Романтизм.Реализм

Романтизм. XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында феодалдық крепостнойлық қоғам ыдырап, буржуазия қанат жая бастаған дәуірде, орыс және Батыс Европа әдебиетінде қанатын кең жайған әдеби метод ро мантизм болды.

Қоғам өміріндегі экономикалық өзгерістер идеологиялық мәселелерде де әр алуан өзгеріс, әртүрлі көзқарастарды туғызды. Айналасында болып жатқан өзгерістерге, өмір құбылыстарына қалай қарау мәселесі, әсіресе көркемөнер, әдебиетте анығырақ байқалды. Ақын, жазушылардың бір алуаны ескі феодалдық заманды аңсап, өткен күндерді мадақтап жырлауға, жаңа экономикалық дамулардың негізінде туа бастаған жаңалықтарды құбыжық етіп көрсетуге тырысты.

Екінші тобы жаңалықтың жаршысы болып, жақсылықты келешектен күтті. Бұлардың барлығына тән нәрсе төңірегіңдегі шындық болмысқа разы болмаушылық, төңірегіне өздерінің жеке идеяларын қарсы қоюшылық, бұл дүниені тастап, басқа бір дүниені аңсаушылық.

 XIX ғасырдағы қазақ әдебиетіне жанастырсақ, романтизм методына тән ерекшелігін де, оның прогрестік, регрестік түрін де кездестіреміз.

Романтизм методына тән ерекшеліктің бірі өзі өмір сүрген кезіндегі әлеуметтік құрылысқа, оның даму жолдарына ақын, жазушылардың риза болмай, өзінше наразылық білдіруі, басқа бір өмір іздеуі, өзінің ой-қиялын шығармаларында көрсетуі де соның нәтижесі дедік. Осы тұрғыдан қарағанда, бұған XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Махамбетті, онын айналасын, XIX ғасырдың екінші жартысындағы Абай және оның жолын қуушылардың шығармаларын мысалға келтіруге болады.

Махамбет өлеңдерінде романтизмнің элементтерін біз мол кездестіреміз. Ақын өз кезіндегі хандық-феодалдық құрылысқа жай, әлсіз түрде ғана наразылық білдіріп қойған жоқ, соны өзгерту үшін көпшілікті қарулы күреске шақырды. Оның өлеңдеріндегі романтикалық сарынның негізінің өзі халық көтерілісінің рухынан туған болатын. Халық көтерілісі де, оның жыршысы Махамбет те жеңіліске ұшырады, ақын күштің халықта екендігіне көзі жетіп, оның келешегіне нық сенім білдірді. Махамбеттің «Ұл туса», «Бағаналы терек жарылса», «Ұлы арман» дейтін өлеңдері осыны көрсетеді.

Абай – қазақ әдебиетіндегі үлкен реалист. Қай жағынан алсақ та Абай реализмі өзіне шейінгі және совет дәуіріне шейінгі реалистік көзқарастағы қазақ ақын, жазушыларының қайсысынан болсын шоқтығы биік. Басқа елдердің ұлы реалист жазушыларына қойылатын шартты революцияға шейінгі қазақ әдебиеті өкілдерінен Абайға ғана қоюға болады. Абай творчествосы оны көтереді де, бірақ Абайдың өмір тануы, оны суреттеу әдісі негізінде реа лизм бола тұрса да, оның шығармаларында романтизмнің элементтерін де кездестіреміз.

Абай өз кезіндегі ел билеу ісіне де, ескі феодалдық көзқарастан туған әр алуан сұрқия мінез-кұлық, іс-әрекетке де, пәлеқорлық, жауыздықтарға да наразы болып қана қойған жоқ, барынынша қарсы шықты. Ол реалист ақындар сапында шындықтың бетін ашып, болмыстың картинасын терең көрсете білумен қатар, қоғам даму жолдарының барысын дұрыс түсініп, халықтың болашағы өткен заманда емес, келешегінде екендігін ұғындырып көпшілікті алға жетектеді. Қазақ елінің мәдениеті алдыңғы елдердің қатарына қосылуы ерінбей еңбек етіп, мәдениет, оқу-өнерге ұмтылып, ескіліктен түгел арылғанда ғана мүмкін екендігіне жұртшылықты сендірді. Сөйтіп Махамбет, Абай, олардың үндестері реалистік методпен прогрестік романтизм методының негізгі элементтерін ұштастыра білді.

XIX ғасырдың екінші жартысында Абай, Алтынсаринмен тұстас, ескі феодалдық көзқарасты қорғаған ақындарды: Шортанбай, Әубәкір, Мұрат, т.б. өздері өмір сүрген кезінде де, әлеумет өмірінің әр алуан жақтарына да риза болмады. Сондықтан «Заман азды, ел тоздының» гөй-гөйіне басты. Олардың айналасына риза болмауы, наразылық білдіруі былай тұрсын, келешектен де үміт үзді. Халықты алға емес, кейінге жетектеуге тырысты. Бар жақсылық өткен өмірде, баяғы хандық-феодалдық заманда, келешекте, қызығарлық та, көңіл аударарлық та еш нәрсе жоқ деп, өткен күнге бой ұрды. Кейбірі бұл дүниеден мүлде безіп, діншілдік-мистикаға берілді. Әдебиетіміздің бұл ағымы кертартпа регрессивтік романтизмнің түріне жатады.

XIX ғасыр қазақ әдебиетіндегі ақындардың шығармалары көбіне лирикалық толғау, сюжетсіз ұзақ өлеңдер болып келетін. Орыс не Европа әдебиетіндегідей сюжетке құрылған поэмалар бізде XIX ғасырдың ең соңғы кездерінде ғана туа бастады. Егер қазақ әдебиетінің өз материалы негізінде ро мантизм стилінде жазылған поэма, оның құрылысы, адам мінездерінің қалай жасалу жолдары жағынан келгенде, Абай балалары Ақылбай мен Мағауияның «Қисса Жүсіп», «Медғат-Қасым» поэмаларын ұсынуға болады. XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихында шын мәніндегі сюжетке құрылған романтикалық поэмалар деп осы екі поэманы айтуға болады.

Романтизм методына тән ерекшелік тек айналасына риза болмаушылық қана емес, оның басқа да ерекшеліктері бар. Бірінші, романтикалық шығармаларда оқиға дағдыдан тыс мекен, өмірде кездесе бермейтін жағдайда болады. Екінші, қаһармандары болған адамнан гөрі, болуы керек не өте бір сирек кездесетін және қолынан жақсылық та, жамандық та келерлік, сөзіне ісі сай, қатардағы жай адамдардан дараланып, ерекше көзге түсерлік болып келеді. Үшінші, романтикалық қаһармандарға тән мінез – мейлінше бірбет, қайсарлық, нені болсын олар жеріне жеткізе істейді. Ең ақыры, бұзылса мықтап бұзылып, түзелсе бұрынғы әдетін мүлде қайталамай, мықтап түзеледі. Жақсы көрсе құлай, беріле жақсы көреді де, жек көрсе, енді көрмес, қайрылмас шекке шейін барады. Төртінші, каһармандардың не портреттерін, не мінездерін қарсыма-қарсы қоюшылық; сұлулық пен сиықсыздық, ерлік пен қорқақтық, мейірімділік пен қаталдық, т.б. тәрізді екі шектегі мінез, көрік, іс-әрекеттерді шендестіріп суреттейді.

Романтикалық поэманың қазақ әдебиетіндегі үлгілерінен Мағауияның «Медғат-Қасым» поэмасындағы Қа сым образына тоқталалық. Қасым – өжет, қайратты, бірбеткей, қайсар, мейлінше кекшіл, істерінің қайсысы болсын ірі, жай адамның іс-амалдарынан бөлек, ерекше. Медғат Қасымды түтіктің (насос) астына қойып судың қатты соққан екпінімен жазалап жатқанда еш дыбыс шығармай шыдайды. Жауына мейлінше қатал.

Мұрат пен Медғатты өлімге бұйырған жерінде жүрегі бір бүлк етпейді. Оны көз алдына бұдан үш жыл бұрын өзіне Медғаттың қолданған ауыр жазасы елестейді. Сол қаталдығын қолға түскен Ғазизаға да жасамақшы бодады. Бұл жерде біз оның мінездерінің бір жағын көрсек, Қасымды да, Ғазизаны да тәрбилеп өсірген мейірімді ананың сөзінен кейін Ғазизаның кінәсын ол кешіреді. Бұл жерде біз Қасым мінезінің екінші жағын көреміз. Аңшылар қамап алып, мас жолдастарын өлтіріп, өзін ұстамақ болғанда, ең алдымен ол Ғазизаны жау қолына қалдырмауды ойлайды. Ғазизаны алдына мінгізіп, арқасын жау оғына тосады. Кейін бұларды қамаушылар Ғазизаның сүйген жігіт Сәлім бастаған аңшылар екенін біліп, тоқтайды да, осыдан аз-ақ бұрын өлімге бұйырмақ болған Ғазизаны туған қарындасындай қадірлеп, өзіндегі барын бөліп береді.

Поэмада тек мінездің ерекшелігі ғана емес, көңіл қойып оқыған адамға жоғарғы айтылған романтнзмге тән ерекшеліктердің басқаларын да табуға болады. Романтизмнің тағы бір түрі – революцияшыл романтизм.

Біздің совет әдебиетінің методы – социалистік реализм. Реализм (латынша – realis – заттық, деректі). Реализм – искусство мен көркем әдебиеттің негізгі методының бірі. Реализмнің негізі өмір шындығы. Жазушы ақындардың бір алуаны шындықты көрсетуді негізгі нысанасы етеді де, өздеріндегі бар мүмкіншілікті пайдаланып, шығармаларында өмірді толық, кең түрде суреттеуге күш салады. Өмір, өмірдегі күрес, тартыс, іс-амал, қарым-қатыстар шығармада айнаға түскен сәуледей әрі толық әрі жанды болса деген тілек қояды. Бұл идея, әдіс бір ақын не бір жазушы емес, әлденеше жазушы, ақындарға тән. Осыдан келіп, олардың пікірлестік, әдістестігі, шындық өмір құбылысын әдебиетте творчестволық жолмен іске асыру мәселесі туады. Осындай методпен жазуды әдебиетте, искусствода реализм әдісі деп атайды.

Реализмнің элементі ауыз әдебиетінде де, классицизм, ро мантизм методымен жазылған шығармаларда да кездеседі. Романтизм методымен жазылған шығармалардың кейбіреуінде реализм элементтері мидай араласып, жігін ашу қиынға да түсетін жайттар кездеседі. Әйтсе де айыруға, негізінде, қай методқа жататындығын білуге болады.

Реализмнің дамыған, толысқан кезі – XIX ғасыр. Қай елдің әдебиетінде болсын реализм методының XIX ғасырда дамуы кездейсоқ емес, қоғам өмірінің даму жолдарымен нық байланысты. Европада Бальзак, Флобер, Диккенс, орыста Пушкин, Тургенев, Л.Н.Толстой, Гоголь, Гончаров  тәрізді бүкіл дүниежүзі әдебиетіне үлгі болған ұлы реалистер, қазақ әдебиетіндегі Абай – бәрі де XIX ғасырдың төлдері.

Қазақ әдебиетінің тарихында біз Абайды ең үлкен реалист ақын деп танимыз. Бұдан Абайға шейін бізде реализм болмады деген ұғым тумасқа керек. Болды. Махамбет, Алтынсарин сықылды талантты ақын, жазушылар да өз кезіндегі өмір шындығын шебер көрсете де білді, бірақ Абай өмірге реалистік көзқарасты олардан гөрі де тереңдете түсті. Өмірдің әр алуан жағына көз тігіп, типтік мінезді, типтік жағдайға дәл, сайма-сай етіп іс- керлікпен суреттей білді. Ол басқалар аңғармастай, кейбір ұсақ жайттарды да көреді. Суреттеген өмір құбылысы, адамдардың іс-әрекеті, психологиялық жағдайларды көрсетуі, тіпті жеке сөз образдары бәрі де өмір шындығына дәл, соның бір жанды бөлшегі тәрізденді.

Абайдың «Күз», «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай», «Жаз», «Қыс» тәрізді табиғат лирикаларын мысалға алалық. Бұл өлеңдердегі сөз болып отырған күз, қыс, т.б. құбылыстардың өмірдің өзінде қандай болса, ақынның суреттеуінде дәл со лай болып шығуының өзі шындықты көрсетудің тамаша үлгісі, сол өмірдің кейбір көзге ілінбестей жақтарын, бөлшектерін көре біліп, оның егжей-тегжейіне шейін қалдырмай жете су реттеу арқылы оған оқырманның көңілін аудару және сол шындықтың ішкі астарында әлеуметтік теңсіздік мәселесі жатқандығын аңғартуында.

XIX ғасырда реализмнің бір түрі сыншыл реализм болды. Сыншыл реализмге тән нәрсе әлеумет өмірінің жаман жағын шенеу, сынау, оларды өткір сатира, мысқыл кекесіндер арқылы көпшіліктің алдына тартып, жұртшылықтың ондай мінез-құлық, іс-әрекетен аулақ болуын мақсат етті.

Сыншыл реализмнің негізгі идеялық мазмұны – патриотизм, езілуші халық көпшілігінің ауыр халіне жаны ашушылық, соны жеңілдетуге өзінің көркем шығармасы арқылы атсалысу. Орыс әдебиетінде сыншыл реализмнің басты өкілі – Гоголь. Ол өз дәуіріндегі әлеумет өмірінің жаман жақтарын мейілінше қатты сынады. Гоголь – өз халқының ұлылығына да, келешегінің үлкен екендігіне берік сенген және өз халқын терең сүйген патриот жазушы. Патриоттық – оның идеалының негізі болды.

XIX ғасыр әдебиетіндегі сыншыл реалистердің қатарына Абайды қосуға болады. Абай типтік жағдайға тән типтік әдеби мінез жасап қана қойған жоқ және оларды өткір сықақпен, мысқылдап, күлкі етті. Абай шығармасындағы болыс, би, ел билеушілердің образдарын алсақ, баққаны қулық пен сұмдық, өз құлқынын ғана ойлайтын, мейлінше өзімшіл және өз басы, кісілігі еш нәрсеге арзымайтын, ісіне де, сөзіне де кермек күлкің келерлік адамдар. Оның «Дүтбайға», «Болыс болдым мінекей», «Бойы бұлғаң» өлеңдерін алсақ, ел билеушілерді суреттеуінде қаншама зіл, зәр жатқандығын көру қиын емес. Атақты «Сегіз аяқ» өлеңінде әлеумет өмірінің әр алуан жақтарын мезгей, шеней суреттеулерінің өзінен-ақ ақынның қаншама күйінішті басынан, кешіргендігін аңғаруға болмай ма?! Осылардың бәрі халық мұңы, ел тілегін ойлудан туған көңіл күйі мен қайнаған зығыр ақынның патриоттық идеалынан туған жайттар болатын. Қазақ елін мәдениетті ел етуді арман еткен ұлы ақынға жоғарғы аталған өлеңдерде суреттелетін қулық, сұмдық, жалқаулық, ала ауыздық, т.б. «Ала жылан, аш бақа күпілдектердің» сан алуан сұрқиялық істері бөгеттік жасады. Гоголь тәрізді Абай да өткір сатира арқылы оңбаған ісәрекет, мінез-құлықтарға қарсы халықтың ой-сезімін оятып, майданға шығаруға тырысты.

Қ.ЖҰМАЛИЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *