БЕКЕТ АТАНЫ ТАНУ ЖӘНЕ КВАНТТЫҚ ФИЗИКА ПАРАДИГМАCЫ

БЕКЕТ АТАНЫ ТАНУ ЖӘНЕ КВАНТТЫҚ ФИЗИКА ПАРАДИГМАCЫ

Ыбырай Саят Мұратұлы техника ғылымдарының докторы, профессор.
ҚР БҒМ Академик Ө. Жолдасбеков атындағы механика және машинатану институтының бас ғылыми қызметкері (Алматы)


Шын мәнінде уақыт – мүлдем біз ойлағандай нәрсе емес. Ол бір бағытта «алға» жылжып жатқан жоқ және болашақ өткен шақпен бір мезгілде болып жатыр.
Альберт Эйнштейн

Бекет Ата феноменін түсіндіріп беруге қазіргі заманның жаратылыстану (физика, механика, биология, т.б.) ғылымдары, әрине, қауқарсыз. «Былай болады» деп түсіндіре де алмайды, «жоқ» деп жоққа да шығара алмайды. Оның негізгі себебі – Бекет Ата есімімен байланысты барлық әңгімелерде «қасиет», «кие», «рух» деген ұғымдар бірінші орында тұрады, ал бұл категориялар қазіргі дәл ғылымдар арсеналынан мүлдем алып тасталынған. Атаның өзі түгіл, көк асасының өзі XXI ғасырдың сұңғыла академигін тығырыққа тірейді. Ал ол таяқтың киелі екеніне, емдік қасиеттеріне екі жүз жыл бойы куә болып келе жатқан халық ғалымдардан «осыны бізге түсіндір» деп талап етеді. Кеңестік үкімет кезіндегі стереотипке салсаңыз, кешегі «надан», «дипломы жоқ», «қараңғы қазақтың» бір таяғы қазіргі қарыштап алға дамыған медицинаның қауқары жетпейтін дерттерге қалай шипа бола алады? Міне, алдымызда осындай «Бекет Ата дилеммасы» тұр: не біз ол кісінің ғылымының XXI ғасырдың ғылымынан жоғары екенін мойындауымыз керек немесе Бекет Ата феноменін қазіргі ғылыми жетістіктер тұрғысынан түсіндіре білуіміз керек, ақиқаты мен аңызын ажыратып беруіміз керек!
Технократтық көзқарастағы адамның Бекет Ата есімімен байланысты айтылып жүрген фактілерге: «Бұл айтып тұрғандарыңыздың ғылыми негізі жоқ, халық қиялынан туған ертегі тектес нәрсе» деп, маңайлай алмайтыны, ондай нәрселерді зерттеп, түсінуден бас тартып, дәрменсіздік танытатыны баршаға белгілі. Ал халықтық санада мұндай антагонизм жоқ: шынайы ғылым «мынау объективтік болмыс заңдылықтары, ал мынау – тылсым дүниеге қатысты» деп бөліп-жармай, ешнәрседен үркіп, ат-тонын ала қашпай, бәрін санасына сыйғызуға талпынады. Қазақтың төл дүниетаным үлгісінің басты бір ерекшелігі – жалпы тірі-өлі табиғаттағы құбылыс атаулының бәрі де – тылсымның көрінісі деп қарастырылады, яғни Алланың ашық «аяты» (проявленное, знамение), Жаратушының Өз шеберлігін паш еткен хикметі, Өзінің Барлығын нышан еткен белгілері. Сондықтан қазақ тылсымға таңырқай отырып, одан қорықпайды, қашпайды. Атаның көк асасы – керемет болса, үй алдындағы көк шыбықтың жылда гүлдеп тұрғаны – ол да сондай керемет, таң қаларлық, жүректі елжіретерлік іс! Қасиеткиеден жұрдай болған XXI ғасырдың жансыз, қансыз-сөлсіз ғылымы көк асаны түсіндіре алмайды, көк шыбыққа таң қалмайды. Ал шын мәнінде екеуі де белгілі бір программамен жұмыс істеп тұр, екеуінің де программалану құпиясы ашылмаған, екеуі де – тұнып тұрған тылсым! Шыбықтың әр жасуша-клеткасының ДНҚ-тізбек түріндегі программасын түгел оқып шыққан күннің өзінде де, оның қалай жұмыс істеп тұрғаны – таңғажайып құпия, көзден таса болып қала береді! Бірақ біздің аталарда басқадай «көз», басқадай айна-инструмент болған. Соның көмегімен Ертөстігін аңсаған Кенжекей ару Құба інгенін де, көк торғын орамалын да «программалаудың» технологиясын білген деп есептейміз.
