Балаларға арналған халық ертегілері

Балаларға арналған халық ертегілері. Жазба әдебиет сияқты, ауыз әдебиетінің де өз тыңдаушысы, оқушысы бар. Ертегі шығарушылар оларды да ескереді. Ертегіні кімге айтады, не үшін айтады, ертегінің мақсаты не? Ертегі шығарушылар мұны да аңғарған. Мысалы, «Қотыр торғай», «Өзі бір қарыс, сақалы қырық қарыс», «Құйыршық» ертегілері құрылысы, сюжеті, тілі жағынан басқа ертегілерден мүлде ерекше. Бұлар балалардың ой-санасы, дүниетану дәрежесіне лайықталып шығарылған ертегілер. Халық ертегілеріндегі фантастика балалардың ойына қозғау салады, ақыл-ой қызметінің дамуына жәрдемдеседі. Халық ертегісін балалардың сүйіп оқитыны, ықыласпен тыңдайтыны оның көркем, әрі жеңіл тілмен берілетіндігінде. Қазақ балалар фольклорындағы «Тазша баланың өтірігі», «Айлакер тазшаның өтірігі», «Тоқсанбай мен тоғыз жасар бала», «Екі суайт» және т.б. ертегілердің қай-қайсысы болсын балаларды тапқырлыққа, алғырлыққа баулиды. Қиыннан қиыстыра айта білетін шешендік өнерге жетілдіреді. Аталған ертегілер балалардағы логикалық ойдың даму процесін жеделдетуге көмектеседі. Қазақ ертегілеріндегі тазшалар сырт-пішіні жағынан елеусіз болып көрінсе де, ақыл-айласы бәрінен де асып түседі. Алдынан ажал тосып тұрса да, сабыр сақтайтыны, жол тауып құтылып кете беретіні балаларды сүйсіндіреді, ойға қалдырады. Халық ертегісіндегі өтірік өлеңдер балаларды неше алуан жәндіктердің атымен, олардың тіршілігімен таныстырады. Сирек қолданылатын көне атауларды еске түсіреді. Күлдіргі ертегілер(«Ши бұт, қағанақ бас, қыл тамақ», «Қаңбақ шал», «Байбай шал», «Айлалы шал», «Ұр, тоқпақ», «Тазшаның қырық ертегісі» т.б.) көбінесе ықшам да қысқа келеді. Сол себепті ертегі баланың есінде сақталуына, жатталуына икемделіп тұрады.
Хайуанаттар жайындағы ертегілерге құрылысының қарапайымдылығы, шағын көлемділігі және диалогқа құрылуы жағынан новеллалық(салт) ертегілер(«Ши бұт, қағанақ бас, қыл тамақ», «Ұр, тоқпақ», «Қаңбақ шал», «Байбай шал», «Айлалы тазша», «Қу тазша», «Тазшаның қырық өтірігі», «Қу бала», «Екі еріншек», «Үш жалқау», «Олақ қыз» т.б.) ұқсас келеді. «Алдымен бұндай ертегілердің оқиға ортасында жүретін бас геройының өзі ерекше. Оның бар іс-мінезінен бұрын аты-қалпы, кескін-ұсқыны да күлкі, оқыс келеді»(6;225). «Ши бұт, қағанақ бас, қыл тамақ» ертегісіндегі кейіпкерлердің оқшау тұрпаты әңгіме басында-ақ күлкі туғызады. Олардың өрескел әрекеті мен өлімі де күлкі туғызбай қоймайды. «Ұр, тоқпақ» ертегісі сиқырлы заттардың әрекетіне құрылған. Бұлар шалды ойда жоқта оқыс күлкі туғызатын жағдайларға душар етеді. «Қаңбақ шал», «Байбай шал» ертегілерінде әлсіздік пен тапқырлық, айлакерліктің қатар жүріп, иесін жеңіске жеткізетіндігі әңгімеленеді. Тазша бала жайындағы ертегілерді М.Әуезов күлдіргі ертегілердің ең шебер үлгісіне жатқызады. «Күлдіргі әңгіме, тегінде, анық шебер құрылса, осындайлық көпке мәлім, көпке қанық жайдан алыну керек. Ол үшін күлкілі хал барлық жұрт білетін, көптің көз алдындағы табиғат ішінен алынатыны – халық күлкісінің бір ерекшелігі, даналығы»(6;226). Бірқатар ертегілер жалқаулықты, еріншектікті, олақтықты әшкерелейді. Балаларға бұндай ертегілердегі тұрмыс, кәсіп белгілері мен сипаттары қызықты болмақ. Аталған ертегілердегі юмор мен тапқыр сөз — әрқашан бала тілегін қанағаттандыратын нәрлі дүние.
Қиял-ғажайып ертегілерінде қиял тудырған неше алуан жан иелері көрінеді. Жалмауыз кемпір, мыстан кемпір, жезтырнақ, айдаһар, жалғыз көзді дәу, алып қара құс, тұлпар ат, алтын шашты қыз т.б. қатысады. Қиял-ғажайып ертегілерінің тіл кестесі, сөздік құрамы, жалпы әңгімелену ерекшеліктері өзгеше. Ертегі «баяғы өткен заманда», «ерте, ерте ерте екен, ешкі жүні бөрте екен, қырғауылы қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен», «есте жоқ ерте заманда» деп басталады да, «барша мұратына жетіпті», «барша мұрат басына жетіпті», «бақытты ұзақ өмір сүріп, мұраттарына жеткен екен» деп аяқталады. Қиял-ғажайып ертегісінде басты кейіпкер аса қатерлі жаумен(жалмауыз кемпір, мыстан кемпір, жезтырнақ, айдаһар, жалғыз көзді дәу т.б.) алысады. Ертегіде қажыр-қайрат, қимыл-әрекет адамының қуатына сену бар. Олар — Ер Төстік, Кер құла атты Кендебай сияқты өз ақыл-ой, қажыр-қайратына сүйенген жандар. Бас қаһарманға көмек көрсететіндер — ай десе аузы бар, күн десе көзі бар ару қыздар(Күн астындағы Күнікей қыз, Ай астындағы Айбарша т.б.), таусоғар, көлжұтар, желаяқ, саққұлақ сияқты ғажайып жан иелері, алып қара құс, тұлпар ат т.б. Сиқырлы қазан, алтын сақина, айна, дастарқан, кездік, тоқпақ, семсер сияқты заттар да қаһарман керегіне әрекет етеді. Қиял–ғажайып ертегілерінде тұрақты сөз тіркестері мен қолданыстары жиі кездеседі. Қимыл-әрекетті жылдамдату, тездету мақсатында «заманды күндер болғанда», «күндердің күнінде», «қотыр тай ұстағанда құнан, жүгендегенде дөнен, ерттеп мінгенде бесті ат болады», қиын-қыстау күн туғанда «маңдайы тасқа тиіп, табаны жерге тиіп», «ұшқан құстың қанаты күйеді, жүрген аңның тұяғы күйеді», «қара құсқа қоң етін кесіп береді» т.с.с. тіркес сөздер молынан ұшырасады. Қиял-ғажайып ертегілері фольклордың басқа жанрларының көптеген стилистикалық әдіс-тәсілдерін өз бойына жинақтаған. Қиял-ғажайып ертегісіндегі айрықша сөздік үлгілер оны өзге ертегілер қатарынан бөлекше етіп көрсетеді.
Хайуанаттар жайындағы ертегілердің сипаты. Үй хайуандары жайындағыертегілердің кейбіреулері жеңіл, күлкілі әңгіме түрінде балаларға арналған. Мұндай ертегілердің оқиға желісі балалардың өздері күн сайын көріп жүрген нәрселерді суреттейді. Олардың оқиға-әңгімесі айтушыға да, тыңдаушыға да жеңіл, ыңғайлы, ықшам келеді. Бұған мысал етіп «Қотыр торғай», «Мақта қыз бен мысық», «Күшік пен мысық», «Құйршық», «Түлкі мен бөдене», «Түлкі мен тауық» т.б. ертегілерін алуға болады. «Қотыр торғай» ертегісінде қотыр торғай «қотырымды ауырттың деп шеңгелге ашуланады да, оның үстінен ешкіге шағым етеді. «Шеңгелді жеп қойшы» — дейді. Бірақ ешкі оның тілін алмайды. Сонан кейін қотыр торғай ешкіні қасқырға айтады, қасқырды жылқышыға, жылқышыны байға, байды шешесіне, шешесін желге айтады. Ақырынды ертегінің кейіпкерлері бір-бірін қуыса бастайды, ешкі келіп шеңгелді жейді. Қотыр торғайдың кегі қайтады. Осы секілді күлдіргі жай «Мақта қыз бен мысық» ертегісінде де бар. Үй хайуандары жайындағы ертегілердің балаларға арналған әңгімелері оқиғаны көбінесе тізбектеп айтуға құрылады. Бір оқиғаның кілтін екіншісінен іздеу, осы ретпен барлық әңгімені қысқа түрде тізбектеп айту әдісін қолданады. «Оны балаларға арналған ертегілердің өзіндік құрылысы, ерекшелігі деуге болады» — дейді М.Әуезов. Мұның мәнісі оқиғаны аурлатпай, балаларға жеңіл, әрі күлкілі, әрі түсінікті етіп әңгімелеуді ойлағандықтан туған секілді. Ертегідегі біркелкі эпизодтар осылайша қайталанып келіп, соңында бас кейіпкер белгілі бір нәтижеге жетеді. Орыс халқының «Ешкі мен жаңғақ» ертегісі де осындай тізбекке құрылған. Сондай-ақ, балаларға арналған ертегілердің көлемі шағын келеді, кейде диалог түрінде де айтылып отырады. Қайталанатын эпизодтардағы диалогтардың көбінесе ұйқасқа құрылуы, яғни өлең түрінде келуі де кездеседі. Өлең араласқан ертегі театрландырылған көрініске сұранып-ақ тұрады. «Бес ешкі» ертегісінде ат теуіп , шықшыты сынған қасқыр былай деп ұлиды:
Қара тоқтыны жемеген
Қабылан басым-ау, у…у…
Бес ешкіні жемеген
Бегпен басым-ау, у…у…
Құла атты құдықтан суырып алған
Балуан басым-ау, у…у…
Артына шығып, құран оқып,
Көз жұмар молда ма едім?
Ау…у…
Баланың жасы кіші болған сайын ертегі қаһармандары мен ондағы оқиғаларды шын өмірдегідей қабылдайды. Лақ, қозы, бұзау, күшік, мысық тәрізді ертегі кейіпкерлері баланы баурайды. Олардың тірлігі адам өміріне ұқсас. Адам харакетін қайталайды. Уақыт өте келе хайуанаттар әлемі өкілдері белгілі бір сипатқа ие бола бастайды. «Әрбір аң айнымас мінез иесі болады. Арыстан — әр зорлықтың, асқақ күштің иесі; қасқыр – тойымсыз қомағайлық, жеміттк мінез иесі; түлкі – пәле басы және жаурыны жерге тимес, аяр алдамшы, өзінен өзгенің бәріне іші қас, сырты дос болып жүреді.[…] Өзінше, біралуан келесіз, ақылсыз қара күштің иесі болып аю жүреді.[…]Момын, жазықсыздан, кең тазалықтан осы хайуандар арасында жүріп жем болатын түйе бар»(6;213).
Хайуанаттар жайындағы еретегілерде балаларды қызықтырарлық және ой саларлық екі түрлі сипат бар. Бірінші жағы, балалар бұлардың бәрінен хайуанаттардың мінез өзгешеліктерін, сырт көрінісі мен тіршілігін байқайды.Бұл ретте қазақ ертегілеріне жыртқыш аңдардан молырақ енгені арыстан, қасқыр, түлкі, аю болады. Халық ертегісі бұлардың әрқайсысына лайықты мінездеме береді. Арыстан – асқан күштің, зорлықтың, қасқыр – қомағайлық пен қорқаулықтың иесі болып кейіптеледі. Түлкі — айла мен аярлықтың иесі. Бұлармен қатар, қазақ ертегілерінде ожарлық, аңқаулық кескінімен аю жүреді. Жұрттың бәріне мазақ, күлкі ретінде маймыл қатысады. Ертегімен танысқаннан кейін оларды енді өздері тікелей білуге, көруге, зерттеуге құштарлықтары арта түседі. Екінші жағы, хайуанаттар жайындағы ертегілер адамдар арасында болатын тартыстардың сыр-сипатын байқатады. Түлкі ел арасын бүлдіруші, жұртты алдаушы, өсекшіл, күншіл адамның бейнесін елестетеді. Арыстан бейнесінен талайды қан қақсатқан, жұртты жәбірлеуші адамдарды көреміз. Бұл айтылғандарға «Қасқырдың қойдан қорыққаны», «Үш жігіт», «Түлкі мен арыстан», «Түйе неге артына қарайды?» ертегілерін мысал етуге болады.
Халық ертегілері сюжет құру, образ жасау, тіл байлығын қолдану жөнінде жазба әдебиетінің алғашқы үлгілеріне көп әсе етті. Жазба әдебиетінің шеберлері осы күнде де халық әдебиетінен тіл байлығын үйренетіні, кейде оның сюжетін пайдаланғандығы белгілі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *