Көркем әдебиеттің қоғамдық мәні. Көркем әдебиет өмір құбылыстарының әр алуан жақтарын суреттеу арқылы көз алдымызға елестетіп, ой, сезімімізге әсер етеді. Әлеумет өмірінде адамдарда болатын әртүрлі құбылыстарды, мінез-құлықтарды жинақтап ұнамды, ұнамсыз образдар жасайды. Оқушыны жаманшылықтан қашырып, жақсылыққа жетектейді, тәлім-тәрбие береді, таптар арасындағы қайшылықтарды суреттеп, шындықтың бетін ашады, күреске шақырады.
Көркем әдебиет оқушыларының эстетикалық сезімін оятып, әдемілікті сезінуге, мінез-құлықтарын жақсартуға көмектеседі. Көркем әдебиет қоғамның даму процесінде, тап күресінде туады да және сол күрестің дамуына әсерін тигізеді. Мысалы, M.Горькийдің «Ана» романы Россиядағы реакциялық жылдарында дүниеге келді. Роман жұмысшыларды революциялық жігерлі күреске, жеңіске шақырды. П.Власов, ана, т.б. революционерлердің қаһармандық, ерліктерін суреттеу арқылы жазушы жұмысшы табының жеңіп шығатындығына оқушыларын нық сендірді.
1905 жылғы жеңілуден кейін, орыстың дворян-буржуазия жазушылары, декаденттер оқушы жұртшылығын әлеумет өміріндегі күрес-тартыстан аулақтатуға тырысты. Әдебиет, искусство әдемілікті жырлауы керек деді, революцияшылдық идеяны жыр еткен жазушыларды шенеп, оларға барынша қарсы шықты. Өздерінің реакцияшылдық идеясы арқылы оқушыларын теріс бағытқа жетектеді.
Қ.ЖҰМАЛИЕВ