
ӘЙНЕКТӘРІЗДІ КҮЙ – заттың асасалқындатылған балқымаларының қатаюы кезінде пішінделетін аморфты күйі. Әйнектәрізді күйдің балқымалы күйден әйнектәрізді (әйнектелу) күйге ауысу қайтымдылығы өзге аморфты күйлерден ерекшелігі болып табылады. Балқыманың тұтқырлығының біртіндеп артуы заттың кристалдануына, яғни аз еркін энергиялы термодинамикалық едәуір орнықты кристалдық күйге ауысуға кедергі келтіреді. Әйнектелу үрдісі (процесі) температуралық аралықпен сипатталады. Заттың әйнектәрізді күйден кристалдық күйге ауысуы І текті фазалық ауысу болып табылады.
Әйнектәрізді күйдегі заттар орташа изотропты, морт, көп жағдайда мөлдір (көрінетін сәуле, инфрақызыл сәуле, ультракүлгін сәуле, рентгендік және гаммасәулелер үшін). Әйнектәрізді күйдегі заттардың механикалық кернеулері мен біртексіздігі қосарланып сынудың пайда болуына себепші болады. Іс жүзінде барлық әйнек әлсіз люминесценциялық жарық шығарады. Әйнектәрізді күйдегі заттар әдетте диамагнитті, кейбір тотықтардың қоспасы оны парамагниттік затқа айналдырады. Арнайы құрылымды кейбір әйнектерден ситаллдар (бір немесе бірнеше кристалдық фазалардан құралған материал) жасалады. Көпшілік әйнек электрлік қасиеттері бойынша диэлектриктер (силикатты әйнек), жартылайөткізгіштер және металдар да болады.