
АТОМ ЯДРОСЫНЫҢ ИЗОМЕРИЯСЫ (грекше «изос – тең» + «мерос – үлес, бөлік») – атомның кейбір ядроларында салыстырмалы түрде ұзағырақ мерзімді «өмір сүруі» болатын метатұрақты күйінің болуы. Кейбір атом ядросының «өмір сүру» уақыты әртүрлі бірнеше изомерлік күйі болады. Бұл құбылысты табиғи радиоактивтік ядролар үшін 1921 ж. неміс физигі Отто Ган (1879 – 1968), ал жасанды радиоактивтік ядролар үшін 1935 ж. кеңес физиктері: Игорь Курчатов (1903 – 1960), Лев Мысовский (1888 – 1939) ашты. Изомериялық күйлер тұрақты изотоптарда кездеседі. Изомерлердің ыдырауы γ-сәулелер мен конверсиялық электрондар шығарумен қабаттасып өтеді. Осының нәтижесінде аз энергиялы күйдегі ядро пайда болады. Кей кездері бета-ыдыраудың пайда болуы ықтимал. Ауыр элементтердің изомерлері өздігінен ыдырауға ұшырауы да мүмкін. Атом ядросының изомериясы ядролардың құрылымдарының ерекшеліктеріне де тәуелді. Изомериялық күй ядроның γ-квантты шығару арқылы аз энергиялы күйге ауысуы қиын жағдайда пайда болады. Бұл жайт көбінесе осы күйлердегі ядролар спиндерінің мәндерінің өте үлкен айырмашылығының болуына байланысты. Егер екі күйдің энергияларының айырмашылығы аз болса, онда γ-квантты шығару ықтималдығы аз болады да осының салдарынан қозған күйдің жартылай ыдырауы ұзақ болады.