Қазақ хрестоматиясы

«Қазақ хрестоматиясы» еңбегі. «Қазақ хрестоматиясы» орыс хрестоматияларының үлгісімен жасалды. 1876 жылдың 3 желтоқсанында Н.И.Ильминскийге жазған хатында былай дейді: «Бірінші кітабымды Паульсон кітабының құрастырылу тәртібімен жазып шыққалы отырмын. Әрине, мұны қазақ балаларына лайықтап жазамын»(210). Ы.Алтынсарин сол кездегі қазақ жазбасында тұрақталып қалыптасқан араб жазуын емес, орыс алфавитін пайдаланды. Ыбырай қазақ әліппесін ұлттық ерекшеліктерге сәйкес құрып қалыптастыруды арман етті. Кирилица нұсқасына қазақи дыбыстардың әріптерін белгілп қосуды ойлады. Сөйтіп, 1879 жылы алғашқы «Қазақ хрестоматиясын» шығарды. Өйткені араб әліппесі қазақтың ұлттық фонемасына сәйкестендірілмеді. Оның фонетикалық жағынан күрмеу бола бастағанын Ы.Алтынсарин бала оқыту кезінде байыптады. Бұл жайды А.Байтұрсынов та кейін кеңінен зерттеп, төте оқу әліппесін түзген болатын.
«Қазақ хрестоматиясы» төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «Ұсақ әңгіме–ертегілер(балалар турасында)», екінші бөлім «Үлкен кісілер турасындағы әңгімелер», үшінші бөлім «Әр түрлі өлең-жырлар», төртінші бөлім «Мақалдар» деп аталады.
Хрестоматияға енгізген шығармаларды іріктеуде, біріншіден, әр халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлерінен хабардар ету принципін көздеді. Екіншіден, оқушылардың бойына адамгершілік қасиеттерді дарытуды көздеді. Үшіншіден, бастауыш сынып оқушыларының түсінігіне жеңіл, тілі жатық әңгімелерді беруге тырысты. Ол өз шығармаларында халықтық тілдің негізгі сөздік қорын шебер пайдалана білді. Әдеби тіл принциптерін қатаң сақтады. Оқушылардың ұғымына жеңіл етіп қарапайым тілмен жазды.
Ағартушының Н.И.Ильминскийге, В.В.Катаринскийге жазған хаттарынан Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясын» екі кітап етіп шығаруды жобалағанын байқаймыз. 1876 жылы 3 желтоқсанда Н.И.Ильминскийге жазған хатында былай дейді: «Бірінші кітабымды Паульсон кітабының құрастырылу тәртібімен жазып шыққалы отырмын. […] Екінші кітабымды мен балаларға қызғылықты етіп, табиғат құбылыстары, табиғат күштері туралы, тарихи және географиялық-ғылыми әңгімелер келтірмекпін»[1;210]. 1880 жылдың 4 сәуірінде В.В.Катаринскийге жазған хатында былай дейді: «Декабрь айындағы қиын сапардан кейін аяғымның сырқырап ауыра беруінің салдарынан қыстың денін сырқаттанумен өткіздім, сол мезгіл-мезгіл ауырған сырқатымның ара-арасында хрестоматияның екінші бөлімін құрастыра бастадым. Мұны бір-екі жылда аяқтайтын болармын. Хрестоматияның бұл бөлімінде мен мүмкін болғанынша толық түрде жаратылыс тарихы туралы, география, тарих туралы, аздап химиядан, физикадан, техникалық өндірістен түсінік бергім келеді. Қазақ халқының қазіргі жағдайында маңызы күшті болатын бұл еңбекті ойдағыдай орындап шығуыма құдай тек өмір мен күш беретін болсын, — мұны жақсылап қолдана білсек, бұл қазақ даласына көп өзгеріс енгізеді»[1;229].
Хрестоматияның құрастырылу үстінде екендігін 1883 жылғы хатында тағы хабарлайды. Әрі оқулықтың араб әрпімен терілуіне байланысты ойынан хабар береді. «Хрестоматияның екінші бөлімін жазып жатырмын, жаратылыс тарихы бөлімін аяқтадым, енді географиялық суреттеме бөліміне кірісіп отырмын. Бірақ, тағы да бұл хрестоматияны араб әрпімен бастыру керек-ау деген ойдамын. Өткен жолы алфавит мәселесі жөнінде, попечительге көрсетсе керек болар деген оймен, Сізге ресми түрде хат жазған едім. Осы жөнінде өз пікіріңізді хабарласаңыз жақсы болар еді» деп жазады[1;256] 1883 жылдың 4 ақпанында В.В.Катаринскийге. Демек, 1879-1884 жылдар ішінде Ы.Алтынсарин хрестоматияның екінші кітабын құрастыру үстінде болған. Ыбырайдың шәкірті Ғ.Балғынбаевтың естелігі бойынша, хрестоматияның баспаға дайын екінші бөлімін Алтынсариннен кейін инспектор болған А.В.Васильев өз қолымен қайта көшірген. Ғ.Балғынбаев «… тарату мақсатын көздеп мен арқылы беріп жіберді» дейді де[2;369] қайда, кімге беріп жібергендігі турасында да және қолжазбаның одан кейінгі тағдыры жайында да ештеңе жазбайды.
1886 жылы 2 сәуірде В.В.Катаринскийге «Мен қазір өте жабырқау, өте көңілсізбін, өйткені, мен көмектеседі, қолдайды деп үміт еткен өкімет орындарының өзі ақырында келіп, мені заңды және тіпті заңсыз жолдармен қудалап отырады» деп жазған[1;281] Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясының» «қазақ даласына көп өзгеріс енгізетін» бөлімін жалғастыру жолындағы еңбегінің еш кеткендігі таңқаларлық жайт емес.
3. Ы.Алтынсарин өлеңдері. Ы.Ыбырайдың әдеби еңбектерінің жинағы — «Қазақ хрестоматиясы» автордың айқын ағартушылық мақсатта жазған әйгілі екі өлеңімен ашылды. Ақын бұл шығармаларын хрестоматияның өз кезіндегі басылуында «Сөз басы» деген атпен кітаптың алғашқы бетінде жариялаған еді. Қазіргі кезде олар «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер — білім бар жұрттар» деген атаулармен айтылып, жұртшылық ұғымына әбден сіңісіп кеткен. Ыбырай бұл өлеңдерінде қазақ жастарын білім алуға, мәдениеттің жаңа дәстүрін батыл меңгеруге шақырды.
Өлеңдерінің ұрандық, жаңалыққа шақырушылық қасиеттерінің басым болуы да осыған байланысты. Бұл шығармаларын кітаптың алғашқы беттерінде жариялай отырып, ол оқушының назарын бірден кітаптағы негізгі мәселеге — халық ағарту мәселесіне аударуды көздеді. Сол себепті бұл екі өлеңді кітаптың бүкіл өзекті мәселесі мен мақсатын өз оқушысына бірден танытсын деп «сөз басы» деп берді. Шындығында да, олар «Қазақ хрестоматиясы» сияқты кітап үшін тамаша сөз басы еді, бұл екі шығарма осы күйінде қазақтың ғылым-білім дүниесіне қарай аттаған бірнеше жас ұрпағына абзал қызмет етті.
«Кел, балалар, оқылық». Ыбырай өлеңдерінің ішіндегі ең кең тарағаны да — «Кел, балалар, оқылық!». Бұл – балаларға үгіт ретінде жазылған, оларды оқуға, өнер үйренуге шақырған, өнер-білімнің пайдасын түсіндіретін өлең. Бұл өлең кеңес дәуірінде балаларға арналған оқулықтар мен оқу құралдарының бәрінде де үздіксіз басылып келді және қазіргі кезең оқулықтарында да басылуда. Бұл – аталмыш өлеңнің уақыт талабына жауап бере отырып, әр дәуір ұрпағын тәрбиелеуге үн қосып келе жатқандығының айғағы.«Кел, балалар, оқылық!» өлеңі – түгелдей Ыбырай өмір сүрген дәуірдің рухына, шындығына толы.
Білім-өнерден алыс жатқан қазақ балаларын жинап алып, осы тәріздес үгіттік, ұрандық мәні бар өлең оқу ол дәуір үшін тың жаңалық еді. Бала ұғымына жанды әсер ету үшін ақын оқу-білімнің өлмейтіні мен «мал-дәулеттің байлығы бір жұтаса жоқ болатынын» біріне-бірін қарсы қоя отырып түсіндіреді. Сонымен қатар адам еңбегіне мән береді – «сауысқан тамақты шоқумен табады, өнер-білім оқумен табылады» дегенді еске салады. Өлеңнің «Кел, балалар, оқылық!» деп қайталанып отыратын үш тармағы ойды бекітіп, оның үгіттік әсерін арттыра түседі.«Әлпештеген ата- ене қартаятын … қартайғанда жабығып, мал таятын күн болатын», «ата — енең қартайса, сосын қолдан мал тайса, тіреу де, сүйеу де оқу- білім» болатынын ұмытпауға шақырды: Кел, балалар, оқылық, оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық! … деген Ыбырай атамыздың өлең жолдары әр ұрпақтың, бар буынның жадында жатталып қалған жан серігіндей.
Ыбырайдың «Кел балалар, оқылық!» өлеңінің айрықша құндылық қасиеттерінің бірі — оның халық дәстүрі, халықтың ұғым өлшемі негізінде жазылғандығында. Бұл жағдай Ыбырай шығармаларының қазақ еңбекшілерінің түсінігі мен талабына сәйкес келіп, оның халық арасына оңай және тез сіңісуіне мүмкіндік туғызған фактор ретінде көрінеді. «Кел, балалар, оқылық!» өлеңінің екінші бір құндылық жағы — қазақ қоғамының сол дәуірдегі өмір шындығына айқын көрініс бере алатындығы десек, асыра айтқандық болмайды.
Автор өзінің негізгі идеясын оқушыға қазақ тұрмысындағы белгілі жағдайлар арқылы жеткізуді көздейді. Атап айтқанда, ол қазақ даласында кең етек алған мал байлығы мен қазақтар үшін әлі де қолға түспей отырған білім байлығын қатар салыстыра келіп, малдың «жұтқа» ұшырауы сияқты қазақ өміріндегі кесір-кердең апаттарды суреттейді, білімсіз, еңбексіз табылған байлықтың баянсыздығын ұғындырады, мал шаруашылығының дала тұрмысында күн көрудің бірден-бір көзі болып отырғанын қынжыла, ашына бейнелейді.
«Кел, балалар, оқылық!» өлеңі ұлттық шеңберде, қазақ қоғамындағы мәселелердің төңірегінде жазылған, идеялық бағыты мен негізгі тақырыбы жағынан мәдениетті елдердің ағартушыларының осы саладағы еңбектерімен үндес те үзеңгілес шығарма болды. «Өнер-білім бар жұрттар». Ыбырайдың «Өнер — білім бар жұрттар» деген өлеңі «Кел, балалар, оқылық!» өлеңінің жалғасы тәрізді. Екі шығарманың да мазмұны мен идеялық мақсаты жағынан біртұтастығы осы пікірді растай түседі. Ыбырай хрестоматияның өз кезіндегі басылымдарында бұл екі өлеңді сол себепті де бір-бірінен бөлмей жариялаған болатын. Сөйтіп, кітаптың бірінші бетінің өзі Ыбырайдың әдеби және ағартушылық еңбектерінің идеялық жағынан бір-бірімен тығыз байланыста туғанын және айқын халықтық мақсатта дүниеге келгенін білдіреді.
Ақын «Кел, балалар, оқылық!» өлеңінде білімнің артықшылығын қазақ қоғамындағы әр түрлі жағдайлармен салыстыра отырып көрсетсе, «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңінде ғылымның жетістіктерін тікелей мадақтайды, мәдениетті елдің озық салтын баяндайды. Шығарманың лирикалық кейіпкері өз замандастарының назарын мәдениетті елдің қолы жеткен табыстарына аударуды көздейді, олардан үйренуге шақырады, халқының мәдени мешеулігіне қынжылады. Автор ғылым мен мәдениеттің негізгі көзі деп, атын атамаса да орыс қоғамын, оның халықтық мәдениетін көрсетеді.«Өнер-білім бар жұрттар» өлеңінде ғылым мен техниканың сол кездегі ең басты жаңалықтары толық баяндалады. Олардың қайсысы да ғасырлар бойы езушілікте болып, жақсы өмірге аңсаумен келе жатқан қазақ халқының көңіліне қонымды жүйеде дәлелденеді, оның жаңалыққа талпынушылығын арттыра түсетін дәрежеде көрінеді.
Ы.Алтынсариннің табиғат лирикасы. Ыбырайдың бірлі-жарым өлеңдері табиғаттың сұлу көріністерін суреттеуге арналған. Мұндай лирикалық өлеңдер қазақ әдебиетінде Ыбырайға дейін жөнді кездеспейтін еді. Оның «Жаз», «Өзен» өлеңдері кезінде қазақ әдебиетіне жаңалық болып қосылды. Адам өмірі табиғат аясынан тыс болмақ емес. Бірақ Ыбырайға дейінгі қазақ ақындары табиғатты өз алдына тақырып жасап, бөлек жырлауды дәстүр етпеген еді. Ыбырай мен Абай қазақ әдебиетінде жыл мезгілдерін өз алдына тақырып етіп жырлаған жаңашыл лирик ақындар болды.
Ыбырай мен Абайдың табиғат көрінісіне айрықша көңіл аударып оны шабытпен жырлауы кездейсоқ емес. Мұнда біраз заңдылық бар сияқты. Ең алдымен, бұл арада Абай мен Ыбырайдың идеялық бағыты жағынан озықтығын, соның нәтижесінде олардың эстетикалық сезімінің тереңдігін айтуымыз қажет, екіншіден, олардың орыс әдебиеті классиктері Пушкин мен Лермонтовтың осы тақырыптағы шығармаларынан үйреніп үлгі алғандықтарын көрсету қажет. Шын мәніндегі пейзаждық лириканы Ыбырай жасады. Ыбырай табиғат лирикасын туғызған кезде оның алдында даяр үлгі – орыс әдебиеті мен батыс поэзиясы бар еді. Ақын оны шебер меңгерді және оған өзіндік талғаммен қарады. Ол табиғатты адам өмірімен байланыстыра жырлаған Байрон, Пушкин, Лермонтов сияқты ақындарды үлгі тұтты. Сөйтіп, ол әрі мәнді, әрі сұлу суретті табиғат лирикасын жасады. Ыбырайдың табиғат туралы өлеңдері бастан-аяқ адам тіршілігіне байланысты. Ақынның бұл өлеңдері реалистік суреттерімен ерекшеленеді.
Ыбырай өлеңдерінің лирикалық кейіпкері оқушыға тым жақын. Ол оқушының жан дүниесінде жайдарылық сезім туғызады, көңілді әсер қалдырады. Ақынның лирикалық кейіпкері табиғат сұлулығын да тани біледі, одан өзіне рухани күш те ала алады. Шын мәніндегі пейзаждық лирика нағыз талантты ақынның қаламынан, жазба әдебиеттің кексе өкілінен ғана туады деп есептесек, «Жаз», «Өзен» өлеңдерін оқи отырып Ыбырайдың осы айтылған талаптарға сай келетін ақын болғанына көзімізді еркін жеткізуге болады. Оның өлеңдерінің әр шумағында табиғаттың белгілі бір көрінісі суреттеледі. Жеке суреттеулердің жанды бейнеге келтірілуі табиғаттың әр құбылысын оқушының көз алдына келтіре алады.
Ыбырайдың «Жаз», «Өзен» өлеңдері халықтың 11 буынды қара өлеңнің ұйқасы негізінде жазылған және сөздік қолданысы, негізгі мәселені суретеуі жағынан да халық өлеңдеріне ұқсас. Ыбырайдың бұл шығармалары осындай өткірлік, көркемдік қасиеттерінің арқасында халық аузында да кеңінен тарап, өздерінің бүкіл ерекшеліктерімен халық талабына толық үндесті. Соның нәтижесінде олар ХІХ ғасырдың аяқ кезінде авторы белгісізденіп, мүлде халықтық шығармалар болып кетті. Бірақ соның өзінде бастапқы түрін толық сақтады. Орыс оқымыстылары И.Лаптев пен Д. Львовичтің қазақ ауыз әдебиетінен жинаған материалдарында осы шығармалар кездеседі. Олардағы текстілердің хрестоматияның 1879 жылы басылуындағы негізгі текстілерден мүлдем айырмашылығы жоқ. Осы бір фактының өзі «Жаз», «Өзен» өлеңдерінің көркемдік қасиеттерін айтпай-ақ танытады. Өйткені нашар шығарманы халық жаттамайды да, таратпайды да, ал таратқан күннің өзінде үлкен өзгеріске ұшыратады, өңдейді, сөйтіп өзіндік шығарма етіп жібереді. Ал «Өзен» мен «Жаз» мұндай халге ұшыраған жоқ. Ыбырайдың «Балқожа бидің баласына жазған хаты», «Бұл кім?» «Араз бол, кедей болсаң, ұрлықпенен», «Әділдік көрмегені үшін бір төреге айтылған сөз» , «Әй, достарым!» деген өлеңдері де бар.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *