Омоним (грекше – hamos – бір түрлі және onyma – есім). Тілде және бір көп кездесетін – дыбыстары бір болса да, мағыналары басқа сөздер. Мысалы, «Аяқ» – ыдыс мағынасында да, адамның аяғы мағынасында да айтылады. «Ер» деп атқа салып мінетін ерді де, «ер» деп батырды да, «ер» деп «маған еріп жүр!» тағы басқа мағынасында да қолданылады. Сол сықылды, ерік, жем, нан, аң, тер, қан, жар, шал, таба, сал, сор, тал дегендер де омонимге жатады. Мұндай сөздер тілде өте көп. Мысалға келтірілген сөздердің қайсылары бір ұғымда есім мағынасында келеді де, екінші ұғымда етістіктің бұйрық түрінде, етіс мағынасында келеді.
Бұлардың кейбіреулері есім мағынасында тұрып та екі ұғым береді. Мысалы: ерік, жем, оң, жар, таба, сор, т.б. Бұл сөздердің дыбысы, естілуі, айтылуы бір болса да, бір сөз екі түрлі не бірнеше түрлі мағына береді. «Жар» деп, өзен жағасына да, «жар» деп әйелді де, «жар» деп айғайлап бір нәрсені жұртқа жариялауды да айтады. Ал кей сөз, әрі есім күйінде екі түрлі ұғым беріп және етістіктің бұйрық түріне түскенде тағы бір мағына береді. Мысалы, «ер», «қан», т.б. «Қан» есім түрінде адамнан не малдан шығатын қан мағынасында да, «қан» бұл мағынадан басқаша, етістік түрінде, екінші мағынаны береді. Мысалы, «Сен шайға қан!» десек мұндағы «қан» деген сөздің алдыңғы ұғымдармен үш қайнаса сорпасы да қосылмайды.
Осылар сықылды, естілуі бір, мағынасы басқа сөздерді омоним деп атайды. Синоним, омонимдермен жете танысу, жақсы айыра білу біздің ой, сезімімізді дұрыс бере алатын сөздер таба білуіміз үшін, айтайын деген пікіріміздің анық, ашық болуы үшін өте керек.
Қ.ЖҰМАЛИЕВ