
Аллофон (грек. άλλος — басқа және грек. φωνή – дыбыс, фонема) – дивергенті, альтернаты, нұсқасы, фонеманың нақты манифестациясының бір түрі болып табылады. Аллофон — бір дыбыстың айтылуындағы ауытқу, басқаша айтқанда, фонеманың жүзеге асырылуы, оның айналасындағы нақты фонетикалық жағдайға негізделген нұсқасы. Аллофонды фонеманың сөйлеу үстінде кездесетін әртүрлі реңктері, фонеманың варианты десек те болады. Аллофон үндіеуропа тілдерінде кең тараған. Қазақ тілінде дыбыстың үндестік аллофондары кездеседі. Мыс.: бас сөзінде б жуан, бес сөзінде б жіңішке айтылып, фонема вариантын (реңкін) жасап тұр. Аллофонның фонемадан айырмашылығы оның абстрактілі ұғым емес, нақты сөздік дыбыс болуында жатыр. С.Мырзабеков тілдегі бұл құбылысты былайша түсіндіреді: «Дауысты дыбыстардың созылыңқылығына, сөз ішіндегі орны мен басқа дыбыстармен көршілес келуіне байланысты нақты бір фонема дыбыстар тобында түрлі реңк алып отырады. Мәселен, дауысты дыбыстардың әсерімен т дыбысы бірде жуан (ат, от), бірде жіңішке (ет, өт), бірде еріндік (от, өт), бірде езулік (ат, ет) болып, біршама ауытқу, ерекшеліктермен немесе әртүрлі реңмен айтылады да, қызметіне қарай бір-ақ фонема деп танылады. Бір дыбыстың айтылуындағы мұндай ауытқу, рең тіл білімінде аллофон (гр.allos – басқа) делінеді. Сондықтан сөз дыбыс емес, фонемадан құралады десе де болады».
С.Мырзабеков. Қазақ тілінің фонетикасы.
– Алматы, 2004.
Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Лингвистика /
Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын – Павлодар, 2007.