АШЫҚ ҚОҒАМ

АШЫҚ ҚОҒАМ — мемлекеттің ішкі саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени жүйелерінің деңгейін білдіретін ұғым. “Ашық” және “жабық” қоғам деген ұғымдарды кезінде ағылшын философы Карл Поппер енгізген. Ол мұны әр түрлі қоғамдардың тарихи-мәдени және саяси жүйелеріне сипаттама беру үшін қолданған. “Жабық” қоғам — догматты түрде жеке басқа табынушылықты, сондай-ақ дамудың ерте кезеңдеріне тән сипаттармен, жаңару, жаңғыруларсыз, ілгері қозғалыссыз тұрып қалу мәнін білдірсе, “ашық” қоғам — бұған қарама-қарсы ұғымда айтылады. Ол сыртқы жағдайларға тез икемделіп, жылдам ыңғайланатын, өзара сынға ерік бере білетін демократияшыл қоғам. Поппер өркениет тарихында қоғамдық даму қашанда “жабық” жүйеден “ашық” жүйеге өту арқылы жүзеге асып отырғанын көрсетеді. “Жабық” жүйелерге өзінің әлеум. және саяси құрылымдары жөнінен әрқилы елдердегі (Спарта, Пруссия, патшалық Ресей, нацистік Германия) әміршіл-әкімшіл қоғамдар, “Ашық” қоғам үлгісі ретінде көне дәуірдегі халық кеңесі басқарған Афина мен жаңа замандағы мемлекеттер мысал бола алады. Демокр. мемлекеттердің түрлері көп болғанымен олардың өзіне тән ортақ белгілері бар. Халық билігі, теңдік, әділеттілік, еркіндік принциптеріне негізделген мемл. жүйеде ғана А. қ. өркен жаяды. Қазақстан мемлекеті де биліктің түп иесі халық болып табылатын демокр. республика әр адамның негізгі құқық және бостандық нормалары белгіленген, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Әркім өзі қалаған саяси және діни көзқарастарды, мұраттарды ұстануға ерікті. Сөз және баспасөз бостандығы берілген, соның ішінде сын құқығы заң жүзінде қорғалады. Қазақстан осындай демокр. принциптер негізінде құқықтық және әлемге ашық мемл. құру үстінде. Бұл принциптер 1995 ж. қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында толық көрініс тапқан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *