
ӘЛСІЗ ӨЗАРАӘСЕРЛЕСУ – қарапайым бөлшектер арасындағы белгілі төрт іргелі өзараәсерлесудің бірі. Әлсіз өзараәсерлесу тек күшті өзараәсерлесуден ғана емес, электрмагниттік өзараәсерлесуден де едәуір әлсіз, бірақ гравитациялық (тартылыстық) өзараәсерлесуден күшті.
Өзараәсерлесудің күші туралы осы әсерлер тудыратын үрдістердің (процестердің) жылдамдықтары бойынша пікір айтуға болады. Әдетте қарапайым бөлшектер физикасында –1 ГэВ энергия кезіндегі үрдістер арасындағы жылдамдықтар өзара салыстырылады. Әлгіндей энергиялы күшті өзараәсерлесу үрдісі –10–24 секундта, электрмагниттік үрдіс –10–21 секундта өтеді. Әлсіз өзараәсерлесуге тән үрдістер уақыты қарапайым бөлшектер әлемінде өте баяу өтеді. Өзараәсерлесудің өзге бір сипаттамасы заттар бөлшектерінің еркін жол ұзындығы. Күшті өзараәсерлесуші бөлшектерді (адрондарды) қалыңдығы бірнеше ондаған сантиметр темір плитамен ұстап қалуға болады, ал әлсіз өзараәсерлесуші нейтрино ешқандай соқтығысуға ұшырамай қалыңдығы миллиард километрдей темір плитадан өте шығады. Бұдан да әлсіз гравитациялық өзараәсерлесу күші –1 ГэВ энергия кезінде әлсіз өзараәсерлесуден 1033 есе аз болады. Бірақ та күнделікті тұрмыста гравитациялық өзараәсерлесу әлсіз өзара әсерлесуден маңызды. Бұл жайт гравитациялық өзараәсерлесудің электрмагниттік өзараәсерлесу секілді әсер ету радиусы шексіз үлкен болады; сондықтан, мысалы, Жер бетіндегі денелерге Жердің құрамындағы атомдардың барлығының тарапынан гравитациялық тартылыс әсер етеді. Әлсіз өзараәсерлесудің әсер радиусы соншалықты қысқа болғандықтан қазірге дейін өлшенбеген. Оның күтілген жуық шамасы 2·10–16 сантиметрдей (күшті өзараәсерлесудің радиусынан мың еседей кіші). Осының салдарынан, мысалы, көрші екі атом арасындағы әлсіз өзараәсерлесу 10–8 сантиметрдей қашықтықта өте аз шама.
Шамасының аздығына және қысқа мерзімді әсерлесуіне қарамастан әлсіз өзараәсерлесудің табиғатта маңызы зор. Егер де әлсіз өзараәсерлесу «жойылатын» болса, Күн сөніп қалар еді, оған себеп протонның нейтронға, позитронға және нейтриноға айналу үрдісі жүзеге аспай қалады, нәтижесінде төрт протон 4Не-ге айналады. Осы үрдіс Күн және көптеген жұлдыздардың энергиясының көздері болады. Әлсіз өзараәсерлесудің нейтрино шығарумен өтетін үрдісінің жұлдыздардың эволюциясында маңызы бар. Егер де әлсіз өзараәсерлесу болмаса әдеттегі заттарда көптеп таралған мюондар, π – мезондар, ғажайып және «көрікті» бөлшектер тұрақты болар еді. Әлсіз өзараәсерлесу зарядталған лептондарды нейтриноға, ал кварктердің бір түрін өзге түрге айналдырар еді.