М.ӘУЕЗОВТІҢ «ЖАПОНИЯ» МАҚАЛАСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА ӘСЕРІ

Омаров Н.Қ., Қалшабек А.Б., Шәріп С.Н.
ф.ғ.к., доцент М. Әуезов атындағы ОҚМУ, Шымкент, Қазақстан,
ф.ғ.к., доцент М. Әуезов атындағы ОҚМУ, Шымкент, Қазақстан
Филология факультетінің 6М020500 – Филология мамандығының 1 курс магистранты М.Әуезов атындағы ОҚМУ Шымкент, Қазақстан

М.ӘУЕЗОВТІҢ «ЖАПОНИЯ» МАҚАЛАСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА ӘСЕРІ

Түйін: ХХ ғасырдың алғашқы ширегі қазақ халқының жаңа жүйеге және өмірі мен өнеріндегі жаңа бетбұрыстарға үйрену кезеңі болды. Бұл уақытқа дейін қазақ топырағында Абай бастаған кәсіби поэзия болды. Бірақ, проза мен драматургия, журналистика мен әдебиеттану салаларының деңгейі төмен еді. Осы кезеңдерде қазақтың оқыған азаматтарының барлығы дерлік қазақ халқының өнері мен мәдениетін дамытуға өлшеусіз күш салды. Әдебиетке ақын болып келгендер проза мен драматургия салаларында да тер төкті. Журналистика саласын айтпаса да түсінікті болар.
Осындай әлі буыны қатып үлгермеген, қалыптасу үстіндегі мемлекетке, халыққа үлгі етер мемлекет, бағыт алар бағдаршам керек еді. Сол кезеңдердегі Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов бастаған зиялы қауым өкілдері осы бағытты, жолды іздеді. Ал жол жапон топырағынан табылған болатын. Көптеген ізденістер мен зерттеулердің нәтижесінде қазақ мемлекеті Жапония мемлекетінің жолымен дамуы керек немесе осы жолмен дамыған жағдайда ұлттық болмысымызды сақтап қала аламыз деген сыңайда көптеген мақалалар жарық көрді. Солардың ішіндегі ғылыми тұрғыда, жан-жақты зерттеліп, зерделеніп жазылған дүниенің бірі М.Әуезовтің «Жапония» атты мақаласы еді.
«М.Әуезовтің «Жапония» мақаласы және оның шығармашылығына әсері» атты мақалада 20 жасар, енді қалыптасып келе жатқан жазушының тың ізденістерін тілге тиек етіледі. Заңғар жазушының «Жапония» тақырыбына ізденістері кейінгі
шығармашылығына мысқалдай болса әсер еткенін, жазушы өміріндегі ешбір ізденіс ізтүссіз жоғалмайтыны осы мақалаға жүк болған. Сонымен қатар, қазақ әдебиетіне ХХ ғасыр басындағы жапон әдебиетінің әсері туралы да бірқатар мәселелер қозғалды. Ал жапон мен қазақ халықының тамырластығы жалпы мақаланың сыртқы қалыбын құрып тұр.

Кілттік сөздер: М.Әуезов, Жапония, Абай, мешеулік, жапон, проза, мақала, Мэйдзи реформасы, Қорғансыздың күні, Құнанбай, Абай жолы, Кеңестік реализм, қызыл өкімет, Кеңес, Ж.Аймауытов, Елес, Акутагава.

Жапон халқынның аңыздарының бірінде өздерінің осы аралдарға ит соңынан еріп келгендері туралы баяндалады. Аңыз түбінде белгілі бір деңгейде шындық жататынын ескерсек, еріксіз мұз басу дәуірінің соңғы кезеңінде Азиядан Америка құрлығына ауған прототүркілер, біз үндіс деп білетін тайпалар жайында ойлануға тура келеді. Өйткені, тарих ғылымындағы соңғы жаңалықтарда Азиядан жаңа құрлыққа бизон соңынан Беринг бұғазы арқылы асқан халықтар ит жетектеп өткені туралы деректер кездеседі. Бұған ежелгі үндіс иттерінің ДНК сараптамасының Азиялық иттермен сәйкес келуі толық дәлел болған. Шығысқа қарай ит жетектеп жылжыған ежелгі түркілердің бір бөлігі бүгінгі жапон аралдарын мекен етіп қалғаны туралы да болжам жасауға толық негіз бар. [1] Бұл болжамға жапон халқының өздерін Алтай тауларынан тарататынын тағы қосыңыз. Бүгінде күншығыс елін зерттеп, көптеген еңбектер жазып жүрген Ш.Жылқыбаева екі халықтың тіліндегі ұқсастықтарды алға тартады.
«Көбіне өзгеріссіз қалатын сан атаулары қазақ-жапон тілдерінде ұқсас. Тіпті, қазақтың «жетіген» аспабына ұқсас жапондықтарда «шичиген» атты жеті ішекті аспап бар. «Шичи» — жеті, «ген» — ішек деген мағына береді».[2] Жалпы екі халықтың тамырын байланыстыратын осындай деректерді көптеп келтіруге болады. Мұны тарих десек, рухани-мәдени және экономикалық дамуда да екі елдің байланысы бар. Дәлірек айтқанда ХХ ғасыр басындағы зиялы қауым өкілдері қазақ елінің даму бағыты ретінде Жапонияның даму жолын ұсынған еді. Олардың ішіндегі бұл тақырыпты алғаш қозғаған – Мұхтар Әуезов болатын.
М.Әуезов атақты «Жапония» мақаласын жазған кезінде небары 20 жастағы азамат. Яғни бұл мақала 1918 жылдары жазылған. Жаңа құрылған қызыл өкіметтің бұл кезеңдерде алыс қазақ жеріне қанды қолы толық жете алмай жатты. Сондықтан болар алғашқы кездерде аталмыш мақалаға аса назар аударылмаған еді. М.Әуезовтің мақаласының мазмұнындағы ойларды Алаш зиялылары ішінен А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытовтар да біршама қозғады. «Неге?» деген заңды сауал туады, әрине.
Бұл сұраққа М.Әуезовтің мақаласынан нақты жауап таба аламыз: «…тарихтың осы айтылған жолы Жапонияға келгенде өзгеше бір рақымдылыққа түсіп, өзі демеп, бойын зорайтып, көркейтіп, қалпына бүткіл дүниені әрі шамдандырып, әрі қызғантып, ішін қайнатып отыр.
Жапонияның әуелгі мешеу болып, дүние жарығынан меңіреу болып, өзінің, өзгенің не күйде екенін білмей отырған қалпынан шығуына себеп болған нәрсе – өзге Англия, Франция, Голландия секілді білімді жұрттардың Жапония надандығымен пайдаланғысы келген қомағайлығы болды», [3]– деп негізгі ойын бастаған 20 жасар М.Әуезов Жапония тарихындағы ең үлкен өзгерістердің бірі – Мэйдзи реформасына кеңінен тоқталады.
Жалпы ХХ ғасыр басындағы Азия халықтарының Жапонияға еліктеуіне таңданар түк те жоқ. Өйткені бұл кезеңдегі Азия елдерінің барлығы дерлік дамымаған, мешеу, басқа алып мемлекеттердің боданындағы елдер болатын. Солардың ішінде жалғыз Жапония өз алдына дербес ғұмыр кешті.
М.Әуезовтің 1918 жылдардың өзінде күншығыс мемлекеті турасында осынша көп білетіндігі тағалтады. Заңғар жазушы аталмыш мақаласын жазушылық эмоцияға салынбай, нағыз ғалым ретінде салқын жазып шыққан. Ол өз еліне жапон жолын қаншама үлгі етсе де, табынуға ұрынбайды. Біз мұны мақаланың соңғы жағынан, Жапонияның әлсіз тұстары туралы жазған тұстарынан анық байқаймыз.
«Өзге жұрттың ептеп жай жеткендерінің бәрін түгелімен тез сіңіріп ала қою мүмкін жұмыс емес. Мұндай бірбеткей, сыңаржақ қалғандық Жапонияның ішкі хал-жайын тексерсек көрінеді. Әуелі Жапониядағы оқу жолын қарастырайық.
…Жапония оқушыларына осы күнге дейін қиындығы кетпей жүрген бір нәрсе –
Қытай мен Жапония әдебиетінң ерте қосылып кеткендігі; бұл қосылу себепті Жапонияның жазба сөздерінің бәрін қытай тілі кернеп, Жапонияның өз тілін жеңіп кеткендік. Міне, сондықтан Жапонияның кітап тілі мен сөйлейтін тілі жат, екі басқа»,[3] – дей келіп, ары қарай Жапониядағы әйелдер тақырыбына тоқталады.
Шындығында да жапон тілі қытай тіліне жеңілген тіл болатын. Әдебиеті де солай. Бірақ ХХ ғасыр басына қарай осы олқылықтың орны тола бастады. Яғни Жапониядағы кітап тілі, жапонның тілі қытай тілін бағындырып, қалыпқа түсе бастаған еді. Бұған дәлел ретінде ХХ ғасыр басындағы бірқатар жапон жазушыларын алға тарта аламыз. Әрине, олардың басында К.Оэ, Я.Кавабата, Р.Акутагавалар тұр. Бұл жазушылар жапон ұлттық прозасының негізін қалаушылар болып саналады. Десек те, бұл кезеңнің өзінде жапон әдеби тілі қалыптасып, оқыла бастағанда да жапон жазуышлары қытай мифтері мен аңыздарынан алыс кете алған жоқ. Иә, өздеріне тән мінезі мен көркемдігі болды, бірақ желі қытайлық. Мұның да жауабы М.Әуезовтің мақаласында бар. Жазушының Жапонияның діні турасында айтатын тұсын есіңізге алыңызшы: «Жапония бір дінді тұтқан халық емес, қашаннан неше дінді ұстанып келе жатқан жұрт. Бұлар Будда дінін де, Конфуци дінін де тұтынды».
Ал Конфуцидің ілімінің астарында қытай халқының танымы мен түсінігі жатқаны белгілі емес пе?
Жоғарыда айтқан жапон жазушыларының шығармалары көп кешікпей қазақ топырағына да жете бастаған. Әсіресе Р.Акутагава көптеп оқылғанға ұқсайды. Қазақтың кәсіби прозасы ХХ ғасыр басында, қалыптасып келе жатқан кезеңде қазақ ертегілерінің үлгісінен нәр алып, соңыра әлем әдебиетіне бірден бет бұрды. Әсіресе осы кезеңдерде күншығысқа көптеп үңілген қазақ жазушылары прозаның да негізгі даму жолы ретінде жапон әдебиетіне жіті мән берді. Ж.Аймауытовтың:
– Жазам ба? Жазбаймын ба? Онда сіздің жұмысыңыз жоқ. Менің жазуымды тергейтін сіз емес, жорналшылар, – деп сырт бердім. Одан жаман әкіреңдеді.
– Танымасаң, танытармын. Одан да шыныңды айт! [4]– деп басталатын «Елес» әңгімесі есіңізде болар. Жапон жазушы Р.Акутагаваның да дәл осылай елеспен жазу, дүниенің сыры төңірегінде тілдесетін «Түнектегі диолог» атты әңгімесі бар.
Сонымен қатар, өзіміз сөз етіп отырған М.Әуезовтің алғашқы 1921-1925 жылдарда жазылған «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу», «Жетім» әңгімелерінен жапондық нәзіктік байқалады. Бұл кездерде М.Әуезов Семей қаласындағы мұғалімдер училищесінде қызмет атқаратын.
Жапон прозасы негізінен орыс жазушысы Ф.Достаевскийдің шекпенінен шыққан болатын. Әрине, толықтай емес. Бірақ психологиялық иірімдер мен адам жанының ішкі бұралаң жолдары мен сүрлеулерін суреттеуде жапон жазушылары Ф.Достаевскийге еліктейтін. Осы ұшқын ХХ ғасыр басындағы қазақ жазушыларында да байқалады. Яғни қазақ әдебиетіндегі проза қаз-қаз тұра бастаған шағынан-ақ әлем әдебиеті мен қазақ танымының арасынан өзінше жол тапқан еді. М.Әуезов, Ж.Аймауытов, Б.Майлин секілді қаламгерлердің ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі туындылары біздің осы сөзімізді шегелей түседі. Қазақ қаламгерлері екі, тіпті одан да көп халықтардың синтезінен өз жолын тапқан тұста «кеңестік реализм» деген жасанды жанр пайда болды. Пайда болған жоқ, қызыл өкімет күштеп енгізді. Бұл әдеби ағымда шығарманың формасы маңызды емес. Мазмұны ғана маңызды. Әсіресе, партия мен өкіметті жақсы қырынан суреттеген тұстары ғана.
М.Әуезов Жапония туралы мақаласын жазу кезінде көптеген ізденістерге барғаны байқалады. Әрі ол өз шығармашылығы үшін үлкен пайдасын тигізді.
Мысалы М.Әуезовтің «Жапония» мақаласы мен «Қорғансыздың күні» әңгімесі арасында да үлкен байланыс барын байқауға болады. Мақаладағы жапон мешеулігі турасында: «Бұдан соңғы бір жаңалығы: Бұрын Жапонияда әрбір тайпаны бір даймоис, яки князь билейтін. Бұлардың бәрі де қол астындағы халқынан алым алып, қолдарына көп батырлар, яки әскер сақтайтын. Бұлардың өзі білімсіз, өзі жуан болған соң елге келтіретін зияны көп болды. Жаңалық оларды да орынан домалатты», – дейді.
«Қорғансыздың күні» әңгімесін де осындай еріккен бай мен оның жылпос көмекшісінің қарапайым халыққа қанша қасірет сыйлайтыны туралы айтылмай ма? Мақалада айтылған әрбір тайпаның «даймоисы» біздің болыстар да, болыстың ұстайтын батырлары мен әскері барымташылар. Олар да мешеу Жапонияның даймоистары секілді халыққа зияны көп болатын. Жалған намысты ту етіп, барымташыларына өзгенің малын шаптырып, ел мазасын алар еді. М.Әуезов әңгімесіндегі қорғансыздардың жанайқайына, Ғазизаның өліміне адам емес, қоғам, сол кездегі сондай билікке мүмкіндік берген заман кінәлі.
Жазушының «Қорғансыздың күні» әңгімесі 1921 жылы «Қызыл Қазақстан» газетінде басылған. «Жапония» мақаласынан кейін 3 жылдан соң. Яғни жазушы мешеу жапон мен өз тұсындағы қазақтың проблемаларын қос векторлы параллел қарай алып, өз шығармалары арқылы әдебиет айдынында Мэйдзи реформасын жасағысы келген деуімізге де болады.
Әңгіме: «Ғазизаның шашы азырақ дудырап қапты. Денесінің жартысын қар басқан. Әкесінің бейітіне жабысып, қасіретті өмірдің ақырғы қуатын сол жерде берген екен. Өлер сағатына шейін қабағын басқан қайғы бұл уақытта жадыраған ізі қалған жоқ. Балалық жүзінде: «Менде жазық жоқ, мен тазамын»,— деген ашық тазалықтың белгісі, қайғықасіреттен сейілген жас баланың ажары бар.
Жауыздықтың жас құрбаны қасіретке толы өмірінің азапты ақ түтегінен адасып өліп, мәңгі толас тапқандай, – [6] деп аяқталатын еді. Бәлки жазушы әңгіменің соңғы шешімі арқылы мұндай болыскейлерден ертерек құтылмасақ, бастықсымақтардың ертерек көзін жоймасақ көрген күніміз Ғазизаның күні деп айтқысы келгендей. Өкініштісі сол, бұл шығарма Кеңес өкіметінің оң жамбасына келіп, байлар мен болыстарды жерге тыққан шығарма деп танылған. Арғы мәні мен ойы ол заманда қаралған жоқ.
М.Әуезов Жапонияны зерттей жүріп, өзінің көркем шығармашылығына да бірнеше ықпалды дүниелер тапқанын осылайша байқауға болады.
Мақаладағы: «Жапонияның бұларға қарсы бетке ұстайтын қаруы болмады. Көп айлалы, қомағай, білімді жұрттардың ортасына түсіп, өзіндігінен айырылып, халыққа жем болатын уақыт келді. Осы себеп қамшы болып, Жапонияның сүйегіне сіңген ұлтшылдық, жігерлілік қаны оянды. Айлалы, азулы, жауға өзінің ұстап келген қаруындай қару ұстап, өзінің сүйенген тәртібіндей тәртіпке сүйенбесе, басқа лаж болмайтын болды. Жұрт басшысы, қамқорлары бұл халді ұғып, осының жолына бастарын сарп етіп, жаңа жол табуға ізденді», – деген сөздер кездеседі.
Біздіңше М.Әуезов осы пікірді айтар тұста Абай мен әкесі Құнанбайдың арасындағы диологты негізге алса керек. «Абай жолы» роман-эпопеясындағы әке мен баланың диологын еске түсірейік:
– …Үшінші, орысшылсың. Солай қарай ден қойып барасың. Дін, мұсылман жат санайтынын ескермейсің! – деді.
– …Үшінші, орысты айттыңыз. Халық үшін де, өзім үшін де дүниенің ең асылы – білім-өнер. Сол өнер орыста. Мен барлық тірліктен ала алмаған асылды содан алатын болсам, ондай жер жатым бола ма? Жатырқап, қашықтауым надандық болса болар, бірақ қасиет болмас…– деді. [5]
Жазушы М.Әуезовке де, ғалым М.Әуезовке де, журналист М.Әуезовке де Абайдың әсері аз болған жоқ екенін осыдан-ақ байқауымызға болар. Тек М.Әуезовке емес, сол замандағы барша қазақ зиялыларына Абайдың әсері зор болған.
Абай мен әкесі Құнанбай арасындағы бұл диолог ертеден белгілі. Шындығында да өмірде болған әңгіме. Тек біршама басқа болған еді. Бұл туралы М.Әуезовтің өзі жазады. Ол «Абайтану» атты ғылыми монографиясын 4 рет қайта өңдеп бастырған. Соның алғашқы екі басылымында Абай әкесінің орысшылсың деген мініне: «Заман орыстыкі, ол – жеңген, біз – жеңілген елміз. Ендігі күнде алысатын дұшпанның айласы мен әдісін білмесең, алысқа шығудан мағына жоқ. Мен орыстың өзін сүймесем де, өнері мен ебінен үлгі алуға керек», –[7] деп жазылған болатын. Кейіннен «Абайтану» монографиясына саясаттың араласуымен соңғы екі басылымында бұл сөз жоғарыда «Абай жолында» жазылған диологтың қалпына түсті.
Жапония туралы мақаласы М.Әуезовтің кейінгі шығармашылығына әсер еткен жоқ, оның алғашқы еңбектері де «Жапония» мақаласын тереңдеп жазуға үлкен жол ашқан. Мысалы М.Әуезовтің 1917 атақты «Адамдық негізі – әйел» атты мақаласы жарық көрген. Яғни ол қазақ қоғамындағы әйелдер тақырыбына ертеден мән берген. Жапония туралы мақала жазарда да ол жапон әйелінің тұрмысына үңіледі. Өйткені, адамдықтың негізін әйел деп танитын қаламгер дамыған елдің әйелдері туралы да жазып, өз халқы үшін жол көрсетуі керек емес пе?
«Енді Японияның әйелінің хәліне келейік. Бұрынғы уақытта Японияның әйелі елеусіз күйде болып, ескі ата-бабалар салтымен әйелге өсіп-өну салтымен қарайтын. Бұл күнгі жаңалық ағымы ол салтты қалдырып, әйелді де мемлекеттің құрметті мүшесінің бірі деп біліп, қатарға кіргізіп барады. Әйелдер үшін төменгі дәрежелі мектептер өз алдына жоғары дәрежелі мектептер де салына бастады. Японияда әйелдер оқитын мектептердің тәртібі бұл күнде Европа әйелдерінің мектептерінен артық түр тапты. Әйел оқығанда бір жағынан үй ішінің шаруасын үйрену керек, бір беткей оқумен кететін Европа әйелдері үй шаруасына ыңғайы аз, еркек секілді сөлекет болып кетеді, өмірден алыстап кетеді деп, бар әйелдер мектебінде шаруа жағын құнттап тәрбие қылады». [3]
Мақаладан байқағанымыздай, автор жапон әйелінің күніне қызығушылық танытады. Олардың оқып, көзі ашылып жатқанына және батыстың қарадүрсін білімімен емес, таза жапондық үлгіде білім, тәрбие алып жатқаны жазушыны қатты сүйсінтеді. Шынтуайтына келгенде бұл мәселе бүгінгі күнге дейін өз шешімін толықтапқан жоқ. Тек бұл емес, ХХ ғасыр басында жазылған «Жапония» мақаласындағы көптеген мәселелер біздің қоғамның әлі де әлсіз тұсы болып отыр.

Әдебиеттер тізімі
1. Жылқыбай Д. Азиядан ауған америкалықтар //«Ақ желкен» журналы. №2 сан, 2018ж.
2. Жылқыбаева Ш. Қызыл қақпаның құпиясы.- Алматы: Жалын баспасы, 2013. — 192 бет.
3. Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. – Алматы: «Дәуір», «Жібек жолы», 2014. 1-том: Мақалалар, пьесалар.
4. Аймауытов Ж. Бес томдық шығармалар жинағы. Үшінші том. Повест, әңгіме, аудармалары.
— Алматы: «Алаш» баспасы, 2005. — 304 бет.
5. Әуезов М. Абай жолы. Роман-эпопея. Бірінші кітап. – Алматы: «Жазушы», 2004. – 368 бет.
6. Әуезов М. Қорғансыздың күні. Әңгімелер мен повестер.– Алматы: «Атамұра», 2002.–
432 бет.
7. Әуезов М. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. – Алматы:«Санат», 1997. – 416 бет.

Аннотация: Статья М. Ауэзова Япония и её влияние на творчество писателя Первая четверть ХХ века была подготовительным периодом к переходу казахского народа к новой системе и новым изменениям. До этого времени на казахской земли существовала заложенная Абаем профессиональная поэзия. Но уровень прозы и драматургии, журналистики и литературоведения был низким. В это время все просвещенные казахи выложили все свои усилия для развития искусства и литературы казахского народа. Пришедшие в литературу поэты работали в сфере прозы и драматургии. Что касается журналистики, то тут и так всё ясно. Для неокрепшего, развивающегося государства нужно было государство, которое показала дорогу, направление развития. Представители просвещенной интеллигенций, такие как А. Бокейханов, А. Байтурсынов искали эту дорогу. И нашли её в Японии. В результате многочисленных исканий и исследований появились статьи о том, что казахское государство должно развиваться по пути Японии, и только тогда казахи сохранят своё национальное своеобразие. Среди этих статьи своей научной точкой зрения своими исследованиями выделялась статья М. Ауэзова «Япония «. В этой работе описывается становление молодого, начинающего писателя. Искания в этой статье повлияли на дальнейшее развитие писателья. В то же время были затронуты некоторые вопросы о влиянии Японской литературы на казахскую литературу ХХ века. А внешнюю оболочку статьи составляет братство, общность казахского и японского народов.

Аbstract: Article by M. Auezov Japan and its influence on the writer’s work The first quarter of the twentieth century was a preparatory period for the transition of the Kazakh people to a new system and new changes. Until that time, professional poetry laid by Abai existed on the Kazakh land. But the level of prose and drama, journalism and literary criticism was low. At this time, all the enlightened Kazakhs laid out all their efforts to develop the art and literature of the Kazakh people. The poets who came to literature worked in the field of prose and drama. As for journalism, everything is clear here. For a fragile, developing state, a state was needed that showed the road, the direction of development. Representatives of the enlightened intelligentsia, such as A. Bokeykhanov, A. Baitursynov, were looking for this road. And they found her in Japan. As a result of numerous searches and studies, articles appeared that the Kazakh state should develop along the path of Japan, and only then will the Kazakhs retain their national identity. Among these articles, the article by M. Auezov «Japan» stood out for its scientific point of view with its research. This paper describes the formation of a young, novice writer. The quest in this article influenced the further development of the writer. At the same time, some questions were raised about the impact of Japanese literature on Kazakh literature of the twentieth century. And the outer shell of the article is fraternity, common Kazakh and Japanese peoples.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *