«ҚОРҚЫТ». Үшінші аңыз

«ҚОРҚЫТ». Үшінші аңыз

Жаналғыш Қорқыттың жанын алмақшы болып, өкшелей қуып қоймайды. Сонда Қорқыт тағы да бір амалын келтіріп, өзінен аумайтын қырық сурет салады да, қырық бірінші болып қатарына өзі отыра қалады.
Содан зәрін шашып, қаһарын төгіп, Қорқыттың жанын алмаққа Жаналғыш жетіп келеді ғой. Келсе, қаздай тізіліп бір-бірінен айнымайтын қырық бір Қорқыт отыр дейді. Жаналғыш әрі қарап, бері қарап қайсысының Қорқыт екенін айыра алмай, амалы таусылады. Жаналғыштың шын түйіліп келген бір жолғы қаһарынан Қорқыт осылай құтылып еді дейді. Осыдан кейін бұрынғыдан да жабырқап, қобызынан мұңды қоңыр күйлерді азыната төгетін болады. Қорқыттың қоңыр күйлерінің тартылу мәнісі осы болса керек.

«Желмая»

Қорқыт есейіп, бәсіре байланар жасқа келгенде Қыпшақ еліндегі нағашыларына барыпты. Нағашылары Қорқытқа «таутайлақтың» тұқымынан өркені түскен бота сыйлайды. Қорқыт ботаны нәрестедей мәпелеп, тіл-көзден қорғаштап, сылап-сипап өсіреді. Тірсегі бекіп, табаны қата келе Қорқыттың сонынан қалмай ілесіп, бір сәт көз жазса, боздап мазасы кетеді екен. Тайлақ болып танауы тесілген соң да не келеге қосылмай, не бөтен адамды маңайына жолатпай, тек Қоркытқа бауыр басып өседі. Тайлақтан кейін құнанша, одан әрі буыршын болған шағында жүрісіне тұяқ біткен шыдамайтын, табаны мұздан таймайтын, жеті күн, жеті түн от оттап, су ішпесе мыңк етпейтін, тықыр бұйра желмая болып шыға келеді.
Қорқыттың «Желмая» күйі осынау қанатты көлігіне, сенімді серігіне арналған екен.

«Аққу»

Ажалдан қашқан Қорқыт дүниенің төрт бұрышын шарлағанда жанына сауғаны өзінің кіндік жұрты Сырдың суынан тапқан ғой.Желмаясының жабуын су үстіне төсеп, оған жайғаса отырып алып, қара қобызын бебеулеткенде жел тынып, жан -жануар анталап келіп, ұйып тыңдайды.
Бірде Қорқыт әдеттегідей күй сазын сарнатып отырса, көкте ұшып бара жатқан бір топ аққу естіп, айнала ұшып, ақыры қанат бүгіпті дейді. Аққулар мұңлы күйдің дауысына елтіп, қара қобызға үн қоса бірге сыңқылдасып, Қорқытпен бірге мұңайған екен.
Көңілдегісін күй етіп шалатын Қорқыт құстың төресі аққудың мейірімді қасиетін қобызына шалады. Ұрпақ есінде «Аққу» күйі болып сақталған күй сол еді дейді.

***
Қорқыт қолына қобызын алып, Желмаясын желдіртіп, дүниенің төрт бұрышын кезіп жүрген шағында елінің тағдырын қырық жыл бұрын болжап, неше түрлі сәуегейлік ойлар айтады екен. Халқының тыныштығы мен бақытын аңсап, қасиетті қара қобызын аңырата толғайды дейді. Ел-жұрттың қолынан найзасы, иығынан сауыты түспейтін, аттың жалы, атанның қомында өмір өткеретін жаугершіл заманын елестетіп мұңға батса керек. Осындайда касиетті қара қобызын шамырқана толғап:
«Мұнан соң қилы-қилы заман болар,
Заман азып, заң тозып жаман болар,
Қарағайдың басына шортан шығып,
Балалардың дәурені қараң болар!» дейді екен. Қорқыт атаның сол сарындары ел ішінде «Елім-ай, халқым-ай»! деген күй болып тартылады.

«САРЫН»
Бірінші аңыз

Қорқыт жиырма жасқа толғанда-ақ, сақалы беліне түскен, ақ таяғы көк тіреген әулие келіп, тағы да түсінде аян береді: «Уа, Қорқыт, бұл жарық дүниеде саған қырық жыл ғұмыр маңдайыңа жазылған, одан артық жүрмейсің!»− дейді. Ояна келсе, түсі екен, әулиенің айтқан сөзі өңіндегідей құлағында қалып қояды.
Осыдан кейін-ақ Қорқыт катты тіксініп, өлмеудің амалын іздеп, Желмаясын мініп, дүниені кезіп кетеді.
Күңдердің күнінде Қорқыт дала кезіп келе жатса, үпір-шүпір болып, жер қазып жаткан бір топ адамға ұшырасады. «Ау, бұл қазып жатқандарың не?» − деп жөн сұраса, әлгілер: «Қорқыт әулиенің мүрдесін қазып жатырмыз» −деп жауап береді. Мұны естіген Қорқыт Желмаясын бұрып, келесі бір қиырға бр түзейді. Бірақ шаршап-шалдығып, енд| бұйда тартып тынығам дегенде алдынан тағы да көр қазушылар ұшырасады. Жөн сұраса келсе, олар да Қорқыттың мүрдесін қазушылар болып шығады. Осылайша Қорқыт өлімнен қашып, дүниенің төрт бұрышын шарлағанымен, алдынан өзіңе арнап көр қазушылар кездесе береді. «Қайда барса, Қорқыттың көрі» − деген ескі сөз осыдан қалыпты дейді. Содан әбден тарығып, титықтаған Қорқыт жер ортасына жетсем, жаным қалар деп, өзінің туған жері Сырдың жағасына жетеді. Сол жерде Желмаясын сойып, оның терісімен қаңсыған қара қобызын қаптайды. Сонан соң судың бетінен көр қазылмас деп, Желмаяның жабуын Сырдың суына жаяды да, соның үстіне жайғасады. Сол жерде осындай халіне қамыға отырып, қара қобызын мұңды сарынға салған екен. Осы сарынның бір қайырымы ұрпақтардың есінде сақталған ғой. Қорқыт Сыр суының үстінде жүз жыл бойы өмір сүріпті дейді. Бұл уақыт ішінде қобызын тоқтаусыз сарнатып, ажалды маңайына жолатпайды дейді. Қорқыт қобыз тартқанда жел тынып, су ағысын тоқтатып, жан-жануар ұйып тындайтын болса керек.
«САРЫН»
Екінші аңыз

Қорқыт өлімге мойынсұнбай, Сыр суының үстіне Желмаясының жабуын төсеп, қобызын толассыз сарнатып отырады екен дейді. Қара қобызын сарнатып отырғанда ажал маңайына жолай алмапты. Қобыз дауысы жеті күндік жерге жетіп, тыңдаушының бәрін сүттей ұйытса керек. Күндердің күнінде қиян шалғайда жатқан Арқадағы бір ауылдың серуен құрып жүрген қырық қызы Қорқыт қобызының даусын естиді. Естулері мұң екен, қырық қыздың тұла бойы қорғасындай балқып, қобыздың талып жеткен үніне ынтыға құлақ түріп, өзге дүниені ұмыта ынтығады. Сол халде күндік жерден талып жеткен қобыз дауысын бетке алып жүріп кетеді. Жүрген сайын үні айқындалған қобыз сазы қырық қызды одан сайын баурап, үздіге шақырғандай болады. Қобыз дауысына ынтыға ұмтылған қырық қыз күн жүреді, түн жүреді. Жүрген сайын күйдің алапаты асқақтап, құдіреті артып одан сайын баурай түседі.
Қамсыз шықкан қырық қыз сол беттерінде Бетбақ деп аталатын елсіз-күнсіз шөлге тап болады. Табандары тілініп, еріндері кезеріп, жол азабынан гөрі шөл азабы жандарына батады. Бірақ, қыр астынан естілгендей сарнаған қобыз үні қыздардың сүлдерін сүйрелеп, сұңқылдай шақырады.
Ақырында, қырық қыздың отыз тоғызы Бетбақтың шөліне шыдамай, әбден титықтап, шөлден өледі. Тек бір қыз ғана тандайы кеуіп, табанының ойылғандығына қарамастан Сырдың жағасына жетіп, Қорқыттың қарасын көргенде ес-түссіз құлайды.
Қоркыт ақсақ қыздың аузына су тамызып, басын сүйеп, мән-жайды сұрап біледі. Басқа қыздардың шөл азабын тартып, жолда калғанын естіп, пұшайман болады.
Кейін жаңағы Арқадан арып-ашып жеткен ақсақ қызбен Қорқыт көңіл жарастырып, соған үйленген екен.
Арқадағы қырық қызға талып жеткен Қорқыт қобызының сарыны ұрпақтан-ұрпаққа «Сарын» деген күй болып жетеді.
Күні бүгінге дейін Арқада, Ұлытаудың батысында, Дулығалы Жыланшық өзенінің сол жақ, жағалауында Сарын жеткен деген шоқы бар. Жергілікті халық бұл шоқыны Сарын тауы деп те атайды.
Ал, Қорқыт көңіл қосқан ақсақ қыздың бейіті Қорқыт бейітінің солтүстігінде, Арқа жағында күні бүгінге дейін бар. Жергілікті халық бұл бейітті «Ақсақ қыздың мұнарасы» деп атайды.
Бұдан да өткен қызығы, Сарын тауынан шығып, Сырдың жағасындағы Қорқыт бейітіне тура жүргенде, Арыс құмының батыс жақ өкпе тұсынан «Қыз қалған» деген жерді кезіктіруге болады. Бұл жер шынында да үшқан құстың қанатын талдыратын, жүгірген аңның тұяғын тоздыратын қу медиен құла дүз. Міне, туған жердің төсінде ата-бабамыздың шежіре сыры осылай сақталып келеді.

«Тарғыл тана»

Қорқыттың Желмаясы астында қара қобызы қолында үнемі ел аралап, адасқанда жөн сілтеп, аңырағанда ақыл беріп сәуегейлік құрады екен. Төңірегіндегі көзі көріп, көңілі түскенді қобызына күй етіп қосып, алдағыны қырық жыл бұрын болжайтын болыпты.
Күндердің бір күнінде ақ сақалы беліне түскен, ақ таяғы көк тіреген бір әулие Қорқытқа түсінде аян береді: «Уа, Қорқыт, сен өлімді аузыңа алмасаң, оған еш уақытта өлім жоқ» − дейді. Қорқыт осы сөзді өңінде естігендей болып оянады да, «Төңірінің бұл да бір сыны болар»− деп көкейіне түйіп алады. Содан жылжып жылдар, сырғып күндер өтеді. Ак сақалды, ақ таяқты әулиенің айтқан өсиетін естен шығармай, өлім туралы сөзді аузына алмай, қобызын тартып, ел аралап жүріп жатады.
Бірде Желмаясының бұйдасын тартып, бел жазып отырса, бір ауылдың тайлы-таяғы қалмай жабылып, қашаған өгізді кайыра алмай жүргенін көреді. Сол жерде Қорқыт Желмаясына міне салып, қашаған өгізді қайырып бермек болады. Бірақ, өгіз Қорқыттың Желмаясына да бой бермейді. Қуа-қуа әбден титықтап шаршайды. Сонда Қорқыт: «Қап, саған өлсем де жетпей қоймаспын!» − деп Желмаясын тебіне түседі. Осы сөзді айтуы мұң екен тарғыл тана тасқа айналып, қатып қалады. Тасқа айналар алдында тарғыл танаға тіл бітіп: «Менің өзім қара едім, Қарадан туған ала едім. Туған жерім Қазалым, Мына тау болды-ау ажалым! – деп, дөңбекши ыңыранған екен.
Сол жерде өлім туралы сөздің аузынан шығып кеткеніне Қорқыт қатты өкініп, мұңға батады. Бірақ, болар іс болды, енді тағдырдың жазуынан қашып құтылудың амалын ойлайды. Сөйтіп, Желмаясын желдіріп, дүниенің төрт бұрышын кезіп кетеді. Осы оқиға Қорқыттың қобызына «Тарғыл тана» деген күй болып шалынған екен.

 

«Ұшардың ұлуы»

Бір жесір кемпірдің жұрт аузына іліккен жалғыз баласы болыпты. Ол кездегі жақсының әдеті − жүйрік мініп, ит жүгіртіп құс салатын. Кемпірдің баласының да бір жүйрік аты, Ұшар деген құмай тазысы бар екен. Әсіресе, Ұшары қара жерден із кесетін ақсақ, иесіне адал қағылез, қанжығаның қанын құрғатпайтын жолды ит болса керек. Астындағы аты, соңындағы тазысы келіскен соң, жігіт жиі-жиі аңға шығып, саятшылық құрады екен.
Күндердің бір күнінде жалғыз жігіт тосын дертке шалдығып, дүние салады. Ел аза тұтып, арулап қояды. Сонан соң бұрынғы-соңғының дәстүрі бойынша, өлік шыққан жұртты ауыстырып, ауыл қонысын өзгертіп, жаңа жұртқа аунап қонады.
Жаңа жұртқа келген соң, жесір кемпір «жалғызымның көзі ғой» деп, тазыны іздесе жоқ дейді. Содан көңілі алаң болып, тынши алмай, ескі жұртқа келсе, Ұшар жас қабырдың басында иесін қимай ұлып отыр дейді. Үшкір тұмсығын көкке қаратып ұлып, иесін жоқтап сарнаған Ұшардың дауысын естігенде жесір кемпір: «Жалғызымнан айрылдым, Қанатымнан қайрылдым! Ұшар, Ұшар, кә-кә! », − деп дауыс қойып, аңырап қоя береді. Ескі жұртта жалғызынан айрылған сорлы ана мен иесінен айрылған жетім тазы қосыла күңіренеді.
Осы бір қайғылы халді Қорқыт қобызына күй етіп шалған екен.

«Әупбай»

Арқадан іздеп келген ақсақ қыздан Қорқыт бір перзент көріпті дейді. Бірақ, күндіз-түні ажалдан аластап, қобызын сарнатқан Қорқыт баласы мен зайыбына көңіл бөле алмайды. Ал, баласы мен зайыбы Сырдың жағасында өмірлерін өткеріп, Қорқыттың тілеуін тілеумен болады. Содан бала есейе бастағанда апасының бағып-қағып алдандырғанын, місе тұтпай, қобыз тартып отырған әкесіне талпынуды шығарады. Уыздай білегін созып, бұлқына ұмтылып, неше түрлі қылық көрсете бастайды. Бұған Қорқыттың да жүрегі елжіреп, бауыры аяғының басына түскендей күй кешеді. Бірақ, амал жоқ, қобызын тоқтатып, жағалауға шықса, ажал түзағына ілігетінін біледі. Сонда Қорқыт баласына телміре қарап, көзі көріп тұрса да емірене иіскей алмай, бауырына қысып, мауқын баса алмай, мұңаяды. Мұңая отырып, баласын алдандыра жұбататын «Әуп-бай-әупбай» күйін тартады. Осы көріністің куәсіндей болып, ұрпақ есінде «Әупбай» күйі сақталған.

«Башпай»

Атадан балаға жеткен қария көздің айтуында «Башпай» Қорқыттың ең соңғы тартқан күйі еді дейді. Қырық жыл өлімнен қашқан Қорқыт ақырында Сырдың суынан сауға тауып, дарияның бетіне Желмаясының жабуын төсеп, соның үстінде қобызын сарнатып, ажалды аластап отырады ғой. Сол күндерде Қорқыттың Ақтамақ атты қарындасы дарияны кешіп, тамақ алып келіп тұрады екен. Бірде Қорқыт қарындасының дәмін татып отырғанда алай-дүлей соғып, толқын тұрып, бұлардың берекесін алады. Сол бір аласапыран шақта Қорқыттың башпайы қарындасына тиіп кетеді. Байқаусызда болған жағдай өле-өлгенше Қорқыттың есінен кетпей, өзін күнәлі сезініп, пұшайман болады екен.
Күндердің күнінде, дарияның бетінде жүз жыл бойы ажалды жолатпай өмір сүрген Қорқытқа қапысын тауып, ажал шіркін жетіпті дейді. Сол күні әдеттегідей Ақтамақ ағасына дарияны кешіп, тамақ алып келеді. Тамақтан соң Қорқыт масайрап, қалғып кетеді. Дамылсыз сарнаған қобыз үні бір сәт толас тауып, қарындасы ағасының оянуын күтіп отырады.
Осы кезде қобыз үнінің тынған сәтін пайдаланып, дәм салған қоржынмен ілесіп келген сақиналы зәрлі жылан өрмелеп келіп, Қорқытты шағып алады. Қорқытты жүз жыл бойы аңдыған ажал осылайша жылан болып келіп, қапысын тауып еді дейді.
Айтқанша болмайды, Қорқыттың бойына ажал уы жайылып, өлімге бой ұсына бастайды. Сонда, көз алдында дәрменсіз шырылдаған қарындасымен арыздасып, қоштасып, көптен көкейінде жүрген соңғы тілегін айтады. «Ажал шіркін қапыда тұзаққа түсірді. Бір өкінішім осы. Екінші өкінішім, баяғыда Сырдың бетін дауыл шалғанда өзіңе башпайым тиіп кетіп еді. Кешілмейтін күнәм сол. Қасиетті Сыр-ананың жағасында маған арналған мүрде қазулы тұрған болар. Мені жерлегенде екі башпайымды ашық қалдырындар. Өміріме серік болған қасиетгі қара қобызымды өзіммен бірге көміңдер.
Мен өлсем де, менің атымды атап, ұрпағымның есіне салып жатар. Хош, жарығым! Жылама, жылама, жылағанмен бола ма?!» −дейді Қорқыт. Қарындасы: «Аға, ағатай, асқар тауым, алтыным!» − деп еңіреп қоя береді.
Сол жерде Қорқыт соңғы күшін жиып, қобызын қолына алып, қарындасын жұбатқандай болып, бірер қайырым күй шалған екен.
Қорқыттың осынау соңғы күйі «Башпай» деген атпен ұрпақтарының есінде қалыпты. Ал, қара қобызы болса, Қорқыт өлгеннен кейін мүрденің ішінен «Қорқыт, Қорқыт!» деп күңіренген дыбыс шығарып жататын болыпты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *