МАРХАБАТ БАЙҒҰТ ПОВЕСТЕРІНДЕГІ КЕЙІПКЕР ӘЛЕМІ

МАРХАБАТ БАЙҒҰТ ПОВЕСТЕРІНДЕГІ КЕЙІПКЕР ӘЛЕМІ

 

Асанов Жандар Тұрарұлы —

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, Магистратура және PhD докторантура институтының 2 курс магистранты

(Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы) Jandar_001@mail.ru

     Мархабат Байғұт – қоғамдық дамуымыздың әралуан саласына ой толғайтын, бүгінгі жастарымызды қиындықтарды жеңе отырып, жарқын болашақ, туған ел, халық үшін қызмет ететін азамат болып қалыптасуға тәрбиелейтін шағын повестер жазуда проза жанрынан өзіндік орнын танытқан талантты жазушы. Мархабаттың мұндай шығармалары алғашқы «Шілде», «Сырбұлақ» атты жинақтарында жарияланып, оны жұртшылық та, әдеби сын да жылы қабылдағанын жақсы білеміз. Одан кейінгі «Интернаттың баласы» жинағына енген осы тақырыптағы повесі. «Нәуірзек» жинағына енген «Патефон», «Таудағы андыз» повестері де оқырман көңілінен шыққан туындылар санатына қосылған. Жазушының «Машаттағы махаббат» шығармасы жазушы творчествосының жоғарғы жетістігі деуге тұрарлық еңбегі екендігін атап өткеніміз лазым. «Мархабаттың біз атап өткен повестерінің қайсысын алсақ та, өзінің оқушысын өмірдің ұнамсыз жақтарынан безіндіріп, жарқын болашақ заманға лайықты азамат болып қалыптасуға ұмтылдыратын жақсы қасиеттерді уағыздайтынын аңғарамыз. Жазушы бейнелеген кейіпкерлердің бірсыпырасының бойындағы ұнамды да, ұнамсыз да мінез-құлықтарымен іс-әрекеттерді өз аулымыздағы кейбір адамдарға ұқсатып отырамын» [1, 150б.]. Олай болса, Мархабат повестерінің кейіпкерлері ойдан шығарылған «адамдар арасында, әйтеуір, осындай адамдар кездесуі мүмкін – ғой» деген болжамнан жасалған адамдар емес, өмірдегі шындық оқиғалардың шыншыл тұлғалары. Сондықтан болса керек, суреткердің повестері оқушысын жалықтырмай, шаршатпай үнемі ілгері жетелеп отырады. Сюжет шеберлігі композиция желісіне үйлесімді орналасқан оқиға желісі, кейіпкерлердің бірте-бірте даму, өсу шындығы оқушысының ойына «япыр-ай мына жері неге мұндай болды екен?» — деген күдік келтірмейді. Бұл жетістік Мархабаттың әдебиеттегі проза жанрын дамытудағы ерекше қасиеті. М.Байғұттың «Интернаттың баласы» повесі өзінің сүйікті тақырыбы – жасөспірімдер өміріне, солардың өсіп, қалыптасу сәттерін ашуға құралады. Қазіргі кезде ғылым, өнер, қоғамдық ақыл-ой өркендей өсті, күннен-күнге жедел қарқынмен дамып барады. Ғылым мен техика қаншалықты өсіп, дамыған сайын адам баласы да, оның ішкі дүниесі де соншалықты күрделене түседі. Адам жанын түсінуде көркем өнердің, әдебиеттің мүмкіндігі молырақ. Неге десеңіз, ғылым болмыстың, өмірдің объективті заңдылықтарын зерттейді, яғни ол адамға сыртқы дүниені танытады. Ал әдебиет адамның ішкі жан дүниесін танытады, яғни ол өмірдің объективті заңдылықтарымен қатар субъективті ерекшеліктерін де ашуға ұмтылады. Жазушының бұл повесінің негізгі идеясы жас адамның қалыптасу кезеңіндегі жақсылыққа, ізгі қасиеттерге деген ұмтылысы, жасөспірім балалардың өмірдің күңгірт жақтарымен өз жасына лайық дәрежеде күресе білу. Образдар қазіргі әдебиеттануда реалистік, шартты, абстрактілі болып жүйеленген. Орынды қолдана білсе, көркем шығармада осылардың бәріне орын табуға болады. Әрбір жазушы образдарды мінездеу арқылы олардың ішкі рухани әлемін ашуға тырысады. Орыс әдебиетінің ұлы теоретигі М.М. Бахтин «Эстетика словесного творчества» деген еңбегінде мінез туралы айтып өткен: «Характером мы называем такую форму взаимодействия героя и автора, которая осуществляет задание создать целое героя как определенной личности… героя с самого начала дан как целое… все воспринимается как момент характеристики героя, несет характерологическую функцию, все сводится и служит ответу на вопрос: «кто он». «Построение характера может пойти двух основных направлениях.

Первое мы назовем классическим построением характера, второе – романтическим» [2, 320б.] деп мінездемелердің негізгі бағыттарын көрсеткен.М.Байғұт повесіндегі кейіпкерлерді мінездеу анықталған екі бағытты да көздейтіні көрініп тұр. Л.Гинзбург: «…автордың сөз толғаныстары немесе кейіпкерлердің өзін-өзі талдауы, рухани әлемді бейнелеудің жанама тәсілдері – ым мен ишараттар, сыртқы қимыл көріністері бәрі автордың аналитикалық талдауы арқылы беріледі. Олардың ішінде кейіпкердің ішкі монологы, ішкі сөзі ерекше орын алады» деген болатын [3, 102б.]. Типтік бейнеге автор тұтасқан оқиғаның даму барысында, қақтығыстар мен іс-әрекеттер арқылы барса, ал әрбір образды жеке-дара мінездеуге ұшқыр детальдар мен шымыр диалогтар құру арқылы қол жеткізеді. Жазушы Ноқтабай арқылы, соның айналасындағылардың өмірі арқылы сол кезеңнің қиын да күрделі болғанын ашып көрсетеді. «Интернаттың баласы» повестіндегі жазушының ерекше жетістігі – шығармадағы он төртінші санды бөлмедегі кілең өмірге құштар кейіпкелердің бейнесін жасауы. Тәжен Ошаев өзінің сергектігімен, сабаққа зейінділігімен, қоғамдық жұмыстағы ұйымдастырушылық қабілетімен танылса, жетінші сынып оқушысы Бақажан (өздерінше Жиренше шешен деп атайды) оқудың үздігі болмаса да жолдастыққа жақсы, адамгершілігінің күштілігімен дараланған. Сегізінші сыныптың оқушысы Көшен домбырадан күмбірлетіп күй төккен, болашақ Алматы консерваториясының конкурстан тыс қабылданатын өнер иесі. Тоғызыншы сыныпта оқитын Жақсылық (өздері Жак Паганель деп атайды) көркем әдебиетті көп оқитын, биология, география пәндеріне баса назар аударатын салмақты, ақылды, қажырлы, табанды, болашақ жапангерліктен үміткер оқушы. Алтыншы сыныпта оқитын Ырысбек (өздері үндемес деп атайды) салмақты, сабырлы бала.  Он төртінші бөлмеге биылғы оқу жылында келіп қосылған екі оқушының бірі – Ноқтабай да екіншісі – Еркінбек Ермекбаев. Повестің осы кейіпкерлері алты мен сегізінші сыныптың оқушылары болса да сөзге шешен, айтылатын жауаптарын саралап, нақтылап жеткізе біледі. М.Байғұт өз туындыларында адамның ішкі жан дүниесі иірімдерін өзіндік өрнектермен аша отырып, ақиқат пен әділдікті іздейді. М.Байғұт шығармаларында ерекше орын алған тақырып — әйелдердің жан сұлулығы. Бұл – әлем суреткерлернің ғұмыр бойғы мәңгілік жыры. Жазушының «Көрпесайдың кітапханасы» әңгімесіндегі пәк сезім иелеріне тәңірдей табынасың. «Интернаттың баласында» бес баладан жалғыз тірі қалған Ноқатбайға анасы «шіли жақсы оқи берме, қарағым, тіл – көз тиіп кетер» [4, 246б.] деп, қауіптенгеннен елжірей, мейірлене қарауы соншалық нанымды бейнеленген. Қаламгердің «Таудағы андыз» повесінің де жастарға үлгі боларлық жүгі басым. Мұнда достық пен адамгершілік, адалдық пен махаббат мәселелері бейнеленген. Автор екі оқушы баланың Бауыржан мен Оқасытң балалық шағынан, есейіп қалыптасуына дейінгі өмір құбылыстарын, характерлер қақтығыстарын, дүниеге көзқарастарын қатар қойып салыстыра суреттейді. Филология ғылымдарының докторы Г.Пірәлиева: «Мархабат Байғұт өз шығармаларында образ бен мінезді беруде тікелей баяндау үлгісіне көп салмақ салмайды. Ол көбіне кейіпкер характерлерін іс-әрекет үстінде, сөйлеген сөздері арқылы бүкіл болмысы мен алдымызға жайып салады» [5, 68б.] деп пікір білдірген болатын. 

   М.Байғұттың           қай шығармасын          алып қарамайық,    кейіпкер         әлемі тылсымдығымен таңсық. Себебі, бір оқып, шығарманың мағынасын ұғындым дей алмайсың, екінші рет оқығанда, түйсігіңнен айнып, жаңа ойға келетінің анық. Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Ергөбеков Қ. Баянғұмыр.                       Сын            мақалалар.                            –                Алматы: Жазушы,
  2. – 232б.
  3. Бахтин М.М. Вопросы литературы и эстетики. – Москва: Художественная литература, 1975. – 504 с.

3.Гинзбург Л.Я. О литературном герое. – Москва: Просвещение, 1979. – 579 с.

4.Байғұт М. Төрт томдық шығармалар жинағы. Т.3. – Алматы: Қазығұрт, 2005. – 517 б.

5.Пірәлиева Г. Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері (Түс көру, бейвербалды ишараттар, заттық әлем). Монография. – Алматы:

Алаш, 2003. – 328 б.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *