Тұсаукесер

Тұсаукесер. «Тұсауыңды кесейін, Күрмеуіңді шешейін» («Тұсаукесер» жыры). Сәбиді «қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін» деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым. Ол үшін арнайы ала жіп дайындалады. Бұл ала жіп аттамасын деген ұғымнан шыққан. Сол жіппен баланың аяғын кәдімгідей тұсап, оны аяғын жылдам басатын әйелге қидырады. Сүріншек, жайбасар адамдарға кестірмейді. Тұсауы кесілген баланы қолынан ұстап тез жүгіртеді, шашу шашылады. Баланың ата-анасы тұсау кесушінің кәдесін береді. Тұсаукесердің арнаулы жыры бар. Мысалы:
Қаз-қаз балам, қаз балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін.
Қаз-қаз балам, қаз балам,
Тақымыңды жаз, балам.
Қадамыңа қарайық,
Басқаныңды санайық.
Қаз-қаз, балам, жүре ғой,
Балтырыңды түре ғой.
Тай-құлын боп шаба ғой,
Озып бәйге ала ғой.
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсын қадамың!
Өмірге аяқ баса бер,
Асулардан аса бер.
Жүгіре қойшы құлыным,
Желбіресін тұлымың
Елгезек бол, ерінбе,
Ілгері бас, шегінбе («Тұсаукесер» жырынан).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *