АТ ТЕРГЕУ

АТ ТЕРГЕУ Ат тергеу – халқымыздың дәстүрлі мәдениетіне тән, неке-отбасылық қатынастардың негізінде қалыптасқан қазақ әйелдерінің сөйлеу мәдениетіндегі нормалардың бірі. Қазақ әйелдер қауымы жас келін болып түскен күннен бастап, көзі жұмылғанға дейін ел-жұрт, ағайын-туысының азан шақырып қойған аттарын тікелей атамай, тұспалдап айтуды дәстүр еткен. Мәселен, қайынаға, қайынсіңлісінің атын атамай, мінез-құлқы мен сыр-сымбатына сәйкес «мырза қайнаға», «бай атам», «би атам», «тетелес», «шырайлым», «еркем»,  «көз жақсым» десе, абысын-ажындарын «шебер шешей», «ақ әже», «кербез апа», «жақсы апа»  деп атайды. Кейде ел арасында жеңге лердің қойған күлкілі атаулары кең таралып, адамның азан шақырып қойған аты мүлдем ұмытылып кететін жағдайлар да кездеседі. Жеңгелердің қойған мұндай атауларына өзгелер ренжімей, сол атауды қабылдайды. Мәселен, бойы аласа адамды «сұңғағым», үндемейтін, ынжық адамды «шешен қайным» деп қажайтын сәттер де болады. Ат тергеуде әйелдердің тапқырлығымен бірге мінез-құлқы да байқалады. Инабатты жас келіндер аты тергелетін адамның туыстық қатынастарын, жас ерекшеліктерін, мінез-құлық артықшылықтарын ескере отырып, әуезді, әдемі аттарды таңдаса, кей адуынды жеңгелер «айдаһар шешей», «бомба қайнаға», «жүйрік қайным», «мылқау қайным»  деген аттарды қояды. Кәсібі мен  өнерпаздық қасиеттеріне байланысты «тышқаншы», «шопыр қайнаға», «доғдыр қыз», «сүт қатын», «әнші жігіт» атанып, ауыл-аймағына осы атымен танымал болған жандар көп. Бір қызығы мұндай аттарды әйелдер қауымы қойғанымен, кейіннен бүкіл ауылдың жасы мен кәрісі түгелге жуық солай атап кеткен  жағдайлар ел арасында әлі де кездеседі. Сөйлеу нормасы ретінде ат тергеу тек әйелдерге қатысты ғана емес, сыйластық пен құрметтің ерекше белгісі ретінде ер адамдар арасында да кездеседі. Бұған мысал ретінде олардың бір – бірін немесе ақсақалдарды «атеке», «әкей», Жәке, Сәке деп құрметтеуін алуға болады. Қызылбай деген қайын ағасы бар әжелеріміз қызыл түсті «күрең» деп айтса, Жолшыбай, Жолаушыбек деген аталары бар келіндер «жол» деген сөзді «соқпақ» деп алмастырған. Адамның туыстық қатынасын білдіретін «әпке» (апаеке) сөзі де осындай ат тергеудің нәтижесінде пайда болып, апаның екінші атауына, лексиконымызда бұрыннан бар,  байырғы сөзге айналды деп айтуға да толық негіз бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *