ГЕСИОД – ДИДАКТИКАЛЫҚ ПОЭЗИЯНЫҢ НЕГІЗІН САЛУШЫ

ГЕСИОД – ДИДАКТИКАЛЫҚ ПОЭЗИЯНЫҢ НЕГІЗІН САЛУШЫ

 

Г.Б.Тоқшылықова —

Абай атындағы ҚазҰПУ, қазақ әдебиеті  кафедрасының аға оқытушысы

 

Аңдатпа: Мақалада көне дәуірдегі грек әдебиетінің архаикалық кезең өкілі, дидактикалық поэзияның негізін салушы Гесиодтың «Еңбектер мен күндер», «Теогония» атты поэмаларына талдау жасалады. Гесиод шығармаларының уағыздаушылық, тәрбиелік бағытта жазылуын ақынның өмірлік жолымен байланыстыра көрсетеді. Ақын өміріндегі, жалпы  дүниетанымындағы ең маңызды нәрсе – еңбек екендігі сараланады.

Кілт сөздер: дидактика, тәрбие, еңбек, эолий, олимпиялық құдайлар, миф

 

Гесиод шамамен алғанда б.з.б. VІІІ-VІІ ғасырларда өмір сүрген ежелгі грек ақыны. Гесиод – антика дәуірінің анық белгілі болған алғашқы тарихи тұлғасы деуге болады. Оның есімі бізге толық сақталған «Еңбектер мен күндер» және «Теогония» атты поэмаларымен танымал. Осы аталған екі поэма б.з.б. VІІ-VІ ғғ. грек әдебиетіндегі дидактикалық және генеологиялық жаңа бағыттың негізін салды. Гесиодтың туған жылы және дүниеден өткен жылдары белгісіз. Антикалық эпиграммалардың бірі – «дана Гомердің отаны болуға жеті қала таласты» деп басталады, яғни бүкілеуропалық әдебиеттің көшбасшысы болып есептелетін Гомердің отаны болуға жеті қала, ал кей деректерде он қала таласады. Ал Гесиодтың дүниеге келген жері жөнінде ешқандай талас жоқ. Ол өз әкесінің Эгей теңізі жағалуында, Лесбос аралының оңтүстік-шығысында орналасқан эолийлық Ким қаласында дүниеге келгендігін «Еңбектер мен күндерде» жазып қалдырған.  Гесиод Кіші Азиядағы Кимде, нақтырақ айтқанда, Эолида деген жерде дүниеге келген. Әкесі саудамен айналысқан. Бірақ, бар мүлкінен айрылғаннан кейін Грекияға көшіп, Беотия деген жерде орналасқан Аскра елді мекеніне қоныстанады. Бұл Геликон тауының етегіне орналасқан қысы суық, жазы қатты ыстық, шаруашылыққа қолайсыздау жер болатын. Жастайынан қиындықты, жоқшылықты көп көрген Гесиод ауыр жұмыс пен кедейліктің не екенін біліп өседі. Әкесінің қазасынан жолы болмай, үнемі сәтсіздіктерге ұшырап жүреді. Себебі, әкесі қайтыс болғаннан кейін артында қалған жер иелігін Гесиодтың туған бауыры Перс тартып алады. Бұл жайға Гесиод қарсы болып, келіспеушілік білдіргенімен, Перс сот мүшелерінің аузын алып, істі өз пайдасына шешкізеді. Мұнан кейінгі ағайындылардың қарым-қатынасы бізге белгісіз. Бірақ Гесиодтың «Еңбектер мен күндер» поэмасында өз бауырын адал еңбек етуге, жақсылыққа шақыруын зерттеушілер екі ағайынды жігіттің татуласқандығы деп түсіндіреді.

 «Еңбектер мен күндер» – біздің заманымызға дейін жеткен гректің дидактикалық (уағыздаушылық) поэмасының жалғыз үлгісі. Ол ақынның бауыры Персті тәрбиелеу үшін жазылған дүниедей болып көрінеді. Бірақ, бұл адресатқа қарата сөйлеу – тек дидактикалық дәстүрдің ерекшелігі болып табылады. Шын  мәнінде  поэма қалың бұқараға бағытталған болатын. Көптеген ғалымдар пікіріне сүйенсек, Гесиодтың «Еңбектер мен күндер» поэмасының сюжеті ақынның өз өмірімен тығыз байланысты. Туындыда ақынның Перс есімді бауырымен арасындағы қарым-қатынасы жырланады. Әкесінен қалған мұраны бөліскенде Перс оны сазға отырғызып кеткен болатын. Бірақ, бар уақытын сауық-сайранмен, көңіл көтерумен өткізген Перс аз күнде барынан айрылып, кешірім сұрап Гесиодқа келеді. Бізге жеткен деректер поэманың Гесиодтың өз қолымен жазылған, төлтумасы екендігін айтады. Шығарманы басқаша «Адал еңбек» деп те атайды. Себебі, поэмада Перске арналған: «Жұмыс істеуден шаршама, ақылсыз  Перс!», «бір жұмысты бітірсең, басқасына кіріс!» деген сөздер жиі кездесіп отырды. Ақын айтайын деген ойын поэмада алуан түрлі тәсілдермен жеткізеді. Оның негізгі мақсаты – бұқара халыққа адал еңбектің арқасында ғана игілікке қол жеткізуге болатындығын дәлелдеу болады. Ол өмірдің игілігін тек еңбек арқылы ғана иеленуге болды деп сенді. Адам баласы ерінбей, көп еңбектену қажет деп білді, себебі бұл ауыр жұмысты Прометейдің әрекеті үшін Зевстің жіберген жазасы деп түсінді.

Гесиодтың өз бауыры Перске шын жүректен айтқан тәлімі, ережелері мен сақтық шараларын табу сөздермен, наным-сенімге қатысты сөздермен жеткізуі шығарманы тартымды ете түседі. Мысалы: Мөлдір бұлақтың ішінде тазарудың алдында нимфаларға сыйынуды ұмытпау керек; құрбандық шалар алдында дәрет алу қажет; құдайға сыйынған уақытта жалаңаш тұруға қатаң түрде тыйым салынған; дастархан басында тырнақ алуға болмайды; үйленген кезде өз арманыңды құстарға айтып, құдайларға жеткізу үшін оларды ұшырып жіберу қажет; адал еңбекпен тапқан байлық артық; еңбек еткен ұят емес, жұмыссыздық ұят; аш қалғың келмесе, жұмыс істе т.б. Мұнымен қоса, автор еңбегінде қасиетті күндер тізімі де көрсетілген. Атап айтқанда, болашақ ұл баланың дүниеге келуіне, астықты жинайтын, малдың жүнін қырқуға қолайлы, жабайы бұқаны қолға үйретуге әсер ететін белгілі күндері болатындығын, яғни сәтті күндерді жазып отырған. Жер иеленушінің еңбегін суреттегенде ақын түрлі кеңестер беріп, күнтізбелік тәртіп бойынша күндерге жіктеп береді. Ақын қай күндері аңға шығу сәтті болатындығын, қай уақытта астық жинаудың қолайлы екендігін де көрсетіп отырады. Мейлі шаруашылықта болсын, ақын көзқарасы бойынша «бақытты», «бақытсыз» күндер болып отырмақ. Ақын үй шаруашылығына сондай-ақ  көршілермен байланысқа қатысты да ақыл-кеңес беріп отырады. Мысалы оның поэмасында «тек қолы ашықтарға ғана бер, бермейтіндерге ештеңе берме» деген сөздер кездесіп отырады. Гесиод осы еңбегі арқылы кең танымал болды. Кейде тіпті атағы эпик ақын Гомерден де асып түсіп отырған. «Еңбектер мен күндер» поэмасында Гесиод моралист және жер өңдеу  еңбегінің ақыны ретінде танылады. Кей деректерге сүйенсек, оның орта шаруалы жер иеленуші болғандығы, құл ұстап, жалдамалы адамдар еңбегін пайдаланғанымен, егістіктегі негізгі жұмысты өз қолымен істегені аңғарылады.

Антика әдебиетінің тарихын зерттеушілер Ф.Г.Волькер, Ф.Зольмзеннің пайымдауынша, Гесиодтың аты эолий тілінде қойылған. Эолий тілінде «Айсиод» деген сөз «жыршы», «жырау» деген мағынаны білдірген. Гесиод өз шығармаларында эолий диалектісін қолданған. Гомер екеуі айтысқа түскенде де, Гесиодтың эолий тілінде сөйлеуі мүмкін деген пайымдамаға сүйеніп, зерттеушілер Гомер де эолий тілінде сөйлеуі мүмкін деген болжам айтады. Гесиод мықты шешен болды. Эпикалық сарындағы өлеңдерді жырлады. Өз шығармаларында кішіазиялық батырлық эпостың тілі мен стилін, әдісін қолданып отырды. Өз заманының абызы іспетті бұқара халықты өлеңдері арқылы бірлікке, ынтымаққа, әділдікті сүюге шақырып отырды. 

Бізге жеткен деректерде айтылғандай, әскери жорықта қайтыс болған Халкид патшасы Амфидаманттың (Амфидем) құрметіне Панед патша үлкен ас беріп, түрлі жарыстар ұйымдастырады. Бұл жарысқа Гесиод та қатысып, оның басты қарсыласы атақты Гомер болды. Бір таңқаларлығы Гомер мен Гесиодтың айтысы туралы дерек біздің заманымызға дейін сақталған. Екі ақын арнайы шақырумен Эвбейге барып, Амфидамант патшаны жерлеу кезінде айтысқа түскен. Ол жөнінде грек ақыны Плутарх егжей-тегжейлі жазып кеткен. Ақындар айтысында Амфидаманттың інісі Панидтің шешімі бойынша жеңіс «соғыс пен жаугершілікті» жырлаған Гомерге емес, «еңбек пен диқаншылықты» дәріптеген Гесиодқа беріледі [1]. Бұл оқиғаны Гесиод «Еңбектер мен күндер» поэмасында жазып қалдырған.  Яғни: «Алдын-ала шақырылып, Амфидамант патшаның құрметіне өткізілген айтысқа қатысу үшін Халкидке бардым. Ұлдары мол сыйлық атаған екен. Бас бәйгеге тіккен құлақты аспалы ошақты жеңіп алып, Геликон музаларына сыйға тарттым» деп баяндайды. Жоғарыда айтылғандай, жеңіс Гесиодтың еншісіне бұйырды, себебі жарыстарды ұйымдастырған Панед патша Гесиод орындаған «жер өңдеу ісі және бейбітшілік» мазмұнындағы жырларына оң қабақ танытты. Ал керісінше, Гомердің «жаугершілік шапқыншылықтар» туралы жырларына қарсы болды. Осы әрекеті үшін Панед патша грек мақал-мәтелдерінде «ақылесі төмен адам» бейнесінде сипатталады. Себебі, грек халқы әрдайым эпик ақын Гомерді ерекше құрметтеген. Ақындар жарысының өткен уақытын жуықтап шамамен б.з.б. VІІІ-VІІғғ. деп есептегенде, бұл Гесиодтың өмір сүрген кезеңі жөнінде маңызды мәлімет береді. 

Жалпы, айтыс өнері түркі халықтарына тән делінгенімен, Кіші Азияда эолийлер арасында да ол жақсы сақталған. Эолийлықтардың шешендік, жыршылық өнері жақсы дамып, ол гректер арасына кең тараған. Гесиод шын мәнінде мықты ақын әрі шешен болды. Бұл жөнінде «Теогония» поэмасында былай деп жазады: «Жас кезімде күн көру үшін мал бақтым. Бір күні көз алдыма геликондық нимфалар келіп, менің бойыма құдіретті өлең шығару қабілетін сіңдірді. Сонымен қоса қасиетті лавр ағашынан жасалған таяқ сыйлады» деп жазады. Яғни, Геликон баурайында қой бағып жүргенде музалар Гесиодқа лавр бұтағын ұсынып, оны насихат өлеңдерін шырқайтын ақын ретінде жариялайды.

 «Теогония» еңбегі жазылған уақыты бойынша Гесиодтың ең алғашқы еңбегі, ол – «әлемнің жаратылуы, әлемді жаратушы құдайлар мен көзсіз ерліктер жасап, артында өшпестей із қалдырған батырлар туралы барлық гректік түсініктерді жинақтауға тырысқан «құдайлардың шежіресі» іспетті туынды [2]. Алғашында Гесиод жазып, жарық көрген, бірақ бізге жеткенше қосымша мәліметтер мен өзгерістер енгізіліп, толықтырылып отырды. Шығармада құдайлар жайында толық баяндалған. Филологтар «Теогония» поэмасында жалпы саны 270-ке жуық өлеңдер бар деп есептейді. «Теогонияның» кіріспесі (1-116 беттер) музаларға арналған үндеулер жазылған үш тараудан тұрады. Ортаңғы бөлімінде (117-964 беттер) – әлемнің хаостан жаралғаны жөнінде айтылады (Гесиод үшін хаос тұңғиықты білдіреді). Ежелгі тәңірлерге Хаос, Жер және Эрос жатады. Ең алдымен хаостан бір мезгілде стихия және басқа да жаратылыстар – Гея (Жер), Уран (Аспан), Тартар (Жерасты әлемі), сонымен бірге даму мен көбеюдің қозғалыс күші Эрос; Уран мен Гея одағынан көптеген титандар және Крон мен Рея; Жерден аспан, таулар, теңіздер және басқа да табиғат құбылыстары пайда болды. Содан соң Уранмен арадағы одағынан он екі Титанға, үш Киклопқа (кей мәліметтерде Циклоп деп беріледі), тау сияқты зор, жүз қолды үш алыптар – гекатонхейрларға жан беріледі. Уранның билігі біразға дейін жалғасты. Ол өз балаларының бәрін Жердің терең түнегіне қамап тастады. Бұған олардың анасы Жер қатты азаптанып, өз балаларын Уранға (әкесіне) қарсы шығуға үгіттегенімен, ешқайсысы әкелеріне қарсы бас көтере алмайды. Дегенмен баласы Крон мен оның әйелі Рея екеуі оны тақтан түсіреді. Тек Крон ғана айлакерлігімен, өз әкесіне қарсы шыға алды. Сол уақытта әйел құдай Түн Кронды жазалау мақсатында сұмдық құдайлар тобын: ажал құдайы – Танатты, араздық пен ұрыс-керіс құдайы – Эриданы, алдау құдайы – Апатаны, құрту, жою құдайы – Керді, ауыр түс көргізетін ұйқы құдайы – Гипносты, жасаған қылмысы үшін ешқашан кешірім бермейтін зұлым құдай – Немесиданы т.б. жаратты. Олар жер бетіне көптеген бақытсыздықтар мен қайғы-қасіретті, алдап-арбауды, жамандықтарды  алып  келді. Ұрпақтар арасында қанды шайқастар жиі болып отырды, бұл Крон мен Зевс арасында да қайталанды. Әкесіне қатыгездік жасап, билігін тартып алған Крон өз балаларым да маған сатқындық жасайды деп қорқып, дүниеге келген балаларын жұтып қойып отырды. Бес баласынан бірдей айрылған Рея қатты қапаланып, соңғы алтыншы баласы Зевс дүниеге келгенде, қулық ойлап Кронға баланың орнына жаялық ішіне сопақша тас салып апарады. Бұған мән бермеген Крон бала деп ойлап, әдеттегідей жұта салады. Аман қалған Зевсты анасы Рея өз әкесі Уран (Аспан) мен шешесі Геяның (Жер) кеңесі бойынша Крит аралына апарып, онда Зевсты хор қыздары Адрастея мен Идея екеуі құдіретті ешкі Амалфеяның сүтімен асырап өсіреді. Ал кішкентай Зевс мазасызданып жыласа, оның даусын әкесі Крон естіп қалмас үшін куреттер (баланы қорғап, желеп-жебеуші жартылай құдайлар, абыздар) қолындағы қалқандарын семсермен ұрып, даңғырлатып отырды. Зевс өсіп, ержеткенде өз әкесі Кронды жұтып қойған балаларын құсып шығаруға мәжбүр етеді. Сөйтіп, Зевстың апалары құрбандық оты мен үйдегі қазан-ошақ құдайы – Гестия, егіншілік пен молшылықтың құдайы – Деметра, неке мен жанұя бақытының құдайы – Гера; ағалары – теңіз құдайы – Посейдон, қара түнек жер асты, өлім патшалығының құдайы – Аид бостандыққа шығады. Билік үшін өз әкесін тақтан тайдырған Зевс барлық титандарды биліктен айырып, өз ағаларымен бірге бүкіл әлемге үстемдік орнатты. Зевстың билігі дана, әділ болды. Нәтижесінде құдайлар мен адамдардың әкесіне, патшалардың патшасына айналды. 

Құдайлар грек жеріндегі биік тау – Олимпті мекен етті. Олар құрамында мәңгілік күш-қайрат сыйлайтын, қартайтпайтын қасиеті бар амброзиямен қоректенді және тек нектар ішті. Биік тау басында олар сән-салтанат құрып, билік жүргізіп отырды. Зевс адамдарға көптеген сыйлықтар беріп, заңдар шығарып, жер бетіндегі тыныштық пен тәртіптің болуын қадағалап отырды. Үнемі Зевстың жанында ол ерекше құрметтейтін тәртіп пен заңның бұзылмауын, сот әділдігін бақылап отыратын ақиқатты жақтаушы әйел құдай – Дикэ мен заңдарды бақылап, сақтап отыратын әйел құдай – Фемида тұрады. Олармен қоса, Зевстың тағдырын да шешетін әйел құдайлар – мойралар да осы Олимп тауын мекен етті. Мойралар – аяушылық дегенді білмейтін, тағдырдың қатыгез құдайлары. Олар ағайынды үш құдай: Клото, Лахесис, Атропос. Клото – адам өмірінің ұзақтығын тоқып отырды. Тоқығанда ол адам баласына жаны ашып, үзіліп кетпесін, ол ұзақ өмір сүрсін  деген ниетпен тоқыған жоқ. Сондықтан оның тоқымасының жібі қашан үзілсе, сол уақытта адам баласы өмірімен қоштасты. Ал Лахесис болса, әр адамның маңдайына жазылған жеребені көз салмастан суырып алып, беріп отырды. Құмыра ішіне салынған жеребенің сыртындағы «бақытты», «бақытсыз», «баянды», «баянсыз» деп адам тағдыры жазылған жеребені беру барысында Лахесис ешкімге ықылас білдіріп, жанашырлық танытқан жоқ. Еш көз салмастан қатігездікпен алып беріп отырды. Ал ол берген жеребені ешкім өзгерте алмады. Атропос болса өзінің апа-сіңлілері айтқан қатал тағдырын ұзақ тізімге енгізіп отырды. Ал тағдыр тізіміне енген дүние орындалмай қалмайды. Біздің халқымыз айтатын «пешенесіне жазылған тағдыр», «маңдайына жазылған»  деген сөздер де осы ұғымға келіп саяды. Зевс – аспан мен жердің құдайы, «бұлт шағылыстырып, найзағай ойнатқыш» шексіз еркіндікке ие жалғыз құдай болса, Аполлон – білім мен жарықтың, ғылым мен өнерге табынушылардың құдайы; Асклепий – дәрігер; Артемида – аңшылық; Афина – қалаларды сақтаушы, ақыл мен еңбек; Гермес – саяхат пен сауда, өнертапқыштар; Арес – соғыс; Афродита – сұлулық пен махаббат; Эрот – махаббат; Гефест – от; Дионис – шарап; Пан – табиғат; Танат – өлім; Персефона – өсімдік құдайы болды. Гректер өз құдайларына көптеген құрбандықтар шалып, түрлі мерекелер ұйымдастырып отырған. Олардың Олимп тауының етегінде құдайлардың құрметіне төрт жылда бір рет өткізіп отырған спорттық жарыстары кейін барлық елге үлгі болып, ол халық арасында олимпиада деп аталды. «Теогония» шығармасында қарапайым өмірге қажетті ақыл-кеңестер, адам өмірін басқаратын құдайлар жайлы, олардың өз араларындағы қақтығыстар мен сан қырлы, қызықты оқиғалар жайлы толыққанды мәлімет беріледі деп айтсақ қателеспейміз.

Көне дәуірлерден бізге жеткен ежелгі грек мифтері терең мағынасымен, көркемдік құдіретінің ерекшелігімен адамзатты таңқалдыруын қоймайтын шын мәніндегі асыл мұралар екендігін таныған белгілі жазушы Төлен Әбдіков көптеген грек мифтерін қазақ тіліне тәржімалап, оқырмандарға түсінікті қарапайым тілмен баяндап жазған еңбегі «Эллада ерлері» деген атпен 1977 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген.

 «Теогония» шығармасы стилінің өзгешелігімен ерекшеленбейді. Әрбір өлең жолының бірінші бастама сөздері бір құдайдың есімімен басталады немесе мифтерге толық түсініктеме беріліп отырады. Ал «Еңбектер мен күндер» шығармасының стилі әрқилы. Мұнда мифтер, үндеулер, мысалдар  мен өсиет әңгімелер, насихат сөздер кезектесіп келіп отырады. Поэманың бірінші жартысында «еңбек» туралы да, «күндер» туралы да ештеңе айтылмайды. Тек музаларға, бауыры Перске арналған үндеулерден тұрады. Сонымен қатар Зевс пен Прометей арасындағы оқиға толық суреттеліп, онда Гесиод қарапайым адамдарға Зевстан от ұрлап алып берген Прометей әрекетін қолдамайды. Керісінше, басқалар «адамзат жарылқаушысы» деп таныған Прометейдің кесірінен, бүкіл халық құдайдың қаһарына ұшырап, бақытсыздыққа тап болды деген ой айтады.

Осы айтылғандарға қоса, Гесиод адамзаттың тегін ғасырлардың ауысып отыруына байланысты төрт кезеңге бөледі. Біріншісі – алтын кезең, екіншісі – күміс кезең, үшіншісі – мыс дәуірі және қазіргі адамзат өмір сүріп отырған дәуірді темір дәуірі деп атайды. Ал шығарманың соңғы бөлімі миф деуге келмейді, мұнда болмыс шындығына көп орын беріліп, ақын ішіндегі мұңшер кеңінен суреттеледі [2]. Өз дәуіріндегі адам баласының басындағы бақытсыздықтар мен қасіреттер суреттелген. Ақын ата-анасын, ағайынжұртын сыйламайтын балалар пайда болды, алдыңғы орынға шындықты айту арқылы емес, күш  көрсету арқылы келген ұрпақ көбейді деп жырлайды.

Орыс зерттеушісі В.Н.Ярхо Гесиодтың «Теогония» еңбегін жазуы тегін емес, ол туған жері Беотияның көптеген мифтермен байланыстылығында деп түсіндіреді. Мифке сүйенетін болсақ, Фивы қаласының әрбір тасы аңыздан өрілген. Қаланы тұрғызуға Зевстың ұлдары Амфион мен Зет те атсалысқан; Амфион Зевстың немересі Ниоба сұлуға үйленеді. Бірақ Ниоба өз тәкаппарлығынан қатты азап шегеді. Астамсып, ешкімді менсінбей менменсіген, өркөкірек Ниобаны Аполлон мен Артемида жазалап, оның көздің жауын алғандай сұлу, өрімдей ұл-қыздарын бірінен соң бірін садақпен атып өлтіреді. Фивыда Лабдакидтер әулетінің үш ұрпағының трагедиясы өтеді: Лай патша, оның ұлы Эдип пен немерелері Этеокл мен Полиниктің өлімі Софоклдың «Фивыға қарсы жетеу» әңгімесінде айтылады.

Гесиод шығармаларының уағыздаушылық, тәрбиелік бағытта жазылуын зерттеуші М.Иманғазинов ақын өмір сүрген заман талабы деп түсіндіреді. «Қоғам мен заман талабы бірге өрістесе, ертеде айтылып жүрген эпикалық шығармаларға тек адам тәрбиесіне қажетті материал есебінде қарайтын кезең туындағанда, мифологиялық шығармалар екінші қатардан орын алған кезең Гесиодтың заманында да болған. Архаикалық кезеңде мифтік шығармалардың көтеретін аса ауыр салмағының бір бөлігі, бұл – рутайпалық одақтардың пайдасына шешілу мақсатында, өз ата-бабаларының тегі сонау тәңірие-құдайлардан бастау алатындығын таныту, елге мойындату еді. Енді бұл үрдістің бірте-бірте әлсіреп, саналы қоғам қалайда өзінің атабабасына жүгінуден гөрі, тіршілік қамын күйттеп, еңбек арқылы өмір сүруді көздеген кезеңде, мифологиялық ой-санадан арыла бастайды. Міне, осы тұста тәрбие-дидактикалық әдеби шығармаға қажеттілік туындағанда, Гесиод өзінің дидактикалық шығармасын жазды» [3].

Гесиод шығармаларын талдап, түйіндей келе, зерттеуші В.Н.Ярхо: «шындығында оның поэмалары Гомер поэмалары секілді батырлық эпосқа жатпайды, дидактикалық (уағыздаушылық, үйретуші) поэмалар болып табылады. Ал дидактикалық поэмалар үшін сюжеттің бірізді болуы немесе оқиғаның жүйелі дамуы міндетті емес, бірақ өлең өлшемі (гекзаметр), тілі, лексикалық тәсілдері көп жағдайда сол қалпында қала береді» деп қорытады

[4]. 

Б.з.б. VІІІ ғ. аяғы мен VІІ ғ. басында материктік Грекияда рулық қауымдастық ыдырап, әлеуметтік жіктелу күшейіп, байып алған ақсүйектер (ірі жер иеленушілер) орта және ұсақ  жериеленушілерді құлдыққа салып, қанай бастады. Гесиодтың оппозициясы осыдан келіп шығады. Ол қанша әділетсіздіктер жасалып жатса да, ешқандай жауапты талап етпейтін өз заманы мен әділетсіз пайымдаулар мен қорытындылар жасайтын соттарды сөгеді. Егер Гомер шынайы өмірден алшақтап, миф әлемін жырласа, Гесиод кәдімгі жер бетіндегі қарапайым өмірді жырлайды. Ол жер иеленушінің өнімсіз, қиын еңбегін суреттейді. Гесиод діндар, тіпті ырымшыл адам болған.  Бірақ оның өмірдегі, дүниетанымындағы ең маңызды нәрсе – еңбекке деген өте жоғары құрмет. Өзінің ақыл-кеңестері мен пайымдауларын ол мысалдармен, мифологиялық сипаттағы суреттермен бейнелеп отырады. Мысалы, «Бұлбұл мен қаршыға» туралы мысалында қолындағы билікті өз мүддесі үшін ғана пайдаланатын күштілер әлеміне қарсы шығудың еш мағынасыз екендігін айта отырып, қарапайым халықты оған көне білуге, шыдай тұруға, яғни тәуелділікке шақырады. Ақынның қоғамның әділетсіздігіне деген өкпе-наласы, соттардың екіжүзділігін әшкерелеп отыруының өзі әлеуметтік күрес актысы болып табылады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, ақынның «Еңбектер мен күндер» поэмасы әлеуметтік қарсылықтың құнды әрі тарихи ескерткіші іспетті.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  • Тренчени-Вальдапфель И. Гомер И Гесиод // Пер. под ред. В.И.Авдиева. М., 1956. -356 c.
  • Ярхо В.Н. Гесиод и его поэмы. М., 2001. -253 c.
  • Гесиодтың өмірі мен шығармашылығы және ондағы қазақы сарындар.

«Айт» журналы, 2006, №2, 17-21б.

  • Гесиод. Полное собрание текстов. Теогония. Труды и дни. Щит Геракла. Фрагменты. М., Лабиринт, 2001. – 278 c. // В.Н.Ярхо. Гесиод и его поэмы. Аннотация:

В статье рассматриваются поэмы «Теогония», «Работы и дни» представителя древнегреческой литературы, архаического периода, основателя дидактической поэзии Гесиода. Пишется что написанное автором в назидательных, поучительных и воспитательных целях поэмы напрямую связано с жизнью и деятельностью. А также говорится что главным смыслом его жизни и мировоззрении является труд.

Ключевые слова: дидактика, труд, воспитание, эолий, боги Олимпа, миф. 

Abstract:

This article discusses the poem «Theogony», «Works and Days» representative of ancient Greek literature, the Archaic period, the founder of didactic poetry of Hesiod. Words that the author wrote in edifying, instructive and educational purposes of the poem is directly related to the life and activity. And also said that the main purpose of his life and worldview is labor.

Keywords: didactics, labor, education, eoly, the gods of Olympus, the myth

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *