АХМЕТ СҰЛТАН (15 ғасырдың 2-жартысы — 03.1509) — сұлтан. Жәнібек ханның немересі, Жаныш сұлтанның ұлы. 1507 — 1508 жылы 50 мың әскермен Мауереннахрдың Самарқан, Бұхара аймағына жорық жасады. Бұхара аймағындағы Куфин өңірінен мол олжамен оралды. Бұл жорыққа Мауераннахр билеушісі Мұхаммед Шайбани ханның 1505 — 1506 жылы қазақтармен сауда-саттықты үзу туралы жарлығы мен Түркістан, Хорезм қалаларындағы қазақ саудагерлерін тонау туралы бұйрығы түрткі болған. 1509 жылы Мұхаммед Шайбани ханның қазақтарға қарсы жасаған үшінші жорығының алғашқы соққысы Жаныш сұлтан ұлысына бағытталды. Тұтқиылдан болған шабуылға қазақ ұлысы табандылықпен қарсылық көрсетті. Жау әскерінің күші басым болып, қазақ ұлысы талқандалды. Ахмет Сұлтан сол шайқаста қаза тапты.