
Омарханова Д. ҚазИГЗУ магистранты (Д-31 тобы) Ғылыми жетекші – п.ғ.к. Рахимбердинов Т.Б.
ПСИХОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫНДА ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ
МӘСЕЛЕСІНІҢ ҚАРАСТЫРЫЛУЫ
Денсаулық – психология, психотерапия, психиатриядағы әлі де толық зерттелмеген мәселе. Денсаулық туралы ұғым ерте кезден көптеген оқымыстылардың зейінін аударған (мысалы, Эпикур, Цицерон), ал бiздiң заманымызда З. Фрейд, А. Адлер, А. Маслоу, П.Б. Ганнушкин, А.Е. Личко, Б.С. Братусь және т.б. зерттеуіне ілінген. Денсаулық норма мен патология, саулық пен науқас қалыптарын салыстырмалы анықтауда шешуші көрсеткіш ретінде алынған.
Денсаулық категориясының практикалық және теориялық өңдеулерiне қарамастан, оның қазiргi кездегi статусы бiртектi емес. Бұл көрiнiстiң көптiлiгiмен байланысты және оны зерттеудегi әр-түрлi тұрғылар оған көлемдi анықтама бере алмайды. Зерттеулер тек қане психикалық процестер мен механизмдерге емес, сонымен қатар жеке тұлғаны толық камтитын психологиялық денсаулықты зерттеуге бағытталған.
Бұл феноменнiң күрделiгiне байланысты зертеушiлер әр-түрлi деңгейдегi денсаулық құрылымын бөлiп көрсетедi: соматикалық, психикалық, психологиялық, әлеуметтiк, рухани-адамгершiлiк. Адамның осы аталған денсаулығының түрлерi бiр-бiрiмен тығыз байланысты. Тән саулығын және әлеуметтiк саулықты сақтау үшiн психикалық және психологиялық денсаулық қажет. Денсаулық психологиясы көпшіліктің ыждаһатты ықыласына ілініп жүр. Мұның басты себебі әлеуметік жағдай. Өмірдің экономикалық жағдайының өзгеруі, нарықтық қатынастарға көшу біздің алдымызға күрделі мәселелер түйінін қойып отыр. Осылардың біразы алаңдатушылық, жүйке психикалық ауыртпалық тудырады [1].
«Психикалық денсаулық» терминiн ғылыми лексиконға ДДСҰ енгiзген. Эксперттер Комитетiнiң «Балалардың психикалық денсаулығы мен психосоциалды дамуы» баяндамасында (1979) психикалық саулықтың бұзылуы соматикалық науқастар, физиологиялық дамудағы ауытқулармен қатар, психикаға әсер ететiн, әлеуметтiк жағдайларға тәуелдi әр-түрлi жағымсыз факторлар мен стрестермен де байланысты болатындығы айтылған [2]. Ұйымның анықтамасы бойынша, психикалық саулық – адамның толық физикалық, эмоционалды, саналы дамуына негiз болатын қалып. Эксперттер әсiресе балалық шақта психикалық денсаулықтың бұзылуы қоршаған орта жағдайларымен тығыз байланыста болатындығын, баланың психосоциалды дамуына әсер ететiн мектептегi тәрбиесiн, ересектермен дисгармониялы қарым–қатынас рөлін ерекше атайды. Мектептегi рухани ортаның шешушi рөлдi атқаратындығы, ал мектептiң материалды жабдықталуының маңызды еместiгi көрсетiледi. Бiздiң ойымызша, ДДСҰ эксперттерiнiң тағы бiр қорытындылары өте маңызды: материалды байлықтың өсуi баланың психосоциалды дамуына мiндеттi түрде үлес қоспайды; әлеуметтiк-экономикалық жетiстiктердiң жаңа қиыншылықтардың тууына әкелмей, психосоциалды дамуға жақсы әсер етуi үшiн арнайы жағдайлар сақталуы қажет.
Психикалық денсаулықтың бұзылуының алдын алу үшiн фармакалогиялық шараларды ұсынады. Жалпы бұл көзқарас сол кезеңдегi психология ғылымының дамуымен, психикалық және психологиялық денсаулықтың әлеуметтiк факторларының орын алу жиiлiгiмен, күшiмен байланысты.
Психикалық қалыптың нормадан ауытқуын неврозбен байланысты қарастыру байқалады. Балалар мен жасөспiрiмдердiң невроз патогенезiнiң негiзiнде дамып келе жатқан жеке адамның қарым-қатынастар жүйесiнiң деформациясы жататындығы дәлелденген факт болып табылады. Бұл адамды невротикалық дамуға әкеледi, ол В.Н. Мясищевтiң невроздар концепциясында бiртұтас жүйенi құрайтын жеке адамның маңызды қатынастарының бұзылуы деп түсiндiрiледi. А.И. Захаров анықтауы бойынша, бала неврозын сәттi емдеу үшiн, оның себебiн бiлу керек, ал ол ата-ананың тұлғалық ерекшелiктерiмен, қате тәрбиемен, жанұядағы қарым-қатынастың бұзылуымен байланысты болады.
Денсаулық, психикалық денсаулық мәселелерiн ауру, науқас емес қалыпты даму тұрғысынан қарастыру тек ХХ ғасырдың соңғы жылдары кең орын алған [1].
Психологиялық зерттеулерге психикалық денсаулық түсiнiгiнiң енгенiне көп уақыт болған жоқ. Психологиялық сөздiктерде «психикалық денсаулық» терминi кездеспейдi. Тек А.В. Петровский мен М.Г. Ярошевский [2] редакциясымен жасалған сөздiкте психикалық денсаулық түсiнiгi ауыр психикалық қалыптардың болмауымен және қоршаған орта жағдайларына адекватты қылық пен iс-әрекеттi басқаратын жан-дүниенiң қалпы деп сипатталады. Ұсынылған дефиниция сәттi емес, өйткенi, бiрiншiден, құбылысқа қандай-да сапалардың жоқтығымен анықтама беру нәтижелi емес; екiншiден, бұл анықтама ДДСҰ қабылдаған денсаулық анықтамасына қайшы келедi, онда денсаулықтың тек қане науқастың жоқтығы емес, толық физикалық және рухани сәттiлiк екендiгi айтылады. Сондықтан, осы терминнiң анықтамасын нақтылау қажет.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Азарных Т.Д., Тыртышников И.М. Психическое здоровье. – М.:
1999. – 112 с.
2. Байшүкiрова А., Түңлiкбаева Ә. Психикалық тұрақтылық –
денсаулық негiзi// Iзденiс. № 6. – 2001. – б. 194-196