ПІР БЕКЕТ АТАНЫҢ ҰСТАЗЫ, ОҚУ ОРНЫ ЖӘНЕ СОПЫЛЫҚ ІЛІМІ
ТУРАЛЫ

ПІР БЕКЕТ АТАНЫҢ ҰСТАЗЫ, ОҚУ ОРНЫ ЖӘНЕ СОПЫЛЫҚ ІЛІМІ
ТУРАЛЫ

Әзірханов Басшы Айжанақұлы
саяси ғылымдар кандидаты, философия докторы (Бейнеу)

Бекет Ата оқыған Хиуадағы Шерғазы хан медресесі 1726 жылы салынған. Жалпы ауданы 50 x 43 метр, ауласы 29 x 26,5 метр, 55 бөлек бөлме (келий худжр) бар. Белгілі өзбек ақыны Пахлаван Равнак, түрікмен поэзиясының классигі Мақтымқұлы Пырағы, атақты қарақалпақ шайыры Әжнияз Қосыбайұлы осында білім алып, тәрбиеленген. Негізінен бұл медреседе сол дәуірдегі өте талантты, белгілі адамдар оқыған. Сондықтан медресе халық арасында «Маскани фозилон» яғни «Білімдарлар ордасы» аталған. Бекет Атаның медреседе дәріс берген ұстазы, қазақтар Бақыржан қожа деп аса қадір тұтатын Мухаммад Бақыржан Әзиз – пайғамбарымыздың немере інісі Әли мен қызы Фатимадан туған Хусейннен тарайтын сейид ұрпағы. Бұл ұрпақтан Хорезмнің ойына алғаш келген сейид Рахман Берди Азиз бабамыз екен. Ол – Хиуадан 90 шақырым жердегі Хорезмнің қақпасы аталатын Хазарасп елді мекеніне жерленген, жұртшылыққа танымал әулие. Оның немересі, Бақыржан қожаның әкесі сейид Шафоат Әзиз – сол дәуірдегі ұлы ғұламалардың бірі, белгілі әулие, Арабиядан шыққан жергілікті шейхтардың басшысы болған адам. Хиуаға жақын маңдағы Шейх Мешхед қыстағына жерленген, басына 1795 жылы әсем мавзолей тұрғызылған. Оның әкесі Мир Мухаммад Әзиз де осы қауымға қойылған.
Бұл әулиелер туралы өзбек ақыны Мухаммед Шарифтің ХІХ ғасырдың басында жазған төмендегідей жыр жолдары бар:
Жан қиналып, жарық дүние болса тар, Әулиелер қорымына іздеп бар. Олар жатқан жерлер Шейх Мешхедей, Барсаң онда кешіресің басқа күй.

Жолың болмай жүрсең егер қиналып, Әулиелер желеп-жебер жиналып. Біріншісі, Шейх Рахман болды аты, Екіншісі, Мир Мухаммад пәк заты.

Одан кейін Шапағат әзиз ишан,
Баласы оның Шейх Бақиржан ишан
Және бірін айтар болсаң Аллаяр Әзиз, Ол жерлерде әулие көп нұрлы жүз.
Аллаяр Әзиз 1747-жылдар шамасында туған, Бақыржан қожаның екі ұлының бірі. Бақыржан қожа шамамен 1720 жылы әкесі Шафоат Әзиздің қасиетті мешіті бар Қара Қапыда дүниеге келіп, 1789-жылдар шамасында өмірден өткен, Хиуа маңындағы Газауат ауылына жерленген. Оған да әсем мавзолей салынып, өте жақсы күтімге алынған, басында шын ниетіңмен түбіне үңілгенде ғажайып құбылыстай көрінетін қасиетті құдығы бар.
Бақыржан қожаның ұстазы – өз дәуірінің кемеңгер шейхы болған, керемет әулие Сұлтан Қожа. «Рисолайи хилфати суфихо» кітабында: «Шейх Сұлтан қожа – білім мен тазалықта теңі жоқ, кішіпейіл, тарихатта жоғарғы дәрежеге жеткен, заманының ұлы адамдарының бірі еді», – делінген. Сол кітапта бұл ғұламалар ұстанған сопылық жолдың силсиласы да жазылған.
Мухаммад Бақыржан – ұлы сейидтердің бірі атанған, адам таңқаларлық кереметтер көрсете алатын өте қасиетті әулие болған, сопылық жолын берік ұстанып Пір дәрежесіне жеткен, заманында Хиуа ханы төбесіне көтеріп қадір тұтқан, Ислам әлеміне танымал дін ғұламасы.
1740 жылы Хиуаны жаулап алған Иран билеуші Нәдір шах 1747 жылы қайтыс болғаннан кейін Хиуа хандығы тәуелсіздік алып, ұзаққа созылған өзара айтыстартыстан соң өзбектің қоңырат тайпасынан шыққан Инак Мухаммед Әмин хан болады. «Оның билік құрған кезеңі Хорезм өңірінің өсіп-өрлеп, дәуірлеген тұсы еді», – дейді тарихшылар. Тіпті 1768 жылғы обадан халқы түгелге жуық қырылып, өзбек ақыны Шермухаммед Мунистің сөзімен айтқанда «Хиуада кырық үй қалған» қиындықтан соң да елді бытыратып алмай аман алып шыққан осы Мухаммед Амин хан көрінеді. Ол 32 жасында Әмір атағын алған, елді 29 жыл билеп, 61 жасында өмірден өткен, 1785 жылы Хиуадағы Жұма мешітінің қарсы алдынан Мухаммед Амин хан медресесін салдырған, өте сауатты, дінге деген жақсы көзқарасымен ерекшеленген жан еді, – дейді замандастары.

«Рисолайи хилфати суфихо» кітабының 5-бетінде «Амир Инак Мухаммед Әмин хан билік құрған 1760-1791 жылдарда Хиуада оның замандастары, белгілі ғұламалар Исмоил ишан, Аймухаммад ишан, Қожа Тайып ишан, Имаммудин кожа ишан, Мустафакул ишан, Абдуллохқожа, Бақиржан ишан, Идаятулла ишан өмір сүрді… заманының кемеңгер көсемі, ұлы сейиді атанған Мухаммад Бақиржан мемлекет ісіне араласпайтын, Алланың қолдауына ие болған, Аллатану ғылымын толық меңгерген, рухани кемелденген және көңілі қашан да Аллаға жақын болған…» – деп, ал «Фирдаусул икбол» кітабының 128-бетінде «Өз ісінің нағыз жетілген білгірлері Мир Аваз казы, Қожа Назар қазы, Мухаммад Захир ахун, машайықтардың қадірлісі сайид Мухаммад Пана қожа, Сұлтан қожа, Захир ишан, Ийд Мухамад ишан, Құл Мухаммад қожа және Алланың бірлігіне сенетіндердің жетекшісі, Аллатану ғылымындағы сәуле шашқан мағрифат Бақиржан азиздер Мухаммед Амин ханның қадірменді замандастары еді. Ол заманда жасы үлкендерді, яғни қырық жастан асқандарды ұстаз етіп тағайындаған», – деп жазылған.
Ұлы ұстаз Бақыржан қожа өзінің сүйікті шәкірті болған біздің Пір Атамызды ізгілігі мен бірсөздігі үшін Ахмад (мақтаулы) деп те атаған. «Рисолайи хилфат суфихо» кітабының 11-бетінде Бекет хазіреттің қонысы Маңғышлақта екені айтылады. Осы кітапта Хорезм өңірінде өмір сүрген, өз тұстастарынан ерекшеленіп, айырықша атақ алған төрт ғұламаның есімі аталады. Олар:
Мухаммад Бақиржан хазірет – «заманының ұлы сейиді»;
Мухаммад Султан хазірет – «өз дәуірінің ұлы шейхы»;
Молда Мухаммад Пана – «өз дәуірінің ұлы ахуны»;
Бекет хазірет – «заманының ұлы сопысы» атағына ие болған.
Сондай-ақ бұл еңбекте Бекет Ата «пайғамбарымыздың сүннетін көзінің қарашығындай сақтаушы және оны таратушы, мұсылман қауымының ішіндегі ең ұлысы, әзизі әрі қадірлісі, Алла Тағалаға ең жақын және Алла Тағаланың алдында ең құрметті, өз дәуірінің ұлы сопысы атанған адам…» – деп жазылған. Ал «Тазкираи Мухаммед Бахир» қолжазбасының 168-бетінде Бекет Ата «өмірінде қиындықтарды көп көрген, адам таңқаларлық кереметтер істей алатын үлкен қасиет иесі, сопылықтағы ең жоғарғы мәртебе «машайық» дәрежесіне жеткен, түріктер мен өзбектер арасында атағы кең жайылған белгілі адам еді. Ел оны Ахмад (мақтаулы) деп дәріптейтін. Көңілінде бір Алланы ұстап, құлшылығын өз уақытында орындап отыру тек жасы ұлғайған адамдарға тән әдет болса, ол жас кезінде де Аллаға сол үлкендерше құлшылық ететін еді», – делінген.
Машайық – арабша «машйаха» – абыз, терең білімді, өте ақылды адам, періштелер аян беретін сопы, Пірлерде болуға негізгі қасиет, Пір болу үшін сопыларға қойылатын ең басты талап, машайық дәрежесіне жеткен сопы ғана пір бола алады, Пірдің басты міндеті де осы. Қазақша айтқанда абыз болу.
Бекет Ата Шерғазы хан медресесін тамамдаған соң туған жеріне оралып, 21 жасында Ақмешітте мешіт тұрғызып, бала оқытады… Ал 24 жасында Бейнеудегі жерасты мешітін салады.
Біз ауызекі тілде жерасты мешіті дей береміз. Шындығында ол – Қазақстанның басқа аймақтарында көп кездесе бермейтін, негізінен Аллаға сыйынуға ең қолайлы делінетін жерлерде салынатын, өте қасиетті, береке бастауы саналатын, дінімізде «завийа» деп аталатын сопылардың бас қосып, ілім алатын орны.
Бекет Атаның біз білетін төрт мешіті бар. Бірі – өзі жатқан Оғыландыда, екіншісі – Ақмешітте; онда атасы Жаналы, әкесі Мырзағұл мен анасы Жәния, баласы Тоғай жерленген, үшіншісі – Бейнеуде; бұл жерден ағасы Меңдіқұл мен шөбересі, түбекке танымал әулие Самалыққа топырақ бұйырыпты, төртіншісі – Маңғыстаудың ойындағы Тобықтыда. Сондай-ақ ғалым Қабиболла Сыдиықұлы Үстірт үстінде, Аралға жақын маңдағы Байшағыр деген жерде (кейбір деректерде Баялы деп жазылып жүр), ал ақын Әбу Сәрсенбаев Мұғалжар тауында Ата мешіттерінің бар екенін айтады.
Дінтанушы ғалымдар сопылық жолдың пірлерінің өз қоныстарын жыл ішінде әлденеше өзгертіп отыратынын айтады. Тіпті қайсыбіреулері бір орында 40 күннен артық отырмаған. Бұл қоныс аударулар Аллаға сыйынуға қолайлы орындардың жыл ішіңдегі ауысып отыруына байланысты дейді. Ал сопылардың өздері «Иленген терінің тазарып, жұмсарып, әрленетіні сияқты, адам да қоныс аударып, қиындық көріп, туа біткен нашар қылықтары мен дөрекілігінен арылып, жан дүниесі тазарып, мейірбандық пайда болып, дінге деген бірбеткейлігінен құтылады» деп есептейді. Атамыздың Оғыландыда негізгі мешіті болуы, бірнеше жерден жерасты мешіттерін салуы сондықтан. Себебі пірлердің негізгі қонысында завийа болса, қосалқы қоныстарында оның кішілеу түрі даира салынады.
Бекет Ата 40 жасында ұстазы Мухаммад Бақыржаннан бата алып, сопылық жолдың Пірі болған. Сопылар салты бойынша Пір көзі тірісінде шәкірттерінің арасындағы аса дарындысына батасын беріп, өз орнына Пір болуға немесе өз алдына жаңадан жол құрып, соған Пір болуға рұқсат етеді. Ұлы ұстаз Бақыржан қожаның таңдауы Бекет Атамызға түсіпті. Сүйікті шәкіртіне батасын беріп, өзі сол жылы мәңгілік сапарға аттаныпты. Бұл 1789-1790 жылдар шамасы болса керек.
Төрткүл дүние таныған сопылық жолдың үлкен бір тармағының жиырма үш рухани басшысы – Пірі болған Бекет Ата 1813 жылы 63 жасында өмірден өтіп, Оғыландыдағы өзі салдырған мешітінің ішіне жерленеді. Кейінгі ел-жұртына: «Әруағым риза болсын десеңдер, құтханаларыма жау тұяғын жолатпаңдар», – деп өсиет айтыпты. «Шаршасаң – көлік, шөлдесең – сусын, қорықсаң – қару, тоңсаң – пана болады», деп ұлы ұстазы Бақыржан қожа сыйлаған көк асасын өз бауырынан өрбіген ұрпағына мұраға қалдырыпты. Ал көшкен кезде он бір нарға жүк болатын кітаптары мен қолжазбалары біраз жылға дейін мешіттерде сақталыпты.
Ұлы даламыздың ұлы тұлғасы Бекет Ата Мырзағұлұлы – Ислам әлеміне танымал тарихи тұлға. Қ.Сыдиықұлы айтқандай, ол – «бір ғана Қосқұлақтың немесе бір ғана Адайдың Бекеті емес, Бекет – қалың қазақтікі, бүкіл адамзат баласынікі». Оның өмірі мен қадір-қасиеті, ұстаған сопылық жолы жайлы ағылшын, араб, парсы, түрік, орыс дін зерттеушілерінің жазбаларында да құнды деректер бар.
Хиуада өмір сүрген ғұламалар тарихын зерттеп жүрген дінтанушы, Бақыржан қожа ұрпағы Назарбай Реджепұлы Ташкент қаласындағы Алишер Навои атындағы кітапханада сақталған тарихи құндылығымен ерекшеленетін, XVIII ғасыр мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Хорезм өңірінде өмір сүрген дінбасылары, әулиелер, тарихат өкілдері жайлы жазылған «Рисолайи хилфати суфихо» (УзФАШИ инв. N27610), «Фирдасул икбол» (УзФАШИ инв. №5364), «Тазкираи Мухаммад Бахир» (УзФАШИ инв. №1846), қолжазбаларында Бекет Ата жайлы тың мәліметтер бар екенін айтады.
ХІХ ғасырда Маңғыстау мен Үстіртті зерттеген орыс саяхатшы-ғалымдарының еңбектерінде де біраз дерек кездеседі. Мәселен, орыстардың 1820-21 жылдары Бұхараға, 1825-26 жылдары Үстіртке жіберген бірінші экспедициясының мүшесі есебінде біздің өңірде болып, артына өлкеміздің тарихы мен табиғаты туралы өте құнды мұра қалдырған Э. Эверсман: «Үстіртте таудан қашап жасалған мешіттер парсы, араб, татар жазуларымен безендірілген. Мұндай ескерткіш-зиратты Бекет төрт жерден қашаған. Оның бірі – Маңғыстаудан қашық емес, Оғыландыда; екіншісі – Бейнеуде, үшіншісі – Жем өзені бойында, төртіншісі – Арал теңізі жағасындағы Баялыда. Оның бірінде – қыста, екіншісінде – күзде, үшіншісінде – жазда болады екен», – деп жазады. 1794 жылдың 23 қаңтарында неміс жерінде дүниеге келіп, 1860 жылдың 14 сәуірінде Ресейдің Қазан қаласында өмірден өткен, жиырма жасында философиядан, жиырма екі жасында медицинадан докторлық қорғап, 1842 жылы Ресей Ғылым академиясының академигі атанған, неміс, ағылшын, француз, орыс тілдерін жетік меңгеріп, татар тілінде таза сөйлей білген Эдуард Александрович Эверсманнан жеткен Бекет Ата мешіттері жөніндегі осы бір қысқа ғана мағлұмат өлкеміздің өткені жайлы жазылған біраз ғылыми еңбекке негіз болды.
1853 жылы (кейбір деректерде 1833-1834 жыл делінеді) ғылыми экспедицияның құрамында Үстіртте болған Ресей империясы Бас штабының топографы подпоручик А. Алексеев «Солтүстік Үстірттің Ембіге дейінгі аралығының топографиялық сипаттамасы» деген еңбегінде: «Бұдан елу жыл бұрын Жемнің жоғары жағындағы Ақмешітті Бекет Ата жаз отыруға жасатқан екен. Осы мешітте… Бекет ұл балаларды оқытып хат танытқан. Өз ағайындары Маңғыстауға көшіп кеткенде ол азын-аулақ тағаммен тоңғанына, ашыққанына қарамастан сол үңгір мешітте жалғыз кала берген. Жаз шыға туысқандары өлдіге санап, қайта көшіп келсе, ол бұрынғысынан да саусаламат күйде оларды қарсы алады екен. Оны көрген ел «бағушы құдіретті күші бар» деп сенген, нағыз әулиенің өзі деп түсінген, сондықтан бұл ғажап жанға арналып талай аңыздар, кереметтер тағыла берген, Ол бұдан қырық жыл бұрын … өлген», – деген дерек береді.
Ал 1867 жылы Үстіртте болған экспедиция мүшесі А. Дюгамель: «Ақбор төбенің бетіңдегі қасқырдың үңгіріндей тесікке бір адам зорға сиып, үш құлаштай үңгірмен жүргенде ені екі жарым құлаш, биіктігі кісі бойындай дөңгелек киіз үй пішініндегі сағана тамға кіреді. Сыртта құдық бар. Оның оң қапталында тағы бір бөлме. Осылардың арасында сырық тұр. Жемдегі Ақмешітті бұдан елу жыл бұрын салған. Бекет өлген соң, Оғландыға қойылған», – деп жазады. Ғалым Қ. Сыдиықұлы: «А. Дюгамельдің сипаттап отырғаны Атаның Ақмешіттегі мешіті болуы керек», – дейді…
Сырт көзге жұмбақ, өзгеге құпия сопылық жолының рухани басшысын арабтар шейх (ақсақал), парсылар пир (ақсақал), ал қазақтар пір дейді. Ол өзінің тірісінде орнын басатын болашақ пірді анықтап кетеді. Біздің естуімізше, қазақ жерінде өмір сүрген Қожа Ахмет Ясауи бабамыз да, Бекет Мырзағұлұлы Атамыз да осындай сопылық жолдың пірі болған. Оның екеуі де әулиеліктің ең жоғарғы сатысы «гаус» дәрежесіне жеткен делінеді. Қазақта «Пірдің соңы – Бекет, ердің соңы – Есет», «Мединада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмед, Маңғыстауда – Пір Бекет» деген сөздер бар. 874 жылы өмірден өткен, Ислам әлемінде танымал парсы дін ғұламасы Абу Йазид альБистами заманынан бері «Ұстазы жоқтың жетекшісі – шайтан», – деген қағиданы берік ұстанатын сопылық жолдағылар пірді аса қадірлейді, өзара: «Піріңді құбыла тұт», – деседі. Тіпті Қожа Ахмед Ясауидің: «Егер пірсіз Құдайға жүз, мың рет басыңды сен исең де, Құдай сені сүйіктісі етпейді», – деген өсиеті де бар дейді…
Қожа Ахмет Ясауи бабамыз өзінің 34-ші хикметінде: «Тариқат жібереді жерге тығып, Бұл жолға, қаламасаң түспең, достар», – дейді. Себебі сопылық жолды ұстану – әр мұсылманның еркіндігі, өз ықтиярымен ғана атқарылатын іс. Ол ешкімге де парыз емес. Аллаға қауышуды мақсат тұтқан адамның өзіне қосымша міндеттемелер алуы арқылы өзін-өзі жетілдіру тәсілін, Ислам дінінің шеңберінің ішіндегі мұсылмандардың белгілі бір бөлігінің тірлік ету дағдысы мен өмір сүру салтына айналған, дін ғұламалары әлі күнге дейін біржақты бағасын бере алмай келе жатқан құпия ілім. Бұл жолды ұстанатындардың бүкіл мұсылманның оннан біріне де жетпейтіні сондықтан…
Суфизм – әрдайым даму үстінде болатын ілім. Сондықтан бір сопылық жолдың ұзақ мезгіл сақталмауы, яғни мақсаттарына жетіп тарауы немесе бірнеше жаңа сопылық жолдарға бөлініп кетуі де мүмкін. Ғалымдардың пікірінше бастапқы жолды теріске шығармай-ақ жаңа жолдарға бөліну немесе сол жол ішіндегі тармақтарға таралу – сопылықтағы зандылық. «Шариат – тамыр, тариқат – бұтақ, хақиқат – жеміс» деген сол. Әр сопылық жол өз бұтағынан бұйырған жемісті жейді. Қазіргі кезде ұзын саны үш жүзден асқан сопылық жолдардың басым көпшілігінің бастауы бір. Содан да болар, олар қайсыбір мәселелер төңірегінде өзара айтысып-тартысқанымен бір-біріне түсіністікпен қарап, сыйластықпен өмір сүреді, аралас-құралас тірлік етеді. Күні кешеге дейін қазақ даласында да солай болған…
Әулиеліктің ең жоғарғы сатысы «гаус» дәрежесіне жеткен, Ислам дініндегі сопылық жолын ұстанып, ондағы ең биік мәртебе «машайық» дәрежесіне көтерілген, әлемге әйгілі сопылық жолдың үлкен бір тармағының біраз жыл рухани басшысы, Пірі болған мұсылман әлеміндегі санаулы адамдардың бірі Бекет Ата туралы ғажайып сөздерге аңыз деп қарамауымыз керек. Ол – аңыз емес, шындық. Тек, біз, қарапайым адамдар, қырын түсіне алмайтын, сырын біле бермейтін шындық.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *