
АССОНАНС
Ассонанс (франц. assonanse — үйлесу, үндесу) – бірыңғай дауыстылардың үйлесіп қайталанып келуі. Көбіне өлең сөзде дауысты дыбыстар үндесе қайталанып, тыңдаушының немесе оқырманның назарын аударады. Ол сөздің интонациялық — әуезділік мәнін көбейтіп, экспрессивтік-эмоционалдық бояуын күшейтіп, ерекше елеулі тұстарды дыбыстандырып, ой-сезімнің әсерлілігін арттырады. Ассонанс поэзия мен прозада стилистикалық тәсіл ретінде жиі қолданылады. Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмай» өлеңіндегі
Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі наза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Ерлердің ісі бітер ме? –
деген жолдарды ассонанстың озық үлгісі ретінде беруге болады. Біртектес дауысты дыбысты қайталау арқылы ойды көріктеу тәсілі прозада да қолданылады. Бұл әдеби тілдің өркен-кестесіне әдемі ажар, айшық қосады. Сөздің айтылу әуезін, мәнін арттырып, бояуы мен әсерлілігін күшейтеді. «Асығы алшысынан түсу», «обыр олжа үшін өледі» деген тіркестер, «Ашу деген – ағын су, Алдын ашсаң, арқырар. Ақыл деген – дария, Алдын тоссаң, тоқырар» деген шешендік оралымдар ассонансқа мысал бола алады.
Тіл білімі терминдерінің сөздігі. – Алматы, 2012.