«Қабуснамадан» үзінділер

Кейқаус

«Қабуснамадан» үзінділер

6- тарау. Өнердің абзалдығы, қадір-құрметі және өнегелі болуы туралы

Ей, перзентім, есіңде болсын, өнерсіз жан – өнегесіз, оның ешкімге де пайдасы тимейді. Ондайлар бұтасы бар да, көлеңкесі жоқ тікенді шоңайнаға ұқсайды. Өзіне де, өзгеге де пайдасыз болады.
Егер адам текті асылзада әулетінен болса да, өнері болмаса, халықтың ізет-құрметінен мақрұм қалады. Нәсіл гауҺарынан да, өнер өрнегінен де құр алақан жанның тағдыры одан да жаман болады.
Жаратылысың текті, асылзада, сұлу болғанға мастанба. Өйткені тектілік пен тән сұлулығы өнерпаздық жан сұлулығымен толықтырылмаған жағдайда, еш нәрсеге де арзымайды.
Мысалы, ұлы дәрежелі болу, шыққан тегіңе емес, ақыл-біліміңе байланысты.
Ата-анаңның қойған жақсы есіміне де есірме. Ол бір сыртқы сыпаттан басқа ештеңе де емес. Қалайда, сен өнерлі болып, жақсы атаққа ие болу үшін талаптан.
Егер адам текті асылзада болғанмен, өнері болмаса, оны ешкім де елемейді. Бұл екі гауһарға бірдей ие болған адамды көрсең, етегінен ұстап, қолыңнан шығарма. Мұндай жан жалпы халықтың қажетіне жарайды.
Барлық өнерден сөз өнері жақсы екенін білгенің жөн. Сөзді өз орнымен сөйле. Орынсыз айтылған сөз жақсы болса да, жаман көрінеді. Орынсыз айтылған артық сөз опық жегізеді. Егер сөйлеген сөзіңнен бір нәрсенің пайдалы исі сезіліп тұрмаса, ондай сөздің айтылмағаны жақсы.
«Сөз бір шарап сияқты, одан бастың ауыруы да, жазылуы да мүмкін» депті білімдарлар. Біреу сенен бір нәрсені сұрамаса, жауап бермегейсің, ал сұрай қалса, турасын айтқын. Босқа кететін жел сөзден сақтан.
Ей, перзентім, қай кезде болмасын жақсылық істеуді жадыңнан шығарма. Жақсылықты жалпы халыққа жаса, жамандықтан аулақ бол, керісінше сөйлеме, теріс оймен ойлама. Бидайды көрсетіп, арпа сатпағын. Әр істе әділетті бол. Әділ жанға бидің де, қазынаның да қажеті жоқ.
Егер де сенің көңіліңде қайғың немесе қуанышың болса, сол қайғы мен қуанышыңа серік болатын адамға ғана айтуыңа болады.
Қайғылы жанға қуанышыңды айтпа. Әр нәрсеге таңданып, таңырқама, өйткені таңдану жас балаға жарастықты. Есті жан қайғымен аяқталатын қуанышты қуаныш демейді, қуанышпен аяқталатын қайғыны қайғы екен демейді.
Халықтың жақсы-жаман істері мен мінез-құлқына көз қырын салып, олардың пайдалы және зиянды істерінің қандай нәтиже беретінін бақылап, ой елегінен өткіз де, оның қайсысы өзіңе тиімді, қайсыбірі халыққа пайдалы екенін үйрен. Міне, осы айтылғандардан қорытынды шығар да, өнер үйреніп, жоғары мәртебелі болу үшін әрекет істе. Сен ол мақсатыңды екі түрлі жолмен жүзеге асыра аласың. Бірі – өнеріңе сай іс істеумен, екіншісі – білмеген өнерді үйренумен.
Сократ Хаким: «Өнерден жақсы нәрсе, білімнен үлкен, ұяттан сұлу нәрсе, қызғаншақтықтан асқан дұшпан жоқ» деген екен. Әрбір сәтті бос өткізбей, тиімді пайдаланған жағдайда ғана өнерді үйренесің. Өнер үйренетін дана табылмаса, наданнан үйрен. Ол үшін әрдайым көңілдің көзі, ақылдың айнасымен наданның істеген істерін көріп, оның жаман, жағымсыз істерінен бойыңды аулақ сақтауың керек.
Ескендір Зұлхарнайын бір сөзінде: «Барлық достарымнан пайда көрем, дұшпандарымды одан да көбірек пайдаланамын, өйткені жаман істерімді достарым жасырады, жақсылығымды асырады. Сондықтан да өз кемшілігімді білмей қаламын. Дұшпандарым дұшпан болғандықтан, айып істерімді жасырмай айтады, ал мен болсам, өз кемшілігімді тез жою үшін әрекет жасаймын» депті.
Білімді үйрену үшін еңбекқұмар болып, бойыңды жалқаулыққа үйретпеуің қажет. Жалқаулық іс жақпастық денеңнің бұзылып, кеселденуіне себепкер болады. Өз билігіңе көнбейтін дертті денеңмен жоғары мәртебелі бола алмайсың. Дене деген әрекетсіздік жан рақатымен достасып алса, ол саған өз ықтиярымен бой ұсынбайды. Сондықтан да дене өздігінен әрекет істемейді, ол әрекетті бұйрықпен істейді. Сен оған жетекшілік жасамасаң, дене еш нәрсеге де басшылық етпейді.
Ей, перзентім, ойлан, денеңді өзіңе бой ұсындыр және бұйрығыңды бұлжытпай орындауға көндір. Әрбір адам өз денесін өзі билей алса, өзгені де бағындыра алады. Кімде-кім өзін-өзі билеп, ілім мен өнер үйренген жағдайда ғана баянды бақытқа қолы жетеді.
Жалпы білім мен өнердің негізі – әдеп, қанағат, ұят, пәктік, сақтық, мейірімділік, ұстамдылық (сабырлылық). «Ұят иманға тән» деген екен. Бірақ көп жағдайда шамадан тыс ұяңдық өзіңе зиян келтіреді. Әдеттен тыс ұялшақ болмағын. Ұялшақтық әр кез қателесуіңе себепкер болып, бастаған ісіңе нұқсан келтіреді.
Жаман істерден, өтіріктен, қанағатсыздықтан ұял, тура сөз, ізгі тілек, жақсы бастамадан ұялма. Кейбір адамдар ұяламын деп, ойлаған мақсатын орындай алмайды. Ұят – иманның жемісі дегендей, жарлылық та ұялшақтықтың жемісі.
Сондықтан да қай жерде ұялып, қай жерде ұялмауды білгенің жөн, қайсысы жақсы болса, соны істеу қажет. Негізінде жақсылықтың бастапқы шарты – ар-ұятты сақтауда, жамандықтың бастапқы шарты – ар-ұяттан айырылуда.
Ақымақтың мақтауына ілінген жан ақылды басшының қуғынына жолығар. Бұл жөнінде есіткен бір әңгімемді айтайын.
Ә ң г і м е. Бір күні Аплатон бір өзі отыр еді, қала әкімдерінің біреуі кіріп келіп, сәлем берді де, әр түрлі әңгімелерден сөз қозғады. Сөз кезегі келгенде: «Ей хакім, бүгін мен бір адамға жолығып едім, ол сізді мақтап, сыртыңыздан көптеген алғысын айтты, мен сол кісінің мақтауын сізге жеткізуді мақұл көрдім»,− деді.
Аплатон бұл жағдайды естіп, көңілсіз басын шайқап, ойға қалды. Ол адам: «Менің айтқан хабарыма ренжуіңіздің себебі неде?» − деді. Сонда Аплатон оған қарап: «Ей, достым, мен сенің сөзіңе таңданған да, ренжіген де жоқпын. Бірақ үлкен қайғыда қалдым. Өйткені мені бір ақымақ адам мақтапты, менің ісім ақымаққа жағыпты. Шындығында, мен бір ақылсыздық іс істеген болармын, сондықтан да ол мені мақтаса керек. Мен ақымаққа жағып қалғаныма қайғырамын»,− депті.
Асығыс ашу мен томырық дөрекілікке әдеттенбе, сынық мінез сыпайылықтан сырт қалма, бірақ, тіпті мүләйім болма, мүләйім болсаң, жоқ қылып жібереді, дөрекі болсаң жұртты өзіңнен қашықтатып аласың. Жамандық істеуді ешбір жанға үйретпегейсің, өйткені үйретудің бұл түрі – жамандық істеумен тең. Егер сені бір кісі ешқандай себепсіз жәбірлеген жағдайда да, сен оған азар бермегейсің. Халық сені жақсы мінезіңмен танысын.
Адамға сыпайылық жарасады. Айнаға қараған адамның сымбаты сұлу болса, көркіне сай мінез-құлқы да сұлу болуға тиіс. Өйткені жақсыдан жамандық шығу дұрыс емес. Бидайдан арпа өсіру мүмкін емес.
Адам айнаға қарағанда көріксіз көрінгенімен, жақсылық істеуге міндетті. Солай етпесе, кемшілік үстіне кемшілік жасала түседі. Екі кемшілікті бір жерге жинау − сорақылық.
Шапағатты және мейірбан жандар досың болсын, олармен әрдайым оңашада ақылдасқаның жөн. Өйткені, сен олармен оңашалап сөйлескенде ғана ой-пікірінен ойдағыдай пайдалануыңа болады. Әр істі ойлап істе, кеңескен істе кемшілік аз болады. Ақылды, жанашыр достарыңмен кеңескейсің. Білгенің жөн, бір кісінің ой-пікірі, екі кісінің ой-пікіріндей болмайды, бір көз екі көзбен көргендей болмайды. Тәуіп өзін — өзі емдей алмайды, кеселденген жағдайда басқа бір тәуіпті шақырып, соның кеңесімен емделеді. Егер ағайын-туғандарыңның саған ісі түсе қалса, жұмысын жедел бітіріп жіберуге тырыс, егер дұшпаныңның ісі түссе, одан да артық қызмет істе. Қолыңнан келген жақсылығыңды аяма. Өйткені сен дұшпаныңның мұқтаж ісін тындырсаң, оның дұшпандығы достыққа айналады.
Шешен кісілерді көрсең, ізет-құрметіңді аямай, адамгершілік жасап, көңілін ал. Одан сен зиян таппайсың. Керісінше, сен туралы жақсы пікір таратып, жиі-жиі дидарласу үшін келіп тұрады. Жаманмен сұхбаттасуға ешкім келмейді. Шешен кемеңгерлердің кеңесінде болып, сөзді сөйлей білудің өнерін үйрен.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *