Төле бидің батасы

Төле бидің батасы

Атасызға ата бол,
Батасызға бата бол.
Арып ашқан қаріптің,
Жел жағына жота бол.

Панасызға пана бол
Кек сақтамас бала бол.
Дос сүйініп, қас сыйлар,
Асу бермес дана бол!

***
Аллаға жағайын десең,
Азанды бол, балам!
Халыққа жағайын десең,
Қазанды бол, балам!

***
Төле бидей қартыңның
Аппақ сүттей сақалы.
Сабалақтай баланың
Оң болса екен сапары,
Мол болса екен қатары.
Сегіз қиыр, шартарап,
Кең жайылсын атағы.
Елдің ұлы бола біл,
Еліңе ақыл сала біл.
Алла ісің оңғарсын,
Жұрттың қамын толғарсың,
Ақ білектің күшімен,
Ақ найзаның ұшымен,
Жалпақ жатқан байтақты
Жан аямай қорғарсың.
Пана болып халқыңа,
Көз қырын сал салтына,
Адал жүріп қызмет қыл,
Қарай көрме, қайырылып,
Жолда жатса алтынға,
Дүние бұзар адамды,
Байлығыңа мақтанып,
Босқа алқып-шалқыма.
Қанша аспандап кетсең де,
Сен баласың халқыңа!
Сақалымның ағында,
Өлерімнің шағында,
Бердім осы батамды,
Балам, маған налыма.
Дәулетің мен бақытың
Жетсін жеті ұрпаққа.
Пешенеге берген секілді.
Алтын ерлі ақ боз ат,
Астыңда сенің арысын.
Қолаң шашты, қой көзді,
Алғаның бірге жасасын.

Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп бағала.

***
Аларды біліп, бермегеннен без.
Ел-жұрттан қашып, ермегеннен без.

***
Ағайын-туған не керек,
Аңдысып күні өткен соң.
Бұл күн жалған өтеді,
Ажал қуып жеткен соң.

***
Жанашырың жоқ болса,
Жатта жалғыз жүрмеңіз.
Қоштаушыңыз жоқ болса,
Біле тұрып білмеңіз.

Құлдық ұрсаң дұшпанға,
Арылмайтын сорың бар.

***
Хан азса, халқын сатады,
Халық азса, хандыққа таласады.

***
Наданға көзіңді салма, сағың сынар,
Досыңа өтірік айтпа, сенімің кетер.
Дұшпанға сырыңды айтпа,түбіңе жетер.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *