Метафора

Метафора (грекшеmetaphoraауыстыру). Сөздің ауыстыру мағынасында қолданылуы, екі нәрсенің ұқсастығына қарай, бірін бірімен ауыстырса, оны метафора деп атайды. Метафоралық сөздер сын есім (ақ бас шалым), зат есім (ба ла – жүрек, бала – бауыр) және едім, едің, еді, екен деген көмекші етістіктер арқылы да жасалады, кейде ем, ең, т.б.

Бала – жүрек ортасы.

Бала– ананың қолқасы. Бала бауыр, бал бауыр, Бала, ана зор бауыр.

                                   (Жақан Сыздықов)

Үйткені Алтайға біткен тұлға, Байланбаған – мүшесі – сұлу құлын.

                                                    (Сәбит)

Гималай – көктің кіндігі, Гималай – жердің түндігі.

                                   (Ілияс)

Бұл үзінділерде екі нәрсені бір-біріне тікелей балайды, бірақ метафора ылғи бұлай бола бермейді. Кейде метафора едім, едің деген сөздер арқылы да жасалуы мүмкін. Мысалы, Махамбеттің:

Мен, мен едім, мен едім.

Исатайдың барында

Екі тарлан бөрі едім…

                              (Махамбет)

Мен Қырымның ішінде Ақша ханның қызы едім. Атам менен анамның Асыранды қазы едім… …Жылқыда шаңқан боз едім, Қойда бағылан қозы едім.

Қытай менен Қырымнан Тамам жақсы жиылса, Аузындағы сөзі едім.

                            («Тарғын» жыры)

Сен жаралы жолбарыс ең.

Мен киіктің лағы ем.

                                (Абай)

Бұл үзінділердегі «Екі тарлан бөрі едім», «Асыранды қазы едім», «Мен киіктің лағы ем» деген сөздер метафораға жатады. Мұнда да екі нәрсені бір-біріне балау мағынасы бар, бірақ бұлар едім, соның қысқартындысы ем, ең арқылы баланып отыр. Едің, екен де осылар тәрізді боп келеді.

Метафораның негізінде де теңеу сықылды екі нәрсені бір-біріне салыстырушылық болады. Бір қарағанда метафора теңеудің қысқарған түрі тәрізді, өйткені басқа сөз қоспай-ақ теңеу жұрнақтарын жалғап, метафораны оп-оңай теңеуге айналдыруға болады. Мысалы: «Бала жүрек, бауыр ғой, Бала бауыр, бал бауыр» деген үзіндедегі «жүрек, бауыр» деген сөздерге -дей, -дай жұрнақтарын жалғап, теңеуге айналдыруға болады, бірақ олар метафораның мағынасын бермейді, теңеу мағынасын береді.

Метафораның бір алуаны: -мын, -бын, -пын, -сың, жіктік жалғаулары не -м, -ң, -ы (сы) тәуелдік жалғауларының көмегімен жасалынады. Мысалы: 

Сен – бұзау терісі шөніксің31,

Мен – өгіз терісі талыспын[1]

                                        (Бұхар)

Бес түлеген бөрімін, Белге соқсаң жығылман.

                                    (Халық жыры)

Халқыңыз қапа болмайды, Есен барса жолбарысың.

                           («Қобыланды» жыры)

Байеке, сіз бір аққан бұлағымыз Зарлаған біз бір жетім лағыңыз.

Исатай – ел еркесі, ел серкесі,

Айырылып сонан Шекең қайғылы еді.

                                 (Шернияз)

Метафорада екі зат не екі құбылыс (балайтын және баламайтын) қатар алынады. «Сен – шөніксің» (сен және шөнік), «Исатай – ел серкесі (Исатай және серке), т.б. Жіктеу, тәуелдеу жалғауларының немесе көмекші етістердің жәрдемімен жасалған метафораларда көпшілігінде бірінші жағы көрінбей ойда тұруы, әйтсе де сөз метафораның мағынасын беруі мүмкін. «Бес түлеген бөрімін», «Қойда бағылан қозы едім, жылқыда шаңқан боз едім» деген сөйлемдерде «мен» жасырынып тұр. Кейде екі жағы да қатар келе береді. «Сен жаралы жолбарыс ең, мен киіктің лағы ем», тағы басқалар.

Метафора кейде бейне, бейне бір (тең) деген сөздердің көмегімен де жасалады.

Пайдасы мол жігіттер, Дария шалқар көлмен тең. Өз басынан пайдасы аспаған Ел қонбаған шөлмен тең. Аузы бейне шалғы орақ Шөп емес, бірақ май орад.

Басы жоқ, төрт аяқты жансыз бір зат, Құлағы жоқ, көзі жоқ, бейне бір ат.

                         (Қазақ мақал-мәтел, жұмбақтары)

Ескерте кететін бір нәрсе жіктік жалғауы не тәуелдік жалғаулары, немесе тең, бейне, бейне бір және көмекші етістердің келген жерінің бәрін де метафора деп ұғуға болмайды. Ол қате.

…Алыстан сағынып мен келіп едім… Менің ұлым сен едің, Сенің әкең мен едім.

Тең теңімен, тезек қабымен, –

деген жолдардағы —ым, -едің,еділердің метафорамен байланысы жоқ. Олар метафоралық мағына бермейді. Олар (еді, едім, т.б.) бір нәрсені екінші нәрсеге балауға метафора жасауға көмектесіп тұр ма, әлде жай өздерінің грамматикалық қызметін атқара ма, міне, осы жағына қарау керек.

Метафораның жай түрі және ұлғайған түрі болады. Жай түрінде бір нәрсе екінші нәрсеге ғана баланады. Мысалы:

Сұлу аттың көркіжал, Адамзаттың көркімал.

Өмір сүрген кісіге

Дәулетқызық, балабал.

                                    (Абай)

Бұл үзіндіде бір нәрсе тек екінші нәрсеге ғана баланып тұр. Есімдік не басқа түрлер де осылай болып келеді: «Сенсің жан ләззаты, Сенсің жан шәрбаты», т. б. Сонымен қатар метафораның ұлғайған немесе күрделі түрі де болады және ол әдебиетте көбірек кездеседі. Мұның өзі екіге бөлінеді: бірінші, бір нәрсені бірнеше нәрсеге балау арқылы жасалады.

«Дем алысы үскірік, аяз бен қар, Кәрі құдаң қыс келіп әлек салды». Бұл үзіңдіде «дем алыс» үш нәрсеге баланып отыр: үскірік, аяз, қар, сондықтан бұл метафораның күрделі түріне жатады.

Кейде бір нәрсені екінші нәрсеге балау үшін, әуелі балайтын нәрсенің өзін суреттеп алып, сосын балайды. Мысалы: «Мен тауда ойнаған қарт марал, Табаным тасқа тиер деп, Сақсынып шыққан қиядан».

Мұндағы метафоралық ұғым «мен – марал»; ақын өзін маралға балайды, бірақ ол тікелей балап, «мен – марал» демейді. Бірнеше сөздер арқылы маралдың өзін суреттеп барып, сосын балайды. Қарт марал, тауда ойнаған марал, табаны тасқа тиер деп, алдын ойлайтын сақ марал, қысқасы, толып жатқан эпитеттердің бәрі де «марал» деген сөзді айқындайды. Ақын өзінің кім екендігін айту үшін әуелі маралды суреттеп, оны оқушылардың көз алдына елестетіп алады да, сосын барып өзін маралға ба лайды.

Өмір құбылысын суреттеуде, бір нәрсені жеріне жеткізе көрсетемін дегенде ақындар метафораның күрделі түрін қолданатындығы байқалады.

Біржанның Сарамен айтысында өзін таныстырған жерін алсақ, түгел дерлік күрделі метафораға құрған.

Жорғамын шаршы топта самғайтұғын, Бәйгі аттай серпінімді шалмайтұғын. Әнімді он екі взвод жіберейін, Есіңнен өле-өлгенше қалмайтұғын. Ежелден құлаш мойын көк айылмын, Ылауға алты күнге талмайтұғын. Ой желке, қамыс құлақ, теңбіл көкпін, Тұнықтан жүзіп ішпей қанбайтұғын.

Эпитет, теңеу, метафоралар көркем шығармада бір-бірімен байланысты келе береді. Метафоралық эпитет яғни бір сөйлемде не өлеңнің бір жолында әрі эпи тет, әрі метафора кездессе және эпитет метафораны айрықша көрсетуде қолданылса, оны метафоралық эпитет дейді.

«Иісіңгүл аңқыған, Нұрың күн шалқыған». Бұл үзіндідегі «иісі – гүл», «нұры – күн» деген сөздерді жеке алсақ, таза метафора, бірақ иісі тек жай гүл емес, иісі – аңқыған гүл, нұры – жай күн емес, шалқыған күн. «Аңқыған, шалқыған» тәрізді өткен шақтық есімше етістіктер арқылы жасалған эпитеттер яғни балап отырған нәрсесін жекелеп, көзге түсер дәрежеге көтеріп отыр. Метафораның мұндай түрін метафоралық эпитет деп атайды.

Ал теңеу мен метафораның айырмасымен қатар, бір-біріне жақындығы да көп. Жалпы алғанда, метафора – сыртқы не ішкі бір ұқсастығына қарап, бір нәрсені екінші нәрсеге балау, мағынасын ауыстырып қолдану дедік. Сонымен қатар мағына жағынан алғанда, метафорада балайтын нәрсе мен баланатын нәрсенің арасына тепетеңдік белгісін қоюға болады. «Исатай – арыстан» – метафора, «Арыстандай Исатай» – теңеу.

Теңеуде де, метафорада да екі нәрсе алынады, бірақ метафорада бір нәрсені екінші нәрсеге балайды, екі нәрсенің арасына тепе-теңдік белгісі қойылады. Теңеуде ондай белгі болмайды. «Исатай – арыстандай», ол әлі арыстан емес, сол сықылды, тәрізді. Арыстан арқылы оның айбатын, ерлігін ғана шамалаймыз не көзге елестетеміз.

Аристотель теңеу мен метафора туралы айта келіп: «Ұмтылды Ахилл – арыстан», «Ұмтылды Ахилл арыстандай» – деген мысал келтіреді де, алдыңғысы – метафора, соңғысы – теңеу дейді.

Теңеудің өзіне тән жұрнақтары бар: —тай, -тей, т.б. Бұл – форма жағынан айырмасы. Ал жақындығы – теңеуге тән жұрнақтарды қысқартса, барлық теңеу метафораға айналады.

Егер барлық метафораға теңеудің жұрнақтарын қосса, сөз теңеудің мағынасын береді. Оқушыларына әсері жағынан орынды қолданған метафора әрі өткір, әрі нанымды. Мұнда айтайын деген ойын, суреттейін деген нәрсесін үзілді-кесілді айту жағы басым.

[1] Шөнік – бұзау терісінен жасайтын қол аспаптар (біз, пышақ, шаппа шот, т.б.) салатын дорба. 33 Талыс – үлкен аспаптар салатын, аяққап тәрізді ыдыс. Өгіз терісінен жасалған.

Қ.ЖҰМАЛИЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *