Еспе қайталау

Еспе қайталау. Алдыңғы пікірдің аяғын соңғы пікірге қатыстырып, қайталап айтуды еспе қайталау дейді. Еспе қайталау да айтайын деген нәрсесіне оқушының көңілін аудару үшін қолданылады. Мысалы:

Ау, қызғыш құс, қызғыш құс, Ел қорыған мен едім, Мен де айрылдым елімнен. Көл қорыған сен едің,

Сен де айырылдың көліңнен.

                                       (Махамбет)

Мұнымен қатар жай сөздерде де, нәрсенің әсерін күшейту үшін де бір аңызды қайта-қайта айтулар болады. Мысалы: «Көре-көре көсем, сөйлейсөйлей шешен болар» немесе біреуге арнай сөйлегенде де қайталау әдісін қолданады. «Ей, Қарт Қожақ, Қарт Қожақ! Атыңның басын тарт, Қожақ!». Қайталауды қолданғанда, жазушы өзінің таптық идеясын үндеу үшін қолданады. Өзінің сол нәрсеге қатынасын көрсетеді. Бір сөзді қайта-қайта айтумен оқушыны әсерлендіреді.

Көркем тілдің қай-қайсысын да, орнымен қолдану керек. Мейлі теңеу, мейлі троптың түрлері болсын, әр өлеңде өздерінің белгілі орны, белгілі мөлшері бар. Сурет салғанда бояуды көп жағып жіберсе, суреттің жақсы шықпайтыны тәрізді, образдарды мөлшерден асырып қолданса, өлең де жақсы шықпайды. Айтайын деген ойды сурет басып қалады да, оқушыға түсініксіз болады. Бұл шығарманың адамға тигізетін әсерін әлсіретеді. Сол образды сөздердің ішінде өте шеберлікті керек ететін поэтикалық тілдердің бірі – қайталау. Қайталаудың қай түрі болсын, өзінің мерзімді мөлшерімен қолданса ғана жақсы. Ал мөлшерден асырып жіберсе, өлең күшті шықпайды. Орынсыз қайталай беру өлеңді мылжыңдыққа айналдырады не түр қуалаушылыққа (формализмге) апарып соқтырады.

Қ.ЖҰМАЛИЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *