Эпостық поэмалар немесе батырлар жыры

Эпостық поэмалар немесе батырлар жыры. Эпостық жанрдың ең ескі және көлемді түрінің бірі – эпостық поэмалар немесе батырлар жыры. Бұларды жай поэмалардан бөліп, жекелеп көрсетудің негізгі себебі, авторы белгісіз, халықтық мұра болғандығында. Олардың туу негізінде шындық болмыс жатса да, шығарушыларының ой-санасының әлі сәбилігімен байланысты қиял араласып отыратындығында. Ал басқа жағынан өмір құбылысын объективтік қалыпта баяндауы, оқиғаны біртіндеп дамытуы, т.б. жақтарынан кейін туған, авторы мәлім, поэмалардан еш айырмасы жоқ. Батырлық жырлары, жазу (хат) болмаған уақытта туып және ауызша айтылған. Бұларды шығарушылар халық ақындары болды. Халық ақындары әртүрлі тарихи оқиғаларды, сол оқиғаға қатысып, тамаша ерлік жасаған халық батырларының ерліктерін, өз Отанын қорғаудағы ерлік істерін суреттеген. Батыр лық жырлары ерлікті, жауына берілмейтін, елін қорғайтын батырлықты аңсаған халық мұңының көлеңкесі. Бұл батырлық жырларына қазақ әдебиетіндегі «Батырлар жырының» бұрынғы ауызбен айтылған түрлері мысал бола алады. Бұл жырлардың қай-қайсысын алсаңыз да, сол кездегі өз жерін, өз Отанын бас қа елге бермеу деген мәселені қояды. Соның үшін күрескен ерлерді дәріптейді. Бұл сықылды батырлық жырлар, ескі уақытта грек елінде де, фин, орыс елдері тағы басқа елдерде де болған. Олар ауызша айтылып жүрген.

«Алпамысты» алсақ, ол Алпамыстың екі түрлі оқиғадағы ерлігін жыр еткен екі бөлек жырдан тұрады (Гүлбаршынға үйленуі, Тайшық ханның еліне баруы). Бұлар әуелгіде екі бөлек айтылып, кейін екі оқиға біріктірілген. Осы сияқты әрбір батырлардың әр кездегі ерліктері жөнінде шығарылған жырлар, бір батырдың не бір оқиғаның маңына жинастырылып, біріктіріліп жазылғаннан кейін, эпостық поэма  атағын алады. Сөйтіп халықтың ауызша творчествосының негізінде туған бір тапты не бүтін халықты қызықтырарлық мәні зор оқиғаны жыр еткен, өлеңмен жазылған ірі шығармалар эпостық поэма деп аталады. «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын» эпостық поэмаға жатады. Бұл поэмалардың қайсысын алсақ та, сол кездегі көшпелі мал шаруашылығымен тіршілік еткен елдерге қоныс мәселесінің үлкен мәні болғандықтан туғаны байқалады.

Айта кететін нәрсе бұл поэмалардан сол кездегі феодалдық қоғам құрылысындағы тап қайшылықтарының элементтері де көрініп қалады. «Ер Сайын» жырының ішіндегі 90 құлдың Бозмұнайды сабауы, Ер Сайынның оларға қатты шара қолдануы, сол кездегі езуші мен езілушілер арасында болған көп қайшылықтардың бір көрінісі тәрізді.

Поэманың және бір түрі – лиро-эпостық поэмалар. Лиро-эпостық поэмаларда эпостың элементі де, лириканың эле менті де болады. Әсіресе лирикалық жақтары басым келеді. Батырлар жырында негізгі  тақырып – патриоттық. Суреттейтіні, дәріптейтіні ерлік, батырлық болса, ал лирикалық жырда көбіне тақырыбы сүйіспендік, дәріптейтіні сүю жолындағы қаһармандардың басынан өткізген қиыншылықтары болады. Мысалы, «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш», «Айман–Шолпан», т.б. Бұлардың кейбір жерлері александрлық романға[1] да дәл келіп қалады.

Бұл поэмаларда ғашықтыққа жағдай, себептер эпостық жанрдың жолымен шешілсе де, қаһармандардың сүйіспендік жолындағы қиыншылықтары олардың басында болған күйініш-сүйініштерін суреттеу арқылы ақын оған өзінің сол оқиғаға қалай қарайтынын да байқатады. Қатысушы қаһармандары қарапайым адамдар, басқалардан өзгешелігі сүюге берілген, нәзік сезімді адамдар болып келеді.

[1] Александрлық роман – Александр Македонскийдің атымен байланысты туған романның бір түрі.

Қ.ЖҰМАЛИЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *