АҺЛ әл-КИТАБ (араб.— қасиетті кітап иелері, діни кітапқа ие болғандар, қасиетті кітап түскен халықтар) — Аллаһдан келген төрт кітапқа (Таурат, Забур, Інжіл, Құран) ие болғандарға Құранда берілген атау.Бұл кітаптарға сенуші халықтар пұтқа табынушылар мен отқа табынушылардан ерекшеленеді. Алғашқы үш кітап (Тәурат, Забур, Інжіл) түскен халықтар алғашында бір Құдайға сенушілер болатын, алайда уақыт өте Аллаһның түсірген кітаптарын бұзып, онда ақырғы пайғамбар Мұхаммед (Аллаһның Оған игілігі мен сәлемі болсын) екені айтылған жерлерін тастап кеткен деп есептелінеді. Мұсылмандық өркен жайған орта ғасырларда Аһл әл-Китаб өкілдеріне көп жағдайлар жасалды. Халифтық өкіметтің әкімшілігінде олар түрлі қызметтерге, көптеген жеңілдіктерге ие болды. Мұхаммедтің (Аллаһның Оған игілігі мен сәлемі болсын) өзі де, алғашқы халифтар да Аһл әл-Китабтарды, яғни кітап түскен халықтар өкілдерін қудаламауға, қайта оларға жағдай жасауға бұйрықтар берген. Орта ғасырлардағы Еуропада тұрған өзге діндегілер халіне қарағанда мұсылман елдеріндегі Аһл әл-Китаб өкілдері анағұрлым бейбіт өмір сүрді.