Мысалы, химиялық процестерді зерттеуге физиканың өлшеуіш құралдары пайдасыз. Астрономиялық аспан денелерінің қозғалысын бақылау үшін микроскоп пайдалануға болмайды, өзінің арнайы айнасын жасап шығару керек. Сол секілді, Бекет Ата феноменін зерттеу үшін де бізге қазіргі ғылым қолданып жүрген аспаптар арсеналы көмек бола алмайды. Бұл құбылыстарды тексеру үшін сопылардың рухани практикасын меңгеріп, тәжірибеден өткізу керек.
Ол «айнаны» аталарымыз «жүрек көзі», «батин көз», «жан көретін көз» деп атаған, ол тылсымға бойлау үшін осы құрал-көзді ашып, «жан сырына қанығу», жан әрекетін түсіну керек деп санаған. Асылы ғылымның әу бастағы мақсаты да осы еді (Мәшһүр Жүсіп) – адамның өзінің кім екенін түсіну (хадис: «Өзін өзі таныған Алланы да таниды»). Шәкәрім Құдайбердіұлының мына бір үзік сырлары осы ойымызға дәйек:

Тән көретiн бастағы көз, Байқамайды жан сырын. Көр де ақылға сал деген сөз, Көз керек қой ойлырақ. Хақиқатты дәл көруге, Жан көретiн көз керек. Бас көзiмен сенделуге,
Бiзге рұқсат жоқ, шырақ…
* * * Көзге көрiнбеген затты
Жоқ деп отырып,
Ертеңiнде талай сыр тапты. Ол жан туралы оны ойламай, Бар жанды жоқ деп шатты!
* * * Осы әлемде барша барлық, Жанды ақылдың табысы. Нәрсесi жоқ бос қаларлық, Мейлi, шөп пен топырақ.
* * * Ғылым деп уды жегiздi, Денесiз зат жоқ дегiздi. Дәлелсiз пәнмен перделеп, Тапқызбай қойды негiздi.
* * *
«…Мұнан былай да таңырқарлық өнер табылатынына сенеміз. Бірақ, осынша білімді адамдар осы күнге шейін өзінің кім екенін анықтап білген жоқ.
…Үйткені біз 20 ғасырдың адамы өнерлі, ғылымды деп, кеудемізді қаққанмен, адамның осы күнгі денесі еш таза ақылға қоныс емес… Қысқасы, адам өз жанын әбден анықтап білмей тұрып, өзінің кім екенін білмейді. Оны білмеген соң, өзіндей адамға қиянат қылғанын, зұлымдық екенін аузымен айтса да, жүрегі анық нанбайды.
…Жан қасиетін анық білсе, сонда ғана адам түзеледі.
…Жоғарыдағы аты аталған Огюст Контқа сымсыз телеграм, телефон болады десе нанар ма еді.
…Бас көзіне сеніп, тоқтап қалмай, көңіл көзін ашыңыз!»
Міне, Шәкәрім пайымында осы «Жантану» ғылымы қайтадан аталарымыз сусындаған асыл негізіне қойылып, қайта жанданатын болса, ғылымға жан бітеді, нағыз кереметтер ғасыры сонда басталады!
Ал қазіргі жаратылыстану ғылымдары Бекет Ата құпияларының сырына бойлай алмаса да, соңғы кездегі кейбір жаңалықтары арқылы бұрынғы ескі көзқарастарды түбегейлі түрде қайта қарау қажетін анық көрсетіп отыр.
Мысалы, Американың бір топ ғалымы осы елдің стратегиялық барлау басқармасының құпия тапсырмасы бойынша ежелгі эзотерикалық ілімдерді зерттеумен айналысады. Оларды толғандырған сұрақтардың бірқатары мынандай жобада болған: Ой материяға әсер ете ала ма? Уақыт, кеңістікке ойдың әсерін байқауға бола ма? Үлкен арақашықтықтан техникалық құралдардың көмегінсіз ой алмасуға бола ма? Бұл бағыттағы зерттеулер Ресейде де көптен жүріп жатқаны белгілі. «Бұл не үшін керек болыпты?» – десеңіз, олардың айтуынша, ендігі жерде адамзаттың шешуші соғыстары қару күшімен емес, информациялық соғыстар болмақ. Қысқаша айтқанда, түпкі мақсат – ешкімді қарумен өлтіріп, қырмай-ақ, психотроптық әдістермен қарсыластың мысын басып, мақтамен бауыздап, дегенін істетуді меңгеру, информация «ойнату» арқылы әлемге үстемдік ету. Және олардың осы мақсатын қалай жүзеге асырып жатқанын ойлы адам БАҚ арқылы күнбе-күн көзбен көріп те жатыр…
Осы жобаларын іске асыру мақсатында бұл арнайы топ көне ғибадатханаларды түгел тіміскілеп, үңгірден үңгір қоймай, қай жерде көне кітап, жазу бар десе, түгел ақтарып, аударып-сүзіп жүреді. Сөйтіп жүріп, Канада тауларында жергілікті үндістердің қария көсемімен танысып, суыртпақтап сыр алысады. Бұлардың әрекеттеріне кекесінмен қарап, қария да тез ашыла қоймайды. Жалғыз-ақ бір ашылып сөйлескенінде мынандай ой тастайды. «Сендердің ойлап шығарып жатқан барлық құралдарың адамның мүмкіндіктерін кеңейтетін болып көрінгенімен, түпкі тереңінде адамның мүмкіндіктерін шектеген үстіне шектей береді. Адам солардың, өзі жасаған заттарының тұтқынына айналып, өзінің шын мәнінде кім екенін ұмыта береді. Негізінде теледидар да, интернет, мобилді байланыс та – бәрі адамның өзінен, өз бойынан алынған». Біздің технократ ғалымдарымыз бұндай сөздерге кекесінмен күле қарап отырғанда, шетелдің стратегиялық барлау қызметкерлері өз зерттеулерін үзбей жалғастырып жатыр. Және зерттеу нәтижелерін бізге тәжірибе қылып, шаш етектен пайдаға батып та жатыр…
Міне, осы зерттеулердің кейбір нәтижелері мынадай. АҚШ армиясында доктор К. Бакстер жүргізген эксперименттерде адамның денесінен алынған ДНҚ үлгілері адамнан ұзақталып, 500 шақырымдай жерге апарылып, бақылауға алынады. Сосын зерттелуші адамға әртүрлі тақырыптағы бейнематериалдар көрсету арқылы оған аса күшті эмоциялық стимулдар беріледі. Нәтижесі – адам эмоциялық әсерленуге аса қатты берілген шақтарда оның денесінен алынған ұлпалардағы ДНҚ үлгілері де тап сондай күшті электромагниттік әсерлерге ұшырап отырған. Мысалдап айтар болсақ, денеңізге ине шаншып алса, оны барлық жасушаларыңыз бір мезгілде қабылдайды. Ал мына эксперименттер адамның ДНҚ-бөлшегі одан қалай алыс әкетілсе де, сол денесінің бөлшегі ретінде дененің барлық әсерлерін қабылдай беретінін көрсетті.
Одан да ғажабы – бұл әсерлер сол сәтінде беріледі, яғни бұл уақыт-кеңістіктен тыс тұрған байланыс! Себебі экспериментте адамға берілген эмоциялық стимулдар мен ДНҚ үлгісінің ол стимулдарға реакциясын (кері әсерін) бақылау үшін Колорадодағы атом сағаты пайдаланылған. Барлық әсер сол мезетте, лезде беріліп отырғаны анықталды! Ешқандай арақашықтыққа да, уақытқа да бағынбайтын бұл қандай әсер?! Доктор Дж. Томпсон: «Біздің денеміз шын мәнінде қай жерде басталып, қай жерде аяқталатыны енді түсініксіз болып кетті», – дейді. Себебі біздің дене мүшелеріміз қай жерге тиіп кетсе, денеміздің көзге көрінбейтін бөлшегін сонда қалдырып отырмай ма?!
Міне, біз қол алысып, амандасып, көріскенде де осылайша басқа адамға өз ДНҚбөлшектерімізді беріп кетіп отырамыз…
2002 жылы Америкада ресейлік ғалымдар В. Попонин мен П. Гаряевтің «ДНҚның фантомдық әсері: вакуумдық структурадағы жаңа өрісті тікелей өлшеу» атты мақаласы жарық көрді. («The DNA Phantom Effect: Direct Measurement of a New Field in the Vacuum Substructure», www.twm.co.nz/DNAPhantom.htm). Мақалада адам ДНҚсының материалдық заттарға әсер ететіні сипатталып, бұл әсер осыған дейін белгісіз болған жаңа энергетикалық субстанция арқылы жүзеге асатыны мәлімденеді. Эксперимент нәтижелері америкада қайталап тексеріліп, «бұл жаңалық өте нәзік энергетикалық құбылыстарды, оның ішінде альтернативті медициналық практикаларда кездесетін құбылыстарды түсініп, олардың негізінде жатқан механизмдерді тереңірек түсінуге үлкен жол ашып береді деген үміттеміз», – дейді авторлар. Ұзақ талқылаудан кейін кванттық физиканың бұған дейін белгілі мәліметтері негізінде бұл экспериментті түсіндіру мүмкін емесі мойындалып, эксперимент кезінде «жаңа өрістік құрылым» пайда болады деп тұжырымдалды, жаңа құбылыс «ДНҚ-ның фантомдық эффектісі» деп аталды.
ДНҚ-ның әртүрлі физикалық объектілерге әсерін зерттеу үшін вакуум пайдаланылады. Шыны түтікшеде жасанды вакуум жасаймын деп ішіндегі ауасын қанша сорсаңыз да, бәрібір ішінде фотондар қалып қояды. Бүкіл дүниеде не бар болса, барлығының да кванттық негізі (кванттық кірпіштері) – осы фотондар, жарық бөлшектері. В. Попонин мен П. Гаряев адамның ДНҚ молекуласын осы вакуумге салып, оның фотондарға қалай әсер ететінін бақылаған. Әуелгіде хаосты түрде түтікшенің барлық жерін алып тұрған фотондар адам ДНҚ-сын салған кезде белгісіз, тылсым күштің әсерімен таңғажайып тәртіптелген құрылымдарға айнала бастаған. Физика теоретиктері бұл құбылысты түсіндіретін күшті атап бере алмады. Ал ең ғажабы – ДНҚ-ны түтікшеден алғаннан кейін де фотондар тәртіптелген құрылымын сақтап қалған!
Кванттық физика ғылымы мұны тіптен түсіндіре алмады. Себебі әсер туғызушы адам ДНҚ-сын түтікшеден алып тастағаннан кейін оларды тәртіппен байланыстырып тұрған күш те жойылуға тиіс. Өзі жоқ болса да, өзінен кейін әсер күші қалай сақталып отыр? ДНҚ мен фотондар арасындағы әсер қалай сақталды?
Осылайша бұл эксперименттер информацияның, ойдың (ДНҚ негізі жоғары сапалы шиыршықталған, тығыздалған информация, ойдың да негізі информация емес пе?) материяға, оның ең түпкілікті негізі – «кванттық кірпіштеріне» әсер ететінін көрсетті. Сонымен бірге ойдың уақытқа да, кеңістікке де бағынбайтын өз өлшемі бар екенін көрдік. Ой материяға әсер еткенде, сапалы ой, кие дарыған сапалы ДНҚ кеңістіктің кванттық негізіне күштірек әсер ететін шығар. Демек, киелі аса таяқ кеңістікке әсер етіп, оның структурасын өзгерту арқылы ауруға ықпал етеді деп болжауға болады.
Бұлардың тысында сөз бен ойдың су структурасына әсері жапондық доктор М. Эмото тәжірибелері арқылы қазір мектеп оқушыларына дейін белгілі болды. Яғни жақсы ойлар әдемі структуралар туғызса, ал жаман ойлар мен жаман сөздер су структурасын тәртіпсіз, форымсыз ғып бұзатынын көрдік.
Сондай-ақ Ресей Ғылым академиясының Микробиология институтының зерттеулері бойынша анайы сөздер айтқан кезде адамның өз ДНҚ-сы радиациялық сәулеленуге ұшырағандай әсерге ұрынады екен. Мұны тағы да жапондар қайталап, дұрыстығына көз жеткізді: «жаман» сөздер айтқан сәтте адамның ДНҚ тізбегі жыртылып ыдырап, «жаман ауруға» ұласатындай қатерлі әсерге ұшырайды екен.
Енді табиғатта бізге белгілі барлық күш, әсер түрлері Біртұтас энергетикалық өрістен туындайды дейтін теория бар. Бұл теория бойынша тіпті кеңістік пен уақыттың өзі осы өрістің туындысы. Заманында жарықтан да жылдам таралатын әсер түрлері болады деген болжам А. Эйнштейннің өзіне ақылға сыймас нәрсе көрінген болса, біртұтас энергетикалық өріс теориясында мұндай қайшылық тумайды. «Эйнштейн-
Подольский-Розен» парадоксы деген атпен белгілі сұраққа да кванттық теория уақыт өте келе дәлелді уәж таба білді. Бұл ойша экспериментті ұсынғанда А. Эйнштейн кванттық механиканың негізгі қағидаларының терістігін көрсетуді көздеп, қарсы уәж айтуды талап еткен. Қазіргі түсініктер бойынша расында да екі «егіз» бөлшек ғаламның екі жақ шетінде жүрсе де, мәселен, мың жарық жылындай арақашықтықта тұрса да, өзара информациялық байланыста болады: бірінің «хабарын» екіншісі дәл сол мезетте тауып отырады. Демек уақыт пен кеңістікке бағынбайтын тылсым өлшемде «хабарласып» отыратын «канал» бар.
Олай болса, әуелгі келтірілген эксперименттегі адам ағзасындағы ДНҚ-лардың байланыс каналы да осы тылсым өлшем арқылы жүзеге асады деп болжауға болады. Олардың арасындағы әсерлесу қалайша бір мезетте жүзеге асатынын осылай ғана түсіндіре аламыз.
Ой, информация уақыт пен кеңістікке бағынбайды. Материяның ең түпкі кванттық негізіне әсер беріп, оны өзгерте алады. Себебі материяның өзінің түпкілікті негізі материалдық емес. Кванттық физиканың негізін қалаушы, бүтін саналы ғұмырын осы ғылымға арнаған Макс Планк 1944 жылы былай дейді. «Я, как человек, посвятивший жизнь самой точной из наук – изучению материи, могу резюмировать свои изыскания в области атомной физики следующим образом: не существует материи как таковой! Материя возникает и существует только благодаря силе, вызывающей вибрацию во всех элементах атома и сохраняющей целостность этой микроскопической солнечной системы… Мы усматриваем за этой силой наличие некоего сознательного Разума, который и является матрицей всего сущего».
Элементар бөлшектерден бастап макро денелерге дейін, аса күрделі құрылымдық жүйе құрайтын заттарға дейін, барлығын бүтін зат қып ұстап тұрған, барлық затты байланыстырып тұрған түпкі себептің табиғаты материалдық емес. Кие дегеніміз осы. Қазір оны ғаламдағы барлық заттарды бір-біріне көзге көрінбес жіптермен байланыстырып ұстап тұрған тылсым Біртұтас энергетикалық өріс деп атап жүр. Қалай атасақ та, мәселе оның атында емес, осы түпкі негізді, барлық затқа жан беруші негізді түсінуде. Бекет Ата секілді әулие бабаларымыз осы тылсымның табиғатын түсіне білген! Сол себепті олар уақыт пен кеңістікке бағынбайтын жасампаз құдіретке жанаса алған. Ол күш қайда десеңіз, ол күш барлық жерде, тіпті вакуумның өзі осындай шетсіз-шексіз жасампаз энергияға толы: кеңістіктің бір куб сантиметріне бүкіл ғаламдағы материалдық заттарды байланыстырып, біріктіріп, тәртіппен айналдырып тұрған қуат сыйып тұр!
Осы шексіз қуаттың негізін түсінген арифиндер (танымның ең жоғарғы сатысына көтерілген әулиелер) заттарды ыдыратып, қайта қосып, адам сенбес түрлендірулерге ұшырата алатын киенің иесі. Шәкәрімнің де жоғарыда біз келтірген сөздері материалдық дүниенің материалдық емес негізіне ой жіберуді меңзейді. Ал А. Эйнштейннің мына бір сөздерінен атақты сопы Жалаладдин Румидің лебін анық сезуге болады: «Не сомневаюсь, что у хвоста есть лев, пусть даже он не может проявиться перед нами целиком из-за своих громадных размеров».
Біз бұл тылсым құдіреттің барлығына сенер сенбесімізді білмей отырғанда басқалар оны пайдаланып, бақытты тіршілік кешіп жатыр. Мысалы, бактериялар. Жер бетінде өмір сүретін мақұлықтардың ішіндегі ең бейшара, ең қарапайым жаратылыс – бактериялар болса, таяуда осылардың өз ғаламторы, web-жүйесі бар екені анықталды. Жер бетінің әлдебір жерінде қандай да бір жаңа вирус түрі пайда болса, жергілікті бактериялар онымен күресіп жеңе алмай, жаппай қырыла бастайды. Сосын оған қарсы иммунитет жасап алып, қорғану әдісін үйреніп алады. Сосын осы әдісті бар болғаны сегіз айдың ішінде дүниежүзінің барлық бактериялары біліп отырады! Қандай каналдар арқылы информация алмасып, қандай механизмдер арқылы тәжірибеге ортақ болатыны әлі табылған жоқ, әзірге тек факт ретінде ашылған жаңалық.
Демек, бактериялар деп аталатын ессіз мақұлықтардың «интернеті» адамдардыкінен неше есе қуатты, тез әрі тиімді. Біз, мысалы, медицина саласындағы әлдебір оң тәжірибемізді әлемге сегіз айда таратып шықпақ түгілі, бір-бірімізден тығып, патенттеп әуреміз. Сегіз ай не? Сегіз ғасыр бұрынғы тәжірибелер әлі күнге шейін адамзаттың ортақ игілігіне айнала алмай жатқанына бәріміз куәміз! Адам ақылды ма, бактерия ма деген орынды сұрақ туады. XXI ғасыр ғылымы Бекет Атаның құпиясын ашпақ түгілі, Жаратушы құдіретті танымақ түгілі, бактериялардың ақыл деңгейіне көтеріле алған жоқ! Материалдық әлемнің кванттық негізі туралы қазіргі замандағы түсініктер қозғалыс, уақыт, кеңістік, тіпті «бар болу», «жоқ болу» туралы түсініктердің барлығы да шартты, өте үстірт екенін көрсетіп отыр. Бұл теориялардың негізімен аз-кем таныс адам Бекет Атаның су бетімен жүріп кетіп немесе дарияны теріс ағызғанына, бір мезгілде мешітін салып жүріп және неше жүз шақырым жердегі сұрапыл ұрысқа қатысып, жауынгер досына жәрдемге келіп жүретініне тіпті де таң қалмайды. Кванттық физика көзқарасында элементар бөлшек біз оған «қарап тұрған кезде», яғни бақылауға алып, назарда ұстап тұрған кезде «осы жерде тұр» деп нақты айта алғанымызбен, оған «қарамай тұрған кезде қайда болады?» деген сұраққа «барлық жерде» деп жауап береді. Мәселен, нысананы көздеп атылған оқ біз оған қарамасақ та өз нысанасын табады (детерминистік көзқарас). Ал кванттық әлемде нақты ештеме жоқ, ықтималдық толқындар ғана бар. Нильс Бор бала кезінде өзіне мынандай сұрақ қояды екен: «Элементар бөлшек А нүктесінен Б нүктесіне ол екі нүктенің арасындағы бірде-бір нүктеде болмай бара ала ма?» Қазіргі кванттық физиканың жауабы: «Иә!». Тіпті элементар бөлшек бір мезгілде 3000 нүктеде бола алатыны да ақиқат. Ендеше, Бекет Атаның таң намазының екі бас сүннетін Оғыландыда оқып, екі бас парызын Меккеде оқып келгеніне таң қалуға бола ма? Ол былай тұрсын, кванттық физика фактілеріне сүйенсек, бір мезгілде Оғыландыда да, Меккеде де болуға болады!
Себебі қозғалыстың өзі – сана феномені. Яғни біздің қозғалыста болып көрінуіміз – сананың әсері. Материалдық заттардың бөлек-бөлек болып, жеке дара заттар болып көрініп тұрғаны кеңістіктің арқасында: егер кеңістік болмаса, барлық зат бір нүктеде тұрған болар еді (К. Финейгл). Ал уақыт деген құдіреттің арқасында оқиғалар бір мезгілде жүре алмайтын болып көрінеді. Қазір Францияда Үлкен адронды коллайдер арқылы элементар бөлшекті болашаққа «өткізу» мақсатында аса ірі жоба жүзеге асып жатыр. Ал «тазарған рухтар» үшін ең төменгі жылдамдық – жарық жылдамдығы болатын болса, олар үшін қандай уақыт-кеңістік кедергі бола алады?! Негізінде уақыт – сана феномені, ал шынайы болмыс уақыт пен кеңістіктің сыртында, оларға тәуелсіз. Міне, әулиелер осы шынайы болмыста өмір сүреді. А. Эйнштейн сол себепті «Өткен шақ, болашақ пен қазіргіні бөліп қарау – иллюзия, біз әлі күнге шейін осы жалған иллюзиядан құтыла алмай келеміз», – дейді. Олай болса, қазақтың «дүние, уақыт – сағым» деген түсінігі – заманауи тұрғыдан алғанда өте терең ғылыми негізі бар көзқарас. Біз, әрине, Бекет Ата құпиясын бұл жерде айтылған жаратылыстанудың кейбір принциптері негізінде толық түсіндіре алмаймыз. Жаңа заман ғылымының бетбұрысын сезінуге бірер ишара ғана көрсеттік. XXI ғасырдың «затшылдық көзін байлаған» надан ғылымы ол үшін өз ұғым-категорияларына кие, жан, рух деген ұғымдарды енгізіп, өз методологиялық арсеналын түбегейлі қайта қарауы керек. XX ғасырдың басында Шәкәрімнің де ескерткені осы еді. Міне, жүз жылдан соң академик А. Одоевский: «Еуропа рационализмі бізді ақиқаттың қақпасына алып келді, бірақ ол қақпаны ашуға қауқарсыз болып шықты», – деп ой түйеді. Сондықтан да Бекет Ата ғылымының тереңдігін мойындаған біз үшін аталарымыз сусындаған киелі ғылымды меңгеру адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған таңғажайып жаңа өркениеттің есігін ашары даусыз!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *