АЯГӨЗ

АЯГӨЗ — Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары аумағындағы өзен.Үлкен Аягөз және Кіші Аягөз өзенінің қосылуынан кейін Аягөз аталады. Ұзындығы 450 км, алабының ауданы 15,4 мың км2. Тарбағатай жотасының солтүстік сілемдерінен (1661 м) бастау алады. Балқаш көлінің солтүстік-шығыс бөлігіне құяды. Жылдық орташа су ағыны мөлшері 5 м3/с. Жылдың 2-жартысында және құрғақшылық жылдары суы Балқаш көліне жетпейді. Жоғарғы ағысының жағалары тік шатқалды, ал орта және төменгі ағыстары кең жайылымды болып келеді. Балқашқа құяр жері сортаң және батпақты. Ұзынды-қысқалы 312 саласы бар. ірі салалары: Нарын, Балықты, Батпақты, Айғыз, Қурайлы, Таңсық. Негізінен, қар және жер асты суларымен толығады. Сәуір-мамыр айларындағы су ағымы мөлшері 80- 170 м3/с-ке дейін жетеді, ал тамыз-қыркүйек айларында 0,6- 2,0 м3/с-ке дейін төмендейді. Қарашаның 1-жартысында қатып, сәуірдің басында ери бастайды. Суы тұщы, минералдылығы 0,3-8,1 г/л. Химиялық құрамы — сульфатты натрийлі. Суы ауыз суға, жайылымды суландыруға және өндірістік-техникалық мақсаттарға пайдаланылады. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *