АЯҚҚАМЫР КҮМБЕЗІ — 12 ғасырдың ақырындағы сәулет өнері ескерткіші. Қарағанды облысы Жезді кентінен солтүстік-батысқа қарай 9 км жерде орналасқан. Орталық Қазақстанның көрнекті ескерткіштерінің бірі болып табылады. Биіктігі 1 м тас іргетастың үстіне 8,10 м х 9,84 м көлемде тік бұрышты жобамен порталды-күмбезді пішінде салынған. Алдыңғы беті П әрпі сияқты жиектеліп, монумент портал түрінде әшекейленген. Кіретін қуыс түзу аркамен жабылған. Күмбезі күйдірілген кірпіштен қаланып, жарты оюлармен әшекейленген тақталармен қапталған. Шаршы негізден бұрыштарын кеміте қалау арқылы күмбез шығарылған. Архитектура құрылымы мен безендірілуі 9 — 11 ғ-лардағы осындай құрылыстарға тән.