АЛҒЫС Алғыс (көне түркі тілінде алкыш — algis) – дәстүрлі қазақы дүниетанымда адамдардың бір-біріне жасаған түрлі жақсылығына байланысты игі тілегін, ризашылығын білдіретін ерекше концепт. Сөзді киелі, қасиетті күш ретінде таныған халқымыз алғыс сөздер арқылы адамға жақсылық жасауға болады деп сенген. Неғұрлым алғысты көп алған адам соғұрлым бақытты өмір сүреді деген нанымға иланған халқымыз біреуге риза болғанда ықыласын алғыспен жеткізген. Алғыс, тілек, бата сөздер өзара мағыналас, мәндес ұғымдар. Алғыс та, тілек те, бата да өзара жымдасып, тұтасып жатады. Бұл сөздердің тәрбиелік мәні зор. Алғыс сөздер әуел баста жаратушыға мадақ айту түрінде пайда болғанымен, заман ағымына сәйкес мазмұндық жағынан өзгеріске ұшырап, бүгінде игі іс атқарған адамға ризашылық белгісі ретінде қолданылуда. Алғысты риза болған адам өзі береді. Алғысты сұрап алуға болмайды. Ол риясыз көңілден айтылады. Ал батаны көбіне үлкен қариялардан немесе ел ағаларынан сұрап алады. Алғысты кез-келген адам айта алады, ал батаны елге сыйлы адамдар, ауыл ақсақалы немесе көп балалы кейуана береді. Қазақы түсінік бойынша ер адам отырған жерде әйел адам ас қайырып, бата бермейді. Ал алғыс мұндай шарттылықтарға