Батырбекқызы Г., Бердекова Р.М., Муратова Г.Т. аға оқытушы, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Шымкент, Қазақстан аға оқытушы, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Шымкент, Қазақстан аға оқытушы, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Шымкент, Қазақстан
ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҚЫЗМЕТІНІҢ ТАРИХЫ – ҰЛЫ ДАЛА ТАРИХЫ
Түйін: Ұсынылып отырған мақалада Қазақстанда ұлт зиялыларының қалыптасу тарихы және аталмыш мәселе бойынша жазылған негізгі еңбектерге тарихнамалық тұрғыда шолу жасалынды. Қазақ зиялыларының қалыптасу тарихы XIX ғасырдың соғынан ХХ ғасырдың басындағы уақыт аралығында басылып шыққан еңбектері мен мәліметтері қарастырылады. Бұл кезең халықтың Ресейдің колониалдық саясатына наразылық танытатын басылымдар мен әдебиеттердің басылуымен сипатталады. Қаруды қаламға айырбастаған зиялылар алыс жақын шет елдерде Ресейдегі ірі оқу орындары мен Европадағы оқу орындарында білім алып, ұлттық мемлекеттік тәуелсіздік туралы сөз қозғады. Мақалада төңкеріске дейінгі тарихты ұмыттыруға бағытталған кеңес идеологиясының әсері көрсетілген, сонымен қатар, төңкеріске дейінгі тарихнамаға және тәуелсіз Қазақстанның тарихнамасына шолу жасалынған. Кеңес қоғамындағы дәстүрге сай орталықта жүргізілген бұндай зерттеулер Орта Азия мен Қазақстанда осы тақырыптағы зерттеулерге концептуалдық, мазмұндық және тақырыптық тұрғыда үлгіге алынды.
Кілттік сөздер: зиялы қауым, элита, интеллигенция, Алаш қайраткері, тарихнама, идеология, Кеңес өкіметі.
Қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси қызметінің тарихын зерттеуді олардың өздері бастап берген болатын. Бұл ретте Ә.Бөкейхановтың, М.Дулатовтың, М.Тынышпаевтың және Е.Омаровтың өз замандастырының өмірі мен қызметіне байланысты түрлі басылымдарда жариаланған еңбектерін айтқан жөн. Қазақ зиялылары кім туралы жазбасын, уақыт рухына сай қайраткердің ұстанған айқындамасы мен атқарған еңбегін бірінші кезекке қойды. Кеңес үкіметі тұсында қазақ зиялыларының тарихын жасау ісі ресми саясатқа тікелей тәуелді болды, соған сай өзгеріп отырды. Мұндай саясаттың астары түсінікті болатын. Қазақ бұқарасының санасын өзіне қаратып алуды көздеген большевиктер, өзінің негізгі қарсыласы ұлттық тәуелсіздік тұғырнамасында тұрған қазақ демократиялық интеллигенциясын күрес аренасынан біржола ығыстыруды алдына мақсат етіп қойған еді. 1922 жылдан бастап жоғары билікте жүрген Алаш қайраткерлері ығыстырыла бастайды. Қазақтың демократиялық интеллигенциясының қоғамдық-саяси қызметін бағалау алғашқы кезде екіге жарылып, кейін жоғарыдан берілген нұсқаумен біржақты зиянды жағынан көрсететін еңбектер шыға бастады. 1937-1938 жылдардағы интеллигенцияға қарсы жүргізілген жаппай жазалау саясаты бұл мәселені 1980 жылдарға дейін жауып қойды. Көбіне ол революцияларға, шаруалар көтерілісіне, Қазан төңкерісінен кейінгі қайраткерлерге бағышталды. Бірақ мұндай зерттемелер марксизм-ленинизм аясынан шыға алмады [2].
Академик Манаш Қозыбаев «ұлттық зиялы қауымның тарихы қалыптасып, ғылыми арнаға салынбағанның тағы бір себебі-коммунистік методологиядағы интернационализм принціпін большевизмнің өз пайдасына, таптық мүддесіне ғана бағындыруда» Марксизмленинизм методологиясын басшылыққа алған зерттеушілердің бір бөлігі Қазан төңкерісіне дейін қазақта ұлттық интеллигенция қалыптасып үлгермеді деген тезисті тұжырымдады.
С. Асфендиаров қазақ зиялылары үш топтан тұрады деп санады: «Біріншісі – ол қызметкер зиялы қауым: негізінен қазақтың феодалдық аристократтарының (сұлтандартөрелер) ортасынан шыққан чиновниктер мен офицерлер; екіншісі – бұл арада феодалдық аристократтар мен байлардың ортасынан шыққан әр түрлі мамандар: дәрігерлер, инженерлер т.б., үшіншісі – бұл демократиялық қауым, басым көпшілігі мұғалімдер, жазушылар және басқалары» Қазан төңкерісінде белсенділік көрсеткен зиялылардың демократиялық қанаты демократиялық қауым (интеллигенция) болып қалыптасты, – деп санады С.Асфендиаров. Зиялылардың бұқараның азаттық қозғалысымен қосылуы, ащы шындықты айтсақ, – деп көрсетті С.Асфендиаров, – 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың, ақпан буржуазия-демократиялық революциясының, ақпаннан Қазанға көші барысындағы тәжірибенің негізінде болды, сөйтіп Қазан социалистік революциясы кезеңінде аяқталды».
Міне, осылай зиялы қауым тарихы совет заманасымен шектелді. Зиялы қауым, жұмысшы табы мен совет шаруаларының арасын қосатын дәнекер топ ретінде қаралады. Сонымен қатар, марксизм-ленинизм методологиясының шеңберінде ұлттық зиялы қауымның ғылыми тарихын жасау мүмкін емес еді. 1980 жылдардың соңы, қоғамды қайта құру, қуғындалған зиялылар ақталысымен, еліміз тәуелсіздігін алуымен қазақ зиялыларының тарихы туралы тарихнамалық еңбектер шыға бастады. Олардың тарихтағы орны анықталып, тұғырына қондыра бастадық. Енді біз кеңінен қарастырып, тарихнамалық шолу жасасақ. Алаш, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы және ондағы ұлттық зиялының қалыптасуы мен қызметіне қатысты зерттеулерге әдіснамалық негіз қалаған К.Нұрпейістің [6] іргелі зерттеу еңбектерінің маңызын атап көрсетуіміз керек. К.Нұрпейіс зерттеу еңбегінде алғашқы болып Түркістанда қызмет жасаған Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты туралы идеяны тұжырымдады. Бұл тұжырым зерттеу жұмысымызда Алаш қозғалысының Оңтүстік қанатына топтасқан ұлттық зиялы өкілдерінің алаштық идеядан бас тартпай жартылай жасырын, жартылай жария жағдайда 1924 ж. дейін қызмет жасағандығы туралы концепцияны негіздеуімізге жол сілтеді.
М.Қойгелдиевтің [3] Түркістан Мұхтарияты мен Алашорда үкіметін бір-бірімен сабақтас ұлттық мемлекеттік құрылымдар ретінде қарастыруы Түркістан тарихына отан тарихының құрамды бөлігі ретінде маңыз беруге негіз қалады. Оның Түркістан қозғалысының көсемі М.Шоқайға қатысты зерттеулері тақырып бойынша таным аясын кеңітті. Сол сияқты партиялық-мемлекеттік номенклатураның жоғарғы эшелонына көтерілген Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Төреқұлов, С.Сәдуақасовтардың элиталық қызметіне ұлттық мүдде тұрғысында барынша әділ баға берілді. Д.Аманжолованың [9] еңбегі мәселеге қатысты құжаттық деректерге талдау жасай отырып, ұлт-азаттық қозғалыстың шынайы мазмұнын қалпына келтіріп, сипатын айқындау және ұлттық зиялының жеке құрамының қызметіне баға берудегі объективтілігімен ерекшеленеді. Ғалымның «…в отличие ряда других мусульманских этносов России, особенно Центрально-Азиатского региона, в кочевых и полукочевых аулах Казахстана влияние ислама сказывалось главным образом в быту, обычаях и традициях и значительно менее – в сфере идеологии и политики. Особенно отчетливо это проявилось в 1905–1920 г.г.» деген тұжырымдары Түркістандағы этносаяси және конфессиялық ахуалға айқындық береді.
Ресейдің орталығында кең өріс алған мұсылмандық қозғалысқа қазақ элитасының кейбір өкілдері ғана белсене қатысты. Атап айтқанда Ж.Досмұхамедов пен У.Танашев Бүкілресейлік мұсылмандар съездеріне қатысса, М.Шоқай ІV Мемлекеттік думаның мұсылмандар фракциясы бюросының хатшысы болып қызметке араласты. Бірақ, бұл жердегі мұсылмандық атауы ислам дінін ұстанатын халықтардың жиынтық атауы ғана екендігі есте болуы керек. Ал, Сералы Лапиннің діни бағытты ұстанған «Шуро и Улема» қоғамдық-саяси қозғалысының саяси серкесі болуы да қазақ этноэлитасының арасында діни ағымның басымдығын танытпайын еді.
Тақырып тарихнамасының едәуір бөлігін шетелдік (эмиграциялық) әдебиеттер құрайды. Ұлттық зиялы өкілдерінің саяси, тарихи көзқарасы таптық идеологияның қағидаларына балама өршіл ұлттық рухымен ерекшеленеді. Атап айтқанда М.Шоқай, З.В.Тоған, Б.Хайт, Х.Оралтай еңбектерінде көрініс тапқан. Отарлық езгіге қарсы күресте қазақ қайраткерлерімен тығыз байланыста болған Заки Валиди Тоғанның естеліктері
М.Шоқай естеліктері жақын. Мәселен, А.З.Валиди Тоғанның шет елге кетер алдында В.И.Ленинге жолдаған хаты кеңес үкіметінің ұлттық мәселеде патшалық империя дәстүрлерінен қол үзе алмаған билік екенін айғақтайтын құжат есебінде қарастыруға болады. Алаш қайраткерлерінің тарихын, әсіресе шет елдерде қоныс аударуға мәжбүр болған зиялылардың өмірі мен қызметін Х.Оралтай қарастырған. «Алаш» партиясының 1905 жылдың өзінде-ақ құрылғаны және оның 1917 жылға дейінгі құпия қызметі туралы айтқан көзқарасына О.Әбдіманов қосылса М.Қойгелдиев келіспейді. Бұл жерде «Қазақ» газетімен бірге «Айқап», «Қазақстан» басылымдарының Алаш партиясының органына жатқызуға келісу қиын дейді [4].
Еліміздің қоғамдық ғылымында элиталық концепция соңғы жылдары ғана қалыптасқандықтан кеңестік тарихнамада осы саладағы арнайы зерттеулер кездеспейді. Тақырыпқа қатысты әрі оның мақсаты мен міндеттеріне барынша жақын келетін ұлттық интеллигенцияның қалыптасуы мен қызметі туралы зерттеулер ХХ ғ. 60–70 жылдары жүргізіле бастады. Ой еңбегімен кәсіби тұрғыда шұғылданатын, шығармашылық қызметінің нәтижесінде материалдық және рухани игіліктер жасайтын адамдардың қоғамдық құрылымы интеллигенция атауымен әлеуметтік құбылыс ретінде ХХ ғ. 60жылдардан бастап шұғыл зерттеле бастады. Таптық қағиданы басшылыққа алған әдіснамалық негіз тақырыпта батыл игеруге тосқауыл болғанымен ХХ ғ. басындағы Ресей интеллигенциясының тарихын саяси билікке қатысына қарай зерттеу қолға алынды.
Осы саладағы іргелі еңбектердің бірі Л.К.Ерманның монографиясында интеллигенцияның қалыптасуы және оның зиялыға тән қоғамдық-саяси қызметі алғаш рет жан-жақты қарастырылды. Осы зерттеудің ізін ала 70-80 жылдары ХІХ-ХХ ғ. басындағы орыс интеллигенциясының тарихын әр қырынан зерттеген П.С.Гусятников, А.В.Ушаков, В.Р.Лейкина-Свирская, С.А.Федюкин, В.Л.Соскин сияқты ғалымдардың еңбектері жарық көрді. Таптық көзқараспен жүргізілген бұл зерттеу еңбектердегі интеллигенцияның қалыптасуы мен қызметіне қатысты ұстанған концепциялар мен жасалған тұжырымдардың қазіргі заманғы ғылыми ой талабына сай келмейтін тұстары жоқ емес. Әйтсе де, бұл еңбектердің деректік маңызы үлкен екендігін есте ұстауымыз керек. Кеңес қоғамындағы дәстүрге сай орталықта жүргізілген бұндай зерттеулер Орта Азия мен Қазақстанда осы тақырыптағы зерттеулерге концептуалдық, мазмұндық және тақырыптық тұрғыда үлгіге алынды.
Тақырып тарихнамасының алғашқы тобын құраған Ж.Карагусов, А.К.Валиев, Т.Дурдиев, Ш.Тастановтардың еңбектерінде ұлттық интеллигенцияның қалыптасуы мен қызметінің жетістіктерін бірыңғай Кеңес үкіметінің ұлт саясатымен байланыстырған жалаң идеологиялық баяндауларға негіздегендігіне қарамастан, тың деректік құжаттардың дәйектеріне сүйеніп, ұлттық интеллигенция жайлы ғылыми ой-пікірлер қалыптасты. Осы жерде атап өтерлік мәселе ұлттық интеллигенция тақырыбының тарихнамасы 20-30 жылдардан бастап қолға алына бастаған болатын. Түркістан элитасының көрнекті өкілі Т.Рысқұлов өз еңбектерінде қазақ интеллигенциясының тарихына көп көңіл бөліп, оның пайда болуы мен қалыптасуы ХІХ ғ. соңында басталды деп тұжырым жасайды. Ол ұлттық интеллигенцияның қызметін саяси, әлеуметтік және ұлттық бағдарды басшылыққа алып қарастырудың негізділігін алға тартады.
Түркістандағы ұлттық элитаның келесі өкілі С.Асфендиаров та ұлттық интеллигенцияның қалыптасу кезеңін ХІХ ғ. ортасынан бастауды ұсынады. Тақырыпты игеруге қызығушылықтың артуымен 70-жылдары ұлттық интеллигенцияның қалыптасуы мен қызметін идеологиялық қондырғының қағидалары аясында барынша ауқымды талдап, мүмкіндігінше объективті бағалауға бағдар ұстаған Ә.К.Қанапин, А.Д.Яндаров, Р.Б.Сүлейменов, Х.И.Бисеновтердің еңбектері жарық көрді. Осы кезеңдегі зерттеулердің арасынан Р.Б.Сүлейменовтың Қазақстанның қазан төңкерісіне дейінгі мәдени мұраларына баса мән беріп, Ресейдің шет аймақтарындағы ұлттық интеллигенцияның тағдырына талдау жасаған еңбектерінің маңызын атап өтуге болады. Отандық тарих ғылымының коммунистік идеологияның ықпалынан арылуы және гуманитарлық, демократиялық қағидалар мен жалпыазаматтық құндылықтар бағытында дамуы мәселені жаңа көзқараспен бағалауда кең мүмкіндіктерге жол ашты.
Тәуелсіздік жылдары Х.Әбжанов [1] пен А.Гурьевич, А.Амрекулов пен Н.Э.Масановтардың еңбектері жарық көріп, ұлттық интеллигенция тақырыбын жаңа мазмұнда игеруге кең мүмкіндік ашты. «Қазақ интеллигенциясы қашан қалыптасты?» деген сауалға Х.Әбжанов мынадай жауап қайтарады: «Россияның қол астына енгенге дейін ХІV-ХVІІ ғасырлардағы қазақ қоғамы ой еңбегі адамдарына кенде емес болатын. Олардың арасында сәулетшілер де, басқарушылар да, композиторлар да, әскер басшылары да, ақындар, сал, серілер, жыраулар да, дипломаттар да бар еді. Ұшы-қиыры жоқ кең даладағы цивилизация талабына творчестволық қызметі толық жауап берген интеллигенцияның әлеуметтік тобы, осы тұста құрылды». Ғалым зиялылардың ел алдындағы қызметінің сырын ашу үшін Ш.Құдайбердіұлының «Терең ой, түзу тәжірибесі бар адам ғайыптан хабар береді. Әулие деген сол болса керек» деген сөзін алға тартады. Осы тұжырымның элиталық тұлғаға деген дәстүрлі қоғамдағы өлшем-бағаны танимыз.
Х.Әбжанов [1] қоғам алмасқанда ұлттық интеллигенцияның саны өскенімен оған деген қажеттілік бәрібір өтелмейтіндігін айтады. «Мұның сыртында ат төбеліндей аз осынау интеллигенция тобы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып дегендей» туған халқының жоғын жоқтап, жыртысын жырта бермеді. А.Байтұрсынов 1911 жылы айтқандай, олардың бірі: «мал табуға салынды, білді жалғыз алымды», екіншісіне шен мақсұт болды. Осының өзі халық пен оның зиялыларының арасына алшақтатпаса жақындатпады» деп интеллигенция қатарындағы саяси және әлеуметтік жіктелудің сырын ашады. Ғалымның ұлттық интеллигенция қалыптасуының кезеңін айқындауының да әдіснамалық тұрғыда маңызы зор. Қоғамдағы зиялыны қалыптастырушы әлеуметтік орта ретінде кеңестік дәуірдегі интеллигенцияны Х.Әбжанов негізінен үш кезеңге бөліп қарастыруды ұсынады.
Бірінші кезең 1917 ж. қазанынан Голощекиннің үстемдігі орныққан 20-жылдардың екінші жартысы аралығы; екінші кезең – 1991 жылға дейін; үшінші кезең – тәуелсіздік жылдары. Әрине, үлкен құбылысты бұлай кезеңдеудің өз шарттылықтары болады. Дегенмен ғалымның бірінші кезеңге тән ерекшеліктерді айқындаудағы объективтілігі көңіл аударуды қажет етеді. Оның «халықтың нағыз ортасынан шыққан және халқына қалтқысыз қызмет етуге әзір жаңа үлгідегі интеллигенция күштерінің қалыптасуымен» қатар «байырғы интеллигенция өкілдерінің жасампаздық потенциялының жаңа қырының ашылуы» деп айқындаған тұжырымы кеңестік идеология күстаналап келген алаштық үлгідегі ұлттық зиялы қызметін әділ бағалауымен маңызды деп білеміз.
Түркістанда өнеркәсіптің қалыптасуы барысында өндіргіш күштердің қарыштап дамуы өлкедегі саяси-әлеуметтік үдерістерді жаңартушы рөл атқарды. Осы экономикалық тетіктің саяси-әлеуметтік сипатын айқындауға баса мән берген М.Х.Асылбеков зерттеулерінде теміржол саласында ұлттық кадрлардың пайда болуы мен қалыптасуы жанжақты зерттелді. Әсіресе ғалымның еңбектерінде Түркістандағы ұлттық зиялы өкілдері М.Тынышпаев пен Т.Рысқұловтың Қазақстанның экономикасын индустрияландырудағы қызметі жаңа қырынан танылады. Соңғы жылдары академик М.Х.Асылбеков отандық тарих ғылымының тұлғатану саласында өнімді еңбек етіп, тың тұжырымдарымен көш бастап жүргендігін атап өтуіміз керек.
Ұлттық саяси элитаның алғашқы буынының көсемі болған Әлихан Бөкейхановтан бастап кеңестік тоталитарлық жүйенің тезінен өткен Төлеген Тәжібаевтарға дейінгі бірқатар қайраткерлер туралы ғалымның тұжырымдары мәселені ұлттық мүдде тұрғысында бағалауымен ерекшеленеді. Тәуелсіздік жағдайында тақырыпты жаңа әдіснамалық негізде қарастыру бағытында М.Қозыбаевтың [5] еңбектерінде интеллигенция тарихының «ақтаңдақтары» жаңа мазмұнмен толықты. Осындай жаңа концептуалдық бағыт пен әдіснамалық негіз Ж.Абылхожиннің, Т.Омарбековтың іргелі зерттеулерінде одан әрі өріс алды. Е.Сыдықовтың зерттеулерінде «Алашорданың ақсақалы» Шәкәрім Құдайбердіұлы бастаған бірқатар алаштық үлгідегі элита өкілдерінің қызметі жаңа көзқарас тұрғысында қарастырылды.
Ал мәселені жаңа қырынан қарастырған Д.Махаттың саяси қуғын-сүргінге түскен ұлт зиялыларының қатал тағдыры туралы зерттеу еңбегі 20-30 жылдардағы күрделі қоғамдық-саяси ахуалдың себептерін ашып, оған объективті баға беруге арналды. Ол әсіресе ресми биліктің ұлттық зиялыны жікке бөліп, олардың ұлттық мүдде жолындағы бірлігін әлсіреткен саяси күрес шараларының идеялық негізін айқындауға күш салған.
Соған сай «рысқұловшылдық», «қожановшылдық», «мендешовшілдік»,
«сейфуллиншілдік» сияқты саяси айдарларға партиялық билік ойдан шығарған жікшілдік деп баға беріп, элита арасында ұлттық негіздегі терең алауыздықтың болмағандығын дәлелдейді.
Ұлттық шығармашылық интеллигенцияның өсу жолдары мен кәсіби қызметін кешенді тұрғыда қарастырған З.Дүкенбаева [2] зиялы ұғымына біршама кең мағына беруге ұмтылады. Ол зиялыны өз тағдырының халық тағдырымен тығыз байланыстылығын жақсы ұғынған, халық мүддесін бәрінен жоғары қойып, халықтың жоғын жоқтаушы, ұлттық мұраттар жолындағы күрескерге теңейді. Ол «Саяси жағынан зиялы бостандықтың, демократияның, ұлттық және мемлекеттік тәуелсіздіктің жаршысы. Зиялылардың шығармашылық мұрасы олардың ұлт тәрбиешісі болғандығын көрсетеді» деп элитаға тән сапалық белгілерді санамалай келіп, «өзге елдерде интеллигенцияны «халықтың ары» деп атайтын болса, қазақта халықтың ары болған түгел интеллигенция емес зиялы перзенттер» деген тұжырым жасайды. Осы тұжырым арқылы зерттеуші қазіргі заманғы элита категориясына біршама жақындағанымен зерттеу тақырыбына сай зиялыларға ешкімге ұқсамайтын, «сыңары жоқ» (Шәкәрім), қайталанбас бейне, замандастарының алды, теңдесі жоқ шығармашыл тұлға деп анықтама береді. Демек, бұл анықтама бойынша дәстүрлі қазақ қоғамының осы категориясындағы зиялыларды қызметтік сипатына, тұлғалық өлшемдеріне сай шығармашылық элита қатарына қосамыз.
Тақырыпқа тікелей қатысты Ә.М.Ауанасованың зерттеу еңбегі отандық тарихта Түркістан интеллигенциясын алғашқы болып дербес зерттеуімен ерекшеленеді. Бұл еңбектің маңыздылығы, онда Түркістан тарихы отан тарихының құрамды бөлігі ретінде жан-жақты қарастырылуы деп білеміз. Ә.М.Ауанасова Түркістан ұлттық интеллигенциясы басшыларының кеңестік тәртіптің қуғын-сүргінінен бой тасалап, эмиграциялық жағдайдағы ұлт-азаттық күресті одан әрі жалғастырған қызметіне біршама жан-жақты тоқталған. Ол мұғажырлық жағдайдағы Түркістан ұлттық интеллигенциясын ұлттық белгісінен бұрын олардың саяси көзқарастарына қарай жіктейді.
Еңбекте өлкедегі интеллигенция тұтас бірлікте қарастырылғандығына қарамастан тақырыптың өзекті желісі ретінде қазақ интеллигенциясының қалыптасуы мен қызметі басты назарға алынғандығын ескеруіміз қажет. Интеллигенция тақырыбында осы аталған және басқа ғалымдардың еңбектерінде ұлттық элитаның қалыптасуы мен қызметі ішінара қарастырылғанымен оған барынша объективті баға беріледі. Бұл еңбектерде қазіргі заманғы зерттеудің ғылыми-теориялық және әдіснамалық негіздері кеңестік тарихнаманың тұжырымдарын қайта қарау арқылы тың деректік материалдар негізінде ХХ ғ. бас кездегі ұлт-азаттық қозғалыстың отандық тарихнамада тәуелсіз концепциясы қалыптасады.
Тақырып тарихнамасының қомақты бөлігін тұлғатануға қатысты еңбектер құрайды. Соған сәйкес элиталық теория негізінде зерттеу жүргізудің бір тәсілі ретінде тарихи танымды элитаның жеке құрамының саяси өмірбаяны арқылы қарастырудан бас тарта алмаймыз. Бұл тәсілдің көп қатпарлы тарихи оқиғалар тізбегінде эпизодтық сипаты басым болғанымен де жекелеген желілерді терең де байыпты қарастыруға мүмкіндік береді. Академик М.Қозыбаев отандық тарих ғылымын тарихи қайраткерлермен тұлғалау зәру мәселелердің бірі екендігін айта келіп: «Күні кешеге дейін жеке адам мен халықтың қатынасы толық ашылмай келді. «Қайраткерлер» ұғымы қызметкерлер, мансап иесі дәрежесіне төмендетілді. Қайраткер – жасампаз адам, жоқтан бар жасаушы, өз мүддесін халық мүддесімен қабыстырып, өз халқын өркениет көгінде жарастырушы болса керек» деген тұжырым жасайды [7].
Әрине, бұл сапалардың элита қызметіне тән екендігіне талас жоқ болғандықтан да ғалымның тұжырымын элитатануға қатысты деп айта аламыз. Жоғарыдағы ойды одан әрі өрбіткен ғалым «Отан тарихынан кейбір кездейсоқ адамдарды аластап, тарихи тұлғаларды өз тұғырына қондыру керек» деген пікірді айтады. Тарих мазмұнын қайта бағалау тұрғысында айтылған бұл пікір тұлғатану тақырыбын зерттеулерді элиталық әдістемемен жүргізудің негізділігін алға тартады. Отандық тарихнамадағы тұлғатану бағыты ХХ ғ. басындағы ұлттық зиялы өкілдерінің шығармашылық қызметінен бастау алды. Ә.Бөкейханов, М.Тынышпаев, М.Дулатовтардың «Қазақ» газетінде ұлттық зиялының жеке тұлғалары туралы жарияланған мақалалары тұлғатануға қатысты алғашқы үлгілер болды. Бұл еңбектер билік жүйесінің қыспағына түспеген, демократиялық қағидалар мен еркін ойға негізделгендіктен онда ұлттық мүдде ашық та батыл айтылуымен ерекшеленеді.
Өкінішке орай отандық тұлғатанудағы бұл бағыт белгілі себептермен кең өріс ала алмады. Ал тоталитарлық жүйе нығайған кезде жарық көрген тұлғатану тақырыбындағы зерттеудің үлгісін кеңестік тарихшы Ғ.Тоғжановтың еңбегінен көреміз. Ресми биліктің ыңғайымен тарихшы бұл еңбегінде А.Байтұрсынов бастаған ұлт зиялылары қазан төңкерісі мен азамат соғысы жылдарында ұлтшылдық бағытта контрреволюциялық рөл атқарды деп биліктің ұстанымын алға тартады. Осы мазмұндағы еңбектердің қатары едәуір, бірақ олардың мәселені қарастыруы бір сарында болғандықтан оларға тоқталудың қажеттілігі аз. Оның үстіне 30-жылдары Алаш пен Алашорда тақырыбына қалам тарту іс жүзінде тоқтатылып, Алаш қозғалысын жан-жақты зерттеуге тиым салынуына байланысты бұл бағыттағы зерттеулер мүлдем тоқырап қалды. Ал осы кезеңде Түркістан тарихына қатысты зерттеулер мүлдем жүргізілмеді [8].
ХХ съезден кейінгі кезеңде құжаттық негізде ұлттық элитаның көптеген өкілдерінің өмірбаянын қамтыған еңбектер жарық көре бастады. Көптеген тың құжаттық деректерді айналымға ұсынып, тарих мазмұнын толықтыру бағытында жаңашыл тұжырымдар жасалғанымен оларға тән ортақ кемшілік – ол еңбектерде большевик қайраткерлердің қызметі дәріптелгенімен, ол тұлғалардың көпшілігінің 1937 ж. қуғын-сүргіннің құрбаны болғандығының себебі айтылмауы еді. 1980-жылдардың ортасынан жандана бастады. Қорыта айтсақ, заманында ұлт азаттығы жолында халқына қызмет еткен зиялыларымыз болашақ тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қаласты. Сондықтан да тәуелсіздік жолында күрескен ұлттық зиялыларымыздың есімдері ұлттық мүдде жолындағы белсенді қоғамдық саяси қызметі бүгінгі тәуелсіз Қазақстан тарихының қасиетті төрінен орын алуы керек.
Әдебиеттер тізімі
1. Әбжанов Х. Ұлт зиялысы мен зиялылық: тарихи негіздер // Егемен Қазақстан, 2007 ж. 26 шілде.
2. Дүкенбаева З. Қазақтың шығармашылық интеллигенциясының тарихы (1917– 1941). Алматы. «Ғылым», 2003, 330 б.
3. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы: Көмекші оқу құралы. Алматы. «Санат», 1995, 368 б.
4. Қойгелдиев М. Саяси элита және ұлт мүддесі Қаз МҰУ хабаршысы. Тарих сериясы. 1998, №10. 3–9 б.
5. Қозыбаев М.Қ. Өркениет және ұлт, Алматы, 2001. 369 б.
6. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. Алматы: «Ататек», 1995. 256 б.
7. Озғанбай Ө. Ресей мемлекеттік думасы және қазақстан.Алматы, 1997, 461 б. Тұлғалар тұғыры /Құраст. І. Қозыбаев. – Алматы: «ҚазАқпарат», 2009. 540 б.
8. Тұрсұн Х. Алаш һәм Түркістан: монография /Тұрсын Хазретәлі. Алматы. «Елшежіре» ҚҚ. 2013, 400 б.
9. Аманжолова Д.А. Казахский автономизм и Россия. История движения Алаш. Москва. Россия молодая, 1994, с. Ауанасова А. Национальная интеллигенция Туркестана в первой четверти ХХ века. Алматы.Қазақ университеті, 2001, 260 с.
Аннотация: В настоящей статье рассматривается история становления казахской национальной интеллигенции, проводится историографический обзор основных трудов, написанных по данной теме. В работе освещается история казахской интеллигенции конца XIX–начала XX веков, приведены научные труды и свидетельства. В этот период происходит переход от вооруженного сопротивления колониальной политике России к просвещению народа путем распространения периодической печати, литературы. Казахская интеллигенция обучалась в высших учебных заведениях России и странах Европы. Именно просвещенные казахи стали распространять идею национальной государственной независимости казахского народа. В статье описывается влияние идеологии советского периода, направленной на забвение дореволюционной истории. В статье также делается обзор дореволюционной историографии и историографии независимого периода истории Казахстана.
Abstract: History of becoming of Kazakh national intelligentsia is examined in the real article, and also a historiography review over of basic labours written is brought on this topic. This research work examines the history of the Kazakh intelligentsia late XIX — early XX centuries , their scientific papers and evidence , when there was a transition from armed resistance to the colonial policy of Russia to educate the people by means of periodicals and literature. Kazakh intellectuals trained in higher educational institutions of Russia and Europe, when he came to his native steppe, from them beginning to spread the idea of national independence of the state of the Kazakh people through socio-political activities. These authors and their works are described in the scientific article. For writing this article, the author shows the influence of the ideology of the Soviet period, aimed at prerevolutionary history oblivion. The article also provides an overview of the researcher pre-revolutionary historiography and the historiography of the independent period in the history of Kazakhstan.