Спанкулова С.С., Утеева К.Қ
«Қазақстан халқы Ассамблеясы» арнайы кафедрасының маманы М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Шымкент, Қазақстан
«Қазақстан халқы Ассамблеясы» арнайы кафедрасының бас маманы, саяси ғылымдар магистрі М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Шымкент, Қазақстан
«ҚАЗАҚТАНУ» — ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ НАСИХАТТАУШЫ
Түйін: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында орындалатын бұл жоба қазақ мәдениетін, тарихын, философиясын, сондай-ақ қазақ халқының құндылықтарын насихаттауға бағытталған. Жобаның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарымыз негізінде халық бірлігін одан әрі нығайту және елдегі тұрақтылықты сақтау. Сондай-ақ қазақ халқының ұлттық құндылықтарына айналған қонақжайлылық, сенім мен достық сияқты қасиеттерді дәріптеу арқылы жастардың бойына елжандылық сезімін сіңіру. Қазақстан бүгінде бүкіл әлемде этносаралық татулық пен қоғамдық келісімнің өзіндік ерекше моделін жасақтаған мемлекет ретінде танылып отыр. Бүгінде қазақ жерінде 130-дан астам этнос өкілдері мекендейтін болса, оның 60-ы кезінде депортацияланған халықтар. Қазақ халқының толеранттылығының қайнар көзі — ашықтық, кең пейілділік, төзімділік сынды адамдарды өзара табыстырушы, жақындастырушы қасиеттері. Оның айқын дәлелі қазақ халқының депортацияланған халықтарға көрсеткен ілтипаты мен дархандығы. Қазақ халқының қанындағы қонақжайлылық дәстүр.
Кілттік сөздер: «Рухани жаңғыру», «Қазақтану», «Қазақстан халқы Ассамблеясы», ұлттық құндылық, ғылыми жоба, этнос, мәдени мұра, ұлт, ұрпақ, цифрландыру
«Рухани жаңғыру» аясында қазақстандықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтарының және жалпыұлттық тарихи санасының негізінде халықтың бірлігін нығайту мақсатында «Қазақтану» ғылыми жобасын студенттерге түсіндіру:
Бурабайдағы Абылай хан алаңында 19.06.2018ж. қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша өткізілетін республикалық лекторий аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасының тұсауы кесілді.
Жоба идеясы алғаш рет ҚХА-ның XXVI сессиясында көтерілген болатын. «Қазақтану» жобасының негізгі мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында барша қазақстандықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтарының және жалпыұлттық тарихи санасының негізінде халықтың бірлігін нығайту. Сондай-ақ аталмыш жоба Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеуге бағытталған.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында орындалатын бұл жоба қазақ мәдениетін, тарихын, философиясын, сондай-ақ қазақ халқының құндылықтарын насихаттауға бағытталған. Жобаның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарымыз негізінде халық бірлігін одан әрі нығайту және елдегі тұрақтылықты сақтау. Сондай-ақ қазақ халқының ұлттық құндылықтарына айналған қонақжайлылық, сенім мен достық сияқты қасиеттерді дәріптеу арқылы жастардың бойына елжандылық сезімін сіңіру. Жоба аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Бүгінгі Ассамблея – миллиондаған қазақстандықты ортақ мақсатқа жұмылдырған, асқақ арманға жетелеген, бір мүддеге тоғыстырған алып күш. Адам тағдыры Отанымен тамырлас келеді. Еліміздің гүлденгені әрбіріміздің мерейіміз.
Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы орасан зор біріктіруші және зияткерлік әлеует жинақтап, еліміздегі бекем бірліктің ұйтқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келеді. 90-жылдардың басында біздің осал тұсымыз деп бағаланған көп этностығымыз бен көп конфессиялығымызды мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында өз артықшылығымызға айналдыра алдық. Бүгінде әрбір қазақстандықтың ұлты мен ұлысына, діни наным-сеніміне қарамай, ортақ мақсат, бір мүдде тұрғысында біріктіру жұмыстары сәтті жүргізіліп, ел бірлігі асыл қасиет ретінде ұлықталуда.
Қазақстан бүгінде бүкіл әлемде этносаралық татулық пен қоғамдық келісімнің өзіндік ерекше моделін жасақтаған мемлекет ретінде танылып отыр. Еліміз бен Елбасының бұл табысы дүниежүзілік қауымдастық тарапынан «Қазақстан феномені» деп бағалануда. Әрине, бұл ұғым оңай қалыптаса қойған жоқ. Кеңес Одағының ыдырау кезеңі мен Тәуелсіздіктің алғашқы жылдардағы күрделі саяси-экономикалық дағдарыс сындарлы жағдайларға алып келуі мүмкін деген болжам жасалды.
Бүгінде қазақ жерінде 130-дан астам этнос өкілдері мекендейтін болса, оның 60-ы кезінде депортацияланған халықтар. Қазақ халқының толеранттылығының қайнар көзі — ашықтық, кең пейілділік, төзімділік сынды адамдарды өзара табыстырушы, жақындастырушы қасиеттері. Оның айқын дәлелі қазақ халқының депортацияланған халықтарға көрсеткен ілтипаты мен дархандығы. Қазақ халқының қанындағы қонақжайлылық дәстүр. Ұлт көшбасшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ерекше тоқталып өткен ұлттық кодтың айрықша нышандарының бірі «Қонақ келсе — құт» деген сөз бабаларымыздан қалған қастерлі мұра.
Жаяуды көрсе атын беретін, адасқанды көрсе төрін беретін, ашыққанды көрсе алдындағы асын беретін, аттың жалында, түйенің қомында жүрген қазақ халқы ежелден адамдарды дінге, ділге, ұлтқа бөліп қарамай, барлығын жақын көріп бауырына тартқан. Біз ұлтымыздың болмысы дегенде тек салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды ғана емес, сонымен бірге, ұлттық мінез, ұлт қағидаларын, адамгершілік қағидаттарын, даналықты, адамгершілікті, ізгілікті насихаттайтын сан ғасырлық мұраларымызды айтамыз. Осы құндылықтарды көздің қарашығындай қорғап, жаңа мазмұнда кәдеге асырылған жағдайда ғана ұлттық болмысымызды сақтап қаларымыз айқын. Елбасы «Қазақстан — 2050 стратегиясында» «Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында бірде-бір этнос өз тілін жоғалтып алған жоқ. Этностық әралуандық біртұтас ұлтқа айналуы үшін жақсы цемент қажет. Бүгінде ұлтты біріктіруші басты фактор — қазақ тілі — мемлекеттік тіл болып отыр», — деген болатын.
Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру мәселесінің тағдыры талқыға түсіп, таласқа түскен сәтте көзі тірісінде ұлтымыздың абызына айналған Әбіш Кекілбаевтың Жоғарғы кеңес депутаттарының алдында: «Кеше ел басына күн туғанда тар үйімізде орын ығысып, төрімізді ұсынғанда дастарханымызды алдарыңызға жайып, жарты күлшемізді ұсынғанда, біз күндердің күнінде өз үйімізде өз тілімізде сөйлеуге мына сіздерден рұқсат сұраймыз ғой деп ойлап па едік?! Қазақтың тілі алдарыңызға келіп, жүгініп араша сұрап тұр ғой, сіздерден!» деген жан айқайын алуан ұлттың өкілдері жанашырлықпен қабылдаған еді. Ұлт алдында перзенттік парызын адал орындаудың жарқын мысалы осы болса керек. Қай кезде де жабырқағанның жанына жалау болып, мұңайғанның маңдайынан сипап, қиналғанды құшағына қысқан қазақ халқы, әлемдегі ең бауырмал халық екенін өзіміз ғана емес, өзге де мойындай бастағаны ақиқат.
Бүгін, міне, тарих тоғыстырған, тағдыр табыстырған барша ұлт пен ұлыстың берік бірлігі мен тату тірлігі Қазақстанның басты жетістігі десек, артық айтқанымыз емес. Көптеген жылдар бойы ғасырлардың тоғысуы жүздеген этностардың өзара араласуы, дәстүрлерімен өмірлік ұстанымдардың ұштасуы бірегей мәдениеті қалыптасқан ұлт болып ұйысуға, еңселі ел болуға негіз қалады. Осы ретте қазақтың қара шаңырағы болған киелі өңірде бастау алғалы тұрған қазақтану ғылыми-ағартушылық жобасы аясында жүргізілетін кешенді шараларға, танымдық лекторийлерге сәттілік тілейміз. Еліміз еңселі, Елбасымыз аман, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!
Оңтүстік өңірі — қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған және қазақшылық бойынша бүкіл қазақ еліне, республикаға үлгі бола алатын өңір. Түрлі этнос өкілдері қазақтың тарихын, мәдениеті мен тілін білсе, елдегі тұрақтылық пен бірлік нығая түседі. Сондықтан, «Қазақтану» жобасының жөні бөлек.
Қазақ әлеміне терең бойлау керек. Мәдени мұраға өте бай халықтың тарихы, философиясы, салт- дәстүрі мен әдет-ғұрпын елімізде тұратын әрбір азамат құрметтеуі керек. Оны дәріптеу арқылы біз ортақ құндылықтарды қалыптастырамыз. Бұл — «Қазақтану» жобасының мақсаты. «Қазақтану» жобасы – ұрпақтар сабақтастығы. Жастар тарихты біліп, оқып қана қоймай, оны көзбен көріп, сезінуі керек. Үлкендерден үйреніп, мәні мен маңызын ұғынуы қажет. Жоба аясында еліміздің тарихи жерлерін аралау, ауылаймақтарда лекторийлар өткізу жоспарда бар.
Қазақта «тойған сиыр сүзеген келеді, тойған жылқы тебеген келеді» деген сөз бар. Біз 1991-97 жылдардағы қиыншылықты кезеңде ұлт болып ұйыса алдық. Бірақ бүгінгі күні біз тойындық. Киіміміз жаңарды, үйіміз төрт қабат болды. Біз тойғанымызды көтере алмайтын жағдайда болмауға тиіспіз. Көрші мемлекеттерден үйренуге тиіспіз.
Біз білім алуға емес, диплом алуға көшіп кеттік. Төрт жыл отырып білім емес, диплом алуды қою керек. Диплом алу үшін оқу шарт емес. Қазіргі интернеттің, цифрландыру заманында оқудың басқа түрлері жеткілікті. Цифрландыруға бет алу керек. Экономикалық қауіпсіздік деген не, бұл мемлекеттің қауіпсіздігі. Мемлекеттегі азаматтардың қауіпсіздігі, олардың ұлтқа, руға бөлінбей, бірін-бірі сыйлауы. Осы жағдай цифрландыру заманында керемет өзгереді. Цифрландыру жүзеге асырылғанда жең ұшынан жалғасу, туысқандықпен қызметке алу, т.б. келеңсіз жайттар болмайды. Сондай заманға жетеміз. Айта беретін әңгіме өте көп. Ілгері басуды қалайтын болсақ, біз жетілуге тиіспіз, үйренуге тиіспіз.
Қазақтану деген не, бұл біздің ата бабамыздың ірілігін, кішілігін, кісілігін тану. Соны ұстану, жас ұрпаққа беру. «Қажымұқан айтты» деген бір мысалды айтайын. Бүкіл қазақ таң қалып жүрген Қажымұқан бір кісінің ірілігіне, қуаттылығына таңырқапты. Есімі Бәкір екен, мекені Сырдарияның жағасы. Сол кісі туралы «әттең бағы жанбай қалған ғой, менен әлдеқайда қуатты еді» дейді екен. Бәкірдің әкесі одан да мықты, сұсты, сескенбейтін қасиеті болған. Олар тұрған ауылдан көрші ауылға баратын екі жол болыпты. Бірі қалыңның арасымен баратын жол, екіншісі қауіпсіз, қалыңды айналып баратын жол. Бәкірдің әкесі көрші ауылға қалыңның арасымен барады екен. Бәкір де «қашан кемелденем, қашан күшім толады, қашан азамат боламын, қашан мен де әкем сияқты жолбарыстың жынының үстімен өтетін боламын» деп дайындалып жүріп, кемеліме толдым-ау деген уақытта қалыңның арасымен көрші ауылға барып келеді. Келгесін әкесі көрші ауылға қай жолмен барғанын сұрайды. «Сіз барып жүрген жолмен бардым» — дейді. «Жолбарыс жолықты ма?» Иә, жолықты! «Не істедің?». «Жолбарыс атылып еді, мен қылышпен екі бөлдім» дейді. «Астапыралла, мысықтың адамға ұмтылғаны не сұмдық! Ұрпағым ұсақтанайын деген екен ғой. Мен өткенде жолбарыс екі аяғына басын қойып қабағымен менің келе жатқан, кетіп бара жатқан бағытымды бағып жататын еді» депті. Сол ұрпақтан жалғасып келе жатырмыз. Қарасақ меңгермей жатқан жағдайымыз жоқ. Цифрлық технология, нанотехнология, ІТ технология деп, ақылдылық пен білімнің шыңына шығып бара жатқандаймыз. Бірақ рухани құндылықтарымыз кейін қарай ығысып бара жатыр.
Елбасы рухани жаңғыру бағдарламасын неге жариялады? Санамызды жаңғырту үшін жариялады. Рухани құндылық адамға тамақтан кейінгі қажеті.
Рухани құндылықтың материалдық құндылықтан басым тұрғанының белгісі. Ел алдында көш бастап жүрген, ел тағдырын өз тағдырым деп жүрген ірі тұлғаларымызды танығанымыз, қазақты танығанымыз.
Әйтеке бидің мынандай сөзі бар екен. «Біз Қазақ деген бір ұяның балапаны едік, сұңқар боп самғап ұшайық, Біз Қазақ деген бір биенің құлыны едік, тұлпар боп жетіліп бәйгеде озайық, Біз Қазақ деген бір тоғайдың ағашы едік, орман боп жайқалып, жасылданайық, Біз Қазақ деген бір дастархан едік, Ата мекенді түгел қамтиық!»
«Біз дүниенің бар байлығын алақанға ұстағанмен адамның жанын ұмыттық, адамды жоғалта бастадық. Бұл өте үлкен мәселе. Қазіргі кезде қазақтың төңірегіне топтасып қазақтың салт-дәстүрлеріне өзге ұлыс өкілдері соған қанығып, қолданып, пайдаланып кететін үлкен жол осы қазақтану жолынан басталғалы тұр. Бұған тек құтты болсын деп құттықтағаннан артық, бәрекелді дегеннен артық ештеңе айта алмаймыз. Бұқар жырау «Ай нұрын ұстап мінсе де, қызыққа тоймас адамзат» деген екен. Біз ай нұрын ұстаған ұлтпыз. Байқоңырдан ғарышқа жолсапар жасап отырған Қазақ деген елміз. Сондай ұлт енді жерге қарамау керек, биік мақсаттарға ғана ұмтылу керек. Абай сынаған, мінеген кертартпа мінез, кесел дерттердің барлығын тезірек жойып жаңа сапа, жаңа деңгейге шығуды жастардың еншісіне тапсырайық, соған тілеулес болайық. «Мың күн қоян болғанша бір күн қасқыр болайық» деп батырларымыз айтқандай. Біз бүгінде батырлық рухқа мұқтажбыз.
Әдебиеттер тізімі
1. Молдабеков Ж.Ж. Интеллектуальная нация:стратегический курс и культурнонациональные факторы становления – Алматы, 2016.
2. Абишев К.А., Хамидов А.А., Сарсенбаева З.Н., Сагикызы А., Бисенбаев Ф.К., Камалиденова // Власть как ценность, ценность власти: метаморфозы свободы. Алматы, 2007.
3. Қазақ руханияты: тарихи-философиялық және этномәдени негіздер. Ұжымдық монография / З.К. Шәукенованың жалпы редакциялауымен. Алматы, ҚР БҒМ ҒК ФСДИ,
2013.
4. Нұрмұратов С.Е. Рухани құндылықтар әлем: әлеуметтік философиялық талдау. Алматы, Рауан, 2000.
5. Нысанбаев Ә.Н., Әлжан Қ.Ұ., Ғабитов Т.Х., Нұрмұратов С.Е. Ұлттық тәуелсіздік және қазақ философиясы: оқу құралы. Алматы, ФжСИ, 2011.
6. Нұрмұратов С.Е. Қазақ рухани мәдениетінің тарихы және ұлттық идея // Қазақ мәдениетіндегі дәстүрлер мен инновациялар. Халықаралық ғылыми конференция материалдары. Алматы, 2007. Бөлім 1.
7. Жұртбай Т. Өлімші халықты тірілткен Мәңгілік ел нысанасы. Байырғы түркі өркениеті:
жазба ескерткіштер. Алматы, Ғылым, 2001.
8. Молдабеков Ж.Ж. Қазақ елі: оқу құралы. Алматы, Қазақ университеті, 2015.
Аннотация: Проект, выполняемый в рамках программы «Рухани жаңғыру», направлен на пропаганду казахской культуры, истории, философии, а также ценностей казахского народа. Главная цель проекта-дальнейшее укрепление единства народа на основе наших национальных ценностей и сохранение стабильности в стране. А также прививать у молодежи чувство патриотизма через популяризацию таких качеств, как гостеприимство, доверие и дружба, которые стали национальными ценностями казахского народа. Казахстан сегодня признается государством, создавшим особую модель межэтнического согласия и общественного согласия во всем мире. Сегодня на казахской земле проживают представители более 130 этносов, 60 из них депортированные народы. Источник толерантности казахского народа-открытость, просторность, толерантность. Его очевидным доказательством является стремление казахского народа к депортированным народам.
Abstract: The project, carried out within the framework of the program “Rouhani zagyru”, is aimed at promoting Kazakh culture, history, philosophy, and the values of the Kazakh people. The main goal of the project is to further strengthen the unity of the people based on our national values and preserve stability in the country. And also instill in young people a sense of patriotism through the promotion of such qualities as hospitality, trust and friendship, which have become the national values of the Kazakh people. Kazakhstan today is recognized as a state that created a special model of inter-ethnic harmony and social harmony around the world. Today, representatives of more than 130 ethnic groups live on Kazakh soil, 60 of them are deported peoples. The source of tolerance of the Kazakh people is openness, spaciousness, tolerance. Its obvious evidence is the desire of the Kazakh people to the deported peoples. The tradition of hospitality in the blood of the Kazakh people.