Талдаудың түрлері

Талдаудың түрлері

Қазақ тілі бойынша талдаудың мынандай түрлері бар:
1) фонетикалық талдау; 2)лексикалық талдау; 3) морфологиялық талдау; 4) синтаксистік талдау, т.б.
Фонетикалық талдауға келетін болсақ, мазмұнына қарай екіге бөлінеді: 1) дыбыс жүйесі бойынша талдау. Бұған мына тақырыптар кіреді: тіл дыбыстарының жасалуы, дыбыс пен әріп, дауысты дыбыстардың еріннің қатысына қарай, иектің қызметіне қарай, тілдің қалпына қарай жіктелуі, үнді, ұяң, қатаң дауыссыз дыбыстар
2) үндестік заңы бойынша талдау. Оған кіретін материалдар: буын жігі, екпін, буын үндестігі, дыбыс үндестігі, ілгерінді, кейінді ықпалдар.
Фонетикалық талдау көлеміне қарай да екіге бөлінеді: 1) толық немесе жалпы талдау. Фонетиканың белгілі әрі күрделі тақырыптарынан соң, яғни бағдарлама материалдарын толық өтіп болғаннан кейін тақырыптарды қайталау кезінде, не оқушылар білімін есепке алу үстінде іске асырылады; 2) Тақырыптық немесе жеке талдау. Бұл талдау жұмыстары жаңа материалдарды түсіндіру мен бекіту, дағдыландыру жұмысы кезінде жүзеге асырылады.
Фонетикалық талдау орындалу тәсіліне қарай да екі топқа жіктеледі: 1) ауызша талдау; 2) жазбаша талдау. Ауызша талдау көбінесе жеңіл материал кезінде сыныпта орындалса, ал жазбаша талдау күрделі, көлемді материалдарды үйде талдауда пайдаланылады. Фонетикалық талдау әдісі мынандай құрылымдық элементтерден тұрады: а) фонетикалық талдау жүргізбес бұрын сөйлем таңдалады, сонан соң сөйлем тақтаға немесе дәптерге жазылады, талданатын сөздің асты сызылады; ә) асты сызылған сөздерге фонетикалық талдау жасалады (қанша әріп, қанша дыбыс бары анықталады, дауыссыз, дауысты дыбыстар жіктеледі, буынға бөлінеді, буын үндестігі, дыбыс үндестігі анықталады, түбір мен қосымша жігіндегі ілгерінді, кейінді ықпалдар табылады, екпін қойылады).
Қазақ тілі бойынша талдау мынандай орындарда қолданылады:
1) жаңа материалды түсіндіру процесінде; 2) материалды бекіту кезінде; 3) оқушылардың өздік жұмыстарында; 4) үй тапсырмаларын орындауда; 5) оқушылар білімін есепке алуда; 6) түрлі дағдыландыру, жаттығу жұмыстарын жүргізу үстінде пайдаланылады.
Талдаудың тәсілдері қазақ тілін оқытуда өздігінен жұмыс істеу дағдысын дамытып, сынып оқушыларының білімін бекітіп, ой-өрісін кеңейтеді. Талдауды белсенді жүргізуде карточкалы дәптер бойынша жұмыс істеу тиімді. Карточкалы дәптер оқушыларды ұқыптылыққа баулып, келешекте ғылыми жұмыспен шұғылдануына жол сілтейді. Ана тілінен алған теориялық білімін мысалдар арқылы талдау процесінде нақтылап, өз пікірін дәлелдеуге үйренеді. Бұндай жұмыстар оқушыларды өздік жұмысқа дағдыландырса, екіншіден олардың сөздік қорын молайтып, көру мен есту, есте сақтау қабілетін күшейтеді.
Карточкалы дәптерде талдаудың тәсілі – сатылы басқыштар бойынша талдау. Ол жеңілден ауырға қарай талдау принципі бойынша жүргізіледі. Бұл талдауды зерттеп, айналымға енгізген ғалым Е. Исабаев [5, 112].
Мысалы, 1-карточка Дауысты дыбыстар
Ғылым таппай, мақтанба
ғы-лым
ы: т.қ.қ.- жуан, ж.қ.қ- қысаң, е.қ.қ.- езулік.
2-карточка Дауысты дыбыстар
Орын таппай, баптанба
О-рын, тап-пай, бап-тан-ба
о: т.қ.қ.- жуан, ж.қ.қ.- ашық, е.қ.қ.-еріндік.
ы: т.қ.қ.- жуан, ж.қ.қ- қысаң, е.қ.қ.- езулік.
а: т.қ.қ.-жуан, ж.қ.қ.- ашық, е.қ.қ.- езулік

3-карточка Дауысты дыбыстар
Құмарланып шаттанба
а б а б б б а- буындар
Құ-мар-ла-нып шат-тан-ба
ұ: т.қ.қ.-жуан, ж.қ.қ.- ашық, е.қ.қ.- еріндік
а: т.қ.қ.-жуан, ж.қ.қ.- ашық, е.қ.қ.- езулік
ы: т.қ.қ.- жуан, ж.қ.қ- қысаң, е.қ.қ.- езулік

4-карточка Дауыссыз дыбыстар, дауысты дыбыстар

Ойнап босқа күлуге

Т б б а а а а- буындар
Ой-нап бос-қа кү-лу-ге
[О]- т.қ.қ.- жуан, ж.қ.қ.- ашық, е.қ.қ.- еріндік
[Й]- үнді дауыссыз
[Н]- үнді дауыссыз
[А]- т.қ.қ.- жуан, ж.қ.қ.- ашық, е.қ.қ.- езулік
[П]- қатаң дауыссыз

Қазақ тілі бойынша даяр материалды талдау әдісі

Бұл әдіс белгілі бір тақырыпқа таңдалған дидактикалық материалдарды талдау негізінде жүзеге асырылады. Мұндай жаттығулардың мәтіндері оқулықтан, жаттығулар жинағынан және көркем әдебиеттерден алынады. Мұғалім өтілетін материалдың ерекшелігіне қарай күнілгері дайындалады. Дайын материалды талдауда оқушылар жаңа материалды өткен тақырыппен байланыстырады, материалдың өзіндік белгілерін бір-бірімен салыстырып, анализ жасайды.
Дайын материалды талдау түсіндірмелі жаттығулар бойынша өткізіледі. Орындау тәсіліне қарай түсіндірмелі талдау екіге бөлінеді: ауызша және жазбаша талдау. Жаттығуды ауызша талдауда мынандай методикалық талаптар қойылады: а) оқытылып отырылған материалдың өзіндік белгілері көп болмауы тиіс; ә) тақырыптың анықтамасы сөйлем жағынан ықшам болуы қажет; б) орындалатын жаттығудың мақсаты күрделі болмауы керек; в) жаттықтырылатын материалдан оқушылардың жалпы түсінігі болғаны дұрыс.
Жаттығуды ауызша талдау арқылы оқушыларда мынадай дағдылар қалыптасады: 1)оқушылардың білімі бекітіледі; 2) есту қабілеті дамиды; 3) сенімділік қабілеті нығаяды; 4) байқау қабілеті тұрақталады.
Фонетикалық талдау әдісі. Бұл әдіс қазақ тілінен білім мен дағды беруде жиі қолданылады. Талдау белгілі бір тілдік материалдарды ыдырату деген мағынаны аңғартады. Сондықтан мұны анализ әдісі деп те атайды. Талдау ыдырату және біріктіруден құралады. Талдауды ыдырату деп, ал біріктіруді жинақтау деп қараса болады. Осы екі қасиетті өз ішіне қамтитын талдау – фонетикалық талдау әдісі деп аталады.
Лексикалық талдау. Мектепте оқушының сөздік қоры екі түрлі жағдайда байып, толығып, жетіліп отырады. Мұғалім қазақ тілі сабағында сөздің этимологиясына, оның шығу тегіне, құрамына грамматикалық талдау жасап отырғаны жөн, себебі оқушы үйренетін сөзінің қайдан, қалай шыққанын білуге құмартады. Және ондай сөздер оқушының ойында мәңгі сақталады. Кейбір қос сөздердің бір сыңары түсінікті болса, екіншісін түсіну қиын, себебі сөз мағынасынан айырылған. Мұндай жағдайда мұғалім оқушыларға қос сөздің түсініксіз сыңарын түсіндіріп, талдау жасауы қажет. Мысалы, «Еліміз ұлан-байтақ». «Ұлан» — моңғол сөзі, «көп» деген мағынаны білдіреді.
Қазақ тілі сабақтарында түрлі сөздіктерді пайдалануға үйретіп, сөздердің мәнін ажыратып, мағынасына талдау жасай алуға дағдыландырған жөн.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *