
Қара өлең ұйқасы. Бұл бұрыннан келе жатқан ұйқастың бір түрі. Қазақ халқының фольклорындағы тақпақ, бір ауыз өлеңдерінің көбі осы ұйқаспен құрылған. Бұл ұйқасты күні бүгінге дейін көп жайылған ұйқас деп айтуға болады. Қара өлең ұйқасының өзінше ерекшелігі 1-2-4-жолдары ұйқасады да, 3-жолы ылғи ұйқассыз, бос қалып отырады. Абайдан келтірген үзінді осыған жатады. Бұлай ұйқасу жалғыз 11 буынды өлеңдерде ғана емес, 7, 8 буынды өлеңдерде де бола береді. Мысалы:
Оқыған білер әр сөзді, Надандай болмас ақ көзді. Надан жөндіге жөн келмес, Білер қайдағы шәргезді.
(Абай)
Айырмасы жалғыз-ақ буын санында. «Аттың сыны» өлеңінен алған, «Аяңы тымақты алшы кигізгендей» деген үзінді 11 буыннан тұрса, мына үзіндінің әр жолы 7 буыннан тұрады, ұйқасы жағынан ешбір айыр масы жоқ.
Қ.ЖҰМАЛИЕВ