ЖАСЫН

ЖАСЫН

1

Ел айтты: «Қайран Қиялхан, жынданыпты».
* * *
Кеше күн батпаса екен деп ойлаған, бірақ күн батып кетті; енді таң атпаса екен деп тіледі, бірақ таң атып-ақ келеді. Таң атып келеді! Бұл отызыншы жылының тағы бір таза таңы еді деп жүрегіне сəуле жүгіріп алақайлаған да, көңілі жібіп қуанған да жоқ. Əр күннің ұрланып басталып, ұрандай жөнелер мазасыз тірлігі жанын жараламағанымен, онсыз да сынық көңіл шіркінді зəрезəп ететіні рас: жалпақ жаһандағы құлаққашты қылар мың-миллион жаңалықты ести-ести əбден титықтап, мынау жер бетінде, тіпті іргесінде болып жатқан ақ пен қараның – жақсы мен жаманның қан-жоса шайқасын көре-көре көз еті қашқаны ғой. Бəлкім, былайғы жұрт біле бермейтін арманның ақ қозысы бауыздауына қанжар қадалғанда қорқырай қансырап, жатбауыр əлемде ғұмыр кешкен азғана өміріне өкінгені шығар. Таң атты – баяғы таң: тау тұтқынынан сытылып шығып, көтеріле бере айналасына күлімсірей қарады. Күліп шығып, ұялып бататын Күн мəңгі мейірбандықпен жер бетіндегі жақсыға да, жаманға да самала нұрды саулатып тұр. Үркердей үйірілген шағын ауылдың қыбыр-жыбыр тірлігі осы, күн шыға басталып, қас қарая аяқталатын. Керісінше ұзақты күн тырп етпей, тек қас қарая жорыққа аттанатын «жарғанаттар» жəне бар…
Қиялхан өзенге беттеді. Қос бөлмелі ағаш үйдің есік алдына шығып, тыртыңдап жаттығу жасап тұрған үшінші кластың оқытушысы Тойғанбай мұны көріп, айғай салды.
– Киеке, ау Киеке, совхоз помошқа шақырып жүр ғой, барамыз ба? Көмектесіп жіберелік те… Қол күші жетпейтін шығар.
– Дəндеп алып, құдайдың құтты күні қыдиып тұрмаса… Ей, одан да жылқылы ауылға тартып кетсек қайтеді, қымыз ішіп кекіріп қайтамыз.
– Қымызды жұмыс басында да ішуге болады ғой.
– Əй, солар су қосып береді… Сен барсаң, өзің жүре бер.
Менің кегежегім кейін тартып тұр.
Тау ішіндегі шағын ауылда бастауыш мектеп бар-тын. Қиялхан бұдан бір жыл бұрын іздеу салған ағайынын іздеп келді де, біржола қалаға қайтпай қалған. Қалаға қайтпай қалғаны отыз жыл көрмеген ағайын-туғанын қимағаны емес, тіпті олардың шын туысы екенін де білмейді, осы өңірдің өзгеше тұрмыс-салты, табиғатының соншалық сұлулығы қызықтырған. Мұнда қаладағыдай емес, ой тұңғиығына емін-еркін батуға əбден болады. Ол қалада университеттің философия факультетін бітірген соң, екі жыл жұмыс істеді, сол екі жылы əлдекімнің қораш үйін жалдап тұруымен ырың-жырың өтіп жатқанын уайымдай берген сəтте, газетке мұның аты-жөнін айтып адақтаған іздеу шықты. Сонсоң сол адрес бойынша осы ауылға сапар шекті. Іздеуші – əкесінің інісі. Əкесінің інісі үйлі-баранды: шиеттей жеті баласы, жалқау əйелі бар, жуастау адам екен. Үстінен қой айдап өтсе де, ыржия күліп жата беретін аңқылдақ, тіпті аздап ынжықтау да болып көрінген Қиялханға. Өзі жастығына қарамай осы ауылдың сиырын бағады. Жеңгей болса жеті баланың киімдерін ертеден қара кешке дейін жуып, су басынан шықпайды. Қазір де елең-алаңнан тұрып алып, тасқа салып мыжғылап отыр. Қиялханды көріп алқам-салқам омырауын далдалаған болды.
– Қайным, неғып ерте тұрғансың, астыңнан су шықты ма? – Қалжыңдаған-сымағы.
– Жоқ, совхозға шөп үйісіп жіберейін деп… Аға қайда?
– Кетті ғой ағаң, сиырын айдап қалқайып. – Сонсоң қолындағы көйлекті құшырлана суға салып-салып қалды да күрсінді. – Шөп үйісіп нең бар, өздері қымыз ішіп, қыз аңдып ала жаздай салаңдап жүреді де, қыс қысқанда, бір-бір қотыр бұзауды асырап бер деп біздің қорамызға тығады.
Қиялхан көшірмедей дода-дода болып кір жуып, бұлақ басында отырған жеңгесін аяғандай ту сыртынан ұзақ қарап тұрды. Ертеректе осы алдындағы сылдырлай аққан су сыңғырындай күлкісі бар, қаз мойын, қолаң шашты қыз болғанына сенбегендей. Ескірмеген нəрсенің бəрі жақсы, тіпті не нəрсе көңілден де, көзден де қашаң тартқан сайын құндана бермек. Бұлақтың ар жақ жағалауындағы жалғыз қарағайға назары ауды. Қандай ұқсастық! Түсінде көргендей қаз қалпында… Көзін жұмып еді, сонда да күн сəулесіне шағылысқан күміс толқынды бұлақты, қабығы нарттай қапсағай қарағайды көрді. Тек əткеншек теуіп отырған қызыл көйлекті қыз жоқ, кір жуған албастыдай əйел ғана… Ол таң алдында көрген түсін есіне түсірді.
…«Көзі ілінсе, көз алдындағы мақпал қара түнекті дүр сілкінтіп, қызылды-жасылды сызықтар пайда болады, ол сызықтар қап-қара шарбыны найзағай отындай айқыш-ұйқыш тілгілейді; сонсоң əлгі қара түнек ысырылып, бір түрлі жұмсақ жұмбақты дүние басталады; əлде ақ сары ма, əлде құлакер ме, əйтеуір, өзгеше бояулы таулар əн салып ырғалады, бар көрініс балбырап, тіпті əлемдегі ең сұмпайы адамдар қолдарында бір-бір шырақ, мамырлай басып сызылтып өлең айтады; жер бетіндегі ең жабайы ағаштар мəуелеп жеміс беріп, ошаған мен қышымадан хош иісті əтір аңқиды; қызық, аспанға қараңызшы: қандай таза, сол таза көкте ақ шағала – ақ қауырсынды адам періштелер самғап ұшады; қара түс жоқ, жамандық, зұлымдық пен қызғаншақтық, күншілдік пен өсек-аяңсыз бейкүнə жұмақ тірлік, пейіш өмір, таңғажайып құбылыстың сүйек балқытар əсем əні толастамаса екен деп тілейсің, осы мамыр өмірдің дəл ортасында күміс толқын, алтын сағалы өзен ағып жатыр, суын татып көрсең – бал татиды; ал осы өзеннің оң жағасындағы еңсегей бойлы алып қарағай өсіп тұр; қарағайдың қасиеті де тірі адамның қолынан келмейтін сиқырға толы: топырақтан қорек алар тамырдан тұл, жер өлшеуші орната салған діңгек секілді; ал əр бұтағы əр түрлі: бірі ақ, бірі көк, бірі қызыл – тек қана қарасы жоқ; алақаныңмен ақырын сипасаң, майда қоңыр үнмен күбірлеп əңгіме бастайды, осы қарағайдың бір бұтағына ақ түбіттен ескен бауы бар əткеншек байлаған, əткеншекте қызыл көйлекті қыз тербеліп отыр; Қиялхан осынау ғажайып көріністің ортасында уайым-қайғы, арман-мақсатсыз серуендеп жүре бергісі келеді; бірақ қам-қаракетсіз жүре беруге болмайтын, өзі жасамаған жақсылықтың қадір-қасиеті қашады екен; ол енді күндізгі итіс-тартыс мазаң өмірін сағынды; қиындықты аңсады; пенде дегенің қанағатсыз да тұрақсыз – көңілі биікке шықса, аласаны, аласада тұрса, биікті көксейді де жүреді осылай; отызға шықса да үйленбеген Қиялхан қыз таңдай алмай емес, талғамнан шығар қыз таба алмай жүруші еді, анау сиқырлы қарағайға байланған əткеншектегі қызды іздеген екен-ау: бүкіл əлемді əлдилеген тамылжыған əннің иесі де бұл; «Жоқ, енді мен елге қайтпаймын, осылайша таңғажайып түс кешіп мəңгі ұйықтай беремін, құдай-ау, мен неге ғана өңімнен – өмірден іздегенімді түсімнен табамын, жарғақ құлағым жастыққа тимей, санамның сандалкөгін тебініп қуған арман, тілек – бəрі-бəрі жұмылған көздің ішінде жарқырап жатыр». Қиялхан аяғын еппен басып қызға жақындады, айтатыны бір-ақ сөз: түсім өңіме айналмаса екен, өңім түсіме айналса екен; қыз үндеген жоқ, екі көзі шырадай жанып, баяу ғана тербеледі, ал сұлу əн сарайынан өзінен-өзі туындайды; қарсы алдындағы жүдеген, екі беті сұп-сұр жігіттің үстіне қарады да, өксіп жылады-ай; не екені белгісіз, əлгі əсем əн бəрібір бəсеңсіген жоқ; «Неге жыладың, қалқам?» – қыз жауап қайтармады, өксігін баса алмай, ағыл-тегіл жылап отыр; не істерін білмей сасқалақтаған жігіт қарағайды ұстай алып еді, сөйлеп қоя берді: «Ей, ақылынан азап шеккен Адам, екі қолыңа қарашы (қып-қызыл қан екен); Ей, бірінің құйрығына бірі шала байлаған Адам, басқан ізіңе қарашы (сап-сары боп күйіп қалған); Ей, жан жықпылы қатпар-қатпар ала көңілді Адам, үстіңдегі аппақ кебініңді шешші! (Қиялхан ақ шағидан көлгірете тіктірген ақ шапанын шешіп еді, белдігіне шыр айналдыра қырық пышақ байланған қап-қара шапанды көрді); Ей, жалпақ жаһанға сыйыспай қырқысқан Адам, қара ниетіңе сенбей тұрған шығарсың, тағы шешін, тағы шешін (Қиялхан əрбір ақ шапанның астынан киілген қырық пышақты қара шапанды ақ тер, қара тер боп қанша шешсе де, тауыса алмай дымы құрыды, сонсоң шаршап отыра кетті); Əне, сендер сондайсыңдар, ақ ниетің қара пиғылыңды жасыру үшін керек; халыққа қалқан болуға жарамайсыңдар, қайта халықты қалқан тұтып, қара бастың сауғасын сағалайсыңдар; сен іздеп жүрген қыз жарық дүниедегі ең таза, ең адал да сұлу жан болған соң, күнəһарлардан алып қашып ақ өмірге – түс жұмағына əкелгенбіз; бұл қыздың аты қойылмай, анасынан жаңа туған шарана шағынан өлтірдік те, қалған өмірін осылай бағыштадық; енді ол адамдардың құрбаны емес, мүмкін сен іздеген қыз осы шығар; білем, сен де осы ақ өмір түс жұмақты аңсайсың-ау, амал не, сені ұрлағанша, есіміңді қойып үлгерген еді, енді сен – адам-періште емес, азап-адамсың».
– Тұр енді, ұлым, тұра ғой. Күн көтеріліп қалды.
Атып тұрып айналасына қарап еді, дəл алдында еміреніп тұрған кемпірді көрді. Шым-шытырық есін əлі де жия алмай, түн ортасында түртіп оятып сұрасаң да ешбір қателеспей ағылта жөнелер ақылын айтты:
– Екі тонна көмір 22 сом тұрады, ал екі тонна көмірді шелектеп тасысаң айна-қатесіз 150 шелек шығады. Ə, сіз екенсіз ғой, апа, кешіріңіз, жаман түс көріп жатыр екенмін, сіз оятпасаңыз өліп қалатын түрім бар.
– Олай деме, ұлым, түстің жаманы болмайды. Бұрынғылардың ол туралы айтатын аңызын білесің бе?
– Жоқ, апа?
– Ендеше, кешке айтып берейін. Қазір жуынып, тамағыңды іш, бригадир келіп кетті, мұғалімдерді сүбетнекке шақырып жүрмін дейді.
– Барамыз ғой, барамыз, күн ашық тұрғанда көмектесіп жібермесек, шапқан пішені Алтайдың ақ жауынында қалар…
…Екі қолын суға малып мелшиіп отырған Қиялхан селк етіп есін жиды да, көзін уқалады, бəрі баяғы қалпында. Ал жасыл тау, көтеріліп бара жатқан күн, бүлк-бүлк аққан бұлақ, кір жуып отырған əйел, сонау оқшау өскен қарағай… Неге ғана өзгермейді?! Сонда бүгінгі, ертеңгі қайда? Əр таң өз жаңалығын ала келмесе, əр адам жаңа бір іс тындырмаса өмір дами ма екен… Баяғыдай дами береді екен… абсолюттік еш нəрсе жоқ дейміз, дəл осы тірлік абсолюттік… ал, ұзақ уақыттағы дамудың нəтижесі – адамның өзі осылай деп отырса, əлемдегі əрбір жаңалыққа күмəнмен қарау керек шығар. Шынында да, біз табиғаттың бар сырын бүге-шүгесіне дейін ашып болдық па? Жоқ! Ендеше, адамды жануарлар дүниесінен бөліп шығарған еңбек, сол адамның болашағына қауіп болары санамызға кірді ме. Біз еңбекті əсте санасыз жасап жүргеніміз жоқ, тіпті жануарлар дүниесінің белгілі бір мөлшерде біздің ұғымымызға ұялай бермейтін санасы бар. Ал тұрпайы еңбекті ғылыми еңбекке ұластырған адам ақылы бүкіл əлемнің татулығы жолындағы ізгі ниеттен неге тайсақтайды? Неге ғана сана жетілген сайын, азапты еңбекті азалы өлімге қару ғып жұмсаймыз? Неге ғана айдай əлемді күл-талқан етер құрал ойлап табамыз, ал айдай əлемді ауызға қаратар құдіретті рухани күш жасай алмаймыз? Еңбек етудің барысында ғана ойлауымызды қалыптастырмай, алдымен не жасайтынымызды жəне не үшін жасайтынымызды əрі осы ісіміздің нəтижесі адам баласының жарқын өміріне қаншалықты үлес болып қосылатынын егжей-тегжейлі ойда пісіріп, сонан соң санадағы бұлдыр-салдыр жалған қияли сүлделерді қуып шығатын уақыт жеткен жоқ па… Адам санасы жетілген сайын, азуымызды айға білеп, бүкіл жаһандағы айғай-шуға айналдырғанымыз қалай!
Түсімдегі қарағай рас айтады. Не нəрсе балаң кезінде таза. Менің таңғалғаным: жоғары білімі бар Тойғанбайдың қоғамдық санадан екі сағаттық лекция оқи алатыны, бірақ сөйте тұра қоғамдық еңбектен қашатыны… Мұнда қандай тыныштық, маужыраған бейкүнə бейбіт өмір бар секілді. Ештеңеге алаңдамайды, ештеңеге құлай сенбейді де, бүгінгі күн тыныш өтсе болды, ертең дүние өртеніп кетсе де, селк етпейді. Қарны тойғанға қанағат қылған тоқкүлкі адамдар егер пəлен жерде соғыс басталыпты десең, көрші ауылда Иман Жүсіптің баласы мас болып əкесін сабапты деген жаңалықтан əлдеқайда кем əсерленеді. Олар айтады: «Енді қайтейік, осы ауылда бір еркек қалмай қырылып қалған күнді біз де кешкенбіз, одан аспан ойылып жерге түсіп кеткен жоқ. Құдайға шүкір, ұрлықтан тапсақ та ұрпақ бар». Иə, əкесінің кім екенін білмейтін ұрпақтың бірі менмін, əттең, əкем тірі болып, еркелеп өссем тіпті жақсы еді ғой. Иə, менің əкем уақыттың құрбаны, тым-тым артық «ақылдың» жолында қаза тапты. Кімнің бодауында, кімнің қолынан өлсе де, топырағы торқа болсын, уа тəңірім-ау, əке тағдырын менің қайталауым міндет пе? Мен өз өліміммен бейбіт неге өлмеймін. Əлде-кімнің оғына ұшу шарт па екен. «Басқа жұрт қайғы-қасірет тартып жатқанда, мен өзімді қалайша бақытты санай аламын», – деп Достоевский бекер айтты дейсіз бе? Жер бетінде соғыстың болмауын абсолюттік ақиқатқа неге айналдырмаймыз. Бұл – шындыққа айналатын мүмкіндік қой».
– Қайным-ау, неғып күбірлеп отырсың? Ақ апа дұға үйретіп қойғаннан сау ма?
– Жоқ, жеңеше, əншейін өзім ғой сандырақтап отырған. – Орнынан тұрды да, қайтуға ыңғайланды. Шелекке салған жуылған кірді көтеріп ере жүрген жеңгесі:
– Ел-жұрт өшкені жанып, өлгені тірілген қайнысын шыдатпай, Ақ апаның үйіне квартираға тұрғызыпты деп, өсектеп жүр. Жұрттың аузына қақпақ боламыз ба, айтса айта берсін, түге. Балалар шулап мазамды алды демесең, өзіміздің қолымызда тұра берсең етті. Біз не ішсек, соны ішесің, саған арнайы тамақ істеп ауырсынбаймын. Əй, қайдам, жазу-сызуы бар адамға шуылдақ үй пана болар ма екен… Өзің біл…
– Ол не дегеніңіз, кемпірдің үйінде-ақ жүре берейін, бəрі-бір емес пе, тапқан-таянғаным сіздердікі, ағаға көмектескенім болсын. Жалғыз тұру Ақ апаға да қиын ғой.
– Өзің біл, Ақ апа да бөтеніміз емес, түбі бір туысқанымыз. Тек ауыл-аймаққа табалатпай, үзбей келіп тұр. Жаман ағаң қырықтан асқанда ес кіріп, тауып алғаны едің, меселдесін қайтарма, қайным. Жуас кісінің ашуы жаман болушы еді. Сиыр жайып жүріп бір жерде өліп қала ма деп қорқамын (теріс қарап бырс-бырс жылаған болды).
– Қорықпаңыз, ол – өлмейтін кісі. Мал баққандар ғана ұзақ жасайды. Мал баққандардың түбіне жететін ой баққандар болар-ау.

ІІ

Ол пішендіктің басында да түндегі түсі мен су басындағы мазасыз ойдан арыла алмады. Қиюы қашқан философиялық пікірлерін күнделікті өмірден көргендері мен түйгендері жендей береді де, жеңіліс тапқан пəлсапа аласұрып, жаңа теориясын ұсынады. Қиялханның бір басында ғана тайталасқан екі ойдың тартысы қиян-кескі майдан құрады. Қарама-қайшылықтың ең сұмдығы адамның өзінен басталып, кең кеңістікке уытын жаяды білем. Адам ең əуелі өзімен-өзі күресіп алады екен: қай пиғылы жендесе, сол былайғы өмірге өктемдігін жүргізбекке жанталасады. Дегенмен, Қиялханның ойы мен қазіргі қарекетінің арасында жер мен көктей айырмашылық бар-тын. Санасында соңғы бес жылда балапандаған соғысты қайтсе болдырмауға болады деген ой ала құйын шауып жүрсе, екі қолы маяға шөп əперіп тұр. Мая биіктеп барады, бұл айырлап шөп əперген сайын, аспандаған анау бес-ақ кластық білімі бар жігіттің асығы алшысынан түскен заман еді. Өзі мұнда болғанымен, қиялы қияда жүрген Қиялхан қолындағы шөп көтеріп алған айырдың қалай түсіп кеткенін сезбей қалды.
– Ей, мұғалім, – деп айқұлақтана айғай салды маяның үстінде тұрған жігіт. – Пішен үю сенің қысыр қиялың емес, мəңгімей дұрыстап əпер. Баламды күзгі сынға қалдырып ең, айырды жіберіп қалып, тұрған жеріңде тырапай астырайын ба, бəлем.
– Шаптықпа, – деді жердегі екінші маяшы, – ұлың өзің секілді көкеми болса, күзгі емес, қысқы сынға қалдырса да обал жоқ. Бар қалқам, деміңді ал, бірден қара жұмысқа түскен оңай емес.
Қиялхан ой еңбегін дене еңбегінің алдында тізесін бүктіргісі келмесе де, өзін осы ортаға артық санап тұрған соң, амалсыз кейін шегінді. Ашуын əлі де баса алмады ма, маяның үстіндегі жігіт екі иығын жұлып жеп тұр:
– Осындай осалдарды ауылға екі шақырым жақын жолатпау керек. Осы өңірден аттап шықпай-ақ өмір сүріп келеміз ғой, қаласында жүре бермей ме, не іздеп келеді десеңші. Үлкен өмір бізге тиіспесін, үлкен өмірге біз барып, жалғанда соқтықпаймыз. Ойбай, тауық керек, ойбай жүн-жұрқа, сүт-май керек деп салық салса – осылардың қамы үшін де. Егінін салып, шөбін шауып жайына жүрген жандардың мазасын алатын – анау секілді екі айыр пішен əпере алмайтын «ойшылдар».
– Оттапсың, – деді жердегі бұжыр бет, ала көз, орта жастағы адам. – Ауыз өзімдікі екен деп, былшылдай бересің ғой. «Аласталған Алитет» деген кітап оқып едім ертеректе, сол саяқтан айырмаң болсайшы. Осы кезде аң екеш аң да елжұртқа үйірсек, қолдан жем жегісі келеді. Ана таудың ар жағына бір қыс тастаса, артыңды қысып қайтып оралар едің… Қара қазанның қайнағанын дəтке қуат еткен əулекі неме, осыншалық ойсыз-мисыз бошалаң болып жаратылармысың, каланың даласыз, даланың қаласыз күні бар ма? Түс маядан ербимей, əйтпесе қолымдағы айырды мен саған жіберіп қалармын.
Салы суға кетіп көңілсіз қайтты жұмыстан. Одан да Тойғанбай құсап бармай қойғаны жақсы ма еді. Сөз естіді. Шынында да, айналасындағы адамның көбі-ақ мұны есерсоққа балайтын секілді. Өмір бақида жүзеге аспайтын бедеу ой қуып жүргенін қайдан білсін. Ой сауғанның оңғаны бар ма? Жəне де Қиялханның ойы дүниені танып-білуде материалистік көзқарасқа жанаспайтындай, объективтік идеализм іспетті танып-білуге болатын шындықтан тысқары, ерекше бір ұлы рухани сала бар, оған ғалымның да (егер бар болса құдайдың да) қолы жетпейтін тылсым күш іздеп жүрген жоқ па… Сондықтан да адам баласына тəуелсіз өмір сүре алатын, сөйте тұра сол адамзатқа қызмет ететін сиқырлы əлдене ашуға əуес те; бұл иландырмайтын əуестік қана болғанымен, жалпы ниеті дұрыс, жас сəбидің саусағын жайып алыстағы айға талпынғаны секілді бейкүнə қылық. Мейлі, қателессін, мейлі жүзеге аспасын, ақ көңілдің мөлдір жасына ұласар… «Қазір, – деп түйді ол өз ойын, – қазір жұрттық та, ұлттық та емес, одан əлдеқайда көкжиегі кең, əлдеқайда ауадай қажет жалпы адамзаттың болашағына жауапкер əрі сол адамзатты уысында бейбіт ұстап тұра алатын құдіретті күш керек. Өз «ұлтын» күшейтіп алған Гитлердің қанды жорығын қайталамау үшін, бір ақылды екінші ақылға айдап салмау үшін де керек шығар…».
Ол өз пікірлерінің əлі шалағай екенін біле тұрса да, тəтті қиялын толастатпады.

ІІІ

Ақ апа тамақ істеп күтіп отыр. Шəугімге су құйып, беті-қолын жуғызды.
– Шаршаған шығарсың, өңің сынық екен.
– Жұмыс істеп шаршаған жоқпын, апа, неге екенін білмеймін, қайдағы-жайдағы ойлар ызыңдап мазамды алады. Тіпті қаншама ойлауымды тоқтатайын десем де, басымнан қуып шығара алмаймын, тəттіге үймелеген шыбын іспетті, ызың етіп дүркірей ұшады да, жапырлап қайта қонады.
– Томаға-тұйықтығың содан-ау, шырағым.
– Ол да рас. Қөзім ілінсе болды, машақатты түстер көретінді шығардым. Сіз таңертең маған «кешке əңгіме айтып берем» деген едіңіз-ау.
– Тамағыңды ішіп ал. Сосын асықпай айтып берермін. Күн батпаса екен деп ойлайды, батып кетті. Шағын ауылдың даңғаза шуылы бəсеңсіп, тау ішінің барқыт кеші жұмсақ түніне ұласқан, енді біраз уақыттан кейін дүние жүзінің ұрылары түнгі жорыққа аттанады. Енді біраз уақыт өткен соң, күндізгі ақ шапанын сыпырып тастап, қара шапанын жамылған «күнəһарлар» ақ тілек адамдардың ар-ожданы мен ізгі ниет, ақ шағала арманын ластап, ұлы шерудің күре жолына тосқауыл құрып, ор қаза бастайды. Сонсоң жылап-сықтаған жан айқайын шығаруға да жасқанып, қинала ыңырсыған үн естіледі. Ал, сол бір көмек сұрап жалбарынған үнді еститін түрік құлақ, бауырмал сана керек. Ақ апаның тарамыс-тарамыс кəрі қолынан шыққан кешкі асы дəмді болса да, Қиялханның жүдеген көңіліне медеу бола алмады. Оның құлағынан сонау Ангола-Хиросимодағы мəңгі мүгедекке айналған адамдардың Америка Құрама Штаты мен атом бомбасын қарғай зарлаған дауыстары кетпеді. Екі құлағын бітеп көріп еді, бəрібір талып естіліп тұрды. Санасында жүріп жатқан осыншалық азапты ойлар мен қорқынышты елестерден арылғысы келді ме, Ақ апаны əңгімеге тартты.
– Ақ апа, – дей беріп еді, жігіттің ала құйын күйін өзі де сезіп отыр екен:
– Айтайын, қарағым, айтайын, – деді. Кимешек шылауышын түзеп қайта киіп, сөзін бастады.
– Баяғыда алыс қыстақта жалғыз үйлі күзетші тұрған екен. Күзетшінің əйелі жүкті болып, айы-күні жетіп босанғалы отырғанда, ері алысқа аң аулап кетсе керек. Үйде жалғыз өзі қалған əйел түс көреді. Түсінде екі омырауын екі қасқыр жей бастағанда шошып оянып, түсін жорытуға алыстағы ауылға жүгіреді. Қыс. Ақпанның ақ бораны. Түс жоритын адам үйінде жоқ болған соң, аңшының жұбайына айтып беріпті. Көңілінде бөтен ой жоқ аңқау келіншек: «Ой, ондай болса екі емшегіңді өңіңде де қасқыр жеп қояды екен», – деп əзілдепті. Жаны шығып шошынған əйел қыстаққа ізінше қайта қайтады. Сонсоң түс жоритын кісі кешке үйіне келгенде, бағанағы оқиғаны айтып беріпті əйел. «Апыр-ай, бекер жасаған екенсің. Егіз ұл табады екен. Қандай жаман түсті жақсыға жору керек, ол əйел, сөз жоқ, бір нəрсеге ұшырады», – деп атына міне шабады. Амал не, ол жеткенше, екі баласын екі жерге жайратып, қасқыр жарып тастаған екен… Түстің жаманы жоқ, шырағым, сол секілді түстің жалғаны да болған емес, тек жақсы ниетке жорыған жөн, балам…
Сөзін аяқтап болған соң, Қиялханға қарап еді, екі ұрты суалып, көзі қанталаған қалпы, қазандықтағы отқа телміріп отыр екен. Кемпірдің əңгімесін мүлдем естімеген мəңгі керең адам секілді. Дəл осы кейпінде қоламтадан жаңа ғана шыққандай өң-түсі өзгеше жат əрі азып бара жатқандай аянышты да қорқынышты. Əлдекімдерге қиянат кектенген тірі аруақ мың-миллион қайшылықтың мəңгі ортаймас теңізіне малтығып, қармана-қармана шалдыққан жазықсыз жанның өзінен гөрі өзгені аяп, өзгенің ертеңін ойлап уайымдаған жүдеу ұсқыны…
– Балам, – деді кемпір маңдайынан сипап, – сен жалғызсың ғой, несіне шаршайсың.
– Жоқ, апа, мен жалғыз емеспін…
Көңілдегісін айнытпай танып, аналық зор сезімталдықпен ойын оқып отырған Ақ апаның киелі алақаны мұздаған денесіне жылу таратты.
– Сіз барсыз ғой, апа.
– Ананың арманы орындалар болса, өмір бақи да соғыс болмас еді. Сенің шешеңді білетінмін. Қандай еді десеңші, жібек еді ғой… Сен бес айлығыңда қалдың. Іле əкеңнен қарақағаз келді. Сені балалар үйіне тапсырдық… Құдай-ау, бəрі де күні кешегідей… Бірақ бəрібір көзімізді шел басып, ұмытып барамыз. Ақтабан шұбырындыдан кем соқты ма… Жауды көрмесек те, жауған оқтың астында қалдық…
– Неге екенін білмеймін, – деді Қиялхан кемпірдің кеудесіне басын қойып, – неге екенін білмеймін, əкемнің өң-түсін анықтап түсімде көре алмай-ақ қойдым. Ылғи да теріс қарап үнсіз тұрады. Сонсоң… сонсоң мен жақындаған сайын, алыстай береді. Былтыр анамды көрдім, түсімде, əрине. Үстінде қара торғыннан көйлегі, қолында жез құманы бар, суға кетіп барады екен деймін. Мені: «келе ғой, құлыным, келе ғой маңдайыңнан сүйейін», – деп шақырады. Қаншама жүрегім дауаламай қорқып тұрсам да, жақындап бардым. Бауырына басып солқылдап жылайды. Өңірін ағытып жібергенде, омырауынан қара жерге сорғалаған сүтті көрдім.
«Міне, сен еме алмай қалған ана сүті», – дейді. Дəл осы сіздікі секілді мұрнымнан мəңгі кетпейтін киелі иіс сезілді. Мүмкін, ананың ақ жүрегінен шыққан ұлы махаббаттың хош иісі ме?! Мен болсам сіздердің, айналайын аналар, ақ сүттеріңізбен марқайып, ақ білектеріңізге тербеліп тəрбиелене алмаған соң ба, соғысты жылдың ызғарындай қатал да суықпын. Осы отыз жасыма дейін сізден басқа бір пенде «айналайын» деп аймалап, маңдайымнан сипап, бауырына басып көрген жоқ. Ережеге сүйеніп ержеткен соң, өзгеге де іші-бауырың елжіреп, ықыласың құлап тұрмайды екен. Қазір əлемде нендей сұмдық хабар естілсе де, ертеден тосқан, соған қаршадайымнан іштей дайындалған қалыпты жаңалықтардай саспай қарсы аламын. Адамның неге болсын еті өліп кетеді білем. Сіз маған гүлге толы шуақты ғұмыр сыйлағандай болдыңыз. Мен қайта тудым. Сізсіз – менің ұйқысыз түндерден, мазасыз күндерден іздеген Анашым!
Қиялхан бетін Ақ апаның бауырына басып, балаша өксіп жылады. Кемпір шандырланған алақанымен көзінің жасын сүртіп, аналықтың мəңгі сөнбес мейірімін төкті.
– Жыла, құлыным, жыла. Көкірегіңдегі запыран болып толған мұң-қиялдан арылар ма екенсің. Жыла, құлыным, жыла. Бұл сенің дүниеге іңгəлап жаңа келгенің болсын, əкешешеңді ақтық рет жоқтағаның болсын. Мен де өшкенім жанып, өлгенім тірілгендей, отыз жыл бұрын соғысқа кеткен ұлым қайтып оралғандай боздайын, боздайын.

IV

Тағы да азапты түндер басталды. Ары аунайсың, бері аунайсың – ұйқың келмейді. Тысқа шығасың шыдай алмай – жым-жырт: тау да, орман да, жан-жануар, адамзат та бір сəт талықсып қалғып кеткен. Қалғығандарды аңдып жүргендер жəне бар. Алысқа карағың келеді – еш нəрсе көрінбейді. Осындай ертек сынды мың бір түндерде екі түрлі адамдар ұйықтамай жүреді: бірі – жарасымды тыныштықты қалай бұзудың амалын іздейді; енді бірі – осы жусаған тыныш өмірді қалай сақтап қалам деп ойдан тозады. Қиялхан ақырын аяңдап бұлақ басына барды. Əрбір шоқтығы алыстаған жұлдыздардың əлсіз жарығы жалап күмістелген ерке бұлақ осынау бейбіт өлкенің қыз күлкісіндей, дүрсілдеп соққан мазасыз жүрегінің лүпіліндей, қара түнгі – қара шашына байланған шолпының сылдырындай.
– Бұл – поэзия, – деді даусын шығарып. Өз үнінен өзі шошып, жан-жағына қарады. Ешкім жоқ екен. – Иə, бұл – поэзия!
Талаураған табиғаттың қара барқын дидары қазір ай туса, баяғының лəмбі матасындай құлпырар еді. Сонда көбең шалған көңіліне шым-шымдап нұр тарап, қазымыр ойдан қажып, саздау тартқан санаң уыз сəулеге шомылар еді. Күндізгі айқай-сүрең бəсеңсіп барып, мəңгірген бұйығы халден елес берер еді. Енді найсап та, нойыс та адыра биік мұрат, інжу пейілді адамдар ғана монданақтай жер шарының қожасы болып қалды деп, өзгеше көркем күйге əуестенесіз. Монданақтай жер шары тек қана поэзия кеңістігінде жүзіп жүргенге ұқсайды. Осылайша сіз өзіңізді өзіңіз алдаусыратасыз. Бірақ сізді қоршаған айнала айылын жимай бейбіт те салқамсері булаңытқанымен, жұмыр жер күйіп-жанып тұрар еді…
Бұлақ жағасындағы жалғыз қарағай сонадайдан жеке-дара қарауытады. Анау қалың жынысты орманнан оқшау адаса жаратылған осы қарағай Қиялханның қазіргі саяқ өмірін еске салғандай, соны қайталағандай болатын. Өткен түндегі түстердің əлегінен əлі де арыла алмай, дел-сал жүргенде таудың кешкі самалы желпіп өткен. Самал желпіп өткен соң, еңсені езген ауыр ой бытыраған, дүниедегі сұлулық қайтадан сылаң қағып, қызық-қызық күндерге қол бұлғап шақырған, жүзі томсарыңқы болғанымен, көкірегін əлдебір əннің белгісіз əуені шабақтап, тəтті үміттің əлдебір əдемі əңгімесін сыбыр қып айтқан; бейуақтың жым-жырт момақан пердесі болмыстың мың-миллион кем-кетігін далдалап, ізгі кешірімділікке толы жеңеше мінезбен жер-анаға айдың суға ғашық екенін өзгеше бір сыпайы мінезбен жеткізген. Жер-ананың ықыласты ақ батасын алған ару ай өркеш-өркеш тау түрмесінен босап шығып, жарқ етіп жаман қылық көрсетпей майда жымиды да, жан-жағына наздана қарады, бой жазып алған соң ғана сай-сайдағы ерке бұлаққа шафқатты нұрын төгіп, айнымастай болып аймаласты. Осы ыстық сүйіс, ғашықтықтың қытықты келтірер ерке ойыны, ілкідегі көмір əлемінің əп-сəтте сүтке айналуы, оқта-текте тірі екенін сездірген түн құсының сұңқылы, айға қарсы кісінеген айғырдың даусы, қойының амандығына мəз қойшының ит айтақтағаны – бəр-бəрі Қиялханның суыған ойын маздатпаққа əрекеттенді.
– Бұл – тұнған поэзия! – деп қана қабылдау лəзім. Шын өмір таң ата басталмақ. Осыншалық кілкіген тыныштықты бұзу үшін бір-ақ адамның ақымақтығы керек.

V

«Көзі іліне, көз алдындағы қап-қара түнекті қақ тіліп қызылды-жасылды сызықтар пайда болады. Бейне бір найзағайдың жарқылы секілді. Сонсоң əлде ақ сары ма, əлде құлагер ме, бөлекше бояулы таулар ырғалып əн салады, толайым көрініс балбырап, тіпті əлемдегі ең сұмдық іс жасаған адамдар қолдарында бір-бір шырағдан, байыппен басып жақсылықтың жырын шырқап салады; сауысқан-қарғалар тамылжыта сайрап, есек тұлпардай тулап көкке шапшиды; ал көк жарықтық қандай мөлдір, сол мөлдір көкте ақ көгершіндер ғана самғап ұшады; ақ шағала іспетті сəбилер де көгершінге қосылып қалықтайды; өлім дегенді білмейтін мамырстан əлем осылайша, тағы да Қиялханды жүр-жүрлеп өзіне шақырады; баяғыдағы қарағай, баяғыдағы əткеншек, баяғыдағы қызыл көйлекті қыз жүрек суырар мұңлы əнімен əлдилейді; Қиялхан жасқаншақтана барып қыздың ақша бетіне саусағын тигізіп еді, орнында қап-қара боп дақ қалды; шошына кейін шегінді; қыз бетін басып солқылдап жылады; бірақ мұңлы əн сонда да толастаған жоқ; қарағайға тағы да тіл бітті: «Ей, тірі пенде, түс əлеміне тағы да келдің бе, саған не керек?».
– Маған дүниенің кілтін беріңіз?
– Егер берсем не істер едің?
– Жер бетіндегі өлім атаулыны өлтіріп, тек қана ғұмыр сыйлар едім адамдарға.
– Олай болса, жер бетіне адам сыяр ма еді, қазір қырқысып жүргенде…
– Өлмейтін болса, қырқыса берсін.
– Жоқ, ондай бақилық өмір жазмышта жазылмаған… бар дүниенің кілтін еш адамға сеніп беруге болмайды.
– Құдай да өледі, періште де қателеседі дейсіз ғой, ендеше, жер жүзіндегі бірде-бір оқтаулы мылтық атылмай қалатын сиқырлы күш беріңіз. Адамдар жауыздың жазалауынан емес, өз өлімімен көз жұмсын.
– Ондай күш бар, бірақ менің таңғалатыным, біздің пейішке келетін адамдардың жалқы-жаманын көрсем, көзім шықсын, бəрінің кепілдемесі біреу: «Жақсы адам еді, мезгілсіз қайтыс болды, қайтейік, сұм ажал айтып келе ме, арамыздан мұны да алды, топырағың торқа болсын», – міне сондықтан да о дүниедегі адамдардың ұрысы да, қарысы да, асылы мен ардақтысы да бірдей, демек, адамның жаманы да, артығы да жоқ; мен саған оқ атылмаудың сиқырын айтайын: ауылыңның өр жағында үлкен қара тас бар, сол қара тасқа жайдың оғы түскен күнді күт. Сол жайдың оғын ерінбей қазып тауып ал да, жаһандағы ең биік таудың басына шығарып, кірпік қақпастан ұстап тұр, сонда жұмыр жердегі қару-жарақтың бірде-бірі өлім отын бүрікпейтін болады, амал не, оған шыдай алатын болсаң, сен жалғызсың, жай оғын тауып алсаң да, оны кірпік қақпай ұстап тұруың мүмкін емес…
– Неге мүмкін емес, əлемнің əр түкпірінен бір-бір адамнан келіп кезекке тұрса, осылайша бір тілек үшін жаппай жұмылсақ, адамзатты бүкіл дүниежүзілік қауіптен сақтап қалуға болмас па еді…».
– Ақ апа, оятшы мені, оятшы, түу, көзім неге ашылмайды?
– Бісміллə-бісміллə, не болды шырағым, есіңді жишы.
Ақ тер, қара тер болып арпалысып жатқан Қиялханды жұлқылап жүріп əрең оятып алды. Ояна келген ол үйреншікті сөзін сарнап қоя берді: «Екі тонна көмірді жаяу тасысаң – 150 шелек».
– Тəңірім-ау, ауылға келем деп ауру жамап алар ма екенсің. Бастырылыққан жақсы ырым деуші еді, түбі қайырлы болғай. Суық сумен беті-қолыңды жушы.
– Бұл ауру ауылға келмей тұрғанда-ақ пайда болған, апа. Бұл аурумен мұқым дүние жүзі ауырады, апа. Айтыңызшы, үлкен қара тас қай жерде, апа?
– Тау толған қара тас қой, шырағым, ең жақыны керек болса – анау Жылқыбайдың жұртында жатыр.
– Ендеше сол тас керек маған. Бұлаққа қарай балаша жүгіре жөнелді.

VI

Күн бұлттанса екен деп тіледі. Қас қылғандай аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Үп еткен желсіз, таудың бір жылда бірақ рет келер ашық күндері. Əуе бұл жерден əлдеқайда жақын, қол созымда тұрғандай ғана сезіледі. Көк төсіне сұғына кірген найзадай шыңдар, сарбаздардай сап түзеген шыршалар, түнеріңкі ұңғы-қойнаулар, мəңгі ұйқыда жататын қарабет жартас өзге өлкеге ұқсамайтын бөлекше бітім сипатта еді. Алқызыл, ақ сары гүлдері өзінен-өзі билеп тұратын алаңқайлар із тимей тұнып жатса, əлі жан баспаған түкті жерлер, əсіресе, мол. Ал жалғызаяқты білте соқпақ ирелең қағып, ылдилап өрлеп, таудың жұмбақты қойнына суырып тарта жөнелетін. Жаңбыр көп жауған соң ба, жер ошақ қазсаң да су шығып, əр ойпаң өзінен-өзі шылқып, жас сəбидің еңбегіндей былқылдап жатушы еді. Көкшіл түтін көкке тік атылған желсіз тымық күндері-ақ шайыр мен балдырдың хош иісі мүңкіп тұратын. Таза да саумал ауамен жеңіл тыныстап, делебең қозып əн салғың келеді, таудың күнгей беті əдетте ормансыз жалаңаш келеді де, тұтаса киізденіп қою шалғын бүркейді. Егер таудың құзар басына шығып етекке қарай домаласаң, артыңда жапырылған шөптің жосылған ізі қалады. Бір қызығы, мынау жап-жасыл жазираның трактордың жағар майы төгілген тұстары сап-сары болып шөп шықпай күйіп қалар еді. Осынау жап-жасыл беткей төскиіп барып, сонау көгілдір аспанға жапсарласқанда, ал сол көгілдір аспаннан сібірлеп мұнар жауып, буалдыр шілтері тұтылғанда, ешбір пайғамбар суретшінің құдіретті қаламы сала алмайтын көрініс пайда болатын. Ұлы бір майданның алдындағы алдамшы тыныштық секілді момақан күй жайлап жусаған өмір ептеп, ешкімге білдірмей ішінен күрсініп те қояр еді…
Он күн бойы осы қалпынан танбаған ауа райы тек түс қайта жаңылайын деді. Теріскейден бүлкектеп жел желіп өтті де, құныс шоқының қыр желкесінен терліктей қара бұлт ойнап шыққан. Бірте-бірте ұлғайып, соңынан шуалтқан үйір-үйір бұлтын ерте келеді. Сонсоң, əр тұста адасыңқырап қалған ағайындарын тобына қосып, үлкен қол құрап қоғамдасты. Қару-жарағын сайлағаны болу керек, тым алыстан күн күркіреген.
Неше күннен бері жон арқасы құрыстанып, ұрынарға қара таба алмай жүрген Қиялханның жерден іздегені көктен табылды. Миллиард құмырсқалар талаған миы аспан төсіне бұлт іліне дауаланған. Өзінен-өзі сыздап, шатынап ауыртқан көз етінің қызуы қайтып, солқылдаған шықшыт балғасын ұрмады; қанағатсыз түйсіктің шоғын үрлеген көңіл көрігін баспады; иығынан он батпан ой жүгін сілкіп тастап, жас ботадай ойнақтап саяқ тартты. Көкірегін ашып, желге қарсы ұзақ жүгірді. Бұл – қазымыр ойдан қашқаны. Бірақ күн шығып тұрғанда өз көлеңкесінен өзі безген оспадарлықтан айырмасы жоқ еді бұл қылығының.
«Данконың жүрегіндегі алау найзағай алдында пайда болатын көкшіл ұшқындардан тұтанған деуші еді ғой, қайда сол құдіретті ұшқындар. Қайда сол көкірегін қарс айырып, жүрегін жұлып алып қараңғыда қарманған халықты жарыққа бастаған Данколар. Мүмкін, көкшіл ұшқын енді жүз жылда да, мың жылда да көзге көрінбейтін шығар, əлде сол құдіретті ұшқындарды көретін Данко жоқ па біздің арамызда?». Қара түнек аспан, теріскейден соққан алай-түлей жел əлгінде ғана айнаға қарап, шашын тарап сыланған табиғатты астан-кестен етті. Жер мен көк тұтасып көкжиекті жұтып қойған. Алып қарағайлар, салба самырсындар басы ұлар-шу, ілгері-кейін теңселіп суылдап желігеді. Бұл маңда бірде-бір құс қалмаған, əлдеқайда… алысқа ықтатып алып кеткендей. Аңқылдап соққан жел Қиялханды да дедек қақтырып, үйіріп ойнайды. Енді бір сəтте долы жел ішін тартты да, бар дүние тына қалды. Сонсоң бетті шарпыр ып-ыстық желемік əлдекім бүркіп жібергендей зу етіп өте шығып еді, жолындағы ағаш біткен жусап қалды. Балталап шапқандай морт-морт сынған қарағайлар ыстық желдің күре жолы болып жайрап жатыр. Табиғаттың осыншалық тылсым күшіне қайран қалған Қиялхан Жылқыбайдың жұртындағы қара тасты іздеуге кірісті.
Таудың арғы жағында дабылын қағып, далбасалап жүрген найзағай қыр көрсете бері жақындап келеді. Жақындаған сайын, күркірі күшейіп, от қамшысын оңды-солды осқылады. Қиялханның жүрегі жиі-жиі соқты: «Қалай болғанда да көкшіл ұшқындарды көруім керек».
Күн тас төбеден күркірей бастады. Жан шошырлық алапат қуатпен ақырғанда, қан тамырындай от сызықтар пайда болады. Шашы жалбырап, делдиіп аспанға қарап тұрған жігіттің делебесі қозып кетті білем, алақанын жайып көкке шапшиды. Ал, найзағай болса екі санын сабалап, қарқ-қарқ күліп мазақтайды.
«Қайдасың көкшіл ұшқындар?! Жердемісің, көктемісің…».
Табиғат аяқ-астынан осылайша толғатты. Толғағы қатты болды. Енді от қамшының соққысына шыдай алмай, ағыл-тегіл жылауы ғана қалды. Ағыл-тегіл жыласа, жаны тазарады. Жаны тазарса, қабағы ашылып, зобалаң тиіп жүдеген əлемді шуаққа бөлейді. Жүдеп-жадаған əлем дастарқанын қайта жайып, маңдайы жіпсіп шайын ішеді. Өзен-бұлақтар той жасайды. Моншаға түсіп шыққан орман бұрқырап бусанады.
«Қайдасың көкшіл ұшқындар?! Жердемісің, көктемісің…».
Аспаннан шабарман тамшылар суыт түсе бастағанда, Қиялханның су қараңғыға айнала бастаған көзінің алды дəл түсіндегідей жап-жарық болып кетті де, көкшіл ұшқындарға толды. Алқара əуеден қылаулап түскен ұшқынды ұстап алмаққа тұра жүгірді, бірақ қолына енді ұстай берсе, ғайып болады. Бұдан соң екіншісіне ұмтылады, ол да бұл жете бере жоғалады, осылайша алдамшы ұшқынның арасында арпалысқан Қиялхан əбден демі құрып шаршады. Шаршап барып дəу қара тасқа отыра кетті. Сонда ғана өзі іздеген Жылқыбайдың жұртындағы тас осы екені ойына оралды.
«Қазір осы тасқа жай түссе қайтемін? Мейлі, түссе түсе берсін. Жасынмен бірге қара жерге қағылармын; сонсоң енді мың жылдан соң жайдың оғын алып жер бетіне қайта шығармын… Соғыста шейіт болғандар мен жай түсіп өлгендер жұмаққа барады дейтін сөз бар. Қазір жасын жайратса соғыста қаза тапқан əкемді тауып алармын. Қараңызшы, халайық? Майдан басталған жоқ па? Əне, мылтық атылды, əне бомба жарылды… тра-та-та… тра-тра-тата… ура!».
Бұл шақта əр қарағай найзағай қайсымыздың қабырғамызды қақыратар екен деп, тағдырына табынып тұрған. Аспан ойылып жерге түскендей аса қатты үн шыққанда, Қиялхан екі көзін тарс жұмып, екі құлағын басты да, өлуге ыңғайланды. Ол төбемнен бомба жарылды деп ойлаған. Бірақ найзағай бұл тұстан алысқа түскенге ұқсайды. Басына топырлап жауған оқ емес, бармақтай-бармақтай бұршақтартын. Бəрібір орнынан тұрған жоқ, өлі мен тірінің екі арасында ілініп-салынып делқұл отыр. Бұршақ төпелеп көп жауды, ұзақ жауды. Сүт пісірім уақыттан кейін пышақ кескендей тыйылды да, қаспақ-қаспақ бұлттар быт-шыт айырылып, бейберекет тыраңдай қашты. Жер бетіне моншақ шашып тастағандай – аппақ, беткейдің алты айрығынан тер сорғалап, бұршақ теңдеген бұлақтар етекке шауып барады. Күн қуана күліп жіберіп еді, көктің жиек-жиегіне іркіліп қалған ақ мақта бұлттар бағанағы əумесер қылығына ұялғандай қызараң қақты. Ал орман-тоғай, бұта-қараған, шөп-шалам болса сілікпесі шығып, əлі де есін жия алмай есеңгірейді. Шіри бастаған жерағаштың қуысынан баршатышқан мен тиін сығалайды. Қына басқан жартасты паналаған қарақұс есіней-кісінеді. Шəуілдеп ит үрді. Тіршілік басталды! Қиялхан орнынан тұрып, өзін «құдай» алмағанына əрі қуанды, əрі өкінді. Қара тасқа жай түспеді. Судан шыққан тышқандай сүмірейіп қыбыр-жыбырға қайта көшкен баяғы ауылға ілби аяңдады. Бұлақтың жағасында жеңгесі кір жуып отыр… ал жалғыз қарағай бықсып жанып жатыр!
Жалғыз қарағай бықсып жанып жатыр! Ұзына бойы қақ айырылып ырсия ашылып қалған, маңайы толған сынған, өртенген бұтақ.
– Қайным, қайда жүрсің? Ақ апаң іздеп келді біздің үйге.
«Ақ апанікіне сіздер іздеп баруларыңыз керек емес пе?» – деп айта жаздап қалды да, тіліне тиек сала қойды. Үндемеген қалпы жай түсіп өртенген қарағайға қарап қалды.
– Отындыққа жақсы болды, – деді жеңгесі қолындағы кірді тасқа ұрғылаған қалпында. – Бір бұтақ сындырсаң, штраф салушы еді, Алла тағаланың өзі жығып берді, штрафын енді сол құдайға салсын.
Қиялхан бұл жолы да сөзге араласпады. Томсарған күйі өрт шалған қарағайға жақындады. «Мүмкін, жай оғын осы қарағайдың түбінен қазып алу керек шығар» деген үміт көңілде көктей бастап еді.
Үйге қайтып келгенде де, осы ойдан арыла алған жоқ. Ақ апаның айналып-толғанғаны, жаңбырдан соңғы шұғылаға шомылып албыраған əдемі кеш, қайта туған əсем өңір еліктірмеді. Оның миында найзағай ойнап, санасында сансыз көкшіл ұшқындар ұшып жүр. Өңі ме, түсі ме, қай дүниеде жүр – ол жағы тұманды. Көз көріп, құлақ естімейтін меңіреу аралға апарып тастағандай жалғызсырайды. Көңілінен ел көшіп кеткен бос, иен үйдей жел кеулеп уілдейді. Ол өзін тіпті басқаша сезінді, басқаша… Бейхабар тіршіліктің бар үзірін азапты ойдың құрбандығына шалды да, біте қайнап, бірге өскен шексіз де шетсіз қиялдың соңынан тентіреп кетті. Жанарын жаулаған көкшіл ұшқындар сол найзағай ойнаған күні мұның жүрегіне дарымаған. Дарымағаны, бұдан Данконың өр серпіген өжеттігін, Данконың алаулаған арманы мен өз əрекетіне деген риясыз сенімін таба алмаған. Ал, құдіретті ұшқындар дүниенің машақатынан безген зəуде біреуге дарымақ емес – ағынға қарсы жүзер, арқар ұранды ағайынның ғана несібесі. Қиялханның ендігі үміті ібіліс іспетті, алдарқатып қана қашаңдап, түпсіз тұңғиыққа жүр-жүрлемек. Мұқым дүние жүзі жалғыз адамның қамын ойламайтыны рас болса, жалғыз адамның бүкіл дүние жүзін ойлап бас қатыруы қандай шатасқандық. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарар бірлік тек Қиялханның ғана мақсаты емес, ізгі ниеттегі əр адамның ішін өртеген арманына айналса… Амал не, көксеген күн туғанша, тұлыпқа мөңіреп қалмаймыз ба?..
Ол өзін бұрынғыдан əлдеқайда бақытты сезінді. Енді не істейтінін, соғысқа қарсы қалай күресетінін біледі. Оның мақсаты айқын. Намақұл болып келген мүмкіндік нақты шындыққа айналды. Шындыққа айналды да, тəуекелшіл қарекетке бастады. Қолына күрек, қайла алады да, жасын түскен жалғыз қарағайдың түбін қазады; түн қазады, күн қазады – мəңгі қазады, əйтеуір, жайдың оғын қашан тапқанша қазады. Сонда бұған дейін миын қашаған ой қол күшіне ауысады. Егер жайдың оғын тауып алса, əлемнің тағдыры өз құдіретіне көшеді: дүниені құртып та, құтыртып та, құлпыртып та жібере алады. Қандай керемет десеңші, – егер жасынды қолына ұстап жүрек тамырына жалғаса, мың-миллиард мылтықтың ешқайсысы атылмай, көмекейі кептеліп қалмақ! Иə, сонда еш əйел жесір, бала жетім қалмайтын болады. Өкініш, пəруəйсіз зиятты ғұмыр кешеді. Адамдар арманда өлмейді, «мен екінші дүниеге аттандым» дейді де, күлімсіреп көзін жұмады. Түс өңімізге, өңіміз түсімізге ұласады. Үлкен ауыл кішкене ауылды, үлкен адам кішкене адамды, үлкен ел кішкене елді жəбірлемейді, шекаралар жойылады, жазықсыз жандардың су болып аққан қаны тыйылады, соғыс үшін сайланған қару-жарақ та, соғыстан сақтанған қару-жарақ та, цивилизациясы артта қалған жұртты ел қатарына жеткізуге қайта қорытылады; Мальта мен Қазақ ООН-ның төрінде отырады, ал Қиялхан Анджелаға наз айтады… Өйткені философтың тілін философ табатыны бесенеден белгілі…

VII

Міне, ұдайы үш күн болды, Қиялхан жай түскен жалғыз қарағайдың түбін қазып жүр. Үйге бармаған соң, Ақ апа анда-санда тамақ əкеліп береді. Ал бүкіл ауыл дүр сілкініп жағасын ұстады. Баяғыдағы киіз үйлі заман болса, мұны жұртқа тастап, əлдеқашан қаша көшіп кетер еді. Одырайысып сонадайдан қарасады да, бастарын шайқай таңдайын қағады. Жүрек дауалатып келетін – кемпір ғана. Бүгін Тойғанбай келді. Қиялханның топырақ-топырақ бетіне бажырая қарап көп отырды. Бірдеңе дегісі бар, бірақ сескенеді білем. Тек кетерінде ғана тіл қатты.
– Бəрі бекершілік. Соғыс болмауы мүмкін емес. Тіпті, соғыссыз бейбітшілік əсте орнаған жоқ.
– Ал, мен, – деп айғай салды Қиялхан, – соғысты тек кинодан ғана көргім келеді. Ең əуелгі жауым – сенсің. Сенімен майдан ашуым керек. Жоғал осы жерден!
Төртінші күні сиыршы ағасы келді. Інісіне тіл қата алмай, қипақтап ұзақ тұрды. Шұңқырға қарғып түсіп көмектесуге батылы жете қоймады.
– Бүгін шөпшілерге сойған қойдың бас-сирағын алып едім, жеңгең былқытып асып қойыпты… Соны жеп… дегендейін…
Бесінші күні бригадир келді. Ол атпен келді. Аттан түспеген күйі шіреніп тұрды-ай. Сонсоң қамшымен шұңқырды нұсқап:
– Əй, жарты ес, анауыңда не бар-ей, жай түскен ағаштың түбін қопарғанша, сүрлем салатын ор қазсаңшы, ақшасы тиімді.
Алтыншы күні Қиялханның өзі барды ауылға. Барлығы бала-шағасын үйіне қуып тығып, есік-терезеден сығаласты. Қызығы сол, ауылдың бірде-бір заржақ иті үрген жоқ, қыңсылап «жынды» жігіттің аяғына оралды. Əр шаңыраққа сауын айтып, сандалып шықты. Айтатыны мына сөз: «Ей, адамдар! Жалғыз қарағайдың түбіне сіңіп кеткен найзағай тасын тауып алсақ, жаһандағы бірде-бір мылтық атылмайды, тіпті бекер-ақ болғай, бір-ақ ниет, пейіл, ықылас деген болмай ма».
– Е, мылтық атылса несі бар екен, бізді көздемесе болды, – деп күңкілдеген сөздер əр үйден сыпсыңдай шығып, бүкіл кеңістікке тарайды. Бүкіл кеңістіктегі осы тақылеттес сөздермен ауыз жаласып, ауыр, аса қорқынышты індетке айналады да, күнделікті тыныс алар ауаны ластайды.
Жарықтық Ақ апа ғана көзінің жасын көл етіп, соғыста өлген жалғыз ұлын жоқтап тұрып, үш күрек топырақ алып тастады.
Таң ата көзі ілінген Қиялхан жай түскен күннен бері, тұңғыш рет түс көрді. «Қазған жерден жасын емес, қызыл көйлекті қыз шығады екен дейді. Шығады да, Қиялханның əбден шаршаған бетін ақырын сипайды. Сонсоң жез құманға құйылған нұрлы хаяттың суына шомылдырады. Үстіне ақ-парша шапан жауып, аяқ-қолының тырнағын алады. Алдына бетоннан жасалған табаққа салып ас қойды. Дəмін татып еді, астықтың иісінен өзгеше бір түрлі күлімсі химияның түзілген жаңа бір қышқылына ұқсады…
– Мен қазір дұға оқимын, сен дауыстап қайталайсың, – деді қызыл көйлекті қыз, сонсоң: – Ей, тəңірім, есімізді ала гөр, есімізді ал да, ел қатарына қоса көр, – деп зарлай жөнелді.
– Жоқ, мен бұл дұғаны айтпаймын, есімнен айырылғым келмейді, – деп қасарысты Қиялхан.
– Жазған-ау, сенің есің қазір бар, сондықтан да ессіз атанып жүрсің; есіңнен айырылшы, сонда есті атанасың.
Қиялхан қызбен бірге «е, тəңірім, есімді ала көр», – деп сарнады-ай…
Бетін əлдене жыбырлатқандай болды, көзін ашып еді, көкпеңбек аспанды, көгілдір көйлекті қызды көрді. Көгілдір көйлекті қыз мұның бетіндегі жабысқан топырақты жұп-жұмсақ саусақтарымен тазалап, күлімсірей қарап отыр.
– Сен кімсің, қалқам?
– Гүлгүлмін.
– Қайдан келдің?
– Мен осы ауылдың қызымын. Қалада оқимын. Жазғы демалысқа келгелі он шақты күн болды. Сіздің жер қазып жүргеніңізді ылғи көріп жүрдім, барайын десем «ол – құтырық кісі», – деп мамамдар жібермейді. Бүгін олар ұйықтап жатқанда, ерте тұрдым да сізге келдім. Сіз сондай бір тəтті ұйқының құшағында екенсіз. «О, тəңірім есімді ал!» – деп ұйқысырап сөйледіңіз… Аға десе, жүр, бұлаққа барып бетімізді жуайық. Əне, əне күн шығып келеді! Біз бұлаққа сол күннің сəулесінен бұрын жетелік! – деді де, аң-таң Қиялханның қолынан жетелей жөнелді…
* * *
– Гүлгүл, мен анау төбенің басына шығып отыра бергенде, – деді Қиялхан қыздың шашынан сипап, – ауылға барып айғай сал:
– Қиялханның қазып жүргені жасын емес, ат басындай алтын екен деп айт. Иə, ат басындай алтын екен де…
* * *
Қиялхан тоғыз жолдың торабы – төбенің басына шығып ауылға қарағанда, қолдарында бір-бір күрек, сүймені бар бригадир мен Тойғанбайдың жалғыз қарағайдың түбіндегі қазылған орға қарай безектеп бара жатқанын көрді. Ал жеңешесі бұлақ басында қаперсіз кір жуып отыр… ал ағасы тырақы шолақ торысына мініп сиыр қайырып жүр…
Қиялхан айтты: «Қайран жұртым, жынданған екенсіңдер…».
* * *
Қиялхан бұл күні күнделігіне мынандай сөз жазды:
«Екінші дүниежүзілік соғыста 20 миллион совет халқы қырылған екен, менің əкем де осы есептің ішінде шығар. Ал соғыстың зардабынан өлген шешемді қай тізімге кіргіземін, беу, адамдар!»

Оралхан Бөкей.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *