Бұған ішкі баллистика, қопарылыс және детонациялық толқындардың әсері мен таралу мәселелері жатады.
Газ динамикасындағы көптеген мәселелерді дәл шешу өте күрделі болғандықтан, олар ғылыми-тәжірибелік тәсілдермен зерттеледі. Әсіресе ұшақтар мен реактивтік қозғалтқыштардағы, олардың бөліктеріндегі газ параметрлері тәжірибелік тәсілмен анықталады.