Емтиханда жазылатын эссе түрі Академиялық эссе

Емтиханда жазылатын эссе түрі Академиялық эссе

Қорытынды аттестаттау емтихан болғандықтан, жазба жұмысы Академиялық эссе түрі бойынша жазылады. Академиялық эссе ұзақ және қысқа мерзімді қамтиды.
Зерттеу жұмыстарына ұзақ мерзімді академиялық эссе тән.
Ұзақ мерзімді академиялық эссеге кеңейтілген эссе түрі жатады. Оқушы қызығушылығымен таңдап алған тақырыбына зерттеу жүргізеді. Зерттеу 1- 1,5 жыл мөлшерін қамтуы мүмкін.
Қысқа мерзімді академиялық эссе білім алушының оқыған, талдаған, сараптаған білімін бағалау үшін беріледі. Қысқа мерзімді академиялық эссе емтиханға бөлінген уақытта орындалады. Академиялық эссе кез келген пәндер: жаратылыс, гуманитарлық, тіл, әдебиет бойынша жазылады. Әр пән функционалдық міндетіне сәйкес білім алушының білім нәтижесін бағалауға бағыттайды. Ана тілі мен әдебиеті пәндерінің қорытынды аттестаттау емтиханында әдеби эссе жазады.
Әдеби эссе – эссе түрлерінің ішіндегі ең күрделісі. Ол жазылу мақсатына қарай әдеби-талдау эссе, әдеби-сыни эссе, әдебисинтез эссе, әдеби-дәлелдеме эссе, әдеби-салыстырмалы эссе, әдеби-шығармашылық эссе болып бөлінеді. Әдеби эссенің әр түрінің жазу әдістері бар. Әдеби-талдау эссені туындыға талдау жасай отырып жазады. Әдеби-сыни эсседе автор көзқарасына, автор бейнесіне, автор үлесіне сыни көзқарасын, пікірін білдіріп жазады. Әдеби-синтез эсседе бір тақырыптың бірнеше туындыдағы көрінісін талдай келе, шешім шығарады. Шешіміне талдау жүргізе отырып, қорытындыға келеді. Әдеби-дәлелдеме эсседе өз ұстанымын көрсете отырып, аргументтер арқылы дәлелдеп жазады. Әдебисалыстырмалы эсседе туындыны басқа туындымен және сол туындыдағы кейіпкерлерді, оқиғаны салыстыра отырып, талдап жазады. Әдеби-шығармашылық эсседе көркем туындыдағы оқиғаны өз шығармашылығымен оқиға тудырып және кейіпкер рөліне еніп немесе оқиға уақытына, мекеніне түсіп, сезімін, ойын, жай-күйін баяндап, сипаттап, суреттеп жазады.
Әдеби эссенің әр түрінің мақсаты, жазылу ерекшеліктері бар. Мақсат, жазылу ерекшеліктері эссе тақырыптары арқылы айқындалады. Мысалы:
• «Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» повесіндегі тосын және қатыгез эмоцияларды автордың оқырманына жеткізу тәсілдерін талдап жаз». Әдеби-талдау эссе автордың тосын және қатыгез эмоцияларды жеткізу үшін қолданған тәсілдерін тауып, талдап жазылады.
• «Мұхтар Әуезов «Көксерек» повесіндегі тосын және қатыгез эмоцияларды оқырманына қаншалықты әсерлі жеткізе алды?» Әдеби-сыни эссе автордың тіл шеберлігіне сыни бағасын бере отырып жазылады.
• «Тосын және қатыгез эмоциялардың М.Әуезовтің «Көксерек» повесі және әлемдік әдеби туындылардағы көрінісі». Әдеби-синтез эсседе бірнеше туындылардағы тосын және қатыгез эмоциялардың берілуін талдай келе, өзіндік бағасын шығарады, көзқарасы тұрғысынан шығарылған бағасына талдау жүргізеді.
• Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» повесіндегі тосын және қатыгез эмоциялар оқырман психологиясына кері әсер ете ме? Әдебидәлелдеме эсседе білім алушы өз позициясын /ұстанымын/ танытады. Позициясын аргументтер арқылы дәлелдеп жазады. Аргумент келтіруде Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» повесімен ғана шектелмей, неғұрлым өзге дереккөздерден аргументтер келтірген сайын, соғұрлым эссе бағасы жоғарылайды.
• «Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» повесіндегі Құрмашсың. Жоғалып кеткен Көксеректі күтпеген сәтте кездестірдің. Көксерек саған қарсы шауып, сен жараландың. Осы сәттегі сезіміңді сипаттап жаз. Әдеби-шығармашылық эссе жазуда Құрмаш рөліне енеді, сезімін, жайкүйін сипаттап жазады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *