Троп – (грекше – tropos – бұрылыс, бұрма) деген сөз. Тілімізде өз мағынасында қолданатын сөздермен қатар, ауыспалы мағынасында қолданылатын сөздер де аз емес. Олар әсіресе көркем әдебиетте көбірек кездеседі. Көркем тілдің басқа түрлерінен ауыстыру мағынасында қолданылатын сөздердің негізгі ерекшелігі астарлылығында. Бір нәрсені айтып, екінші мағына ұқтыруында. Мысалы, ақындар: «Алатау ақ бас шалым көпті көрген» не «жұлдыз жымыңдады», «күн күлді» деп жазады. «Мен Абайды оқыдым», «көше ояу», «ана үйдің құдасы келді» дейтін сөйлемдердегі сөздерді алсақ, бәрі де ауыстыру мағынасында қолданылған сөздер. Тауды «ақ бас шалым» деушілік адамға, шалға ғана айтылатын ұғым, түсінік, әйтсе де «ақ бас» деген эпитет арқылы оны тауға пайдаланып отыр. Шалдың басының ақ болуы мен тау басынан әрдайым қардың үзілмеушілігі екеуінің бір-біріне түстері жағынан ұқсастығы десек, осының негізінде ақын бірінің орнына екіншісін ауыстырып қолданып отыр.
«Жұлдыз жымыңдады», «күн күлді» жанды нәрселердің істейтін ісамалын жансыз нәрселерге істету, «көше ояу» адамның орнына тұрағын айту. «Абайды оқыдым» шығармасының орнына авторын айту, т.б. осылар тәрізді сөз қолданыстар троп немесе ауыспалы мағынасында қолданылатын сөз.
Троп негізінде алтыға бөлінеді: 1) метафора, 2) кейіптеу, 3) метонимия, 4) синекдоха, 5) символ, 6) аллегория.
Қ.ЖҰМАЛИЕВ