АЯКӨЗ СЫРТҚЫ ОКРУГІ — Ресей патшасы үкіметінің шешімі бойынша (1831) осы аттас өзеннің бойында құрылған әкімшілік-территориялық бөлік. Сарыарқаның Жетісумен іргелес өңірінде құрылған ерекше округ. Бұл арқылы Ресей әкімшілігі патша реформасына қарсы қарқыны күшейіп бара жатқан Саржан сұлтанның көтерілісін оңтүстікке таратпауды, ең бастысы Жетісу, Алатауөңірін империяның құрамына қосу үшін саяси, әскери алғы шарт дайындауды көздеді.Округтің алғашқы аға сұлтаны болып Сарт Жошыұлы төре, қазылары Итемген Сейтенұлы би және Ақша Ханқожаұлы төре сайланды. 10 мыңдай шаңырағы бар 12 болыс елді біріктірді. Олардың болыстары болып Есім Жошыұлы (Назар болысы), Самұрат Жошыұлы (Мұрын болысы), Қымыран Жошыұлы (Мұрын-2 болысы), Тұрсын Жошыұлы (Қыржын болысы), Қисық Тезекұлы (Мұрын-Кенже, Айдар, Мырзаш болысы), Дәуіт Мамырханұлы (Матай болысы), Солтабай Бопыұлы (Сыбан болысы), Жамантай Бопыұлы (Сыбан-2 болысы), Омар Бопыұлы (Ақымбет болысы), Оспан Жапиұлы (Төмен болысы), Шыбынтай Сағалұлы (Семіз Найман болысы), Санбек Есімұлы (Назар-2 болысы) сайланды.А. с. о-мен бір мезгілде Аягөз дуаны құрылды (1831-68). 1857 ж. Аякөз сыртқы округінің бірнеше болыстығынан Қапал округі ұйымдастырылды.