Жан-жануарларға деген мейірім

Жан-жануарларға деген мейірім

Ф.Гүлен

Оның дархан мейірімі жан-жануарларды да қамтитын. Жоғарыда бір әйелдің мысық үшін қалай жәһәннамға кіргенін және әдепсіз бір әйелдің итке су беруі арқылы оған жәннатқа «кір» деуін айтып өткен едік. Және бір оқиғаны да еске салып, осы мәселені тиянақтайық.
Бір жорықтан қайтып келе жатқан кез болатын. Тынығу үшін оңаша жерге тоқтаған кезінде сахабалардың кейбірі бір құстың ұясын көріп, ұядағы құстың балапанын алып, аймалай бастады. Дәл осы кезде ана құс келіп, балапандарын олардың қолында көрісімен, шырылдап айналып ұша бастады. Аллаһ Елшісі осыны көрісімен, қатты ашуланып, қолындағы бала¬пандарын тез ұяға қоюларын әмір етті.
Иә, Оның рақымы барлық жан-жануарларды да қамтитын. Негізінде, Аллаһ бұдан бұрын өткен пайғамбарлардың бірін құмырсқа ұясы үшін қатты ескерткен жоқ па еді?
Өйткені бұл пайғамбар әдейі не байқаусызда құмырсқаларды өртеген еді. Бірақ артынша дереу Аллаһтан сөгіс естіген-ді. Осы секілді оқиғаларды бізге жеткізген Аллаһ Елшісі лайықсыз әрекет жасауы мүмкін бе? Кейіннен Оның үмбетінен «құмырсқаны да баспайтын мейірімшілдер» атанған ұрпақ өсіп жетілген. Өйткені олар жолдағы құрт-құмырсқалар аяқ астында қалмасын деп сақтық жасап, жүрген кездерінде аяқтарына қоңырау тағып жүретін болған.
Ғажап-ай десеңізші! Бұл не деген әлемдік мейірім-шапағат өрнегі еді. Оның рақым кеңістігінен құмырсқалар да құр қалмаған. Құмырсқаны да баспаған бұл адамдар басқа жандарға зұлымдық жасауы мүмкін бе? Әлбетте, ондай ізгі жандардың зәредей де қатыгездік жасауы әсте мүмкін емес!
Бірде Минада жүрген кезде, сол жердегі тастардың арасынан бір жылан шыға келді. Сахабалар көре сала, дереу жыланға ұмтылды. Бірақ жылан дер кезінде қашып үлгерді.
Осы көріністі алыстан бақылаған Аллаһ Елшісі «Ол сендердің, сендер де оның кесірінен құтылдыңдар»,− деді.
Бұл жерде Аллаһ Елшісі сахабалардың әлгі қылықтарын кесір деп бағалады. Өйткені өлтірілетін улы жылан болса да, оның әлем жүйесінде өзіне лайық орны бар еді. Мұндай бір орынсыз әрбір өлім экологиялық тепе-теңдікті бұзып, қалпына келтіре алмайтын ақау әкеледі. Негізінде, егін шаруашылығы үшін құрт-құмырсқаны жойып жіберу экологиялық тепе-теңдікті бұзған қылмыс саналады. Бірақ қазір осындай қылмыстар ғылым әлемінде көптеп жасалып жатыр.
Бин Аббас былай деп айтады:
– «Аллаһ Елшісімен бірге бір жаққа кетіп бара жатқан болатынбыз. Бір адам соятын малдың аяқтарын байлап, көзінше пышағын білеп жатқанын көрдік. Сол кезде Аллаһ Елшісі осы адамға жақындап барды да; «Оны бірнеше рет өлтіргің келді ме?» – деді. Бұл оған айтылған ескерту болатын.
Абдуллаһ бин Жәфар (р.а) айтады:
– «Аллаһ Елшісі бірнеше сахабамен бірге бір бауға кірді. Баудың бір шетінде өте арық бір қатпа түйе тұрған болатын. Ол түйе Аллаһ Елшісін көрісімен, жанарынан мөлтілдеп жас аға бастады. Екі әлем Рақымы дереу түйенің жанына барды. Біраз уақыт түйенің жанында тұрды. Содан кейін түйенің иесін шақырып алып, түйеге жақсылап қарауын қатаң ескертті».
Бүгінгі таңдағы гуманистердің арман еткен сүйіспеншілік пен мейірімділіктерінен әлдеқайда зау биіктегі мейірім-шапағатқа ие болған Аллаһ Расулы осындай әлемдік рақымын да фәтәнаты арқылы әр түрлі астамдық пен кемістіктен сақтап отырған.
Ол кеңпейіл бола тұра, ешқашан жамандықтарға кешіріммен қарамаған. Өйткені Ол қылмыскерге, не болмаса қатыгез бір тағыға көрсетілетін кеңшілік мыңдаған кінәсіз жандардың құқын аяқасты ету екенін жақсы білетін.
Осы арада бір шындықты айта кетейік, бүгінгі таңда жасалып жатқан небір әділетсіздіктер өткен барлық дәуірдегі жасалған әділетсіздіктерден әлдеқайда басым түседі. Өткен тарихымыздағы дұшпандарға деген кеңпейілділіктің елді неге айналдырғанын бәріміз де жақсы білеміз. Сүйіспеншілік пен мейірімділік орнымен жұмсалмаса, жеке адам үшін де қоғам үшін де қауіпті зардаптарға бастауы мүмкін. Алайда, Алллаһ Елшісінен мұндай бір жайды көру еш мүмкін емес.
Ол адамдарды елден ерек сүйетіні соншалық – тіпті өзінің жанын да аямайтын еді. Құран Кәрімнің жиі-жиі Оның аптыққан, асыққан көңілін басып отыруы – осының айғағы.
Құран: «Олар Құранға сенбеді деп, қатты таусылғаның сонша – күйзелістен өзіңді жеп бітіре жаздайсың», – (Кәһф, 18/6) дейтін.
Негізінде, Оны пайғамбарлық кеңістігі баурай бастаған сәттен-ақ, Ол өзін қараңғы үңгірге апарып қамап қойған жоқ па еді? Уахи да алғаш рет Оған сол жерде келді. Иә, Оның жалпы адамзатқа деген сүйіспеншілігі жаратылысынан бері бар еді.
Негізінде, Аллаһ Елшісінің жиһад көзқарасы да осы рақымдылығынан туындаған. Адамдар жиһат арқылы дүниелік кейбір зияндар шегуі мүмкін. Бірақ онда мәңгілік өмірге қол жеткізетін көптеген нәрселер бар. Аллаһ Елшісі қолындағы қылышының ұшымен жәннатқа баратын жолдарды ашқан болатын. Бұл да Оның әлемдерге рақым болуының өзгеше бір ерекшелігі.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *