М.МАҚАТАЕВТЫҢ КӨРКЕМДІК СТИЛІ

М.МАҚАТАЕВТЫҢ КӨРКЕМДІК СТИЛІ

 

Амирбекова А.Б. —

Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты (Алматы қаласы)

 

Аңдатпа

Мақалада М.Мақатаевтың идиостилі оның көркемдік әлем моделінің негізін салушы құрал ретінде қарастырылады. Ақынның шығармаларына линговстилистикалық талдау әдістері ұсынылған. Әрт.рлі деңгейдегі тілдік бірліктер автордың түпкі ойын жеткізуде қандай қызмет атқаратыны талданады, поэтикалық мәтіндегі терең ойды танытудағы ерекшеліктері қандай екені анықталады. Поэтикалық мәтіндегі лингвистикалық метафоралардың бірегейлену мәселесі қарастырылады. Авторлық метафоралар мен концептуалдық метафоралардың өзара сәйкестігі мен сәйкессіздігі айқындалады, мәтіндегі лингвистикалық метафораларды анықтаудың әдістері ұсынылады.  

Кілт сөздер: көркемдік әлем, метафора, бейнелі таңба, когнитивтік стиль.           

 

Ғасыр ақыны атанған М.Мақатаевтың шығармалары мен тілі жанжақты зерттеліп келеді. Ақынның көркем сөз тудыру тәсілдері де, өлең сөз құрылымына қосқан үлесі де,  көркемдік шеберлігі де,  көріктеуіш құралдарды тудыру ерекшелігі де айқындалып келеді.  Тілші, әдебиетші мамандар үшін бейнелі сөздің шебері ретінде жоғары бағаланатын М.Мақатаев заман ағымын талғамай-ақ көпшілік оқырман үшін  тұшынып, сүйсініп оқитын сүйікті ақынына айналып келеді. Өлеңі мен өлеңіндегі идеясы өшпей, мәңгілікке қызмет етуінің басты құпиясы – ақынның жалпы метафизикалық ұғымдардың (өмір, өлім, тағдыр, ақыл, қайғы, қуаныш) көркемдік әлемін шебер жасау қасиетінде. 

Ақынның көркемдік әлемін әрбір оқырман өздігінше, өзінің өмір жолымен салыстыра отырып түсінеді. Сондықтан ақынның айтпақ ойы мен оқырмандардың түсінгені дөп келе бермеуі мүмкін. Ең бастысы, ақынның өлеңдеріндегі құндылық – бір-біріне ұқсамайтын екі дүниенің үйлесімін тауып бейнелі сәйкестендіру. Осы құндылықты сезіне білген оқырман М.Мақатаевты сүйсіне де, сағына да оқиды. 

Ақынның осы бір тұлғалық ерекшелігін, бейнелеу шеберлігін, өлеңдеріндегі бейнелі құндылығын, яғни ақынның көркемдік әлемін ашатын бейнелі сөздерін жинақтап, сөздік ретінде ұсынуды жөн көрдік. Сөздікте ақынның негізінен индивидуалды-авторлық метафоралары, оның ішінде бейнелі метафоралары, аталым метафоралары жеке-жеке берілді. Содан кейін ақынның шығармаларында жиі кездесетін өмір, өлім, тағдыр, жастық, кәрілік, балалық шақ, қайғы, бақыт ұғымдарын бейнелі түсіндірген концептілік метафоралары ұсынылды.  Сөздіктің метафоралардан басталуы кездейсоқ емес. Себебі, ақынның бейнелі тіліндегі басымдылық осы метафоралық көріктеуіш құралдарға берілген. Одан кейін ақынның жеке бейнелі әлеміндегі теңеулері жинақталып берілді. Теңеулерінен кейін ақын тіліндегі индивидуалды қолданыстағы эпитеттері ұсынылды. 

Ақынның бейнелеу шеберлігіндегі басты ерекшелік – жансызға жан бітіріп, жандыны жансыздандыру, адамзаттың мінезін табиғат құбылыстарымен теңеу, керісінше, табиғатқа тіл беріп, адамша әрекеттендіру. Осылайша бейнелеу тәсілдері арқылы ақын  керемет перифраздарды дүниеге әкелген.  Тағдырды қамшы ұстап, арба айдаған ұры арбакешке, өлімді Қорқыттың көріне, Күнді шашын бірде жайып, бірде түйген қызға ұқсатуы, күнделікті тіршілікті зырылдаған ұршыққа, өмірдің бақытты сәттерін жарқ еткен найзағайға телуі, өсекті қанден итке теңеуі, тағдырды балаққа жабысқан күшікке ұқсатуы ақынның жалпы адамзаттық стереотиптен тыс, эстетикалық стереотипте тану қабілетінен туындаған суреттемелерден жасалғанын байқаймыз.

 М.Мақатаевтың көркемдік әлеміндегі жиі қолданылған бейнелі таңбаларды іріктеп алғаннан кейін, оның бейнелі сөздеріне  лингвостилистикалық талдау жасауға әлдеқайда жеңіл болады. Себебі, жоғары аталған басты бейнелі таңбалар ақын тіліндегі метафоралық қолданыстарда да, теңеуде де, перифраз құрылымдарында да қолданысқа ие болған. Ең бастысы, аталмыш бейнелі таңбалар ақынның концептосферасын тануға үлкен мүмкіндік береді. Қорыта келгенде, ақынның көркемдік әлем жасау моделін анықтау арқылы оның бейнелі сөз жасау шеберлігін де айқындауға болады. 

 

М.Мақатаев шығармаларындағы метафоралар

М.Мақатаев көркемдік стилінде  уақыт  ұғымының  құрылымдық  элементі  күн.  Автор танымында оның жылдам өту сипаты сынаптың физикалық  болмысымен салыстырылады. Сырғанап барасыңдар сынап– күндер. Автордың осындай  логикалық  бейнелеу шеберлігінің нәтижесінде өзінің танымын, бағасын айқындауға болады.  Мысалы  мәтінде  автор  қазақтың  кең  байтақ  жерін  танымындағы  стереотиптік  таңбалар  арқылы  қара  қазанға  бейнелейді.  Қазақ  ж ері  —  алып  бір қара қазан, қазанда қайран ж ұртым қуырылды [1]. 

Гарсиа Лорка поэзиядағы метафора  туралы  мынадай  баға  береді:  «Мен  үшін  қиял – жаңалық  ашумен  синонимдес.  Ал  метафора – қиялдың  өкіл  баласы.  Метафора  кенет  жарқ  еткен  интуиция  мен  алдын  ала  сезу  қабілеттері  арқылы  қалыптасады. Поэтикалық қиял заттар  мен  құбылыстарды  өздігінше  өзгертіп,  өздігінше  байланыстырады» [2].

Демек,  метафора – автор санасындағы логикалық операциялардың  бейнелі  көрінісін,  ой  тудыру  моделін ұтымды бере алатын көріктеуіш құрал. Ақынның көркемдік стиліндегі метафораларды бірнеше түрге жіктеп қарастыруға болады:

1) Аталым метафораларының ерекшелігі бейнелеуші бейнеленушінің болмысын, ұғымын, мағынасын ашуға қызмет етеді. Мысалы, Адам – бір жыныс тоғай, Шабыт – дүлдүл, Жүрек – бозторғай,  Найзағай — аспанның қоңырауы, Күз –диқаншы аға,  Бозбала – бозбасы,  Қазақ жері –   алып бір қара қазан , Кеуде  –  жүрек сауыты, Кеуде   – жүрек табыты, Кеуде – зындан, Жырым– науқастың сандырағы,  Тау – шымылдық  салбыраған,  Күндестік – мыстан,  Көкжал – малшының шақырылмаған қонағы, Жырым менің – шарайна , Дәуір – кеме, Комбайн – шаруа танк, Бөрі – әлсіздердің жауы, Аспан – көк күмбез, Тырналар – аспанның түйелері, Жылан тілі – сағат тілі, Қос бұрым – қос жылан, Жарты Ай – тозған таға, Реніш – қосылмас рельстер. 2) Бейнелі — бағалауыш метафоралар. Метафора  арқылы модельдеу  ұғымның  автор  танымындағы  мазмұны  мен  оның  интенциясын  бейнелеуден  туындайды.  Демек  дүниені  модельдеудегі  метафораның  қызметі – ұқсас бейнемен  ауыстыру;  оның  қолданылатын  формалары –  ақиқат дүниенің  қасиеті,  жағдаяты,  әрекеті,  белгілері.  Метафора – таңбалық  жүйеге  негізделген  тәсіл.  Ол  ұғым  қалыптастыруда  бейне  арқылы модельдеумен  қоса, бағалауыш,  эмотивті,  коннотаттық  қасиеттерімен  ерекшеленеді.   

Ожардың шарығы                              Қайтер еді ожардың шарығына,

Ашуымды қайтадан қайрап  алсам

 

Өмірдің базары                                   Жұбата алмай біреуді бүгін тағы

Жылап қайттым өмірдің базарынан

 

Кеуденің тас қамалы                         Ал жүрегің, жүрегің тулап жатыр

Қирата алмай кеуденің тас қамалын

 

Көңілдің пернесі                                Мұңдасайық,

Қос көңілдің пернесін бір басайық

 

 

Сараңдықтың сарқыты                

Сарқылмас берекеңді үлестіріп,

                                              

 

Сарқытын сараңдықтың маған бердің

Кер үміттің кемесі                    

Әрі күттім амалсыз, бері күттім,

Кемесіне жармасып кер үміттің

Тайды қолым, құрдымға құлап түстім

Мінемін деп бекерге желігіппін

                                                                                                                                                 

Көңілдің архиві                         Білмегенсің менің кім екенімді, Жетпесімді ауылға, жетерімді, Сәлем, аға, көңілдің архивінен

Сен қалдырған бір тозаң көтерілді 

 

Шыңның ақ сәлдесі                           Алыстан ай кеп шыңдардың Ақ сәлдесін шешкенде,

 

Құздардың құндыз бөркі               Таулар!- деп ем

Тауларым байқамады

Жартастар таулар деп қайталады Құндыз бөркі құздардың шайқалады

 

М.Мақатаев шығармаларындағы теңеулер

М. Мақатаев тіліндегі теңеудің басқа бейнелі сөздерден ерекшелігі салыстыру тура, айқын көрінеді. Ақын теңеулерінің бойында өткір ой мен әсерлі бейне астасып жатыр. Екі нәрсені теңестіріп, олардан ортақ белгі тудырып, бір мағынаны таңбалауын бақылай отырсаңыз, ақынның қандай сезімде, қандай әсерде болғанын, қандай ой айтпақ болғанын аңғарасыз. Ақынның салыстыру арқылы сипаттаған тәсілдері, яғни әрбір теңеуі оның нақ сол кездегі көңіл-күйін де байқатады. Демек, М.Мақатаев бейнелі сөздерді тудыруда, ойын көркемдеп жеткізуде жан-тәнімен сезімге бой алдырады. 

Теңеу жасау басқа бейнелі сөздерге қарағанда оңай сияқты. Бірақ  теңеуді қалыптастыру үшін метафора сияқты салыстыру мен ұқсатудың бір бөлшегі (компоненті) теңестіріліп қана қоймайды, теңеудегі сәйкестік тұтастай болуы шарт. Мысалы, М.Мақатаев қыстың күнгі аппақ қар көмген қыстау бейнесін бұққан қоянға теңеуі көз алдына елестеген екі дүниенің тұтастай алынған көрінісі арқылы суреттелген. Бұққан қоян секілді қыстау жатыр, Бұғып алып таудың бір қойнауына

 Ақынның күрделі теңеулеріндегі ортақ сипат-белгілер бірден анық көріне бермейді, бірақ қалайда оны жобалап түсінуге болады. Ол үшін өлеңнің тұтастай мәтінін оқи отырып, ақынның айтпақ ойын, сезімін сезіну арқылы тануға болады.  Ақынның күрделі теңеулері сырт қарағанда бірбірінен мүлде алшақ, алыс тұрған нәрселерді, құбылыстарды жақындастырып, салыстыруға мүмкіндік береді. 

 М.Мақатаевтың теңеулерін бірнеше түрге жіктеп көрсетуге болады. 1.Дыбыс теңеулері   санада қабылданған, сақталған дауыстарды басқа дыбыстарды ұқсату арқылы жасалған. Мысалы, жетім жүрек бөрінің қаншығындай ұлиды. Жүрдек пойыз ботасыз өлген інгендей боздай берсін

  1. Көру арқылы қабылданған теңеулер. Адамның сыртқы болмысын санада сақталған басқа көрініспермен теңестіру. Мысалы, жеңгесінің жанында жүрген бөтен еркекті қарғаның валетіндей деп сипаттауы. Қарғаның валетіндей едірейіп, Қасыңа мына біреу қайдан келген? бір бірімен жалғасқан қырларды гармоньның қатпарына теңейді. Гармоньның қатпарындай қырлары, бір созылып, біресе қымтанады. Тізілген қарағайларды сапқа тұрған солдатқа телиді. Солдаттай сапқа тұрған қарағайлар. Жұлдыздардың әсем көрінісін стадионға теңейді. Жанып-сөнген, жанып-сөнген жұлдыздар іңірдегі стадион секілді.
  2. Дерексіз ұғымдарды нақты затпен теңеу. Мысалы, арманды жетелеу пойыздың рельсімен теңестіріледі. Бар пойызды жетелейтін рельстей барлық жанды жетелемес бір арман. Ақын өз тағдырын жүкті әйелге теңейді. Не туары белгісіз жүкті әйелдей Не болары белгісіз тағдырым – ай! Сондай-ақ ақын өмірді жетімнің реңіне ұқсатады. Өмірім – жетімектің  реңіндей Өлермен, кім біледі, еш белгім жоқ, Белгісіз миллионның біреуіндей. Ақынның үлкен суреткерлік шеберлігін, ақындық ойлау дүниесін, көркем бейнелеу стилін, теңестіру алшақ дүниелерді келістіру үлгілерін оның теңеу құрастыру әлемінен айқындап, көз жеткізуге әбден болады. 

                                                 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Мақатаев М. Шығармалары . 4 томдық / М. Мақатаев. — Алматы : Жалын баспасы, 2001.
  2. Гарсиа Лорка Ф. Самая печальная радость… Художественная публицистика. М., Прогресс, 1987.

 

Аннотация

В статье рассматривается идиостиль в качестве основополагающего средства построения художественной модели мира М.Макатаева. Представлен метод лингвостилистического анализа произведении поэта. Обращается внимание на то, каким образом языковые единицы различных уровней способствуют реализации авторского замысла, формируют глубинные смыслы поэтического текста. Рассматривается проблема идентификации лингвистической метафоры в поэтическом тексте. Поднимаются вопросы соотношения «авторских» и «концептуальных» метафор, проводится анализ методик выявления лингвистических метафор в тексте.

Ключевые слова: художественный мир, метафора, образные знаки, когнитивный стиль

Annotation 

 The article discusses idiostyle as a fundamental means of the artistic world model M.Makataev. We present a method of linguistic and stylistic analysis of the works of the poet. Draws attention to the way in which linguistic units of different levels contribute to the implementation of the author’s intention, formed deeper meanings of the poetic text. The problem of identification of linguistic metaphors in the poetic text. Questions of the relation «copyright» and «conceptual» metaphors, the analysis techniques identify linguistic metaphors in the text.            Keywords: art world, metaphor, figurative signs, cognitive style

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *