Қаз дауысты Қазыбек шешен жайында

Қаз дауысты Қазыбек шешен жайында

Ертеде Қазыбек би нөкерлерін ертіп Әнет бабаның үйіне келіп түседі. Қарт бұрынғыдан ежептәуір қартайып қалса да, сыр білдірмейді. Қазыбектің жора-жолдастарын, өзін жақсы қарсы алып, мал сойғызып, қазан көтереді. Сол ауыл маңындағы қариялар, жайсаңдар жиналып әңгіме-дүкен құрады.
Қазыбек Әнет бабаға бір ауыз өсиет айтып беруін өтініпті.
Бірақ Әнет баба:
—Қазыбекжан-ай, жасы келіп қартайған, қасынан жар тайған, басынан мал тайған адамнан не кеңес, не өсиет сұрайсың?—деп ештеңе айтқысы келмепті. Бірақ бірбеткей Қазыбек шешен Әнет бабаның бір ауыз ақылын тыңдамай еш жаққа кетпейтінін білдіріпті. Сонда Әнет баба Қазыбек шешеннің бұл қылығына күле қарап:
—Болмадың ғой, айтайын,—деп сәл ойланып,—«әкім» деген сөзді жадыңда сақта,—дейді. Қазыбек Әнет бабаға ризашылығын білдіріп, жора-жолдасымен еліне қайтыпты. ол жол-жөнекей өзімен бірге келе жатқан нөкерлерінен:
—Әнет бабаның қандай өсиет айтқанын ұқтыңыздар ма?—дейді. Бірақ бұл сұрағына ешкім үндемейді. Сонда қаз дауысты Қазыбек Әнет бабаның айтқан өсиетін былай деп шешіпті:
—«Ә» дегені—әділ бол, «к» дегені—күншіл болма, көпшіл бол, «і» дегені—ілтипатты бол, «м» дегені—менмен болма, мейір ман бол дегені,—депті.
Әнет бабаның сол өсиеті ел арасына кең тарап, ұрпаққа үлгі болып қалған екен.
* * *
Қазыбектің әкесі Келдібек би қыз таңдап, үйленбей жүрсе керек. ойламаған жерден бір қиырдан бір аяғы ақсақ, бір көзі қыли жас қызға көңілі ауып, құда түсіп, айттырып алады. Әке-шешесі баласының айтқанына келіскенімен, аса қолдай қоймайды.
Әкесі:
—«Таңдаған тазға жолығадының» кебі келді, сөз байласқан бұрынғы құдалардың бетіне қалай қараймыз,—дейді. Әкесіне Келдібек былай дейді:
—Қаймағын піскен сүттің алдым қалқып, Аяғы ақсақ болғанмен, ақылы артық.
Қыли көз сөзі менен ісі түзу,
Сөйлескеннен өн бойым кетер балқып,—
деп жауап қайырады. Келдібектің замандастары әзілдескен де осыны алдына тартып, қағытып жүріпті. Бірде олар Келдібектің өз үйінде отырып соқтыға берген екен. Сонда жас келіншек отырғанда сыпайылап былай депті:
—Көзім қыли, жасырмаймын, ақсақпын, Келдекеңмен сондай тату, жақсы-ақпын. Татулықтың белгісіндей тамаша, Төрт божаңды билейтін ұл таппақпын,—
деген екен. Айтқанындай қаз дауысты Қазыбек дүниеге келіпті. үш жүзге әйгілі аты шыққан би атаныпты.
18. Қаз дауысты Қазыбек туралы

Атақты Мөңке бидің қартайған кезі екен. Жанында екі атқосшысы бар, жасы он алтыдан жаңа асқан тұрымдай мүсінді, қырғи тілді қара бала үйге рұқсатпен кіріпті.
—Ассалаумағалайкум!
—уағалайкусассалам. Балам, қай ұлсың?
—Арғын Келдібектің баласымын. Атым—Қазыбек.
Тапқыр да, аңғарғыш Мөңке жасөспірім Қазыбекке аса бір ілтипатпен қарап, ақбураның шұғасындай салалы сақалмұртын тұтамдап ұстапты да, сөзді өзі бастапты.
—ымм… қаракесек екенсің ғой. Әкең Келдібек пен шешең Тоқмейіл түгіл, ұлы атаң Шаншар абызды білуші едім. Шешең сылтима болса да, күн батысымен екі иығында шырақ маздап тұратындықтан «Ақсақ бике» атанып еді. Шырағым, атадан үш түрлі бала туады. Бір бала әкесінен асып туатын, бір бала әке өкшесін басып туатын, енді бір бала бар, ол әкеден кері қашып туатын. Сен соның қайсысы боласың?
—Ата,—дейді Қазыбек мүдірмей,—менің атадан асып туған бала болар, болмасымды алдағы өмірім, өнерім біледі ғой. Ал кері қашып тудым деу өзіңе де, өзгеге де өкініш, реніш болар еді. Әзірше өз ойым өкшесін басып тудым ба деймін.
Мөңке би сөзін қайта сабақтап, тағы бір сұрақ береді:
—уа, балам! өтірік пен шынның арасын өлшедің бе?
Қаршадайынан ойын қумай, ой қуып өскен құймақұлақ Қазыбек бұған қайдан сүрінсін:
—өлшедім, ата. өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі,— деп оң қолының төрт саусағымен көз бен құлақтың аралығын баса қойыпты.
Мөңке би іштей тәнті болып, тағы бір қырына алады:
—уай, Қазыбек, нағашың Сүлеймен ұябөріктеу болса да, баспа еді. Жиен екенсің. Ақыл кімнен шығады, асыл неден шығады, қанат неден шығады, жанат неден шығады, санат неден шығады, ағат неден шығады, оны білдің бе?—дейді қырандай шүйіліп.
Қазыбек іле сөйлеп:
—Менімше, ақыл жастан шығады, асыл тастан шығады. Тату болса ағайын бірі—құйрық, бірі—жал-қанат содан шығады. Қой терісін қорлама, жанат содан шығады. Халқы үшін қарттар қам жесе, санат содан шығады. өнерсіз болса бозбала, ағат содан шығады,—дейді.
осы тұста Мөңке бидің ақбоз үйіне ауыл ақсақалдарына келіп, бәйбіше қымыз құяды. Әңгіме қызбай тұрып Қазы бек енді Мөңкенің өзің дөңгелетеді. Қымыз үстінде әуелі:
—Нағашы, екеуіңіз қалай?—депті.
Мөңке қария бөгелмей:
—Екеуім үшеу болды, жиен,—дейді.
—Алысыңызбен қалайсыз? Жақыныңызбен қалайсыз?
—Жақыныммен жауша жағаласып, жамандарша найзаласамын. Алысым араздасты.
—Тәттіңізбен қалайсыз?
—Жиен-ай, тәттінің дәмі азая бастады ғой,—дейді Мөңке.
—Несиеңіз тие ме, нағашы?—депті Қазыбек.
Сонда Мөңке би:
—Жасымда берген несием, қартайғандағы несібем екен, үй тігіп, қымыз сапырып отырғаным—соның арқасы,— дейді қуанышты үнмен.
Қазыбек Мөңке бидікінен түстік жеп, бата алып аттанады. Былай шыққан соң екі жолдасы: «Би екеуіңнің жаңағы жұмбақтап сөйлескеніңе біз түсінбедік. Шешуін айтшы, ұғып алайық»,—деп қиыла өтініпті.
Сонда оның мәні былай дейді Қазыбек: «Екеуің қалай дегенім—«екі аяғың қалай, өздігіңізден жүре аласыз ба?» дегенім еді. Мөкең: «екі аяққа бір таяқ қосылып үшеу болды» деді. «Алысыңызбен қалайсыз» дегенім— «алыстағыны көре аласыз ба» дегенім еді. Қария: «алысты көрмейтін болдым» деді. «Жақыныңызбен қалайсыз» дегенім—«тамақ ішіп-жеуіңіз қалай» дегенім еді. Қария: «әр жерде қадау-қадау ғана тісім қалды, сонымен арпалысып күнелтем» деді. «Менің тәттіңізбен қалайсыз» дегенім—«ұйқыңыз қалай дегенім» еді. Қария: «ұйқым азайды» деп жауап берді. «Несиең тие ме» дегенім— «балаларың күте ме, жасында сіз оларды бағып-қағып өсіріпсіз, енді олар сол еңбегіңізді өтеді ме?» дегенім еді. Қария: «дұрыс тәрбиелеп, жақсы өсірген бала адамға қартайғанда бақыт екен. Балаларымның қызығын көріп отырмын» деді қуанып.
Қазыбектің екі жолдасы бұл сөздерге қайран қалып:
—Сен өзің бәрімізден кішісің, Пайғамбар жасына келмей, ата сақал аузыңа бітпей жатып, тақтағы хан, таптағы биді аузына қаратқан Мөңке биден қалай шешендік асырдың?—десе керек.
Қазыбек миығынан күліп:
—Естіге ел тоқтайды емес пе. Мен өзім жас болсам да, атам Шаншар абыз көп жасады ғой,—деген екен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *