АЭРОБТЫҚ АҒЗАЛАР, аэробтар (гр. aer — ауа және bios — тіршілік) – молекулалық бос оттек (О2) бар ортада тіршілік етіп, дами алатын организмдер.Аэробтық ағзаларға барлық өсімдіктер, көптеген қарапайымдылар мен көп клеткалы жануарлар, саңырауқұлақтар, микроорганизмдер жатады. Оттектің (О2) қатысуымен жүретін биологиялық процесті аэробиоз деп атайды. Аэробтық ағзалар өз ағзаларсына енген О2-нің тотығуынан пайда болған энергияны пайдаланады. Олар облигатты аэробтық ағзалар және факультативті аэробтық ағзалар болып 2 топқа бөлінеді. Облигатты аэробтық ағзалар тотығу реакциясы кезіндегі энергияны пайдаланады, мысалы, сірке қышқыл бактериялары этил спиртін сірке қышқылына дейін, ал кейбір зең саңырауқұлақтары қанттарды лимон, қымыздық, глюкон қышқылдарын түзгенге дейін тотықтырады.Факультативті аэробтық ағзалар тобына оттектің бар-жоғын талғамай тіршілік ететін организмдер жатады, мысалы, күкірт, темір бактериялары оттекті нитраттардан, сульфаттардан, т.б. қосылыстардан алады. Аэробтық ағзалардың арасында ең маңыздысы фотосинтез процесіне қатысатын ағзалар – цианобактериялар, балдырларжәне түтікті өсімдіктер. Аэробтық ағзалар табиғатта кеңінен таралған және ондағы зат айналымына үлкен әсерін тигізеді, мысалы, қарапайым аэробтық ағзалар топырақтағы күрделі органикалық қосылыстарды өсімдіктердің жақсы сіңіруіне көмектесіп, топырақтағы түрлі ауру қоздыратын бактерияларды жояды. Аэробтық ағзаларды өндірісте сірке суын алуға, ауыл шаруашылығында, т.б. қолданылады. Аэробтық ағзалардың тіршілігіне ауаның құрамындағы оттектің белгілі мөлшері мен қысымы қажет, егер осы жағдай шамадан тыс өзгерсе, олар өліп қалады.