АЭРОЗОЛЬ

АЭРОЗОЛЬ  (немісше: sol — ерітінді) — газды ортада (ауада) қалықтаған сұйық не қатты бөлшектерден тұратын дисперстік жүйелер. Терминді алғаш 1945 жылы ағылшын химигі Ф.Дж. Доннан енгізген. Аэрозольдің мөлшері оның массасы мен бөлшек саны бойынша анықталады. Олардың сұйық бөлшегінің радиусы 10-5 — 10-1 см, ал қатты бөлшектерінікі 10-8 — 10-3 см болады. Аэрозоль дисперстену (ірі бөлшектердің ұсағырақ бөлшектерге айналуы, мысалы, шахта шаң-тозаңы) және конденсаттану (ұсақ бөлшектердің ірірек бөлшектерге бірігуі, мысалы, тұманнан бұлт пайда болуы) салдарынан түзіледі. Дисперстену жолмен көбінде полидисперстік және тұрпайы дисперстік аэрозоль түзіледі, ал жоғары дисперстік және біртекті (монодисперстік) аэрозоль конденсаттану арқылы алынады. Көбінесе аэрозольдың түзілуі зиянды болады. Мысалы, өндірістік процестерде қажетті заттар тозаңмен бірге кетеді (металлургия, цемент, химия өндірістері); атмосферадағы аэрозольмен азық-түлік ластанады; кейбір аэрозольдар ауамен қосылып қопарылғыш қоспалар түзеді (көмір, қант, ұн тозаңдары). Аэрозоль медицинада (организмге дәрі-дәрмек енгізуде, жұқпалы микробтарды залалсыздандыруда), метеорологияда (тұманды сейілту, жасанды жаңбыр жауғызуда) ауыл шаруашылығында (инсектицидтер шашуда) тұрмыста т.б. қолданылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *