Қалшабек А.Б., Омаров Н.Қ., Исабек Ә.Ү.
ф.ғ.к., доцент М. Әуезов атындағы ОҚМУ, Шымкент, Қазақстан,
ф.ғ.к., доцент М. Әуезов атындағы ОҚМУ, Шымкент, Қазақстан
Филология факультетінің 6М020500 – Филология мамандығының 1 курс магистранты М.Әуезов атындағы ОҚМУ Шымкент, Қазақстан
АБАЙДЫҢ «КИТАП ТАСДИҚ» ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ «ТОЛЫҚ АДАМНЫҢ» СИПАТТАРЫ
Түйін: Мақалада көтерілетін негізгі мәселе – Абайдың 38 қара сөзіндегі бір рет аталып өтілетін «Толық адамның» елеулі сипаттары сөз болады. «Толық адам» – адамзат баласының рухани санасын өрістететін бірден бір ілім. Оның негізі Ислам дінінен бастау алады. Сол үшін де Абай өз шығармаларында: Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек деген қағидасын алғы шартқа қояды. Қазақта: бір жылдығын ойлаған – бидай егеді, он жылдығын ойлаған – тал егеді, мың жылдығын ойлаған – ізгілік егеді деген жөні бөлек, жосығы ерек қанатты сөз бар. Ендеше осы ұлы ойды бастамашы ете отырып нағыз «Толық, кемел адамның» сипаттарын талдауды жөн деп таптық. Қазіргі глобализация дәуірінде жеке бастың қамын күйттеп кеткен уақытта қоғам осы бір «адамзаттың қарызы үшін еңбек қылу»деген қағидағажүгінер болса, біз сөзсіз тазарған идеалды, жаңаша ойлайтын толық адамды қалыптастырған теңдессіз ұлтқа айналарымыз сөзсіз.
Кілттік сөздер: Қалып, көпшілікизм, рисала, ғақлия, глобализация, дін, рух, ұрпақ
Қазақ әдебиеттану ғылымындағы Абайтану саласының ХХІ ғасырдағы бас ғалымы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Мекемтас Мырзахметұлы қызыл империяның кезінде-ақ Абай дүниетанымына салынған темір құрсауды бұзып Абай әлеміне ұлы бетбұрыс жасады. Өйткені ұстаз-ғалымның алдына қойған ұлы мақсат – Абайдың нағыз мұсылман екендігін тамам жұртқа жария ету болатын. Ал империяның көздегені ұлтты – мұсылманышылықтан адастыру, дәстүрден қашық, әдет-ғұрыптан біржола мақрұм ету. Карл Маркстың 1843 жылы ашқан «дін – апиын» деген жалған ұраны өз үстемдігін білгенінше жүргізіп отырды. Соның салдарынан елдіктің жаршысына айналған ұлттық сана сондай шолақ белсенділердің жалған саясатының жемтігіне айналды. Ақылға қонымсыз ұстанымның нәтижесінде орыс билік құрған дәуір Құдайсыз, парақор, жалақор, мәңгүрт ұрпақты дүниеге әкелді. «Дін – апиын» деген жалған идеология бастапқыда өз ойын жүзеге асырды десе де болады. Сондай көзқарастан аман алып қалатын біздің қолымызда ұлылардан қалған қалқан боларлық асыл дүниелеріміз бар еді.
Қалқанменқорғанбақ түгіл, Абай айтқандай: «Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенгеақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз. Біреу кеткенін айтса да, ұқпаймыз. Біреу ақыл айтса: «Өз білгенің – өзіңе, өз білгенім – өзіме», «кісі ақылымен бай болғанша, өз ақылыңмен жарлы бол» деген дейміз, «өй, тәңірі-ай, кімнен кім артық дейсің!» — дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса ұқпаймыз» [1, 316] деген ойдың кебін кидік. Ақыры ұлттық санамыз жаңа арнаға емес, теріс қарай кері арнаға бағытталды. Оған өзіміздің де кінәміз бар. «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды»[1, 109] деген салқын психологияның ығында кете бардық. Абай данышпан бұл идеалсымақтарды да қатты сынады: «Оған Құдай тағала айтып па, көптен қалмасаң болады деп, көпке қаһарым жүрмейді деп пе? Көпке тұзағым жетпейді деп пе? Ғылым көпке келіп пе? Біреуден тарап па? Хикмет көптен тарай ма? Бірден тарай ма? Көпке қорлық жүрмей ме? Бір үйдің іші түгел ауырса, жеңіл тие ме? Жоқ жарымы ауырып, жарымы сау болса, жеңіл тие ме? Жер білмеген көп адам адасып жүрсе, бір жер білетұғын кісінің керегі жоқ па екен? Көп кісі жолаушының бәрінің аты арығаны жақсы ма? Жоқ, жарымы арыса, жарымысының күйлісі жақсы ма? Жұт келсе, елдің бәрінің түгел жұтағаны жақсы ма? Жарым-жартысы аман қалғаны жақсы ма? Осы көп ақымақтың бір ақымаққа несі жұбаныш?»[1, 331] депкөпшілікизмдеген жалған ұраншылдыққа арнайы анализ жасай отырып реформатор ақын ақыры мынадай нәтиже шығарады: «Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та жөнге сал»[1, 348].Міне, көпшілікизм идеясының жарға апарып соғар тұсы. Сана сүзгісінен өткізе білгенге бұл үлкен мәселе. Мейлі ұлттық идея болсын, адамзат баласының тағдырына қатысты мәселе болсын. Көпшілік һәм көптің ойы ұлттық дәрежеге көтеріле алмаса ол сөзсіз тобырлық санаға дейін түсіретін өте көкейтесті мәселе. Тобырлық сана – Алланың ең сүйікті құлы Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбарымыздың дәуірінде һәм оның басында болған қасірет десе де болады. Ардақты пайғамбарымыз 40 жасқа толғанда Жаратушының тарапынан оған «рисала» (уахи, бұл жерде Құран аяттары) келіп жатқан тұсы болатын. Жәбірейіл (а.с) періштенің ұлы дүниені хабарлауға келгендігін әзиз тұлға жүрегіне жақын адаммен бөлісуді жөн санайды. Мұхаммед (с.а.с) ақыры бұл нәрселерді жұбайы Хазіреті Хадишаға баяндап береді. Хадиша анамыз бұ жағдайларды жеті рет өлшеп бір рет кесіп ақыры уақиғаларды өзінің қарттық меңдеген, христиан дінінің өкілі немере ағасы, Уараһа ибн Нәуфал деген кісіге айтуды ұйғарады. Жұбайы Мұхаммедпен (с.а.с.) бірге Нәуфалға келіп, бастан аяқ Пайғамбарымыз (с.а.с) көрген білгенін баяндап береді. Бұл сөзді тыңдап түрлі толғанысқа түскен Уараһа ибн Нәуфал: «Құддыс! Құддыс қой көргенің! Сен періштемен жолыққансың, кәдімгі бір кездері ұлы Алланың Хазіреті Мұсаға (а.с.) жолдаған періштесі, яғни «Намус Әкбардың» (бұл жерде Жәбірейіл періштенің есімі) нақ өзі! Сен осы үмметің пайғамбарысың», – деп сәл үнсіз қалды да, терең күрсініп:
«Сен халқыңды дінге шақырған кезде мен де жас болғанымда ғой, шіркін. Өз қауымың сені өгейсіп елден қуатын сәтте мен тірі болғанымда… Әттең, ол күндерді көру қайда енді?!»– деді.Тек түсінбегендері: неліктен Мұхаммедті (с.а.с.) өз қауымы өзекке теуіп, елден шығаратындығы. Ойларына келген түйткілді жасырып қала алмады, бүкпесіз оны да сұрады.
«Иә», – деді Уараһа, «Небір күндер туар басыңа. Сені халқың туған мекеніңнен қуып азаптайды. Өйткені мына көптің арасынан ұлы қызметке таңдалған, Жаратушыдан уахи алған сен ғана, қызғанып, пендешілікпен қастандық ойлайтындар да көп кездеседі. Егер сол күнге жетсем, аянбай саған көмектесер ем» [2, 121] деп енді мүмкін емес болса да Уараһа әлемнің сүйікті тұлғасының жәрдемшісі болуды мақсат тұтқанын көруге болады. Иә, бұл біз мысал етіп келтірген Абайдың жоғарыдағы «Пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ» деген сөзіне келтірген мысалымыз. Өкінішке орай Ислам дінінің ардақты пайғамбарына ізгілік жолында көптеген шабуылдар мен рухани соққылар жасалды. Мұның бір дәлелдері: Бірде Пайғамбарымыз (с.а.с) Қағбада намаз оқып, сәжде де жатқан мезетінде меккелік мүшріктер сойылған түйенің ішек-қарны, қан-жынымен Мұхаммедтің (с.а.с) үстіне әкеп төгеді. Содан барлық мушрик Пайғамбарымызды әжуалап, келеке етіп күледі(Бұхари, Муслим). Абайдың да содан ғой 37 қара сөзінде: «Пайғамбарымыздың түйенің жемтігіне көмген кім? – деп налитыны. Оның көпшілік тарапынан көргені манағы біз айтқан – тобырлық сананың нәтижесі. Ал Абай ұлтының «тобырлық санадан» алшақ болғанын қалады: Төңкеріліп құбылған жұрт – бір сағым, Шынға шыдап, қоса алмас ынтымағын.
Көптің аузын күзетсең, күн көрмейсің,
Өзіңді өзің күзет, кел, шырағым, – [1, 262] деуіндеадам ақыл қуатымен тек өзін-өзі билесіндеген программа жасайды. Бұл тобырлық сана қазақ ұлтына өздігінен келіп жабыса салған дерт емес. Ол әрине орыс империясының мықты саясатының салдарынан ұлтты жайлап меңдеген рухани індет болды. Қазақтың ойлау системасына тойтарыс беру арқылы жүзеге асқан процесс бұл. Діні ойсырап, тілі талмаусыраған ұлт қалайша еркін ойлансын?! Еркін ой, азат пікір де ұлттық идеологияның бір бөлшегі. Ұлт өзіндік еркін ойлау системасынан айырылса:
Көп айтса көнді,
Жұрт айтса болды –немесе
Ақсақал айтты, бай айтты,
Кім болса, мейлі, сол айтты, – деген [1, 67] қатерге душар болады.Абай мұны «Әдеті – надан адамның» деп сынайды. Демек біздің ұлттық діңгегімізге «тобырлық сана» қатерімен қоса «наданизм» атты емделуі өте күрделі дерт келіп ұлттық санамызға өзінен өзі жабыса кетті. Қош, біз ХХ ғасырда діндік, рухтық, саналық жағынан ірі катастрофаны бастан кешірдік. Сол катастрофадан бізді жарқын өмірге алып, адам баласының рухын толығымен тазартып шығаратын ол – Абай хакімнің «Толық адам» ілімі.
Зады біз толық адамның сипаттарын бір ғана мақалада қамти алмақ емеспіз һәм ол мүмкін де емес. Себеп бұл өте терең әрі негізі әрі де жатқан өте салмақты дүние.38 қара сөзде бір-ақ рет ауызға ілінетін бұл «Толық адамның» ең елеулі сипатын данышпан өзі былай деп түсіндіреді: «Енді біліңіздер перзенттер! Құдай тағаланың жолы деген ниһаятсыз болады. Оның ниһаятына (шегіне, өлшеміне) ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді».[1, 366] Яғни Жаратушының жолы шексіз, адамзат баласы шектеулі ақылымен Жаратушыны тани алмайды. Оның жаратқандарын жаратылыстарын толыққанды танып білу де бек мүмкін емес. Алайда екі аяқты, жұмыр басты пенде сол жолда жүруді өзіне шарт етсе болды ол «толық адамның» санатына кіре бастайды. Күллі адамзат баласында екі-ақ түрлі мақсат болады. Ол: «Кейбіреулердің бар өнері, мақсаты киімін түземек, жүріс-тұрысын түзетпек болады да, мұнысын өзінше бір дәулет біледі. Бұл істердің бәрі өзін көрсетпек, өзін-өзі базарға салып, бір ақылы көзіндегі ақымақтарға «бәрекелді» дегізбек. «Осындай болар ма едік» деп біреулер талаптанар, біреулер осындай бола алмадық» деп күйінер, мұнан не пайда шықты? Мұнша әуреленіп, сыртыңды бір сүйген қауымыңа ұқсатарсың? Сыртқа қасиет бітпейді, Алла Тағала қарайтұғын қалыбыңа боямасыз ықыласыңа қасиет бітеді. Бұл айнаға табынғандардың ақылы қаншалықты әсер дейсің? Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектікпен өсер»[1, 366] дегенінен-ақ ақын адамдарды 2 топқа бөліп классификация жасайды. Бірі – айнаға табынушылар. Бірі – жүрегіне бағынып, түпсіз терең жақсылықты аңсайтындар. Біз айтып отырған №2 категория толық адамның сипаттарынан. Абай айтып отырған қалыб бұл жерде араб тілінен аударғанда (بلق) – жүрек дегенді білдіреді. Яғни хакім өзінің бір өлеңінде: Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі, дейді. Ал жүрекке боямасыз қасиет бітсе ақыл өседі. Ақыл өссе – жоғарыда айтылғандай түбі жоқ, терең жақсылықты сүймектікпен өседі екен. Ал сол сүю проблемасын Абай да өз өлеңдерінде көтеріп кеткен: Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті, демек әуелі өлшеусіз махаббатымен бізді сүйіп жаратқан Алланы бізде махаббатпен сүйіп оны тануымыз керек. Одан кейін адамзатты сүйіп, сонан соң барып Алланың әділетін сүйсек, толық адамдар санатынан табыларымыз сөзсіз. Демек: толық адамның қағидасы – бұл қара қан бастың қамын емес, мұқым адамзат баласына пайдасы тиетін амалдарды атқарудың негізгі тетігі. Ойымызды сабақтай келе 37 қара сөзде баяндалғандай: Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың [1, 348]. Міне, бар мәселе осында жатыр. Қазіргі глобализация дәуірінде жеке бастың қамын күйттеп кеткен уақытта қоғам осы бір «адамзаттың қарызы үшін еңбек қылу»деген қағидағажүгінер болса, біз сөзсіз тазарған идеалды, жаңаша ойлайтын толық адамды қалыптастырған теңдессіз ұлтқа айналарымыз сөзсіз.
Әдебиеттер тізімі
1.Абай Құнанбаев «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп» Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер Алматы: Раритет, 2008, 384 б
2.Дамира Өмірзаққызы Ибрагим «Адамзаттың асыл тәжі» (бесінші басылым) Алматы: Ұлы мұра қайырымдылық қоры 2016, 600 б
Аннотация: Основной вопрос, поднятый в статье – это замечательный черты Единого человека, который упоминается однажды в 38 стихах Абая. «Полный человек» — единственное учение, которое добавляет духовному сознанию человеческой расы. Вот почему Абай работает в своих трудах: принцип мудрости, мужества и сердца такой же, как и в стране, которая полна. На казахском языке: один год считался пшеницей, десятилетняя мысль – тысяча лет – что-то хорошее. Таким образом, мы нашли основу этой великой мысли, которая будет проанализирована, чтобы проанализировать истинного «совершенного, совершенного человека». В эпоху нынешней глобализации, когда общество обеспокоено принципом «работать на долг человечества», мы обязательно станем беспрецедентной нацией, которая создала идеального, совершенно нового, полноценного человека.
Abstract: Тhe basic question raised in the statue is that it is a remarkable monster who is thought to be one of the 38 abiahs. «Полный человек» — a single flight, which adds to the spiritual perception of the human soul. Being able to work Abay works in his own work: the principle of fertility, the bride and the horde, as well as in the country, which is a pole. На казахском языке: one year was counted as a decade, a decade — a year — a bit better. By the way, we found out that this is the essence of the great man, so it will be explored to analyze the original «superhuman, superhuman human.» In the era of globalization, when the society is suppressed by the principle of «working on a long — term humanity,» we are obliged to take on a nonprecendent Nazi, making the ideal, succeeded, new, full