
Абылайдың соңына ерген батырларын сынауы (ІІІ нұсқа)
Абылай хан болып тұрғанда бірнеше батырларымен жолға шығыпты. Соның ішінде Абылаймен тетелес ораздың немересі Сапақ бірге шығыпты (ораздан—Қожагелді, Қожагелдіден—Сапақ).
Сапақ жүрген жерінде:
—Менің ұлы атам Абылайға жолдас болып Түркістан нан келген. Мен де атамның жолын қуып ханның жорығына еріп жүрмін,—дейді екен.
оған жұрт:
—ораз Абылайды елінен, жұртынан безіп, қиын жерде жанын қиып жолдас болған екен. Сен атаңның жолын қуа аласың ба?—десе, Сапақ мақтанып:
—Неге болмайын, болам,—дейді екен. Көпшілік «осыны бір сынайық» деп жүріпті.
Бір күні қоналқы жерде қатты жауын болып, ас пісіре тін отын болмай тарығыпты. Сонда біреулер:
—Мына жерде мола бар, соның ағашын алайық,—депті,—қараңғы түнде моланың ағашын кім бұзады, оған ерлік етіп кім барады, мына Сапақ болмаса,—депті.
Сапақ:
—Несі бар, мен барам. Атымды ұстарға біреуің еріңдер,— депті.
Мана мазақтап жүрген көпшілік «мұны бір сынайық» деп күні бұрын молаға бір адамды жасырын жіберіпті де, оған: «сен жасырынып жатып, моланы бұза бергенде тұра ұмтыл!»—депті.
Айтқанындай қасына жолдас алып Сапақ молаға келіпті де, атын жолдасына ұстата салып моланы бұза беріпті. Ар жағында аңдып жатқан адам Сапаққа тұра:
—Бардың малын алдыңдар, қырғыз, қалмақтың жанын алдыңдар, енді менің моламды неге бұзасың,—деп ұмтылыпты.
Сонда Сапақ:
—өлі сен түгіл, тірі Абылай қоста аш жатыр,—деп қарсы ұмтылғанда, ана адам:
—Ала бер, ала бер,—деп тура қашыпты. Сапақтың атын ұстап тұрған адам о да қорқып, Сапақты тастап анадай жер ге барып тұрыпты. Сапақ керегінше отын алып қайтыпты.
Ертеңінде мұны Абылай естіпті. Сапақты шақырып алып:
—Батыр аңғырт болатын, сен жүректі батыр екенсің. Бірақ жау тұра қашпайды, жүрекпен бірге амал да, айла да керек,—депті.