
БУГЕР–ЛАМБЕРТ–БЕР ЗАҢЫ, – монохромат (бір түсті) жарық шоғының жұтушы ортадан өтуі кезіндегі әлсіреуін анықтайды. Егер қалыңдығы l зат қабатына түсетін шоқтың қарқындылығы І0-ге тең болса, онда Бугер–Ламберт–Бер заңына сәйкес шоқтың қабаттан шығар тұсындағы қарқындылығы әртүрлі толқын ұзындығы λ үшін әрқалай болады, бірақ жарықтың қарқындылығына тәуелді болмайды. Бұл заңды 1729 ж. француз ғалымы Пьер Бугер (1698 – 1758) тәжірибе жүзінде ашқан. 1760 ж. неміс ғалымы Иоганн Ламберт (1728 – 1777) теория жүзінде тұжырымдаған, 1852 ж. неміс ғалымы А.Бер ерітінділер үшін тұжырымдаған.
Бұл заңның физикалық мәні заттан өтетін жарық шоғындағы фотондардың тығыздығының олардың шығындалу үрдісіне, яғни жарықтың қарқындылығына тәуелсіздігінде. Бұл заңдылық кең шекте тура, бірақ жарықтың қарқындылығы өте үлкен болғанда (мысалы, импульстік лазерлердің шоғырландырылған шоқтарында) жұту көрсеткіші қарқындылыққа тәуелді болады.